Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

САРҚАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ: ДАМУ, ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ, БІЛІКТІ МАМАН


24 ноября 2013, 12:45 | 3 738 просмотров



Денсаулық сақтау саласы қоғам өміріндегі негізгі саланың бірі. Дені сау ұлт –бақытты болашақтың кепілі деп босқа айтпайды. Соңғы жылдары Қазақстан медицинасында алға жылжулар байқалады. Астана қаласында уақыт талабына сай соңғы емдеу технологияларымен жабдықталған ірі медициналық орталықтар салынып, тіпті біздің елордаға алыс-жақын шетелдерден де емделушілер келетін көрінеді. Әрине, көңіл қуантады, қазақ медицинасы бір орында тұрған жоқ, даму үстінде деп ой түйесің. Алайда, бүкіл Қазақстанның медицинасын еліміздің ірі қалаларындағы ахуалмен саралау қателік. Себебі, кең байтақ қазақ жерінде аудан, ауыл деген елді мекендер де бар. Денсаулық сақтау саласына шынайы баға беру үшін ауылдық , аудандық медицинаның жай күйін зерттеген абзал. Осы мақсатта біз Алматы облысы, Сарқан ауданына жол тарттық. Сарқан аудандық ауруханасы бөлімдерін аралап, медицина қызметкерлерімен жүздесіп, аурухана жұмысымен танысып қайттық. Аудандық орталық ауруханасы бас дәрігері Иманғали Бөлегенұлы Мырзашев аудан денсаулық сақтау саласының жай-күйі және жалпы Қазақстан медицинасы жайында өз ойын білдіріп, әңгімеледі.

АНЫҚТАМА

Сарқан аудандық ауруханасы 37 елді мекендерге, жалпы 40683 халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету радиусы 300 км-ді қамтиды. Халыққа медициналық көмек көрсетуде 135 төсектік аудандық аурухна, 50 төсектік Лепсі ауылдық аурухнасаы, ауданаралық 50 төсектік туберкулез аурухнасы, 10 ауылдық дәрәгерлік емхана, 3 фелдшерлік-акушерлік пункті, 19 фельдшерлік пункт, аудандық санитарлық эпидемиологиялық станциясы қызмет атқарады. Аудандық аурухана ауысымына 250 келімге есептелген.

ПЕРЗЕНТХАНА БӨЛІМІ

Сарқан аудандық ауруханасы соңғы талаптарға сай қызмет көрсетеді. Бүгін аудандық аурухана сапалы медициналық көмек беріп, білікті мамандар жұмыс жасайтын, материалдық базасы нықталған емдеу мекемесі. Бұл деңгейге жету үшін үлкен өзгерістер болып, қыруар жұмыс атқарылды. 2006 жылдан бастап 32 млн-ға, 2007 жылы 26 млн-ға арталық аурухана бөлімдері мен әкімшілік ғимараттарына, 2008 жылы 20 млн теңгеге аудандық емханаға күрделі жөндеу жүргізілсе, 2009 жылы 5 млн710 мың теңгеге ортке қарсы сигнализация қондырғылары орнатылды. 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 60 млн-ға жұқпалы аурулар бөлімі ғимараты мен шаруашылық ғимараты күрделі жөндеу жүргізілді. Аймақтағы ауылдарда да денсаулық сақтау обьектілері ден жөндеуден өтті. Лепсі ауылдық ауруханасы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қойлық ДА-ның құрылысына 129860,0 қаржы бөлініп, толық игерілді. 2012 жылы Үлгі МП-нің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Емдеу мекемелерінде медицина саласындағы жаңа технологияларды енгізу, БҰДЖ жүргізуді жеңілдету мақсатында 2009 жылдан ауруханны толық компьютерлеу жүйесі орнатылып, мамандардың барлығы жұмыс істеуде. Әр маманның алдын компьютер, мамандар науқас туралы мәліметтерді бірден аурухананың базасына енгізеді.

Аурухана материалдық техникалық базасына келетін болсақ, 2009 жылы республикалық бюджеттен 20873200 теңге қаржыға , тендер бойынша жергілікті бюджеттен 7402560 қаржыға медициналық құрал жабдықтар алынды. 2010 жылы Республикалық бюджеттен 19970000 қаржыға, тендер бойынша жергілікті бюджеттен 6924750 қаржыға медициналық құрал-жабдықтар, 10797000 қаржыға жедел медициналық көмек реанимобилі алынды. 2011 жыл аяғында автотранспорт спутниктік мониторингі жүйесі «Автограф» приборы алынып, жедел жәрдем бөліміне қондырылды. 2012 жылдың сәуір айында ОСӨСҚ ассоциациясынан төлеусіздікпен ақпараттық электрондық терминалы беріліп, аудандық емханаға қондырылды. 2013 жылдың 9 айында жергілікті бюджеттен 39219000 теңге қаржыға медициналық құрал жабдықтар алынса, республикалық бюджеттен 28450000 қаржыға диагностикалық электроэнцефалограмма аппараты қолданысқа берілді. Сондай- ақ ауруханаға компьютерлік томография аппараты орнатылып, сапалы диагностикалық мүмкіндіктер артты.

КАДР САЯСАТЫ

Аудан бойынша барлық емдеу мекемелерінде 74 дәрігер бар. Оның ішінде жоғары дәрежелі маман саны 12, бірінші дәрежелі -15 маман, екінші дәрежелі 4 маман жұмыс істейді. Дәрігер мамандармен қамтамасыз етілуі 10 мың халыққа шаққанда 18,2. Білікті мамандар көп болғанымен, аудан әлі де кадр тапшылығы байқалатын көрінеді.

Орта буын медицина қызметкеріне келетін болсақ, аудан бойынша барлық емдеу мекемелерінде 368 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 139 орта буын медицина қызметкерлері жоғары дәрежелі. Бірінші дәрежелі -26 адам болса, екінші дәрежелі маман саны -21. Орта буын мамандармен қамтамасыз етілуі аудан бойынша 10 мың адамға шаққанда 90,0. Мамандардың білімін жетілдіру аудандық аурухана кадр саясатында маңызды істің бірі. Аудандық ауруханада 2012 жылы 32 дәрігер, 167 орта буын мамандары білімдерін жетілдіру курстарынан өтсе, 2013 жылдың 9 айында 25 дәрігер, 49 орта буын мамандары білімін жетілдіру курсын өтті.

ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ

Скриниг бойынша алдын-ала тексеру жұмыстарын жандандыру мақсатында 5640 адам жүрек-қан тамырлары ауруына және сусамыр ауруына қаралуы жоспарланып, халықтың 90,3% қаралды. 0-18 жасқа дейін 9878 бала 100 % қаралды. Қала және ауыл мектептерінде медициналық тексеру жұмыстары жүргізілді. Глаукомаға 4800 адам жоспарланып, 92,2 % қаралды. Анықталған науқас түрлері 20% құрайды, көбіне темір тапшылығы, бүйрек, тіс жегісі аурулары. Анықталған науқастарға сауықтыру жұмыстары жүргізілуде. Қатерлі ауруларының алдын-алу мақсатында ішек, тік ішек қатерлі ісігіне 2883 адам, 720 әйелге сүт безі қатерлі ісігіне тексерілуі, 877 әйел жатыр мойнының қатерлі ісігіне тексерілуі жоспарланып 93 % қаралды, анықталған науқастарға сауықтыру жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда 3 әйел дәрігері, 10 бала дәрігері қызметатқарады. Барлық 14 жасқа дейінгі бала саны -11332. Оның ішінде 1 жасқа дейін -812, 5 жасқа дейін 4502. Диспансерлік бақылаудағы бала саны -875, науқас балаларға сауықтыру жұмыстары жүргізілді, көрсетілімі бойынша амбулаториялық жағдайда дәрі-дәрмектер тегін беріліп, жоспарлық емдеуге жатқызылды. Аудандағы мүгедек балалар саны -160. Республикалық «Ақсай» балалар ауруханасына 38, Астана қаласындағы балалар реобилитациялық орталығында -28, «Балбұлақ» және «Алатау» шипажайында 22 бала сауықтырылды. Мүгедектік тобына байланысты, аудандық МСЭК шешімімен әлеуметтік көмек көрсету орталығынан тегін қажетті көмегін алды. Аудандағы жетім балалар саны -57, олар Текелідегі «Бастау», «Алтын чажа» жазғы демалыс лагерінде демалды.

2013 жылдың 9 айында нәресте өлімі бойынша, өлген 7 сәбидің үшеуі құрсақ ішілік кемтарлықпен туылғандардан, екеуі мезгіліне жетпей облыстық перинаталдық орталықта туылған.Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан нәресте өлімі 9 айлық көрсеткіші бойынша аудандық перхентханада 517 туылғандарға есептеліп беріліп отыр. 2012 жылы 9 айда аудандық АХАЖ бөлімінде тіркелген бала саны 647, 2013 жылғы 9 айда 658 бала тіркелген. Яғни туу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда жоғарлаған. 500 грамм және одан жоғары салмақтағы тірі туылған нәрестелердің тіркелуіне байланысты нәресте өлімі деңгейі 1000 тірі туылғандарға шаққанда 2012 жылғы 5,9 көрсеткіштен 2013 жылы 10,6-ға көбейіп отыр.

Ана мен бала денсаулығына ауданда ерекше көңіл бөлінеді. Бұған дәлел аудандық ауруханадағы перхентхана бөлімі. Перзентхана бөлімі жұмысы жүйелі түрде жолға қойылып, замауи құрал жабдықтармен қамтылған. Бөлім мамандары білікті, әрі өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтыны байқалады. Аға акушер Роза Нургапбаева перзентхана жұмысын толық баяндап, бөлім өзгешеліктерін түсіндірді.

ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АЛДЫН АЛУ

Әлеуметтік маңызы бар ауруларды азайту шараларын жүргізу мақсатында сарп, туберкулез аурулары бойынша аудандық әкімшілікте денсаулықты үйлестіру кеңесінде тоқсан сайын қаралып, аудандық мал шаруашылығы, СЭҚ қызметкерлерімен бірігіп, жоспар бойынша жұмыс істелуде. Аурудың алдын-алу мақсатында: диагностикалық зерттеу үшін УДЗ, ФГДС, кольпоскопия, цитологиялық, зертханалық тексерулер, рентген, флюрография, маммография, ЭКГ, телемедицина тексерулері жүргізіледі.

Аудандағы жұқпалы аурулар жағдайын білу үшін аурухана жұқпалы аурулар бөлімі жұмысымен таныстық. «Ауруханадағы үлгілі бөлімдердің бірі саналатын ұжым жұмысы асқан тәртіппен, жүйелілікпен жолға қойылған, бұл бөлім меңгерушісі Эккель Юлия Владимировнаның еңбегі» -дейді бөлімнің тәжірибелі аға медбикесі Галия Сәлімқызы. Жұқпалы аурулар бөлімі жұмысының сапалығына аурулар көрсеткіштері де дәлел. Жұқпалы ауруларға шалдығушылық көрсеткіші алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама төмендеген. 2012 жылы туберкулезге шалдығушылық 34 адам болса, 2013 жылы 27 адам болған; сарп ауруына шалдығушылық 2012 жылы 13 адам болса, 2013 жылы 8 адам; сары ауруы ВГ «А» 2012 жылы 1 адам ғана шалыдыққан. Жалпы аудандағы жұқпалы аурулар алдын алу жұмыстары өте жақсы қарқынмен жұмыс істейді.

Сарқан ауданы денсаулық сақтау жүйесі бүгінгі замауи талаптарға сай медициналық қызмет көрсететіне көзімізі жетті. Сондай- ақ аудандық аурухана басшылығы да, қызметкерлері де медицинадағы жаңашылдыққа талпынып, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Алға басу, даму тек сапалы еңбек және лайықты қаржыландыру бар жерде жүзеге асады. Сарқан аудандық орталық ауруханасында айтылған осы екі құбылыс үйлесімдікпен атқарылуда. Аудандық медицина қызметкерлері өткен күнге қанағаттанбайды, кеше жасаған жұмысынан бүгін артық жасайды, ал ертең жұмыс сапасын одан әрі жоғарлатады. Бұл бүкіл аурухана қызметін дамуға жол ашады.

«ОТАНДЫҚ МЕДИЦИНАДА БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН ДЕП СЕНЕМІН!»

- И м а н ғ а л и Бөлегенұлы, өзіңіз басқарып отырған м е д и ц и н а л ы қ мекеменің негізгі проблемасы қандай?

- Ең негізгі проблема әрине, кадр тапшылығы. Қазір біздің аудандық ауруханаға 18-20 дәрігер жетіспейді. Норматив бойынша жұмыс істеп, дәрігер саны жеткілікті болса дәрігерлерге түсетін ауыртпалық та азаяды. Мысалы ауруханада 6 гинеколог болу керек, бізде 3 жұмыс істейді; терапевттен 5 учаскеде үш-ақ маман жұмыс істеп отыр, педиатрияда да сондай жағдай, 3 педиатор дәрігер жетіспейді. Осыдан медициналық көмектің сапасы зиян шегеді: дәрігерлердің барлығы асығады, уақыт жоқ, науқас көп. Науқаспен сөйлесуге уақыт жетіспейді, ал дәрігер науқаспен көп сөйлесу керек, денсаулығы жайлы толық мәлімет айтып, толық кеңес беруге тиіс. Дәрігер есігінің алдында тұрған 20 науқас тұрады, сол жиырмасын ол бір сағаттың ішінде тексеріп, дәрісін жазып үлгеру керек. Сөйтіп, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы ақсайды, нәтижесінде шағым пайда болады. Сондықтан бірінші ден білікті мамандар саны көп болуы қажет.

-Осы кадрлар мәселесін шешу үшін қандай шара қолданасыздар?

- