Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРІ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ


24 февраля 2014, 07:42 | 2 158 просмотров



Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дәрі-дәрмектің, оның ішінде қымбат дәрілердің бағасы көтерілмейтіндігі мәлім болды.

«Халықаралық тәжірибеде дәрі бағасы мен дәрілік құралдардың сапасы ұлттық қауіпсіздік жүйесіне жатады. Сондықтан да, өткен жылы біз Бәсекелестікті қорғау агенттігінің бастамасымен Денсаулық сақтау министрлігінің құзіретін қайта қарадық. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан сатып алынатын барлық дәрі түрлерінің бағасын министрлік реттейді. Жалғыз дистрибьютер «СК Фар¬

мация» компаниясы дәрі-дәрмектің 900-ден астам түрін сатып алады. Оған Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан баға қатаң белгіленген. Былтыр «СК Фармация» компаниясы 90 миллиард теңгеден астам сомаға дәрі сатып алды. Сондықтан 2014 жылы стационарлық және амбулаторлық деңгейде баға өспейді. Яғни онкологияға, қант диабетіне, гемофилияға қарсы қымбат дәрілердің бағасы көтерілмейді»,- деді журналистерге Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов.

Оның сөзінше, министрлік дәрі бағасының шарықтауына жол бермейді.

Ұлттық валюта бағамының өзгерісін пайдаланып, бағаны заңсыз көтеріп жатқандармен ымы¬расыз күрес жүргізіледі. Дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру мақсатында министрлік республика бойынша дәріханаларға тексеріс жүргізетін жұмыс топтарын құрды. Денсаулық сақтау министрі фармацевтикалық кәсіпорындармен дәрі- дәрмек құнын ұстау туралы меморандумға қол қойды.

«Бағаның өзгеруі орын алған кезде, дәрі-дәрмектің бағасына қатысты жұртта алаңдаушылық туындайды. Өйткені науқас адамға дәрі-дәрмек – ең бірінші қажеттілік. Сондықтан бұл салада дәрінің бағасын, са¬пасын қадағалау, оны өсірмеу министрліктің негізгі міндеттерінің бірі» -деді ол.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанда дәрінің 7174 түрі тіркелген. Ел азаматтарын қажетті дәрімен қамтамасыз ету үшін министрлік 140 млрд. теңге бөліп тұрады. Жыл сайын елімізде 350-ге жуық жаңа дәрі тіркеледі. Қазақстан заңнамасына сай олардың сапасына және халықаралық стандарттарға сәйкестігіне сараптама жүргізіледі. Е.Байжүнісовтың айтуынша, сәуір айында еліміздегі дәрi-дәрмек бағаларының ұлттық формуляры жасалады. Ол жергілікті жерлердегі бағаларды қадағалап отыру үшін қажет. «Ұлттық формулярда дәрiнiң атауы мен белгiленген бағасы болады. Қазақстанның қай аймағында болмасын, ешбiр дәрiхана бекітілген бағадан аса алмайды. Егер бағаның құнын асырса, лицензиясынан айырылады.

Қазiргi уақытта Қазақстанда 7 мыңнан астам дәрi-дәрмек атауы және 11 мыңнан астам фармацевтика нысаны бар. Олардың барлығын жоспарлы тексерiстермен қамту мүмкiн емес. Дәрiгердiң рецептiнсiз дәрi беру мәселесiн оңтайлы шешу мәселесi де күн тәртібінде тұр. Себебi, дәрiханалар мамандар рецептiсiнiң негiзiнде берiлетiн дәрмектердi ешбiр қағазсыз еркiн сатып жатыр. Болашақта Қазақстан PICS халықаралық мамандар ұйымына енедi. Осының негiзiнде елiмiзде фарминспекторлар қызметi пайда болады. Олар дәрiханалардағы дәрiлердiң сапасын қадағалап отырады»,- деп қорытты сөзін министрлік өкілі.

Автор:
Қанат МАХАМБЕТ, Астана