Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕДИЦИНА ҚАЗАҚША ҚАЛАЙ СӨЙЛЕЙДІ?


24 февраля 2014, 07:40 | 3 978 просмотров



21-ақпан –Ана тілі халықаралық күні. Осыған орай біз медицина саласындағы қазақ тілі мәселесін талқыламақпыз. «Медицинаның тілі» әлменнің әр мемлекетінде ең қиын тіл. Дәрігерлер бұл тілді түсініп, осы тілде еркін сөйлеу үшін университет¬те ұзақ жылдар оқиды, одан кейін тәжірибесінде де осы тілді жетік меңгереді. Медициналық терминоло¬гияны қазақ тіліне келтіріп, оны бай¬ыту тұрғысында атқарылған іс сан алуан. Медициналық білім ордала¬рында осы бағытта үлкен жұмыстар жасалды. Десе де, қазақ тіліндегі медициналық оқулықтар жетіспейді, ал ана тіліндегі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Орыс тіліндегі оқулықтардан тікелей аударылған кітаптар студенттерге түсініксіз. Медициналық терминдерді қазақшалаймыз деп кейде шектен шығып, оңайды қиындатып жатқанын білікті дәрігерлер де, студенттер де айтады. Сонымен медицина қазақша қалай сөйлейді?

Осы сұраққа дәлелді жауап алу үшін Алматы обылысы халқына медициналық көмек көрсететін негізгі мекемелердің бірі Талдықорған қаласындағы «МКҚ ШЖҚ Алматы облыстық ауруханасы¬на» бардық. Ауруханада көп жылдық еңбек тәжірибесі бар білікті мамандар мен қатар жас дәрігерлер де жұмыс істейді.Жас мамандар жұмысына аға буын әріптестерінің көңілі толады екен, сондай-ақ олар жастардың ме¬дицина тілін қазақша жақсы келтіріп сөйлейтінін, сырқатнаманы да қазақша толтыратынын алға тартты. Сол се¬бептен «медициналық қазақша» жай¬ында сұрақтарды жас мамандарға қойдық. Олардың бір ауыздан айтқаны: «медициналық терминдері қазақша аударудың қажеті жоқ»!

Әйгерім Абиева, дәрігер- эндокринолог:

-Медицина тілінде терминологияны аударудың қажеті жоқ сияқты. Біздің саладағы терминдердің барлығы латын тілінен алынған, халықаралық термин¬дер болғандықтан, бүкіл әлемде бірдей қолданылады. Мысалға «хирургты» қазақша «оташы» деп аударған, меніңше сөздің мағынасы өзгерген. «Хирург» хи¬рург болып қалу керек. Көп терминдерді аударудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Мединститутта қазақша, ағылшынша орысша білуге талап қояды. Бірақ қазіргі жақсы кітаптардың көбі орыс және ағылшын тілінде. Сондықтан, біз бұл тілдерді білу арқылы біліктілігімізді арт¬тыра аламыз. Ал қазақша кітіптарды оқысақ, орыс тілінен тікелей аударылған, көп жағдайда түсініксіз. Бір тақырыпты қазақша да және орысша оқысаң, орыс¬ша оқығаныңды жеңіл түсінесің. Қазақша кітапты оқып отырып, «мынау қай термин еді» деп басыңды қатырып ойланасың. Халықаралық терминдер өзгертілмеу ке¬рек, бүкіл әлемде медициналық термин¬дер бірдей латын тілінде өзгертілмей беріледі-деп пікірін білдірді жас маман.

Жұмыста науқастар сырқатнамасын қай тілде толтыра¬сыздар? –деген сұраққа ол былай жа¬уап қатты: - «Біз орысша да, қазақша да жазамыз. Қазақ тілінде жазғанда да қарапайым тілмен түсінікті етіп, ал диа¬гнозды, дәрілердің атын өзгертпей ла¬тын атауы бойынша жазамыз. Қазір қазақ тілінің қолдану аясы кеңіп, медицина тілі де қазақшаланып келеді. Біздің аурухнадағы жас мамандардың барлығы қазақша сөйлеп, сырқатнаманы қазақша жүргіздеді. Бұл бағытты аурухана әкімшілігі де қолдайды, қазақша жазуға бізге ешкім шектеу қоймайды».

Дәрігер-эндокринолог сөзіне сүйенсек, қазақ тілінде сырқатнама жазу кезінде диа¬гноз атауын қазақшаламай, түпұсқа күйінде қалдырады екен. Сонымен жас мамандар түсінікті болу үшін терминдерді аудармауға тырасады екен.

Айнұр Нұрланқызы, дәрігер- эпидемиолог:

- «Науқасқа диагнозын қазақша жазып бергенімен, ертең ол қазақша түсінбейтін басқа дәрігерге барса, емді қалай жүргізеді. Қазіргі жас мамандар қазақша да, орысша да, ағылшынша да біледі. Бірақ, жасы үлкен мамандарға қиынға соғады. Жас мамандар медициналық терминдердің қазақша баламасын білсе де үлкен жастағы дәрігерлер түсінбеуі мүмкін. Шетелге барып емдел¬се де, қазақша сырқатнаманы шетелдік мамандардың түсінуі қиынға соғады. Орыс тілі халықаралық тіл болғандықтан орысша сырқатнаманы басқа тілге ауда¬ру да жеңіл болмақ», -деп жауап қатты жас маман сауалымызға.

Сіз университетте қазақша білім алдыңыз, қазақ тіліндегі оқулықтар сапасы қандай еді?

- Біз өзіміз қазақша топта білім алсақ та, орыс тіліндегі оқулықтармен оқыдық. Төртінші-бесінші курста оқып жүргенде қазақша кітаптар шыға бастады. Бірақ ол кітаптарды түсіну өте қиын еді. Өзіміз қазақша кітапты оқи алмайтынбыз, себебі мағынасы өзгертілген, түсініксіз болды. Тікелей аударма жасалған. Орыс тіліндегі көп оқулықтардың бірінен алып, әркімнің өз білгенінше аударма жасағандығы байқалатын.

Жас маман осылай қазақ тіліндегі медициналық оқулықтардың кемшліктерін айт¬ты. Жұмыста құжаттарды қай тілде толтырасыз дегенге ол былай жауап берді:

-Шынымды айтсам, қазір екі тілде де жазуға тырысамыз. Аурухана бойынша жоспар¬ды 2 тілде дайындаймын. Себебі біздің әріптестерміз арасында өзге ұлт өкілдері бар. Бірі қазақша түсінсе, екіншісі түсінбеуі мүмкін. Оларға түсінкі болу үшін құжаттардың орыс тіліндегі нұсқасын келтіреміз» -деген жерінен Айнұр Нұрланқызының сөзін бөліп, Қазақстанда үш тұғырлы тіл деген саясат бар, енді екі тілге ағылшын тілін қосылса не болмақ? -деп сұрадық. Ол бірден: «Әрине жұмыс қиындайды, бірақ біз 4-курсқа дейін ағылшынша оқыдық, қарапайым ағылшын тілін емес, медициналық ағылшынды үйрендік. Ағылшын тіліндегі медициналық журналдарды оқып, оларды аударуға талап қоятын. Сондықтан біраз уақыттан ол бағытта да меңгеріп алармыз».

Қазақ лингвистикасында термин жасаудың толып жатқан жолдары бар. Соның бірі - халықаралық қолданыстағы терминдерді өз тілімізге ендіру. Алайда осы тұста ескертетін бір қағида бар. Қазақ терминологиясының негізін салған, ғұлама ғалым Ах¬мет Байтұрсынов халықаралық терминдер қазақ тіліне аударылғанда аударма түп мағынасын дәл бермесе, онда терминді сол күйінде алу туралы қатаң ескерткен бола¬тын. Біз бұл өсиеттерді жиі естен шығарамыз. Мәселенің байыбына бармай, аударуға құмарлық басым. Бұл жайында ауруханың бас дәрігері Мұрат Көмекұлы да дәлел келтірді.

Мұрат Көмекұлы Рахметов, Талдықорған қаласындағы «МКҚ ШЖҚ Алматы облыстық аурухана» директоры:

- «Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде, қолдану үшін, барлық жерде керек болуы үшін, біз өзімізді өзімізі қамшылауымыз керек, өзіміз соған атсалысуы¬мыз керек деді елбасы Қазақстан халқына жолдауында. Елбасы қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деген сөзі әлі де болса кейбір қазақтардың санасын оята қойған жоқ. Әрине қазақша сөйлесейік, бірақ қазақшалаймыз деп шектен де шықпау керек. Терминология саласы өте қиын, ал біздің ме¬дицина тілінде бұл тіптен қиын. Бірнеше мысал келтірейін, «клетка¬ны» аудару қажет па еді? «Ткань» дегенді «тін» дейді. Тін деп неге ауыстырады, елдің миын ашы¬тып. Бір кездері реанимацияны «жан алып жан беру бөлімі» деп жазып қойыпты, қазір жансақтау бөлімі дейді. Қазақ халқы әр сөзге мән беретін халық. Ауыр халдегі науқас «жансақтау» деген сөзді көріп ақ, «жаным сақтала ма?» деп одан әрі нашарлап кетеді ғой. Өзіміздің ауруханада реанимация деп өзгерттік. Одан да сорақысы бар. Қазір жарнамада геморой дегенді «көтеу» деп айтып жүр. Не деген сұмдық! Енді әйелдердің ауруын не деп аудармақ..? Енді соған келіп жеттік пе? Бұл масқара! Қазақ сөз таңдап, байыппен айта¬тын халық. Адамның артжағын білдіретін сөзді ешқашан жар салып айтпайтын. Одан кейін «медбике» деген сөз маған сорақы естіледі. Бике деген сөзді алып «мед» деген орысша сөзге жалғай салған. Біздің тіл –Абайдың тілі,бай тіл. Медбике дегенше аяжан деген сөзді қолданса болмас па еді? Медбике деп қыздарға айтылса, ал ербалаларға қандай сөз қолданамыз? «Медаға», «медіні» дейміз бе? Сондықтан терминологиямен айналысатындарға айтарым, аударуға келмейтін терминдерді сол күйінде қалдырған дұрыс. Диагноздарды бізді қазақшалап жаза алмаймыз. Қазақша таза сөйлеп тұрып біздің өзіміз кейде сырқатнаманы қазақша толтыра алмаймыз. Себебі, жасы үлкен дәрігерлердің ойлауы орысша қалыптасып кеткен. Біз қазақша жазбасақ та жастардың талабы да, талпынысы жақсы. Орысша оқыған біздің заманның адамдары кетіп, орына қазақша оқыған ұрпақ келеді. Сөйтіп бірте-бірте елмізде қазақ тілінде таза сөйлейтін ұрпақ болады. Медицинаның қазақшалуына мен қарсы емеспін, тек халықаралық тер¬миндерге тиіспеген жөн».

Дәрігер мамандар терминдерге тиісудің қажеті жоқ дейді. Расында да халықаралық терминдерді қазақшалау барында мағынасы мүлдем өзгеріп кетеді. Бұл тек медици¬на саласында ғана емес, өзге салаларда орын алып жүрген жайт.Қорыта айтқанда, ғылым тілі ұлтқа, оның тегіне, нәсіліне қарамайды. Ол бәріне ортақ. Барлық тілдерге ұғымы бір сөздер бұл –терминдер. Сондықтан оларды қазақшаға жөнді-жөнсіз аудара салу тіліміздің қадірін кетіреді.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА