Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДАҒДАРЫС ДАҢҒАЗАМЕН ДЕ ЖАСАЛАДЫ


24 февраля 2014, 07:36 | 1 743 просмотра



Әлемдік экономикалық дағдарыс ең бай, қуатты деген елдердің экономикасын да әлі күнге теңселтуде. Үстіміздегі жылға жасалған экономикалық болжам біршама оптимистік нотада болғанымен дағдарыстың салдарлары әлі де көрініс тауып, экономиканың озық салаларын ақсатып тұр. Дағдарыс дегеннің өзі жеті басты айдаһар тәріздес екен, бір басын кессе басқа ба¬стары жалын атып, ысқыруын қоймайды. Соның бірі қаржылық топтардың қолдан қысастықтар жасап, даңғаза шулар көтеріп, қолдан дағдарыс тудыруы. Және оларын БАҚ-тарды орынды пай¬далану арқылы әлемдік дағдарыстың лаңына телуге де икемділігі жетіп тұрады. Мұндай қаржылық топтардың барлық әрекеттері тек өздеріне тиімді іс-шараларды жасауға бағытталған. Олар бұл үшін халыққа да, өкіметке де зиян келіп жатқанына пысқырмайды.

Соның бір дәлелі ретінде Ұлыбританияның Ллойдз банктер тобының соңғы кездегі әрекеттерін атауға болады. Штаб-пәтері Лондонның өзінде орналасқан бұл банк корольдіктегі аса қуатты қаржылық институттардың бірі саналады. Ағылшынша атауы Lloyds Banking Group делінетін банк 2011 жылы жолы болғыштығы жағынан әлемде 59-орын алған.

Біздегі сияқты Ұлыбританияда да қаржы рыногының дағдарысына қарсы әрекеттер жасалып, банкілерді біріктіру және олардың активтерін мемлекеттің сатып алу үдерісі кеңінен жүргізілген. Соның нәтижесінде 2009 жылы Lloyds TSB және HBOS банктері біріктіріліп, аталмыш топ өмірге келген. Оның 41 пайыз акциясы өкіметке тиесілі еді. Оңалту шаралары жүргізілгеннен кейін, әрі билік қолдап тұрған соң банктің істері біршама түзеліп, таза табыс табуға қол жеткізе бастады. 2013 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша банк 280 млн. фунт стерлинг (453 млн. доллар) таза пайда тапты. Бұл 2012 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда айтарлықтай табыс бола¬тын, өйткені, сол кезеңде банк 1,03 млрд. фунт стерлинг шығында болған еді.

Енді сол банктің белге соққандай болып, бір мыңнан артық қызметкерлерін қысқартатынын, активтерін сататынын айтып, аяқ астынан қиралаңдап қалғандай, жұмыскерлері мен он мыңдаған клиенттеріне үрей мен қыспақ тудырып шыға келгені бір қарағанда қызық сияқты. Бүгінгі күні банктің бірнеше бөлімшелері, соның ішінде жеке клиенттермен жұмыс істейтін, тәуекелді басқаратын және коммерциялық операцияларды жүргізетін бөлімшелері қысқармақшы. Сондай-ақ, 300-ден артық жұмыс орны аутсорсингке аударылатын көрінеді. Аутсорсинг деген алдын-ала келісім бойынша, қызметтік функциялардың басқа компанияларға берілуі.

Бұл әңгіме Ұлыбритания өкіметінің Ллойдз банктер тобындағы өзіне тиесілі 33 пайыздық үлесін сатуға қоймақшы болған ниетінен кейін туды. Демек, өкімет алдағы уақытта өзіндегі ауыр жүктен құтылып, оны жекешеге өткізуді қалап отыр. Бұған дейін де 3,3 млрд. фунт стерлингті құрайтын 8 пайыздық үлесті өткен жылдың қыркүйек айында сатып жіберген.

Ллойдз банктің ресми ақпаратына қарағанда, қысқарту мен активтерді сату шаралары 2011 жылы дағдарысқа қарсы қабылданған оңалту жоспарларын жетілдіруге бағытталып отыр екен. Сөйтіп, банк өз әрекетін орын алған дағдарыстың салдарларын жоюға бағыттап отырмыз дегенді алға тартады. Алайда бұған сену қиын. Өткен жылдың 9 айының қорытындысында, жоғарыда айтқанымыздай, тамаша табысқа жеткен банк аяқ астынан неге тағы да «оңтайландыруға» бет алуы мүмкін. Бұған кім сенеді.

Банк өкілі қысқарту шаралары кәсіподақ өкілдерімен келісілуде екенін жариялады. Бұл – міндетті процедура. Өйткені, бұл елдерде кәсіподақпен келіспей бірде-бір адамды жұмыстан қысқарта алмайсың. «Біз қысқарту процесінің тыныш және айғай-шусыз өткенін қалаймыз», деп мәймөңкелетті одан әрі банктің ресми өкілі.

Бірақ бір мыңнан артық қызметкерлер қысқартылып жатқан жерде бәрі де тып-тыныш бо¬луы мүмкін емес. Кәсіподақ бар, қысқартылатын қызметкерлердің құқы бар – бәрі БАҚ арқылы біршама шу тудыратыны анық. Мұның бәрі сайып келгенде банк акциясының бағасын төмендетеді. Өкімет өзіне тиесілі 33 пайызды сатқалы отырғанда акцияның арзандауы – оны сатып алуды көздейтін топтар үшін өте маңызды. Демек… Олар банк басшылығымен астыртын келісімге келіп, қолдан осындай шулар туғызу арқылы банктің акциясын арзандатуды көздеп отырған сияқты. «Пәледен машайық қашыпты» дегендей, шулы жердің акциясын сатып алуды өзге компаниялар қолай көрмейді, ал қолдан жасалған шуды тудырып жатқандардың өзі мұндайда арзандатылған акцияны қақшып алады. Сондықтан мұндай шаралардың «еруліге қарулы» істер екені көрініп тұр және ондайлар ақша билеген капиталистік қоғамның айнымас атрибуттарының бірі екені ежелден белгілі. Ал халыққа оны аты жаман дағдарыстың салдары деп түсіндіру оңай.

Осындай, қолдан жасалған қысастықтармен қатар былтырға жалғасқан әлемдік экономикалық дағдарыс Ұлыбританияның әлеуметтік жағдайын да толығымен оңалтуға мұрсат бермеді. Жыл ба¬сынан бері (2013 жылы) 500 мыңнан артық адам «тамақ банкіне» келген көрінеді. «Тамақ банкі» деген өкіметтің қолдауымен құрылған табысы жоқ ұйымдар. Ол тамақ өндірушілер мен оларды тасымалдайтын кәсіпорындардан қолдану мерзімі аз ғана уақыт қалған тағамдарды жинап алып, жағдайлары жоқ, жұмыс таба алмаған немесе табысы аз әлеуметтік әлсіз топтарға тегін таратады. Осындай жұмыстармен айналысатын арнаулы волонтерлер бар. Олар қайырымдылық және әлеуметтік қорғау ұйымдарына тіркеледі. Әрине, жалпы тоқтығы жағынан әлемде жетінші орын ала¬тын Ұлыбритания секілді мемлекетке 500 мыңнан артық осындай жандардың болғаны үлкен сын. Сөйтіп, әлемдегі экономикасы ең қуатты елдің бірі де өзіндегі дағдарысты әлі күнге толық еңсере алмай отыр.

Үлкен дағдарыс Америка экономикасына да өзінің салқынын тигізіп, экономиканың көптеген салаларында тоқырау болды. Экономикалық қыспақты біршама еңсеріп келе жатқан бұл елде былтырғы жылдың аяғында күтпеген жерден «қолдан жасалған дағдарыс» болып, ол да өмірдің барлық саласына өз қырсығын тигізді.

АҚШ-та қаржы жылы 1 қазаннан басталатын. Осы күні елдің жаңа жылға заңмен бекітілген бюджеті іске кірісу керек еді. Ал бюджет мемлекеттің ең басты қаржылық құжаты, онда өкіметтің барлық шығындары және олардың көлемдері көрсетілетіні белгілі. Америкадан басқа, ТМД мемлекеттері болса бюджеттерін бекітпей-ақ еңбек ете берер еді, ал заң үстемдік ететін АҚШ ондайға бара алмайды. Заңмен бекітілген бюджет болмаса Америка өкіметі ешқандай шығын жасауға қақысы жоқ. Міне, сондықтан да АҚШ-тың өкіметі өз жұмысын ішінара тоқтатуға мәжбүр болды. 800 мыңнан артық мемлекеттік қызметшілер ақысыз демалысқа жіберілді. Көптеген мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар жабылып қалды. Елдің астанасы Вашингтон қаласында тіпті, қоқыс тасылу да тоқтатылды. Өйткені, қоқыс шығаратын мекеме де бюджеттің есебінен жұмыс істейтін. Мемлекеттік бюджеттен тапсырыс алып, өнімдерін шығаратын мыңдаған жеке меншік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері де өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр бол¬ды. Қысқасы, осы кезден бастап бұл елде тек жұмыстарының тоқтатылуы мүмкін емес әлеуеттік күштер: әскер, полиция, шекаралық және кедендік күзеттер, түрме және т.с.с. ғана жұмыс істеп тұрды.

Мәселенің мәнісіне бойлайтын болсақ, бұл дағдарыс та таза қолдан жасалған қысастық еді. Бар мәселе бюджетті бекіту туралы заңды талқылауға салғанда Сенат пен Өкілдер палатасының өзара керіске түсіп, келісе алмаушылығында болды. АҚШ Парламенті, яғни Конгресі осы екі палатадан тұрады. Сенатта әрбір штаттан екі адамнан отырады. Осы сенаторлардың көбісі демократиялық партияның өкілдері. Бұлар президент Барак Обаманың жақтастары. Ал Өкілдер палатасында республикашылдар партиясы көпшілік дауысқа ие. Осылар Б.Обаманы сүріндірмек болып, жаңа бюджетті бекітпей қойды. Сондағы тапқан іліктері – бюджеттің дефициттік жағдайда қабылданбағы. Әрине, бюджеттің ІЖӨ-нің бес пайызының көлеміндегі дефициті АҚШ үшін үлкен дүние болуы мүмкін. Үкімет оны мемлекеттік шығындарды біркелкі азайта отырып және салықты аздап көбейту арқылы еңсереміз деген-тін. Әрине, естір құлақ болса бұлар орынды қадамдар. Бірақ ілік іздегендер бұған құлақ асқан жоқ, керісінше, айғайшыл халыққа жағатын жолға шап беріп, «салықты көбейтуге үзілді-кесілді қарсымыз» деп шулатып-ақ бақты. Республикашылдардың «халықшылдығы» өз нәтижесін де беріп жатты. Сол кездегі әлеуметтік сауалдарға қарағанда, оны жақтайтындар саны біршама артты.

Республикашылдардың сұғын қадаған тағы бір мәселесі – Б.Обаманың әлеуметтік бағдарламалар мен денсаулық сақтау саласындағы реформасы еді. Президенттің бұл қадамдары халыққа жағудың амалдары деп санаған республикашылдар оған да қарсы болды. «Obamacare» (Обаманың қамқорлығы) деген атау алған денсаулық сақтау саласындағы реформа барлық АҚШ азаматтарын медициналық сақтандыруға тартуды көздейді. Оларда міндетті медициналық сақтандыру деген жоқ, сондықтан да бүгінгі күнге дейін 45 миллиондай америкалық мұндай сақтандыруды керек қылмапты. Обама өкіметі осы санды азайту үшін оны бюджеттен субсидиялау қажет деп тауып отыр. Сонда халық оның тиімділігін көзімен көріп, сақтандыруға өз еріктерімен келеді дегенді үміт етеді. Сөйтіп, сақтандыруды керек қылмаған адамдар санын азайтуды негізгі мақсат етіп отыр. Реформаның мәнісі осында. Ерікті іс болып табылатын сақтандыруға бюджеттен субсидия бөлінуін артық шығын деп санаған республикашылдар осыған да қатты шүйлікті. Оның үстіне, сол кезде мемлекеттің жалпы қарызы ІЖӨ-ден асып тұрды. Бұл да Обаманың қарсыластары үшін байланысуға таптырмайтын себеп болатын.

Сөйтіп, АҚШ тарихында сирек болатын қолдан жасалған үлкен саяси және экономикалық дағдарыс болды. Бұған билік үшін үнемі таласатын екі бәсекелес партияның әрекеті ғана кінәлі еді. Осы екі партия да 2013 жылдың наурыз айында-ақ бюджеттік заң бойынша өз жобаларын жа¬сап, талқылауға ұсынған. Онда екі жақ та өздеріне тиімді мәселелерді қарастырған-тын, сондықтан республикашылдардың бюджетін Сенат, демократиялық партияның жобасын Өкілдер палатасы терістеп шығарған. Бұл бәсекелестік ақыры, 1 қазанға, яғни қаржылық жыл басталғанша бюджеттің қабылданбауына әкеліп соқты. Соның салдарынан, «екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледі» де¬гендей, қаншама әлеуметтік мәселелер іске аспай, бюджеттің қабылдануын күтіп қалып, қарапайым халық сорлады. Міне, күштілердің айқасы, өзара бәсекелестігі, билік үшін күресі де әлемдік экономикалық дағдарысқа еш қатысы болмаса да осындай келеңсіз жағдайларды жиі тудырады. Сондықтан биліктегі партияның өз әрекетін алаңсыз іске асыра алатын, мықты болғандығы да дұрыс. Сайып келгенде, халық барлық нәрсенің жауабын билікте отырған партиядан ғана сұрайды. Ал ол бәсекелесімен күреске, онымен келісу жолдарына қатты алаңдап, кейбір маңызды позици¬яларынан кері шегініп, көнгіштік танытып отырса, істе жақсы нәтижеге жете алмай қалары хақ.

АҚШ бюджеті тек үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында бір-ақ бекітілді. Әрине, бюджетті бекітетін заңға қарап, мемлекет үш ай бойы жұмысын түбегейлі тоқтатын болса, дағдарыстың көкесі сон¬да болатын еді. Бірақ қанша жерден заңсыз қадам жасамаймыз десе толық тоқыраудан аман шығудың жолын алып мемлекет тапқан. Сондықтан кейбір тоқтатылуы мүмкін емес бюджеттік шығындар парламенттің уақытша қарарларымен босатылып тұрды. Соның ішінде, жоғарыда айтқан, қорғаныс, қауіпсіздік, құқық қорғау салаларының шығыстары бар.

Бюджетті бекітетін заңның қабылдануында Барак Обаманың үкіметі қарсыластарының еш та¬лабын мойындамай, берік позиция ұстана білді. Бұл үшін республикашылдардың ыңғайындағы ғана емес, жалпы елдің барлық ақпарат құралдары Ақ үйді аяусыз сөгіп, сын тезіне салған. Мұндай жерде «халықтың қамы», «елдің мүддесі» дейтін қайда салсаң озып шығатын ұғымдарды да ше¬бер пайдаланған қарсыластар президент оларды да ескермей, өзінің позициясы үшін ғана оппози¬циямен келісімге келе алмағанын жырлаудай-ақ жырлады. Осындай прессингтерге төтеп беру де оңай емес еді. Алайда үкімет шыдап бақты. Ақырында Б.Обаманың ұсынысы жеңіске жеткенде сол БАҚ-тар президенттің өз позициясын берік ұстағанын, ешқандай қоқан-лоққыға көнбей, қитұрқы қысымға төтеп бере алғанын мақтап, шаттана жазып жатыр… Билік «ұстараның жүзіндей» лыпылдаған жайда болады деген сол, әне. Бір жағына аунасаң болды, қиып түсіреді.

Әлеуметтік сауалдамалар да қазір елдің республикалық партиядан аунап түсіп, Барак Обаманың жағына құлап жатқанын көрсетуде. Президенттің өз партиясы ішіндегі позициясы да нығая түсті. Міне, мұндай тартыстар да капиталистік қоғамнан ешқашан қалмайтын, үнемі қосарланып жүретін жағдайлар. Оның қырсығы халықтың, мемлекеттің мүддесіне қарсы келіп жат¬са да оны дер кезінде тоқтата қою оңай емес. Мүмкін осындайлар да қажет шығар, тартыс пен таластан ығысқан үкімет еш қалғымай, әрқашанда сергек болады емес пе?

Автор:
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».