Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ СЫНҒА ІЛІКТІ


24 февраля 2014, 07:43 | 2 028 просмотров



Естеріңізде болар, жуырда «Қазақстан» телеарнасы арқылы ауыл халқының сапалы медициналық қызметке қолы жетпей отырғандығы жайында хабар таратылдған-ды. Жасыратыны жоқ, бүгінде мемлекет тара¬пынан денсаулық саласына жіті көңіл бөлініп жатқанымен, кемшін тұстар сезіліп отыр. Бұдан шығар жол бар ма?

Осы аптаның дүйсенбісінде Парламент Мәжілісінде өткізілген Үкімет сағатында «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалуы талқыланды. Онда Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Денсаулық сақтау министрлігін сынға алды.

«Халық ауруханалар мен емханалардың қолжетімділігімен қамтылмай отыр. «100 мектеп және100 аурухана» бағдарламасы бойынша 71 нысан са¬лынса, соның 25-і ғана ауылда. Қалған нысан¬дарды 2016 жылы аяқтау жоспарланған. Дегенмен, 13 нысанның құрылысы әлі басталмаған. Мұның өзі адамдардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігі мәселесінің, әсіресе, ауылдық жер¬лерде әлі шешімін тап¬пай отырғанын көрсетеді. Көптеген ауылдар аудан орталықтарынан қашықта орналасқан. Ендеше, ауа райының қолайсыздығы жағдайларын, біздің жолдарымыздың жай- күйін есепке алсақ, шұғыл медициналық көмекті қажетсінетін күйге тап болған адамның жай- күйін көзге елестетудің өзі қиын», — деді халық қалаулысы Д.Назарбаева.

Д. Назарбаева сөз орайында жекелеген аймақтардағы медициналық нысандардың қондырғылармен толық қамтамасыз етілмегенін де алға тартты. Жал¬пы, республиканың 9 облысында құны 834 млн. теңгені құрайтын медициналық құрал- жабдықтар пайдаланылмай тұр екен. Ал, есеп комитетінің мәліметіне жүгінсек, «100 мектеп және100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру барысында мемлекетке 1,5 млрд. теңге шығын келген.

Осыған орай, депутат министрлікте жоспарлау жұмысы сын көтермейтінін, кейбір нысандарды салу барысын¬да олардың аудан мен ауыл арасындағы қолжетімділікті шешуді көздемегенін алға тартты. Бір өңірдегі жұртшылық емдеу мекемелерінің тапшылығынан жапа шегіп жатса, екінші бір өңірлерде олар дұрыс жұмыс істеп тұрған да жоқ, қондырғылармен де толық қамтамасыз етілмегендігін де тілге тиек етті.

-Парламентарийлер анықтағанындай, қажетті біліктілігі жоқ учаскелік дәрігерлер диагноз бен тағайындалған ем үшін жауапкершіліктен жалтарудың өте қарапайым жолын тауып алған. Олар өз сырқаттарын ақылы емханалардың тар салалы мамандарына бағыттайды. Артынан ақылы клиникада қойылған диагноз бен сонда тағайындалған емді «сырқат картасына» жай ғана көшіріп алады. Егер ол ем табыс әкелсе, емхана сырқат үшін бюджеттен төлем, соның ішінде әлгі «ынталандырушы компонент» ақысын алады. Егер ем қате болса, бар кінә ақылы клиниканың дәрігерлеріне аударылады. Бұл ретте учаскелік дәрігердің «өзін-өзі сақтандыруын» сырқаттар өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Ал ақылы қызметтерді пайдалануға қаржысы жоқтарға не істеу керек?! Олар қайда жүгіреді?- деді Д.Назарбаева.

Заң бойынша сырқат жандардың белгілі бір санаты тегін дәрімен қамтылуға тиіс. Өмір шындығы басқаша. Қалаулылар «СК Фармация» арқылы дәрі-дәрмектің бірыңғай дистрибуциясы жүйесін ендіру әлі күнге шешілмеген» және де «СК Фармация» кәсіпорны емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешпейді» деген байлам жасап отыр.

Алқалы жиында жылына төрт мәрте дәрі-дәрмек са¬тып алу ережелерін өзгерту сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отырғандығы өкінішті-ақ. Осы тұрғыда «СК-Фармация» дәрі дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету проблемасын әлі де шеше алмай келе жатқандығын депутат Дариға Назарбаева мәлімдеді.

- Емдеу мекемелерінің өзінде науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне салақтық, немқұрайлылық етек алып барады. Бірқатар ауруханаларда тіпті қолдану мерзімі өтіп кеткен, қомақты қаражатты құрайтын дәрілерді пайдалану деректері де мәлім болған. Кәмелет жасқа толмаған балаларға қолдануға болмайтын дәрі-дәрмектерді тағайындау, дәрілерді артығымен өткізу, оларды бағасын арзан дәрілермен алмастыру фактілері де орын алған. Ел өңірлеріндегі көптеген тұрғындар тегін дәрі-дәрмекті алу үшін 100 және одан да көп шақырым жол жүруге мәжбүр. Сондықтан да, бұл мәселе аса өзекті болып табылады, - деп қорытындылады сөзін Д. Назарбаева.

Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында сөз алған Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Қазақстан 2030 жылға қарай ана өлімін азайтуды Еуропалық Одақ көрсеткішіне деңгейлестіріледі деп мәлім етті. Ведомство басшысының келтірген деректеріне көз жүгіртейік. Республикада жалпы өлім көрсеткіші былтыр 4,8 пайызға, ана өлімі көрсеткіші 6,7 пайызға азайыпты.

- Бұл көрсеткішті төмендету серпінін ескере отырып, біз 2030 жылға қарай Еу¬ропа Одағының көрсеткішіне деңгейлестіреміз. Тоқтала кететін жайт, бұл көрсеткішке негізінен алғашқы медициналық көмек жұмысын жандандыру арқылы қол жеткізу мүмкіндігі қамтылды. Алайда, стационар дәрігерлерінің біліктілігі төмен болып отыр. Бұл проблеманы шешу үшін өңірлерде оқу орталықтарын құрдық», - деп түсіндіреді министр. Оның айтуынша, осындай орталықтарда өңірлерде орын алған өлімнің жағдайлары тексеріледі. Келтірілген деректерге қарағанда, былтырғы жылы елімізде туберкулезбен сырқаттанушылық он пайызға, одан болатын өлім-жітім 24 пайызға азайған.

Қуанышты жағдай. Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асыпты. Был¬тыр қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 0,69 жасқа артып, 70,3 жылды құрады. 2012 жылы аталған көрсеткіш 69,61 жылды құраған бола¬тын. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, былтыр ерлердің өмір сүру жасы - 65,6 жас, әйелдерде - 74,8 жасты құрады. Ал әйелдер мен ер¬лер арасындағы өмір сүру ұзақтығындағы айырмашылық 2007 жылы 11,63 жылды құраса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 9,2 жыл болды.

Бұдан бөлек, өткен жылы респу¬бликамызда халықтың табиғи өсімі 4,6 пайызды құрады. Сонымен қатар, есепті кезеңде аналар өлімі 6,7 пайызға, нәрестелер өлімі көрсеткіші - 17 пайызға төмендеген. Соңғы 5 жылда ана өлімі - 3 есеге, нәрестелер өлімі - 1,5 есеге азайған.

Денсаулық сақтау министрі Сали¬дат Қайырбекова Қазақстан үшін құрт ауруы өзекті күйінде сақталып тұр,-деп мәлімдеді жиында. Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні туберкулез бой¬ынша эпидемиологиялық ахуалды қалыпты ұстап тұруға қол жеткізілген. Мәселен, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде бұл көрсеткіш 15 пайызға, ал осы аурудан болатын өлім-жітім деңгейі 24,3 пайызға төмендеген.

-Туберкулез инфекциясының ал¬дын алу үшін, инфекциялық бақылау жүйесін енгізу аса маңызды шара. Мұны халықтың биоқауіпсіздігін қамтамасыз ететін кешенді шара ретінде де қарастыруымыз керек. Сондықтан, біз осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында облыстармен бірлесе оты¬рып, Қазақстан Республикасындағы ту¬беркулезбен күрестің 2020 жылға дейінгі ведомствоаралық іс-қимыл жоспарла¬рын дайындадық. Бұл құжат жақын ара¬да Үкіметке жолданады, - деді министр С.Қайырбекова.

Жол-көлік оқиғаларынан жапа шегетіндер көрсеткіші бойынша Қазақстанның жағдайы мәз емес. Министр өз сөзінде осы жайды тыс қалдырмады. Деректерге сүйенсек, жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан шамамен 3 мыңға тарта адам қайтыс болады екен. 29 мыңнан астам адам жарақат алады.

-Қазіргі таңда біз бұл көрсеткішті төмендету бойынша әлемнің барынша дамыған елдерінен бірнеше есе артта қалып келеміз. Сондықтан, қазір осы мәселе бойынша сектораралық өзара тиімділікті нығайту үшін бар күшімізді салуға тиіспіз», - деді министр.

Осы ретте ведомство басшысы жол- көлік оқиғаларынан зардап шеккендерді емдеуге жатқызғанға дейін және емдеуге жатқызу кезеңінде шұғыл медициналық көмек көрсетудің тың талаптары енгізілгенін айтып өтті. Тоқтала кететін жайт, еліміздегі өлім-жітім себептерінің қатарында үшінші орынды жазатайым оқиғалар салдарынан жарақаттанулар алады.

