Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҰРПАҒЫМЫЗҒА У ЕГІП ЖАТЫРМЫЗ БА?


6 декабря 2013, 06:15 | 1 785 просмотров



Павлодар облысына қарасты Майқайың ауылындағы оқыс оқиғадан кейін жатыр мойнының қатерлі ісігіне қарсы жаппай вакцина егу жұмыстары тоқтатылды. Кеше Денсаулық сақтау министрлігі «папилома вирусына қарсы егу тоқтатылды» деген мәлімет таратты. Алайда бұл да уақытша процесс көрінеді. Аталмыш министрліктің баспасөз хатшысы Данияр Меңілбековтің айтуынша, вакцинацияға мүлдем тыйым салынбапты. Нақты қорытындылары жарияланғанша ғана тоқтатылған. «Зерттеу нәтижелерінің қорытындысы жақсы болып шықса» егу науқаны қайта жалғасатын болады» дейді ол.

Естеріңізде болса, Павлодар облысында 12 жастағы екі жеткіншек қыз папилома вирусына қарсы гардасил екпесінен кейін талып қалып, артынша жағдайы күрт нашарлап жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан болатын. Бүгінде папиллома вирусына қарсы екпеден соң жансақтау бөліміне түскен Аида мен Аделя әлі күнге дейін аурухана төсегінен тұрған жоқ. Қазір жағдайлары қалыпты болғанымен, дәрігерлердің қарауында жатыр. Ал екпе салған дәрігерлер вакцинацияның ешқандай зияны жоқ. «Зерттеу қорытындылары шыққанша ештеңе айта алмаймыз», – деп азар да безер болып отыр.

Қорытынды демекші жұрттың аталмыш вакцинаның пайдасы я болмаса зияны туралы жоғары мінберден қандай да жылтетпе ақпарат күткеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова аты мен заты күдікті екпеге қатысты сараптамалардың жалпы жұртқа жария болуын өтініп, Премьер- министрге депутаттық сауал да жолдаған болатын. Артынша Мәжіліс төрінде «АҚШ-та осыған ұқсас екпе жасағаннан кейін бірден 93 адамның көз жұмғанын білеміз. Тағы 22 мың адам ауруға ұшырап, жедел жәрдем қызметіне жүгінген. Осыдан кейін АҚШ үкіметі аталмыш екпеге біржолата тоқтау салды. Ал бізде неге осындай қауіп-қатерлер жайында еш жерде айтылмайды? Керек болса, бағдарламада да қыз балалардың денсаулығына жағымсыз әсерлердің болуы мүмкіндігі туралы ешқандай ақпарат жоқ. Болуы мүмкін қауіп- қатерлерге талдау жасалмай жатып, бір ғана министрліктің ешкіммен келіспей жатып шешім қабылдай салуын балалардың қамын ойлап отырған іс емес, қарапайым «маркетингтік қадам», немесе балаларға жасырын түрде экспримент жүргізіліп жатқан жоқ па деп ойлауға мәжбүрлейді», – деп Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековаға жүргізілген сынақтар мен сараптаулардың қорытындысы мен адам өміріне қауіпсіздігін растайтын дәйек әкелуін талап еткен болатын. Сол жолы депутат сөзіне дәйек ретінде қоса, АҚШ-тың Азық түлік өнімдері мен дәрілерді бағалау басқармасының қандайда болмасын ашытқы түріне аллергиясы бар әйелдердің гардасилді қабылдауына болмайтыны туралы ресми ескертпесін де келтірген-тін. «Біздің елімізде азаматтардың кез-келген медициналық қатысуға өз еріктерімен келісуге немесе келіспеуіне құқығы бар екеніне заң жүзінде кепілдік беріледі. Іс жүзінде бұл құқық әрдайым бұзылумен келеді. Бұған мысал – көптеген егу науқандары кезінде екпенің құрамы немесе ықтимал болуы мүмкін асқынулар туралы білу іс жүзінде мүмкін емес. Толық және ұзақ мерзімді зерттеулердің нәтижелерін алғанша, Франция және бірқатар еуропалық елдердегі сияқты гардасил және цервариксті жарнамалауға тыйым салу керек. Жұртшылықты тарта отырып екпенің қысқа және ұзақ мерзімдегі салдарлары бойынша мониторинг жүргізетін арнайы қызмет құру қажет. Заңнамада белгіленген мерзім ішінде жауап берулеріңізді сұраймыз», – деген еді. Алайда содан бері екі жылға жуық уақыт өтіпті. Тек «гардасил әлі зерттелуде, қорытындысы жақын арада жарияланады» екен деген рас- өтірігі белгісіз сыбыс тарағаны болмаса бас дәрігер қандай да бір мәлімдеме жасап әуре болмады. Ал нәтижесі анау. Екі қыз реанимациядан бірақ шықты.

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекованың айтуынша, бүгінде әлем бойынша бар болғаны қыздардың 23 пайызы ғана осындай екпе алған. Әрі бір емес үш мәртеден егілген. Себебі бір рет еккеннен нәтиже шықпайды екен. «Яғни құр босқа ақша шашу деген сөз. Маркетинг амалдың классикалық түрі. Көптеген елдер күмәнді вакцинадан бас тартып жатыр», – дейді ол. Расында екпенің бір курсы үш реттік егуден тұрады. Әрі құны да арзан емес. Бір реттік екпесінің құны орта есеппен алғанда 41 мың теңге (40 659 теңге) дейді дерек көздері. Ал егілетіндердің саны 871 мың (2016 жылға дейін еліміздің 11 облысында екпе жүргізіледі) адам. Енді есептей беріңіз – 35,4 млрд. теңге. Бұл бағдарламада жоспарланған сомадан 2,3 есе (Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекованың дерегі) көп. Ресми деректерге сенсек, «гардасил» екпесін шығарушы «Merck» фармацевтикалық компаниясы жылына 1,5 млрд. долларға жуық пайда табады екен. Осыдан кейін ойланбай көріңіз.

Ақшасын айтпаған күннің өзінде, бұл екпе елімізде бар жоғы бес жыл сынақтан өтіпті. Ал дамыған елдерде мұндай мерзім кемінде 20 жыл болады. Ол аздай екпеден кейін 100 адамның 4-еуіне ғана папилломасы вирусына қарсы антитела пайда болады екен. Яғни тиімділігі бар-жоғы 4 пайыз. Әрі құрамы да өте ауыр. Құрамында ашытқыдан басқа алюминий, хлорлы натрий, полисобрат және натрий тетрабораты (буру) сияқты компоненттер бар. Сол алюминий жүйке және иммундық жүйелерге кері әсерін тигізіп, Альцгеймер ауруының дамуына себепші болады. Сондай-ақ сал, аутизм, паралич секілді ауруларға әкеліп соғады. Ал Бура элементі мен гербицидтер және жууға арналған құралдар өндірісіне пайдаланылады. Ең сорақысы, гардасилдің 21 мыңнан астам кері әсері бар. Бұл туралы қарапайым жұрт ештеңе білмейді.

Ғаламтор бетін ақтарып отырып бұдан да қорқынышты деректерге тап болдық. Мәселен, гардасил өндіретін «Merck» фармацевтикалық компаниясы сынақ жүргізген уақытта қатысушылардың 73 пайызының жаңа ауру түрлерін тапқаны анықталған көрінеді. Өкінішке қарай, бұл деректер басында көпшіліктен құпия ұсталыпты. Тек АҚШ Конгресі араласқан соң ғана мәселенің беті ашылған. Бүгінде АҚШ, Испания, Австралия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда гардасил екпесінен кейінгі адам өлімі оқиғаларын қоспаған күннің өзінде қояншық, тырысқақ, ұмытшақтық, жүрек ақауы секілді аурулар тіркелген екен.

Дегенмен әлі де болса, отандық дәрігерлер вакцинаның қауіпті ауруға қарсы тұрарлық қасиеті барын айтып сендіріп жатыр. Тек аздап адамның жүрегі айнып, басы айналуы мүмкін екен. Бірақ қарсы реакция беруі мүмкін емес. Қарағандыда іс-сапармен жүрген Денсаулық сақтау министрінің өзі «Майқайыңдағы екі оқиғадан хабардармын. Алайда бұл вакцинаны өмірге қауіпті деуге әлі ертерек. Журналистерді асығыстық жасамауға шақырамын. Әлемдік тәжірибеде мұндай оқиғалар болып тұрады. Қазір комиссия жұмыс жасап жатыр. Халықаралық сарапшыларды шақырдық», – деп басу айтыпты.

Жалпы соңғы жылдары екпеге қарсылық күшейіп келеді. Кейбір мамандар жасанды екпенің табиғи имунды бұзатынын айтады. Иерусалимдегі атақты Еврей университетінде докторлығын қорғаған бір ресейлік ғалым, имунолог Александр Коток өзінің «Безпощадная иммунизация» деген кітабында былай деп жазады: «Вакциналардың тиімділігі 50 пайыздан аспайды деп шамалауға болады. Екпе табиғи иммунитетті бұзады. Екпе салғаннан кейін де балалардың ауырып немесе басқа да ауруларға душар болатыны осыны көрсетеді. Вакциналар жоғары токсинді болып саналады, олардың құрамына фенол, формальдегид, тимеросал немесе мертиолят (сынаптың қоспасы), ашытқылар, алюминий фосфаты, ацетон, глицерин, шошқа немесе жылқы қанының компоненттері, сиыр желінінен алынған ірің, қоянның ми тіндері, иттің бүйрек тіндері, тауық немесе үйрек жұмыртқалары ақ уызы және басқалар кіреді. Бүгінде заманауи технология таза вакцина жасауға мүмкіндігіміз жоқ». Осыдан кейін ойланбай көріңіз. Ең сорақысы, кез келген екпенің арты бедеулікке, тіпті бүтіндей бір ұлттың жойылып кетуіне әкеліп соғуы мүмкін көрінеді.

Айтпақшы, белгілі ғалым, «Халал» қауымдастығының төрағасы Марат Сәрсенбаев та «Халық сөзі» газетіне берген сұхбатында екпе мәселесіне аса сақ болу керектігін айтқан болатын. «Өз басым вакцинаны қолдай қоймаймын. Бұл – ақша табушы алаяқтардың, әлемдік үкімет секілді аса құпия масондық ұйымдардың қитұрқы әрекеті. Бізге осындай дүниелерді тықпалап жүргендердің барлығы масондық саясаттың өкілдері. Ислам елдеріне зина мен жезөкшелік секілді харам әрекеттерін өткізе алмаған соң жасап отырған амалдары. Екпе мәселесі ерікті болуы тиіс. Неге ұрпағымызды эксперимент жасауға беруіміз керек», – деген болатын. Анығы бір құдайға ғана аян...

Автор:
Бүркіт НҰРАСЫЛ