Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

2014 ЖЫЛ: ҮМІТ ПЕН КҮДІК


28 декабря 2013, 06:40 | 1 871 просмотр



Ескі жылды есіркеумен шығарып салып, жаңа жылдан жарылқау күтетін қазақ халқы әрдайым алдағының бәрінен жақсылық күтеді, келешекті тек жақсы нышандармен болжамдаған. Әрбір жаңа жылдан тек жақсылық күтіп, тек игі нышандармен тұспалдап өтетін. Әлбетте, қазақтың төл жаңа жылы Наурызбен бірге келеді. Яғни, қазақ үшін жаңа Жылқы жылы тек алдағы Наурыз мейрамымен қатар келетінін білеміз. Алайда, әлемдік қалыптасқан дәстүр бойынша 31 желтоқсанда ел болып Жылқы жылын қарсы алмақпыз. 2014 жылға жоспарланған жұмыс көп. Алматыда газбен жүретін көлік пайда болады, ғарышқа «Казсат» спутнигі ұшады, ҰБТ тапсыру өзгереді, жаңа жүрдек поездар пайда болады, дәрігерлер саны артып, аурулар азаяды тағысы тағы. Айтылған сөз жетерлік, бұның барлығы қалай орындалмақ? Жаңа 2014 жылдан не күтеміз? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік...

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БОЛЖАМДАР

Сәуегей, болжамшылар әлем жұртшылығы үшін жаңа жылдың табысты болатынын айтады. Ал нақты сарап жасап, дамудың нақты бағасын дәл беретін аузы дуалы сарапшылар да болжамдары жаман емес. БҰҰ 2014 жылы әлемдік эномиканың болашағын,а қатысты жасалған баяндамасында көрсеткілгендей соңғы екі жылда жаһандық шаруашылық оңалып келеді. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, 2014 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3% жуықтайды. Дегенмен экономикалық ахуалдың төмендеп кету қаупі де жоқ емес. 2013 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ экономикалық өсім 1,6% жетеді, бұл халықтың әл ауқаты мен кәсіпорындар тарапынан инвестициялар көлеміне тікелей байланысты болмақ. 2014 жылы экономикалық өсім 2,5% боулы мүмкін. 2013 жылы Еуропа экономикалық даму бойынша қайта қалпына келе бастады. Келер жылы еуропа экономикасының өсімі мамандардың пікірінше, 1,5% артады. Ал Жапония экономикалық өсім бойынша биыл АҚШ пен Еуропаны басып озды. Алайда, алдағы екі жылда жасақталатын Жапония үкіметінің саясаты қарқынды өсімге кері әсер тигізуі мүмкін дейді сарапшылар. Болжам бойынша, 2014 жылы Жапонияның ІЖӨ көлемі 1,5 % артатын болады. Ал Қазақстанда жағдай қандай болмақ? Қазақстанның халықаралық резерві Ұлттық қордың шетел валютасын қоса алғанда 93,9 млрд. долларға жетті. Бұл туралы 23 желтоқсанда ҚР Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.«Осы жылдың аяғына дейін жалпы инфляцияның көрсеткіші 5 пайыз төңірегінде болады. Ол - соңғы 10 жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш»,деп келе ол: «Валюта нарығындағы ахуал тұрақты. Ұлттық валютаға әсер ететін ешқандай жайт орын алған жоқ. Ұлттық банк теңгенің курсы үшін өзіндік саясатын жүргізе бермек. Елімізде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету - Ұлттық банк үшін басым міндет», - екеніне тоқталып өтті.

ПАРЛАМЕНТТЕ НЕ ДЕЙДІ?

Ескі жылды қортындылап, жаңа жылға жоспар құру басталып-ақ кетті. Парламентте де келер жылда атқарылатын іс-шаралар жоспары мақұлданып үлгерілді. Бюро мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2014 жылға арналған негізгі іс- шаралар жоспарын да негізінен мақұлдады. Құжатта Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын, сондай-ақ Парламенттің кезекті сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарды іске асыруға бағытталған депутаттардың заң шығару жұмыстары көрініс тапты.Сенатта жыл ішінде жаңа бюджет саясаты, мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру, ақпараттық қауіпсіздік, дене шынықтыруды дамыту, бұқаралық спорт және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша үкіметтік сағаттар өтеді. Еліміздің жасыл экономикаға көшу мәселелері бойынша парламенттік тыңдау 2014 жылғы ІV тоқсанға жоспарланды.Сенат комитеттері еліміздің аймақтарында тақырыптық көшпелі отырыстар өткізетін болады. Онда мемлекеттік шекара туралы заңнаманы іске асыру, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті дамыту, құқық қорғау органдары мен соттарды реформалау, бюджет үдерістерін жетілдіру және балық шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылау көзделіп отыр.Сенаторлар орталық және жергілікті атқарушы органдардың, даму институттары және оқу орындарының басшыларымен кездесулер өткізеді. Депутаттар тоқсан сайын аймақтарға дәстүрлі сапарға шығады. Жергілікті өкілді органдармен, оның ішінде «Өңір» депутаттық тобы арқылы өзара іс-қимыл жалғасатын болады.

ТӨЛЕНЕТІН АҚЫМЫЗ....?

2014 жылы орташа зейнетақы 9 пайызға, жәрдемақы 7 пайызға өседі. Ал бала күтімімен үйде отырған әйелдердің зейнетақы жарнасын мемлекет субсидиялайтын болады. 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі өмір сүру деңгейі 19 966 теңге болып бекітілмек. «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заң жобасы бойынша ең төменгі зейнетақы – 20 782 теңге, негізгі зейнетақы төлемі – 9 983 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 1 852 теңге», - дейді мамандар. Сонда келер жылы ең төменгі зейнетақы көлемі 30 765 тенгені құрамақ, ал қазақстан бойынша бүгінгі орташа зейнетақы көлемі 41 583 тенге. 2014 жылы зейнетке шығатындардың зейнетақысы 64154 болады деп жоспарлануда.Сонымен қатар, ең төменгі күн көріс деңгейі өзгергендіктен, мүгедектік бойынша, асыраушысынан айырылғандарға және жасы бойынша берілетін мемлекеттік негізгі әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап артады. Сондай-ақ, №1 және №2 Тізімдер бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың, бала күтуге ай сайын берілетін жәрдемақы мөлшері артады.

БІЛІМ

Жыл сайын білім беруде қандай қандай өзгеріс болады екен деп барша қазақстандықтар күтетіні рас. Себебі, білім берумен әрбір қазақстандықтың баласының өмірі байланысты. ҰБТ, ЖОО-дар мәселесі, мектептегі жағдай, бала-бақшадағы орын тапшылығы қалай болмақ деген сұрақ бәрімізді-ақ мазалайды. 2014 жылы мемлекеттік ЖОО-ларда Бақылаушы кеңесі құрылады бұл туралы «КТК» телеарнасының «Халық қызметшісі» бағдарламасында қонақ болған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.«Біз 2014 жылы барлық мемлекеттік жоғары оқу орындарында Бақылаушы кеңесін енгізуді жоспарлаудамыз. Бізде 50-ден астам мемлекеттік ЖОО бар. Бақылаушы кеңесін құру және оларға дұрыс өкілеттік беру үшін нормативтік базасын дайындаумен айналысып жатырмыз», - деді ол. Миинстрдің атап өтуінше, алдағы уақытта ректор өз жұмысы мен жоспарларын Бақылаушы кеңеспен үйлестіретін болады. Ал кеңес ректордың жұмысын бағалайды. Сонымен қатар жоғары оқу орынының қаржылық мәселелерін шешу ісіне де тікелей Бақылаушы кеңес атсалысады. Сондай-ақ А.Сәрінжіпов жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардан ақша жинау мәселесіне де тоқтала келе, заңға сәйкес мемлекеттік мектептер ата-аналардан қандай да бір төлем талап етуге құқылы еместігін баса айтты. Мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестіні бірнеше мәрте тапсыра алады. «Уақыт өте келе ҰБТ жүйесінде проблемалар туындап отыр әрі оның ең бастысы оқушылар оқымайды, тестіге дайындалады. Бұдан бөлек күйзеліске ұшырау жүктемесі де тым үлкен. ҰБТ арқылы бірден бірнеше мәселе шешіледі. Олар мыналар: сіздің мектепті қалай бітіргеніңіз, мектеп жұмысын бағалау, ЖОО-да білім алу үшін грант аласыз ба әлде алмайсыз ба? Бірқатар ұсыныстар бар, олардың көмегімен бұл мәселелерді шеше аламыз. Дамыған елдердегі сияқты тестіні бірнеше мәрте тапсыру мүмкіншілігі берілуі мүмкін. Мүмкін сен тестіні күйзеліс кезінде не болмаса өзіңді нашар сезінгенде тапсырған шығарсың... Сонымен қатар тестіні онлайн режімде де тапсыруға болады», - деген еді министр.

ДЕНСАУЛЫҚ

7 сәуір әлемде денсаулық күні болып аталып өтеді. Жыл сайын бұл атаулы күні қоғам денсаулығындағы ерекше көңіл бөлуге тұрарлық бір тақырыпты негізге ала отырып атап өту дәстүрге айналған. 2014 жылы Трансмиссивтік аурулар назарға алынбақ. Сонымен қатар дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әдеттегідей дәстүрге айналған кампанияларын жүзеге асырады. Бұл туберкулезге қарсы күрес, иммунизациялау апталығы, малярия ауруына қарсы күрес, қан доноры күні, гепатитке қарсы күрес, СПИД-қа қарсы күрес, шылым шегуге қарсы күрес сияқты шараларға ерекше көңіл бөлінбек.

Қазақстанда да денсаулық сақтау саласында 2013 жылы орын алған оқиғалар жетерлік. Алайда бізді болашақ көп ойландырады. 2014 жылы денсаулық сақтау министрлігі алдына қандай мақсаттар қояды, қай бағыттарды дамытпақ?

Денсаулық сақтау министрлігі 2014 жылы транспланталогия саласына көңіл бөлу одан әрі жалғаспақ. Келер жылы минимтрлік өкпені бірінші рет трансплантациялауды ойластыруда. Өкпені трансплантациялау оқшауландырылған трансплантация, өте сирек жасалады, негізінен алғанда, өкпе мен жүрек бірге ауыстырылады. Трансплантацияның осы түрін жүргізуге дайын екнімізді және оны келесі жылы жүзеге асыруды қолға алу жоспары бар екендігін осыған дейін денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Байжүнісов мәлімдеген еді. 2014 жылы мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік аясында 15 мемлекеттік медициналық мекемені сеніп басқаруға өткізу жоспары бар. Мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестік негізінен менеджмент элементтерін енгізу, сеніп басқаруға өткізуді қарастырады. Денсаулық сақтау министрлігінде менеджмент тиімділігі барлық нәрседен көрініс табуға тиіс екендігін білдірді. Мұндай мекемелерде сапаға бақылау денсаулық сақтау министрлігінің жоспарлы тексерулері мен пациенттердің арыздары негізінде жүргізілмек. Сондай-ақ, 2014 жылы денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржы көлемі артып, республиканың әр аймағында жаңа медициналық мекемелер салынып, қолданысқа берілмек. Мысалы, 18 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланса, Қызылорда облысында келер жылы ауылдық елді-мекендерде қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген 13 емхана ашу, және 2 аурухана мен 9 амбулатория құрылысын қаржыландыру жоспарланып отыр.

КӨЛІК МӘСЕЛЕСІ

2014 жылы Алматыда қоғамдық көліктің 60 пайыздан астамы газға ауыстырылады. Бұл туралы І Алматы халықаралық инвестициялық форумында сөз сөйлеу барысында қала әкімі Ахметжан Есімов мәлімдеген еді. 2014 жылы Алматыдағы экологиялық қоғамдық көліктің жалпы саны 60 пайыздан асады. Метрополитеннің бірінші желісі іске қосылды. Алдымыздағы жылы тағы қосымша екі станса, 200 данадан артық троллейбус және трамвай парктері, табиғи газда жұмыс істейтін 400 жаңа автобус пен экотакси енгізіледі", - деп мәлімдеді А.Есімов. Елімізде темір жол бағасы өседі. Шығындылықты азайту мақсатында Облысаралық және халықаралық қатынастардағы жолаушылар тасымалы 7%- ға өсетін көрінеді.Тарифтің өзгеруіне отын- энергетикалық ресурстардың қымбаттауы, вокзал шаруашылығы қызметтерінің 13%-ға, вагондарды күрделі жөндеуден өткізу құнының орташа есеппен алғанда 48%-ға, деполық жөндеудің 7%-ға артуы себеп болып отыр.Бұған қоса, халықтың сұранысын қанағаттандыру және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 2014 жылы "Астана-Қызылорда", "Алматы- Ташкент", "Астана-Защита" және "Алматы- Защита" , "Алматы-Ақтөбе" бес жүрдек қатынастарын іске қосу, сондай-ақ №43/44 "Қостанай - Алматы" пойызына фирмалық дәреже беру жоспарланып отыр. Сондай- ақ, 2014 жылы бес бағыт бойынша жүрдек пойыздарды іске қосу жоспарлануда, ол әр бағыт бойынша жол жүру уақытын орташа есеппен 1,5-2 есеге дейін қысқартпақ. Астана - Қызылорда, Алматы - Ақтөбе, Алматы - Защита, Астана - Защита және Алматы - Ташкент бағыттарында жүрдек пойыздарды іске қосу жоспарлануда, Аталған бағыттардың ашылуы осы өңірлердегі жолаушылар тасымалына деген жоғары сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ әр бағыт бойынша жол жүру уақыты орташа есеппен 1,5-2 есеге дейін қысқармақ. Астанадан Қызылордаға жолаушылар қазіргідей 2 тәулікте емес, бір тәуліктің ішінде жететін болады. Астана- Защита жүрдек пойызы болса Павлодар стансасына аялдайтын болады.

СПОРТ

2014 жыл – спорт жылы болатыны сөзсіз. Біріншіден көптен күткен Сочидегі қысқы олимпиада ойындары болады. Екіншіден, Бразилияда өтетін футболдан әлем чемпионаты. Сочидегі Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстарына 214 млрд. руб. жұмсалды, оның 100 млрд. рублі - мемлекет қаржысы, ал 114 млрд. рублі - инвесторлардың қаржысы, деп мәлімдеген еді РФ президенті Владимир Путин. Қазақстан құрамасы Олимпиадалық делегация алдына Ванкувер Олимпиада ойындарының спорттық көрсеткіштерін жақсарту бойынша міндет қойылған. Жоспарланған көрсеткіштердің жетістіктері жалпы командалық есепте 20- 23 орынға күресуге мүмкіндік береді", - деген еді спорт және дене шынықтыру агенттігінің басшысы Тастанбек Есентаев. Қазақстанның Сочи олимпиадасына қатысатын құрама командасын спорттың 8 түрінен 17 шетелдік маман дайынған көрінеді. Не болса да ұлттық құрамадан жақсы нәтижелер күтеміз.

Автор:
Дайындаған: Мадина ОМАРҚҰЛОВА