Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ЖОСПАРЛЫ ЕМДЕУДІҢ ТИІМДІ ТҰСТАРЫ


2 декабря 2013, 07:34 | 1 317 просмотров


Елімізде биыл бірінші қаңтардан бастап, медициналық көмек көрсетудің Бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілгені белгілі. Жаңа бағдарлама бойынша әр азамат қаралатын дәрігерді де, емделетін аурухананы да өзі еркін таңдай алады. Аталмыш жүйе дәрігер қызметі сапасын, жалпы, медициналық көмектің сапасын арттырудағы игі мақсатта құрылған. Осы орайда Алматы облыстық Перенаталдық орталық директрының емдеу жөніндегі орынбасары Нұрманбетова Жанета Нариманқызы жоспарлы түрде емдеуге жатқызу қалай жүзеге асырылатыны жөнінде көпшілікпен бөліспек.

- «Мемлекетіміздің басты байлығы –адамзат және оның денсаулығы десек», осы халық денсаулығын жақсарту жолында Бірыңғай ұлттық жүйе енгізілгені белгілі. Аталмыш жүйемен жұртшылықты таныстырып, оның тиімді тұстары жайлы айтып өтсеңіз.

- «Саламатты Қазақстан 2011-2015 жылдарға» арналған кең ауқымды бағдарлама аясында БҰДЖ (денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі) құрылды. Бұл жүйе Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы №1113 жарлығымен бекітілген. Бұл халық денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында құрылғаны белгілі. БҰДЖ-ның өзіндік мақсаттары бар. Ол: медициналық ұйымды және емдеуші дәрігерді науқастың өзі таңдауына, медициналық қызметтердің айқын орындалуына, сондай- ақ науқастың соңғы нәтиже үшін ғана ақы төлеуіне жол ашқан. Осы мақсатта енгізілген жаңаша бағдарламаның бірі –Жоспарлы түрде емдеуге жатқызу бюросы.(ЕЖБ) Бұл бюро пациенттерді стационарға жоспарлы емдеуге жатқызудың жеделдігіне қол жеткізу мақсатында құрылды. Сонымен қатар ол екі маңызды қағидаттарды басшылыққа алады. Науқастың ем қабылдайтын емдеу мекемесін еркін түрде таңдауы және медициналық қызметтердің сапалы әрі айқын болуы басты назарда. Сондай ақ, емдеуге жатқызу бюросы емхана және стационар арасында дәнекер, келістіруші болуда. Мұнда емханалар мен пациенттерге арналған арнайы толық мағлұмат алуға арнайы веб-сайт құрылған. Еліміздің әрбір тұрғыны үшін Емдеуге жатқызу бюросының Порталы ғаламтор арқылы жүзеге асатын қолжетімді бағдарлама. Бұл арқылы әрбір азамат интернет жүйесіндегі www.bg.eisz.kz веб сайты арқылы Порталда жасақталған кодына сәйкес аудандық болсын, облыстық, республикалық емханаларға тіркеліп, ағымдағы жылдары күту парақтарын қарап, сол арқылы өз кезегін қадағалай алады.

Соның ішінде жоспарлы емдеуге жатқызу- шұғыл, тез арада емдеуді қажет етпейтін науқастардың денсаулық жағдайына қарап, амбулатория дәрігерінің жолдамасы бойынша стационарға емдеуге жатқызу болып табылады. Ал, шұғыл емдеуге жатқызу дегеніміз- медициналық жәрдем көрсету үшін, ауруханаға науқасты жедел жатқызу. Тез арада дәрігерлер қызмет көрсетуі болады. Шұғыл емдеуге жатқызу жазатайым аяқ асты болған оқыс оқиғалар кезінде , тұрмыстық, апаттық жарақаттар алған сынды суыт жағдайларда жүзеге асады.

-Портал бюросы арқылы емдеуге жатуы үшін науқастан қандай құжаттар талап етіледі?

- Емдеуге жатқызу үшін алдымен науқас клиникалық – диагностикалық зерттеуден өтуі тиіс. Барлық қажетті зертханалық талдау нәтижелері болуы керек.Содан кейін участкелік дәрігер оның науқасының түріне қарай порталға тіркейді. Ғаламтор арқылы науқас өзінің арнайы коды арқылы портал прақшасына кіріп, кезегін қадағалап отырады. Бұл жүйе науқастар үшін бүгінде өте тиімді. Себебі, бұрынғдай ары-бері сабылу болмайды, кезегі келгенін бақылау арқылы арнай күні келіп, ем қабылдауға жатады.

-Жанета Нариманқызы, медицина саласындағы болып жатқан жаңаша жүйемен көпшілікті мейлінше таныстырып өттіңіз. Сіздің осы сұхбатыңыздан азаматтарымыздың пайдалы мәлімметер алатыны сөзссіз. Ел игілі жолындағы еңбектеріңіз өрлей берсін!

Сұхбатыңызға көп рахмет.

Автор:
Сұхбаттасқан Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз