Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТӘРБИЕ ҚАЗЫҒЫ МЫҚТЫ БОЛСА ИГІ


25 января 2014, 06:15 | 1 858 просмотров



Ғасыр індетіне айналған жұқпалы иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС) адамзатқа тырнағын шеңгелдеп салу¬да. Оның таралу қарқыны да бұрынғыдан жылдамдай түскенін мамандар айтып отыр. Ұрпақты аздыратын кеселге қалай қарсы тұрған жөн? Бұл жөнінде Қостанай облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Молдағали ХАМЗИН ой бөліскен еді.

– Молдағали Хамитұлы, 5асыр қасіретіне айналған ауруды сөз еткен¬де, әрине, ұлтқа бөлмейміз. Барлық адамзаттың бас ауруы екенін түсінеміз. Қазақы қаймағы бұзылмаған өңірлерде АИТВ-тың тіркелгені жүрегіңді ауыртады. Мұны айтып отырғаным, басқалар ауырғанда тек қазақ аман қалса екен деген сөз емес, қазақы тәрбиенің қазығы босаңсығаны ма деген ой келеді...

– Өте дұрыс айтасыз. Соңғы жыл¬дары ауру жұқтырғандар арасында өзіміздің ұлт азаматтарының қатары жиі көріне бастады. Тіпті, көбейіп келеді де¬сем де жаңылыса қоймаспын. Бұл ауру ұлт, жыныс, өңір немесе мемлекет, мате¬рик таңдамайды. Тек қазақ халқы емес, қай ұлттың болса да ұлттық, халықтық педагогикасының, тәрбиесінің, тіпті, ұлттық салт-сананың босаңсығаны осы қасіретке жол аша түседі. Мысалы, бұрын халқымызда азаматтық неке де¬ген болып па еді? Міне, қазір жастар да, ересектер де азаматтық некемен тұра беретін болды. Олар не отбасы емес, не бөлек жандар емес, бір-бірінің алдында ешқандай жауапкершілік алмайды. Тек төсектері бірге, қалған ой-мүдделерінің бәрі оларды қоспайды. Жастардың арасында да махаббат сезімі алды¬мен төсекке жүгіретін дөрекілікпен түсіндіріледі. «Қызға қырық үйден тыю», деп қазақ болашақ отбасы анасының тәрбиесіне қатаң қараған еді. Қазір осын¬дай халықтық тәрбиенің қазығы босаған. Ал адамның иммундық тапшылығы ауруына қарсы тұратын қару әзірше әркімнің отбасылық тәрбиесі, халықтық құндылықтарымыздың әлсіремеуі, әр адамның дұрыс жолмен жүруі, сезім тазалығы дер едім.

– Қауіпті ауруға адамдар тек бей-берекет жүріс-тұрысы арқылы емес, еш күнәсіз, кездейсоқ тап бол¬мауы үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Атың өшкір аурудың нашақорлар арасында үлесі мол. Өйткені, олар ортақ инені қолданатыны белгілі. Ер де, әйел де кездейсоқ жыныстық қатынастан аулақ болғаны жөн. Салондарда мани¬кюр, педикюр жасау құралдары дұрыс тазартылмаса ауру адамның қаны арқылы вирус жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, қазір салондарда жасалатын денеге тырнап сурет салу, әшекейлеу (татуировка) жастар арасында сәнге айналған. Маманның құрал-жабдығы тазартылмаған жағдайда бұл да ауру жұқтырады.

– АИТВ пайда болғанына, адамзатқа қауіп төндіргеніне отыз жылдан асып бара жатқанын айттыңыз. Осы уақыттан бері адамдар арасында одан сақтану, өз денсаулығына жіті қарау мәдениетінің көтерілгені байқала ма?

– Байқалады. Жыл сайын АИТВ-ға қарсы ерікті тексеруден өтетіндердің қатары көбейіп келеді. Оның ішінде ба¬сым көпшілігі негізінен жасырын өтуді қалайды. Акция өткізілген уақыттарда аймақтық ЖИТС орталықтарында тестілеуден өтетіндер молайды. Акция уақытында жедел жасақталған топтар экспресс-тестер өткізеді. Бұл, әсіресе, жастар арасында кеңінен қолданылады. Тіпті, үйленейін деп жүрген жастар ЖИТС орталығына келіп, тексеріліп алған жағдайлар да кездесті. Мұның ешқандай ерсілігі жоқ. Бас қосайын деген жастардың бір-біріне сенімсіздігі деп те қарауға болмайды, қайта олардың өзінің денсаулығына, болашағына жауапты қарау мәдениеті деген сөз. Еуропалық және өзге жұрттарда бұл қалыптасқан дүние болса керек. Біздің қазақы сенгіштігіміз, ұялшақ менталитетіміз әзірге оған жібере қоймайды. Бірақ біздің жастардың көзі өте ашық, ақпараты мол. Сондықтан болашағын, ұрпағын ойлаған жастар үйленер алдында біздің орталыққа келіп, тексерілуді дәстүрге, қажеттілікке айналдырса әбестігі болмас еді. Уақыттың талабына мойынсұнған дұрыс.

Соңғы жылдары тұрғындарды скринингтеу үдерісіне көп көңіл бөліне бастады. Екіқабат әйелдердің, жал¬пы адамдардың жұқтырғаны белгілі болғанда, оларды неғұрлым аурудың ертерек сатысында емдеуді қолға алу көзделеді.

Мұның барлығы да АИТВ таралуын тоқтатудың, бәсеңдетудің шаралары екені сөзсіз. Ал әр адам бұл қасіреттің шеңгеліне түсіп қалмауы үшін ішкі мәдениетін, тәрбиесін дұрыстап, сала¬матты өмір салтын ұстануы қажет.

– Өткен жылы интернетте бұл аурудың АИТВ-1 түрі таралып жатқандығы жөнінде ақпарат бол¬ды.

– Иә, «Российская газетаның» АИТВ- 1 жаңа түрі пайда болып, Ресейдің Новосібір өңірінде жайылғаны, оның Қазақстан, Қырғызстанда, Чешенстанда тіркелгені жөнінде таратқан ақпаратына орай, ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың бас директоры Марат Түкеев жауап берген болатын. Аурудың жаңа түрі Қазақстанда тіркелген жоқ.

Ендігі бір әңгіме оларға қоғамдағы көзқарас туралы. АИТВ жұққызғандардың барлығының тағдыры өте ұқсас. Олардың диагнозы туралы кейде меди¬цина қызметкерлерінің құпияны сақтамайтыны, медицина қызметкерлерінің оларға қызмет көрсетуден бас тартуы, жұмыстан ықтиярсыз босатуы, жұмыс таппауы, қоғамның оларды құбыжықтай көріп, жиіркенішпен қарауы науқас өмірін қиындата түседі. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып жасаған жобалар арқылы АИТВ ауруына шалдыққан жандарға қоғамда толерант¬ты көзқарас қалыптастыру жұмыстарын жолға қою керек. Бұл орайда, облы¬ста «Помощь» үкіметтік емес ұйымы өзге де ұйымдардың күшін біріктіріп, жымысқылана тырнағын салып келе жатқан эпидемияға бақылау жасап, ауру таралмауының алдын алу үшін тер төгіп келеді. Ендігі мақсат оның жұмысына қоғамдағы басқа күштерді де топтастыра білгеніміз мақұл. Сонда қоғам тазалығын сақтап, болашақты жарқын етуге үлес қосамыз.

Әңгімелескен

Автор:
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан».