Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ


1 марта 2014, 12:39 | 1 052 просмотра



Бөрлі ауданы прокуратурасы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Бөрлі орталық аудандық ауруханасы» МКК лауазымдық тұлғаларына қатысты Н.Крецтің арызын қарау нәтижелері негізінде ҚР ҚК 114-бабының 4-бөлімімен қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ау¬дан прокуратурасының талабы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің БҚО бойынша департаменті тексеріс жүргізген.

Тексеру барысында анықталғанындай, Н.Крецтің әкесі Н.Полещуктің аяғы ауы¬рып, ауылдық дәрігерлік амбулаторияда терапевт дәрігердің қабылдауында болған. Ол «аяқ тамырларының созылмалы атеросклерозы, құрғақ гангрена» болжамды диа-гнозымен аудандық ауруханаға хируртен кеңес алуға жолданған.

Хирургтің қабылдауында болған науқасқа «оң жақ аяғының саусағының құрғақ гангренасы» диагнозы қойылып, ол жоспарлы түрде стационарлық емдеуге жіберілген. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның дәрігер-терапевті сырқаттың аяғын үйінде тексеріп, «аяқ тамырларының созылмалы атеросклерозы, оң жақ аяғының саусағының гангренасы» диагнозын қойған, соған сәйкес ем тағайындалған. Емделуші аудандық ауруханаға қайта түсіп, терапевтің қабылдауында болып, амбулаторлық емдеуге шығарылған. Алайда, дертінен сауықпаған науқас өткен жылдың 26-тамызында көз жұмады.

Қорыта айтқанда, аталған аурухананың лауазымдық тұлғаларының өз кәсіби міндеттерін тиісті дәрежеде атқармағаны, мекеме басшылығы тарапынан хирургиялық бөлімше дәрігерлерінің жұмысына бақылаудың болмауы, науқастың аяғын кесу отасының уақтылы жасалмауы, диагностика мен емдеу хаттамаларының бұзылуы Н.Полещуктің өліміне әкеп соқтырған. Қылмыстық істің материалдары алдын ала тер¬геу істерін жүргізу үшін Бөрлі аудандық ішкі істер бөліміне жіберілді.

Автор:
Елжан Ералы