Жарнамаға сенбейік. Қазақстанда әрбір екінші адам дәрі-дәрмекті «көршісінің кеңесіне» не болмаса жарнамаға сеніп сатып алады. Бұған дәлел еліміздің бас дәрігерінің айтқаны. Құлақ түрейік.

-Қазіргі кезде біз әлеуметтік тексеру жүргізіп біраз жайтты анықтадық. Атап айтқанда, еліміздегі әрбір төртінші қазақстандықтың антибиотиктерді бақылаусыз қабылдайтыны, ал әрбір екінші адамның дәрі-дәрмекті жарнама немесе көршісінің кеңесі бойынша сатып алатыны белгілі болды, - дейді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, халықтың дәрі-дәрмекке қатысты сауатын арттыру мақсатында өңірлерде ақпараттық-сараптамалық орталық құрылған. Осы орталыққа былтырдың өзінде 26 мыңнан астам азамат хабарласқан.

-Қоғамды алаңдататыны – дәрігердің қателігі. Қазір бұл үшін тәртіптік, әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Алайда жаңа қылмыстық кодексте «дәрігерлік қателікті» қылмысқа теңестіру қарастырылуда,- деген сауал қойды депутат Ұласбек Сәдібеков.

– Біздің министрліктің Медициналық қызмет сапасын бақылау комитеті сырқаттардың құқығын қорғау мәселесін жылда тексереді, – деді министр С.Қайырбекова. – Былтырғы жылғы тексеріс нәтижелері бойын¬ша 6 миллиард теңгені бюджетке қайтардық. 500 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 300 материал құқық қорғау органда¬рына іс қозғау үшін жіберілді.

Ол «стационарлар дәрігерлері біліктілігінің төмен» екендігін мой¬ындады: «Осы мәселені шешу үшін өңірлерде оқу орталықтарын құрдық. Практикалық дағдыларды бағалау бойынша орталықтарда өлім-жітімнің әрбір жағдайы тексеріледі. Өткен жылы осы орталықтар арқылы медициналық көмек көрсету кезінде қате жіберген 100-ден астам маман өтті. Осы жылы бағдарлама кеңейтіледі және біліктілік санатын алу үшін енді маманның практикалық деңгейіне қойылатын талаптар басты шарт болады,- деп түсіндірді министр.

БҰҰ-ның жаһандық есебінде Қазақстанда медициналық қызметтерге халықтың қанағаттану деңгейі 49 пайызды ғана құрайтындығы айтылған. Ал Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, жүргізілген сауалнама медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейінің 80%-дан аса¬тынын көрсетіпті.

Бұл министрлікті таратып жіберсе де болады

Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрайымы Дариға Назар¬баева еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі қызметіне алқалы осындай баға берді.

«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың денсаулығын қорғау саласында басшылық жасайтын мемлекеттік орган болып табылады, – деді Дариға Нұрсұлтанқызы. – «Басшылық» деген сөзге назар аударыңыздар. Денсаулық сақтау министрлігі бұл саланы басқарудан бойын аулақ салды. Ауруханалар мен емханалармен кері байланыс орнатылмаған, олардың өзекті проблемаларын білуге министрліктен жан баласы мүдделілік танытпайды. Кабинетте тып- тыныш отырған шенеуніктер неше түрлі инновация дегенді ойлап тауып, оны төменгі жаққа жібереді. «Бұл жаңалықтардың» одан арғы тағдыры не болғаны туралы ешкім бас қатырмайды. Кез келген сұраққа министрліктің жауабы дайын. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге «СК-Фармация», жабдықтар сатып алуға «КазМедТех» АҚ, қалған былық-шылықтардың бәріне әкімшіліктер жауапты. Мұндай итеріп салма жағдайда министрлікті жаба салуға да болады».

Депутаттың қолындағы мәліметтерге қарағанда, Қазақстан БҰҰ-ның адам дамуы жөніндегі индекс бойынша әлемдегі 187 елдің ішінен 69-орында, ал денсаулық сақтау индексі бойынша 129 орында екен.

Халықтың дәрігерлік көмекпен қанағаттануы 49 пайыздан аспай отыр. Соған қарамастан денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2004 жылмен салыстырғанда 5 есе өскен, 2014 жылы бұл көрсеткіш 862 млрд теңгені құрайды.– Бұл министрліктің бүкіл қызметі түрлі реформаны ойлап тауып, бар амалды бюджет қаражатын бөлгізу мен игеру арқылы сауын сиырға айналдыруға құрылғандай, – деді Д.Назарбаева. Биік мінберде жүрген халық қалаулысы ел-жұртқа жағатын сөз айтты. Бірақ комитет төрайымы айтты екен деп Денсаулық сақтау министрлігі тарап кете қояр ма екен?!.

Автор:
Дайындаған Ырыс КЕНЖЕ. K.R.A.