Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АРМАНДАДЫМ, ТАЛПЫНДЫМ, МАҚСАТЫМА ЖЕТТІМ!


1 марта 2014, 12:27 | 1 143 просмотра



Бір адам –бір өмір. Әрбір адамның бойында өмірдің құпиясы, даналығы, ерекшелігі сақталғандай. Адаммен та¬нысу арқылы, онымен сөйлесу арқылы өмірдің кейбір сырларын тани білгендей боласың. «Дәрігер болу –менің бала кезімнен бергі арманым» -деді біздің кейіпкеріміз Мейрамгүл Базылжанқызы. Ештеңеге қарамай бәрібір дәрігер бо¬ламын деп шешім қабылдап, екінші мәрте бағын сынап Семей медициналық университетіне түсіп, білім алып шығады. Содан бері дәрігер мамандығын алып, өмірін медицинамен байланыстырғанына еш өкінбегенін айтады ол. Бүгін Сакенова Мейрамгүл Базылжанқызы Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық аурухана¬сы бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарады. Білікті, тәжірибелі маман ретінде Мейрамгүл Базылжанқызымен дәрігер мамандығы, бүгінгі медицина жағдайы және өзінің еңбегі жайлы сұхбат жүргіздік.

ӨМІРДЕРЕК

Мейрамгүл Базылжанқызы 1962 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Шар ауданы, Көшек ауылында қарапайым жұмысшылар от¬басында дүниеге келді. Он баланың үшіншісі болған ол дәрігер болуды 8-сыныптан ба¬стап армандайды. Бірақ мектеп бітіргеннен кейін медициналық институтқа түсе алмай, Медициналық колледжде білім алып, 3 жыл Шар ауданында хирургиялық медбике болып жұмыс істеді. «Кейін қайтсем де дәрігер бо¬ламын деген арманмен 1984 жылы Семей мединститутына қайтадан тапсырып, оқуға түстім. 1990 жылы оқу бітіріп, жолдамамен жұмысқа Үштөбе ауруханасына жіберді. Берік Төлеуұлы Бейсекенов деген білікті дәрігер облысқа жас мамандар қажет деп облыстық ауруханаға жұмысқа алып қалды. Ол кезде аурухананың бас дәрігері Сыдықов Шаймер¬ден Сыдықұлы, ал бас дәрігер орынбасары Шегай Вячаслав Константинович болды. Сон¬дай білікті, білімді мамандардың қол астында жұмыс істедім. Қазір сондай мамандардың қол астында жұмыс істегеніме қуанамын» –деп әңгіме бастады өзі жайлы кейіпкеріміз.

БІЗДІҢ ДӘРІГЕРЛЕР

-Мейрамгүл Базылжанқызы, еңбек жолыңыз қалай басталды? Өзіңіз, жұмысыңыз жайлы айтсаңыз.

- Мен реанимация бөлімінде Бейсекенов Берік Төлеуұлы, Қалажанов Мақсұт Болатұлы, Омаров Мұрат Ақбайұлы, Ким Виктор Ни¬колаевич, Қилыбаев Алмас Айтаханұлы, Көпесбаев Елтай Тәңірбергенұлы,Седова Наталья Александровна, Элеанора Нұрсұлтановна деген білікті дәрігерлермен бірге жұмыс істеп, мол тәжірибе жинадым. Ре¬анимацияда 12 жыл еңбек еттім. Содан кейін Диагностика бөлімінің меңгерушісі болып ау¬ыстырды. 2011 жылдан бастап Бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарып келемін. Қазіргі бас дәрігеріміз Рахметов Мұрат Көмекұлы, осы кісінің басшылығымен қазір аурухана жұмысы жүріп жатыр.

-Жаңа өзіңіз бірнеше дәрігерлердің есімін атап, осындай білікті мамандармен жұмыс істегеніме қуаныштымын дедіңіз. Ал қазіргі жас мамандар білімі туралы не айтасыз, жалпы жас дәрігерлерге қандай баға бересіз?

-Соңғы үш жылда біздің облыстық ауруханаға жұмысқа 15 жас маман келді. Жаңадан келген жас мамандарды жаман деп айтпаймын. Қазір бізде реанимация бөлімінде екі жас маман жұмыс істеп жатыр, өте жақсы дәрігерлер. Алғыр, білімді, медицинаға деген қызығушылығы мол, өз мамандығын сүйетін жастар. Болашақта үлгі аларлық дәрігерлер болады деп сенемін. Себебі, қазірден бастап- ақ олар біліктілігін көрсетіп жатыр. Одан кейін неврология, эндокринология, хирургия, травматалогия бөлімдеріне жас мамандар қабылдадық. Білімдері бар, жұмысқа талабы жақсы жас мамандар. Мүмкін бізге ғана сондай жастар келеді ме екен? Біздің ауруханадағы жас мамандарға өте жақсы баға беремін. Әр жас маманның өзінің жетекшісі бар, оларға білгенін үйретіп, бағыт беріп отырады. Бөлім меңгерушілері де жас мамандар жұмысына назар аударып, көңіл бөледі. Кейін осы жастардан өте білікті дәрігерлер шығады деп сенемін. Біз екі жыл ішінде облыстық ауруханада алғашқы специализациядан 17 ма¬ман дайындаппыз.

-Қазір елімізде Қарағанды және Семей медициналық университеттері үздік оқу орын¬дары қатарында. Сіз білім алған уақыт қандай болды, студенттік кездеріңіз немен ерекшеленді. Жалпы кеңес заманындағы медициналық білім қандай еді?

-Әр заманның өзінің талабы бар. Біз оқыған кезде де Семей медициналық университеті үздік оқу орындардың бірі болды. Мен өз басым бізді оқытқан ұстаздарыма алғысым шексіз. Университеттің професорлық құрамы мықты болды, бізді өте білімді ұстаздар оқытты. Бүгін заман талабына сай медициналық білімді де жаңа технологиялар бойынша оқытып жатыр. Біздің ауруханаға кел¬ген жас мамандарға қарап бүгінгі медициналық білім төмендеді деп айта алмаймын. Жастардың білімі жақсы, жұмысты да бірден алып кетті. Мүмкін бұл адамға да байланысты шығар.

БІЗДІҢ АУРУХАНАДА...

-Өзіңіз қызмет жасайтын облыстық аурухана жұмысына тоқталсаңыз. Қандай науқастар жиі түседі?

-Біздің облыстық ауруханада 370 төсектік орын бар. Нейрохирургия, травматология, неврология, офталмология бөлімдері облы¬ста жалғыз болғандықтан, мамандарға үлкен салмақ түседі. Қазір күн суып, жер тайғақ болған салдарынан жолда авария да көбейіп, біздің травматология мен нейрохирургия бөлімдеріне ауырпалық түседі. Дәрігерлер күні-түні кезекшілік атқарады. Науқастардың барлығына қолдан келген көмекті аямай жәрдемдесеміз. Порталмен келіп түсетін науқастар бар, бірақ аз. Жедел жәрдеммен келіп түсетін науқастар көп. Барлығына көмектесуге тырысамыз. Ауруханаға түсетін науқастардың 60% қаланың тұрғындары. Статистикаға көз жүгіртіп қарасақ, он жылда бізде науқастар азайған жоқ. Шұғыл түсетін науқастар 70% , жоспарлы түрде портал арқылы ем алатындар 30%-ға да жетпейді.

-Біріңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша жұмыс қалай жүргізіледі? Аудандық ауруханалар, Республикалық медициналық орталықтарымен байланыс жұмысы қалай қойылған? Науқастардың қалауы бойынша Алматы, Астана медициналық орталықтарына емдеуге жіберуде қиындық тумай ма?

-Ауылдардан, аудандардан жедел түрде ауыр халде түскен науқастарды қолымыздан келгенше өзіміз емдеуге ты¬рысамыз. Егер қолымыздан келмей жатқан жағдайда Алматыға Сызғанов институтына немесе Астанаға жібереміз. Қазір науқасты Астанаға емдеуге жіберуге жеңіл, ол жерде бізге көп көмек тиеді. Республикалық ауруха¬налармен байланыс жақсы жолға қойылған, жедел түрде науқастарды жіберуге мүмкіндік бар. Бірақ бүгін өзіміздің ауруханамыз мүмкіндіктері көбейіп, мамандар біліктілігі ар¬тып, қажетті құрал-жабдықтар болғандықтан көп жағдайды өзіміз-ақ емдеуге болады. Мы¬салы, травматологияда жамбас буындарын ауыстырып жатырмыз. Биылдан бастап тізе буынын ауыстыра аламыз. Травматологияда Анарбек Монголханұлы деген білікті маман басшылығымен жаңа инновациялық техно¬логиялар енгізіліп жатыр. Одан кейін уроло¬гия бөлімінде де Тигай Антон Петровичтың басшылығымен жаңа технологиялар арқылы емдеу жүзеге асуда. Бұл бөлімге де жас ма¬мандар алдық, жаңа құрал-жабдықтар берілді.

-Көп жағдайда науқастарды облыстық аурухананың өзінде емдеуге мүмкіндік бар екен. Ал қандай науқастарды Республикалық ауруханаларға жібересіздер?

-Біздің ауруханда торакалды хирургия бөлімі жоқ, сондықтан торакалды хирургия бойынша науқастарды басқа жаққа ауысты¬рамыз. Бізде гемотология бөлімі бар, бірақ науқаста жіті лейкоз болғанда Алматыға жібереміз. Ал осыдан басқа диагноздағы науқастарды өзіміз емдей аламыз.

-Біріңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілгеніне бірнеше жыл болды. Алматы облысында БҰДСЖ қалай жүзеге асты, медициналық қызметкерлердің осы жүйеге деген көзқарасы қандай? Алғашында және қазір қалай қабылдайды?

-Қазір БҰДЖ түсініп, осы бағыт бойынша жұмыс істегенімен, бастапқыда оңай болған жоқ. БҰДЖ-не үйрену ақырын және қиын бол¬ды. Біріншіден аудандарда мамандар тапшы болды, екіншіден халықтың өзі бастапқыда түсінбеді. Оның үстіне аудан¬дардан да науқастар жоспарлы түрде емес, шұғыл түрде ау¬руы әбден асқынғанда түсетін. Науқастар дәрігер алдына жай барып денсаулығын түзейін деп жоспарлы келмей, ауруы әбден асқынғанда бірақ келеді. Ал БҰДЖ-де аудандардан, ауылдардан науқастарды порталға тіркеу арқылы жо-спарлы түрде қабылдауды көздейді. Ал жоспарлы түрде қабылдау бізде екінші орынға түсті, себебі шұғыл науқастар саны көп. Қазір науқастардың өзі жоспарлы түскеннен гөрі, ауруханаға шұғыл түрде түсудің жолын іздейтіндей. Дәрігерлерге уақытылы қаралмай, ауруын әбден асқындырып әкеледі.

- Бүгінгі күні Қазақстан халқын толғандыратын негізгі мәселе –теңге девальваци¬ясы. Девальвация медицина қызметкерлеріне қалай әсер етті?

-Қиын әсер етті. Медицина қызметкерлерінің жалақысы жоғары деп айта алмаймын. Дәрігерлер күні-түні істейді. Жас мамандарда өз баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұрады. Сондықтан бәрімізге де девальвация қиын әсер етті. Бұған дейін Елбасы жолдау¬ында дәрігерлер жалақысы 2015 жылы 28%- ға көтіріледі деп айтқан еді. Девальвациядан кейін жалақы сәуір айында 10%-ға өседі деп күтілуде.

БІЗДІҢ МЕДИЦИНАДА...

- Алматы облысына денсаулық сақтау министрі жұмыс сапарымен келгенде Елба¬сы жолдауы бойынша медицинада ерекше көңіл бөлінген мәселелер Медициналық санитарлық алғашқы көмек, медициналық сақтандыру және медициналық туризм екенін атап өтті. Бізде осы мәселелерге тоқталып өтсек. Бірінші, медициналық санитарлық алғашқы көмек жұмысын да¬мыту, жақсарту аурулардың алдын алуға, науқастардың ауруын асқындырмай ауруханаға жеткізбеуге мүмкіндік береді ме?

-Бізге адамдар ауруы әбден асқынғанда бірақ келеді. Қазір БҰДСЖ-нің (ЕНСЗ) екінші кезеңі енгізіліп жатыр, ол емханалық көмек жұмысын дамыту. Бізде консультативті поликлиникаға ақша бөлінбегендіктен субпо¬дряд негізінде жұмыс істейді. Әр аудан және қалалық емхана бізбен қандай науқасты ем¬деу керек сол бойынша келісімшарт жасайды. Содан кейін науқас жолдамамен бізге келеді. Ал науқастар кейде жолдамасыз келіп, мені қарап бер деп түсінбей жатады. Ауылдан кел¬ген науқасқа қайтадан барып жолдама алып кел деп қайта жібере алмайсың. Аудандарда емхана жұмысы, учаскелік дәрігер жұмысы жақсармай және адамның өзі өз денсаулығына көңіл бөлмесе біздің ауруханада жоспарлы емделетін науқастар көбеймейді.

- 2014 жылдан бастап медициналық сақтандыруды жүзеге асырылады деп айтылған. Медициналық сақтандыру бізге керек пе? Және ол қалай жүзеге аспақ?

-Кезінде медициналық сақтандырумен біраз жұмыс істедік, сәтсіз тәжірибе болды. Жалпы медициналық сақтандыру жаман бол¬мас еді. Жұмыс істейтін халыққа медициналық сақтандыру қолайлы әрі ыңғайлы. Ал бізде бүгінгі күні жұмыссыз жүрген адамдар да бар. Медициналық сақтандыру жұмысшыға жұмыс берушісінің бөлетін қаражаты. Ал жұмыссыз науқастарда медициналық сақтандыру қалай жүргізіледі.

- Астанада ірі медициналық орталықтарда шетелден келіп емделетін науқастар көбейіп келеді. Бұның себебі, біздің елдегі медициналық көмек сапасының жоғары және басқа шетелдік орталықтарға қарағанда арзан екен. Біз медициналық туризмді Астана, Ал¬маты сияқты ірі қалалар да ғана емес, аймақтарда дамыта аламыз ба?

-Қазіргі заманда біріншіден базаны дай¬ындап алу керек, бүгін кадр тапшылығы бар кезде меніңше, ол туралы айту әлі ерте. Біздің аурухананың өзін алсақ, облыстық ау¬рухана болғанымен, жедел жәрдем ауруха¬насы сияқты жұмыс жасайды. Күн-түні біздің дәрігерлер жедел түскен науқастармен ай¬налысады. Күрделі операцияларды жасау үшін жедел жәрдем ауруханасы бөлек болу керек. Егер жедел жәрдем аурухнасы бол¬са, біз тек жоспарлы және күрделі операция түрлерін жасауға мүмкіндік болар еді. Қазір де біздің ауруханада күрделі операциялар жасалады, бірақ Астаның деңгейіне жетуге әлі ерте. Медициналық туризмді ірі қалаларда дамытуға әбден болады, ал аймақтарда жергілікті халықты медициналық көмекпен қамтып үлгеру керек.

-Маман жетіспеушілігі, дәрігерлер жұмысы ауырлығы дегеннен туатын сұрақ. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік және жеке меншік серіктестік осы проблемаларды шеше ала ма? Мемлекеттік медициналық мекемелер мен жеке меншік мекемелер қалай байланыс ор¬ната алады?

-Бұрын Талдықорғанда гемодиализ орталығы біздің ауруханада ғана болып, бізде 45-48 науқасқа дейін гемодиализ алатын. Бүгін бірнеше жеке меншік гемодиализ орталықтары ашылып, әрине бізге жеңіл болды. Науқастар өздерінің қалауы бойынша сол орталықтарға кетті. Қазір біз гемодиализді қажет ететін науқастарды осы орталықтармен бөліп ем¬дей аламыз. Жеке меншік орталықтардан біздің мамандардан көмек сұрап, консульта¬ция қажет болса біз көмектесіп, кеңес беріп тұрамыз. Қазіргі таңда жарты науқастар жеке меншік гемодиализ орталықтарына барады. Бұл да біздің жұмысты жеңілдетті. Себебі, бұрын науқастар көптігінен дәрігерлеріміз 3 кезекпен күні-түні жұмыс істейтін. Қазір 2 смен¬ге ауысып, дәрігердің де, медбикелердің де жұмыстары жеңілдеді. Жеке меншік аурухана¬лар ашылып жатыр, бірақ бәрібір ауыртпалық біздің облыстық ауруханаға түседі. Себебі, жеке меншік мекемелер күрделі науқастарды алмайды, тек жоспарлы келген науқастарды емдейді.

ДӘРІГЕР МӘРТЕБЕСІ

-Бүгін медицина дамып келе жатыр дейміз. Сіздің ойыңызша бүгін халықтың медициналық қызметкерлерге деген пікірі жақсы жаққа қарай өзгерді ме? Жалпы дәрігер мәртебесі бүгін қандай?

-Мен өз еңбек жолымды 1990 жылы баста¬дым. Ол кезде дәрігер маман ең сыйлы адам болатын. Содан кейін 96-98 жылдары, 2000 жылдан бастап дәрігерлер жаман, білімсіз де¬ген пікір пайда болды. Теледидардан да меди¬цина нашар, дәрігерлер дұрыс емдемеді деген ақпарат жиіледі. Ол дұрыс факті ме, бұрыс па? Тексерілген ақпарат па? Ол жағын ешкім анықтамады. Дәрігерлер қателігін анықтаумен қатар, құры бос жала жабу да көбейіп кетті. Әрине, содан кейін халықта да медицина жайында жаман әсер қалыптасып кетеді. Ал соңғы 3-4 жылда халықтың бізге деген көзқарасы жақсы жаққа өзгерген сияқты. Біз өзіміздің жұмысымызбен, ісімізбен халықтың пікірін жақсы жаққа қарай өзгерте алдық деп ойлаймын. Себебі, науқас алдымызға кел¬генде емдеуге, оған жылы сөйлеп, түсіндіріп айтуға тырысамыз. Меніңше, теледидарда медицина жайында пайда болатын ақпаратты тексеріп барып, бірақ халыққа ұсыну керек. Біз өзіміз алдымызға келген науқасқа ба¬рынша көмектесуге, емдеуге тырысамыз. Ауруханадағы жас мамандар да қазір өте қарапайым, науқастармен сыпайы сөйлесіп, көңілін табуға талпынады.

-Дәрігер болғаныңызға өкінбейсіз бе?

-Жоқ, өкінбеймін. Қиын болса да, таңдаған жұмысым, мамандығым осы. Медицинада өз орынымды таптым деп ойлаймын. Басқа жерде жұмыс істеймін деп ойлаған емеспін. Реанима¬ция бөлімінде 12 жыл істедім. Ең қиын жұмыс реанимацияда деп айтады, маған ең қызық, тәжірибе көп жинаған уақыт сол кездер еді. Ре¬анимациядан ешқашан кетпеймін деп айтушы едім. Бірақ отбасылық жағдайға байланысты, кішкентай бала болғаннан кейін кетуге тура келді. Қазір менің жұмысымдағы ең жақсы, ең жарқын уақыт сол реанимация бөлімінде өткен уақыт деп ойлаймын. Адамдарға көмектесіп, емдеп, жасаған жұмысың көрініп тұратын. Ал әкімшілік жұмыс та оңай емес, көп уақытыңды алады. Дәрігер болғандықтан науқаспен жұмыс істеген жақсы.

Дәрігер ісінің қиындығы туралы айттыңыз. Өз балаңыз сіздің жолыңызды қуып, дәрігер болғанын қалайсыз ба?

-Менің әкем өзі қарапайым жұмысшы болғаннан кейін бізге дәрігер, мұғалім, инже¬нер болыңдар деп ақыл айтатын. Біздің отба¬сымызда он бала да бір-бір мамандық иелері болды. Мұғалім де, инженер де бар. Жалғыз дәрігер мен болдым. Қазір бауырымның қызы менің жолымды қуып, медициналық универ¬ситетте білім алып жүр. Өзімнің қызым бұрын дәрігер боламын деуші еді, қазір бас дәрігер орынбасары болғалы бері «жұмысың қиын, де¬малыссыз жұмыс істейсің, мен дәрігер болмай¬мын» деген пікір қалыптасты. Мен қызымның дәрігер болғанын қалаймын. Себебі, дәрігер болу –адамға көмектесу, тіпті адам жанын ара¬шалау, өмірін құтқару.

-Алматы облысы медицинасына не жетіспейді?

-Дәрігерлер жетіспейді. Одан кейін реабилитациялық орталықтар қажет. Қазір біздің мамандар күрделі операциялар жасай¬ды. Кардиологтар,травматологтар, нейрохи¬рургтер операцияның сан-түрін сапалы жа¬сайды. Сондай операция жасалған науқастар кейін қайда барарын білмейді. Операциядан кейінгі кезеңде науқастарды қарайтын оңалту орталықтарды көбейту керек.Бүгін облысы¬мызда «Зере» бір-ақ оңалту орталығы бар. Оның өзі жеке меншік. Аудандарда мамандар жоқ, операциядан кейін оңалту үшін науқастар қайтадан біздің ауруханаға келеді. Сондықтан облысымыз оңалту орталықтарына мұқтаж.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА