Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖЕЛШЕШЕК


12 декабря 2013, 12:21 | 18 826 просмотров



Желшешек (ветряная оспа, ветрянка) – аздап уыттануымен, дене қызуының көтерілуімен, денеге және сілекейлі қабыққа ішінде сұйықтығы бар кішкентай көпіршікті сулы бөртпелер шығуымен сипатталатын жұқпалы вирустық ауру. Қоздырғышы ұшықтар тобындағы вирустар болып табылады. Вирус тез таралады, бірақ сыртқы ортаға аса төзімді емес. Желшешекпен балабақшаға баратын және бастауыш сыныптарда оқитын балалар жиі, ал екі жасқа дейінгі және ересек балалар сирек ауырады. Күздің соңғы айлары мен қыстың бастапқы айларында ауру үдей түседі. Желшешек ауа-тамшы жолы арқылы таралады, яғни науқастан сау адамға сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде беріледі. Вирустық аурудың бұл түрі дені сау баланың сырқат баламен ойнап бірге жүрген кезінен 2-3 апта өткесін барып басталады. Вирус жоғары тыныс жолдары арқылы еніп, қанға, қан арқылы тері мен сілекейлі қабықтарға таралады. Желшешек вирусы эпителий жасушаларын зақымдайды. Ішкі мүшелерге (мәселен, көкбауыр, өкпе, ұйқы безі, бауыр, т.б.) жұғуы да мүмкін. Желшешекпен ауырып, сауыққаннан кейін әрбір ересек адамда өмір бойы тұрақты иммунитет қалыптасып, желшешекпен қайта ауырмайды. 30 жастан асқан адамдар үшін аурудың инкубациялық кезеңі – 11-21 күн, ал 30 жасқа дейінгілер үшін 13-17 күн (орта есеппен 14 күн). Ауырған адамдар бөртпелер пайда болғанға дейін 2 күн бұрын және бөртпелер қабықпен қапталғанша қаупі болады. Желшешекпен ауырған балаларда, әдетте, ауруға қарсы өмірлік иммунитет қалыптасады.

Жел шешек түрлері:

Желшешек әдеттегі (жеңіл, орташа және ауыр) және қалыптан тыс болып бөлінеді. Жеңіл түрінде науқастың жағдайы қанағаттанарлықтай болдады. Дене қызуы қалыпты, кейде сәл көтеріледі, 38 градустан асатын жағдайлар сирек кездеседі. Науқастың денесіне және сілемейлі қабықтарға аздап бөртпелер шығады. Желшешек бөртпесі ұзаққа созылмайды, 2-4 күнде қайтады. Орташа ауыр түрінде ағзада жеңіл уыттану жүреді, науқастың дене қызуы көтеріледі, айтарлықтай бөртпелер шығады, қышиды. Бөртпелер 5 күнге дейін тұрады. Сулы бөртпелер кепкен кезде баланың дене қызуы түсіп, көңіл-күйі, жағдайы жақсарады. Ауыр түрінде теріде, ауыздың, көздің, жыныс мүшелерінің шырышты қабықтарында өте көп бөртпелер шығады. Науқастың дене қызуы қатты көтеріледі, лоқсиды, асқа тәбеті жоғалады, ұйқысы қашады, бала қатты қышынғандықтан, мазасызданады. Бөртпелер ұзақтығы 7-9 күн.

Желшешектің қалыптан тыс түрінде таралмалы, геморрагиялық, гангренозды белгілер болуы мүмкін. Мұндай түрі өте сирек кездеседі, тіпті арты қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін.

Ересектерде желшешек ағымы көбіне өте ауыр жүреді. Әсіресе, жүкті әйелдер үшін қауіпті. Өйткені жүктіліктің алғашқы айларында вирус жұқтырса, құрсақтағы нәрестеге зиян келуі мүмкін, ал соңғы айларында шалдықса, мерзімінен бұрын босану немесе нәрестеде туабітті желшешек дамуы мүмкін. Мұндай жағдайда ауру қалыптан тыс жүреді де балалар желшешектің тарап кетуінен көз жұмуы да мүмкін. Екі айлық нәрестелер мен бір жасқа дейінгі балаларда ауру ағымы өте ауыр жүреді, түрлі асқынулар (құлақтың қабынуы, өкпенің қабынуы, пиодермия, т.б.) болады.

Желшешектің асқынуы әдетте екіншілік инфекциялардың (тілме, іріңді тері аурулары, іріңдік, жайылмалы іріңдік, сепсис және т.б.) қосылуына байланысты туындайды. Кейде аурудың басталғаннан кейінгі бесінші немесе жетінші күндері вирустық-аллергиялық түріндегі менингоэнцефалит дамиды. Сондай-ақ жекелей бүйрек қабынуы, ошақтық жүрек етінің қабынуы (миокардит) жағдайлары да кездеседі.

Аурудың жалпы белгілері:

• Дене қызуының көтерілуі (37,7°–38,8°C);

• Тері суланып күлдіреп, теріде бөртпелер пайда болады;

• Бастапқыда кішкентай қызыл қышымалы дақтар көрінеді;

• Ол кейіннен сулы бөртпелер мен күлдіреуге, содан кейін бірте-бірте жарылып қатпарларға айналады;

• Олар алғашқы кезде кеудеде, іште, қол мен аяқта, арқа және бетте пайда болып, кейіннен бүкіл денеге, оның ішінде бас терісі, ауыз, мұрын, құлақ және жыныс мүшелеріне таралады;

• Дақ, күлдіреу және қатпарлар бір мезгілде байқалуы мүмкін. Мұндай кезде дене қызуы көтерілмейді;

• Дене қышиды;

• Әсіресе ауыз қуысы, жыныс мүшелері, көздің шырышты қабығы, саусақ арасы мен бармақ аралығына шыққан бөртпелердің қышуы қиындық туғызады, науқастың мазасын кетіреді;

• Тамақтың, бастың, арқаның ауруы;

• Тамаққа тәбеттің төмендеуі;

• Жалпы әлсіздік;

• Тоңып, дірілдеуі мүмкін.

Емдеу:

Науқастарды әдетте үйде емдейді, тек аурудың ауыр түрінде немесе асқынған жағдайда балаларды ауруханаға жатқызады. Тазалық пен жақсы күтім қажет. Басқа инфекциялық аурулардың жұғуынан сақтану керек. Көпіршіктер тез кебу үшін бөртпелерге калий перманганатының (1-2 пайыздық) ерітіндісін немесе калий марганецқышқылының (10 пайыздық) ерітіндісін, жасыл дәрі (зеленка) жағу керек. Бөртпелер кепкеннен кейін жылы суға жуынып, алса болады. Тамақ ішіп болғаннан кейін ауызды міндетті түрде шаю керек. Іріңді асқынуар болған жағдайда антибиотиктер тағайындалады. Қайнатылып сүзілген сұлы суына шүберекті батырып алып, қышыған жерге басса болады. Егер қатпарлар іріңдей бастаса, олардың таза болуын қадағалау қажет. Бала жараның бетін қасып тастамауын қадағалаңыз. Баланың көңілін аулап, тырнағын алып тастау керек. Төсек орнын ауыстырып тұрған абзал. Ыстықтан алшақ ұстаған дұрыс. Өйткені науқас ыстықтаған сайын терлей түседі, ал тер қышуды өршіте түседі.

Жалпы желшешекті емдеу науқастың жасы, денсаулық жағдайы мен аурудың ағымына байланысты жүргізіледі.

Егер бала желшешектен басқа ешқандай аурумен ауырмаса, онда оны тек үйде емдеуге болады,

Қандай ем болмасын екіншілік инфекцияның түспеуіне, ауруды асқындырмауға бағытталады. Науқас сүтті тағамдар мен көкөністерді көбірек жеп, сұйықтықты көбірек ішкені дұрыс. Қышуды азайту үшін антигистаминді дәрілер алуға болады. Бірақ балалар дәрігермен ақылдасып алыңыз.

Балаларға қарағанда жасөспірімдер мен ересектерде ауру белгілері айтарлықтай ауыр болады. Түрлі асқынулар өршуі мүмкін. Әсіресе жүкті әйелдер мен иммундық жүйесінде бұзылыстар бар адамдар дәрігерлер қадағалауында болуы керек. Ауру белгісі байқалған жағдайда олар өз бетінше емделуге болмайды.

Кейбір науқастарға аурудың ағымын қысқарту үшін вирусқа қарсы препараттар тағайындайды.

Аурудың алдын алу:

Белгілі бір алдын алу шарасы жоқ. Ауруға қарсы вакцина салынады. Желшешекпен ауырған науқасты бөлек ұстайды. Ауру асқынбаған жағдайда, бөртпелердің соңғы элементі шыққаннан соң 5 күннен кейін бала елмен араласа берсе болады.

Автор:
Нурсалина АТАНОВА Д.Рақышев атындағы мектеп интернатының медбикесі Талдықорған қаласы