Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ШЫРШАЛАР-АЙ, ШЫРШАЛАР...


28 декабря 2013, 06:39 | 1 977 просмотров



Жаңажылдық шыршаны құрып болдық-ау шамасы. Аймақтардағы әкімдіктер «шырша-шырша» деп, «Тәуелсіздік күніне» төр беруді де ұмыт қалдырғандай еді. Әйтсе де, мәңгі жасыл ағаштарымыздың ғұмыры, өкінішке қарай, «мәңгілік» болмай отыр. Тіпті, шыршалардың мерзімінен бұрын бой көтеріп, шамадан тыс «қымбат бағаға» құрылуы, аспанмен астасып, биікте тұруы – бәрі-бәрі де табиғаттың қытығына тигендей.

Желтоқсан айының басында-ақ Астанамызда таңертеңнен бері бір тынбай соққан қарлы боран Бейбітшілік және Келісім сарайының алаңына орнатылған шыршаны құлатып тынғанын телеарналардан көрдік. Бұдан кейін боран Жастар сарайына қарсы орналасқан шыршадан да өшін алды. Абырой болғанда, шырша құлаған уақытта айналасында адамдар болмаған, жапа шеккендер жоқ.

Бұрын батыс жақта да осындай тосын жағдай орын алған. Былтыр Ақтау қаласының орталығындағы үлкен шырша өртеніп кетіп, тұрғындарды әбігерге түсірген еді. Тіпті, мұнайлы қалада жыл сайын шырша өртену «әдетке» айналып кеткен. Сол оқиға қайталанады деп қорыққан Ақтау әкімшілігі енді жаңажылдық шыршаны тәулік бойы қарауылдайтын арнайы күзетшілер қоятын болыпты. Астананы өзіне үлгі тұтқан Маңғыстау облысының облыс орталығы биыл жаңа жылда Елордадан кем түспейін деп тұр, дейді шенеуніктер. Өйткені, бір Ақтау қаласы үшін әкімшішілік биыл безендіруге облыс бюджетінен 15 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Шығыс Қазақстан облысы да көштен қалысқан емес.Қарағай мен шырша өзімізде өседі дегенді алға тартты ма олар қараша айының соңын ала ондаған шыршаға балта шапты. МЕН ЖЕТІЛДІМ дегенге дейін тамыр алуына бірнеше жыл, бой көтеруіне ондаған жыл кететін шыршалар онсыз да азайып бара жатқанын ескермегендерге не дерсің. Дей тұрғанмен, болар іс болды, оталған жасыл шырша бүгінде аймақ орталығы мен ірілі-ұсақты қалалар мен аудандардан орын тепті. Қаңтар айының бел ортасында олар тек тамыздық болып қалатыны ақиқат. Қыруар қаражат кетті деп алаңдаған, обал деп жаны ашыған адам жоқ. Өкінгенмен не шара! Қанға сіңген мереке болған соң, көнесің, қайтерсің!

Шымкенттің шыршасына қанша қаржы жұмсалды?

“baq.kz”-тiң хабарлауынша, Шымкентте жаңажылдық шыршаның алауы жағылыпты. Кейбір өңірлер секілді, шымкенттіктер шырша үшін миллиондар жұмсаған жоқ. Орталық алаңға тігілген шыршаның асай- мүсейіне бар-жоғы 270 мың теңге кетіпті. Естуімізше, шымкенттіктер былтырғы шыршаны қайта пайдаланғанға ұқсайды. Үнемдей білу деген осы.

Тәуелсіздік мерекесін шыршасыз қарсы алған шымкенттіктердің бұл ісі құптарлық жайт. Шыршаны да құлатқан жоқ, тәуелсіздік мерекесін де өз үрдісімен қарсы ала білді. Бұл шымкенттіктердің тәуелсіздікке деген ерекше құрметі болса керек. Шымкенттіктердің бұл игілікті ісінен өзге өңірлер де үлгі алса екен дейміз...

ПАВЛОДАРЛЫҚТАР ШУ ШЫҒАРЫП «ЕРЛЕДІ»

Биыл Павлодар қаласындағы бас шыршаға қатысты бірнеше келеңсіз оқиға болды. Қараша айының аяғында Тengrinews сайты "Ресейде жасалған пластик қаңқаға шырша ойыншықтарын іліп жатқан екі жұмысшы 12 метр биіктен құлап кетті" деп хабарлады.

Желтоқсан айының ортасында ақпарат құралдары хабарлаған "жаңа жылдың жасанды шыршасына қала бюджетінен 38 миллион теңге жұмсалды" деген жаңалық кейбір тұрғындардың наразылығын тудырды.

Павлодар қаласы әкімі Оразгелді Қайыргелдиев "шырша мен оны безендіруге арналған әшекейлерге нақтысы 31 миллион теңге жұмсалды" деп ақталғанымен, прокуратура мен қаржы полициясы бюджеттің қыруар қаржысы қаншалықты орнымен жұмсалғанын анықтау үшін тексеруге кірісті.

Ал Kazakhstan Today агенттігі "шыршаның биіктігі де бұрын жарияланғандай 30 метр емес, одан аласа екен" деген хабар таратты. Шыршаның биіктігі 20 метрден сәл ғана асады.

Қазақстанның басқа үлкен қалаларының әкімдіктері жаңа жылдық шыршаға бұдан әлдеқайда аз ақша жұмсапты.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қарағанды әкімдігі жаңа жыл алдында қаланы сәндеуге 20 миллион теңге, Қызылорда – 17 миллион теңге, Теміртау қаласы - 7 миллион теңге, Орал – 6,5 миллион теңге жұмсаған.

Әйткенмен, Павлодардың шыршасы елдегі ең қымбат шырша болмауы да мүмкін.

Жаңа жыл Астана, Алматы қалаларында салтанатпен мерекеленеді. Бірақ қос қаланың бюджетіне қаншаға түскені жөнінде әзірге ақпарат жоқ. Алматыдағы Республика алаңында орнатылған бас шыршаның биіктігі 18 метр, ал Ақорданың алдындағы алаңда тұрған астаналық бас шыршаның биіктігі – 25 метр екені белгілі. Ол Павлодардағы шыршадан сәл биіктеу.

Ал әлем бағаларымен салыстырар болсақ, Павлодар шыршасының құны көрші елдердің астаналарындағы шырша бағасымен шамалас болып шықты.

Кommersant.ru сайтының хабарлауынша, осыдан екі жыл бұрын Мәскеуде орнатылған ең қымбат қалалық шыршаның құны теңгеге шаққанда 30 миллиондай теңге болған.

Izvestia.kiev.ua сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, бір айдан бері наразылық акциялары қызып тұрған Киевте биыл бас шыршаны сәндеуге 50 миллиондай теңге жұмсалған.

Ал Рождествоны мерекелеу дәстүрі берік батыс елдері шырша сатып алуға кейде қыруар ақша жұмсайды. Мысалы, Капитолий шыршасына Вашингтон қаласы қазынасынан бір миллион доллар жұмсалуы мүмкін.

Forbes.ru сайтында "бүкіл елді аралап келетін табиғи шыршаны жеткізу, орнату, мыңдаған шаммен безендіру шығыны осы сомаға кіреді" деп көрсетілген. Бірақ бұл – әлемнің ең бай елінің ғасырлық дәстүрі.

ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ЕҢ ӘДЕМІ ШЫРШАЛАР

Бүгін сіздердің назарларыңызға әлемдегі ең, ең делінген шыршаларды ұсынғалы отырмыз. Мейрамның ең басты көркі ретінде шырша қарастырылатыны анық. Ендеше, көзді жүгірте кетіңіз!

КӨЛДЕ ЖҮЗГЕН ШЫРША

Жақында Рио-де-Жанейро қаласында салмағы 542 тонна, биіктігі 85 метрге пара- пар әлемдегі ең алып әрі суда жүзетін шыршаның шамы жағылған болатын.

2. Тәп-тәтті шырша (Франция)

Аталған шырша Парижде өткен қайырымдылық шаралардың бірінде жасалған болатын. Биіктігі - 10 метр. Француз шоколадының төрт тоннасы жұмсалған.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚЫМБАТ ШЫРША (ОАР)

Абу-Дабиде орын тепкен көрікті шыршаның бағасы орта есеппен алғанда 11 миллион долларды құрайды. Бойы он екі метрден асып жығылатын шыршаға қымбат- қымбат, бағалы алтын мен жауһарлар, гауһартастар ілінген.

ЖАПОНИЯДАҒЫ АЛТЫННАН ЖАСАЛҒАН ШЫРША

Жапониядағы әшекей бұйымдарын сатумен айналысатын дүкен сатылымға "VIP-шырша" шығарды. Бұл "өсімдіктің" құны 4,2 миллион долларға бағаланып отыр.

Конус пішініндегі биіктігі 2,4 метр, диаметрі 1,2 метр шыршаны құрастырып шығу үшін 40 килограмм таза алтын пайдаланылыпты.

ЭЛЕКТРОНДЫ ШЫРША (БЕЛЬГИЯ)

Осы жылы Брюсселдің тұрғындары жасанды һәм электронды шырша қоюды дұрыс көріпті. Орталық алаңға орнатылған алып шыршаның бір артықшылығы да бар. Мысалы, жаңа жылдық кеште алып шыршаның шырқау биігіне көтерілуге болады.

2012 жылы "Lego"-ның бөлшектерінен Азияның тарихында тұңғыш рет "LEGOLAND" ойын-сауық орталығында әлемдегі ең биік шырша жасақталды.

ИТАЛИЯДАҒЫ ШЫНЫЛЫ ШЫРША

Мурано елді-мекеніндегі жаңажылдық шыршаның биіктігі 8,5 метрді құраса, салмағы үш тоннадан асып жығылады. Айта кетсек, шырша мыңдаған шынылы түтіктер арқылы жасалған.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ БИІК ТАБИҒИ ШЫРША (АҚШ)

Аталған шырша Уилмингтон қаласында жайғасқан. Ең алғаш рет 1928 жыл жылы сәнге бөленіпті. Жас шамасы 400 жылдан асып жығылады-мыс. Бүгінгі таңда 5 250 шам-шырақтың "иесі" болып отыр.

Автор:
Бетті дайындаған: Ырыс КЕНЖЕ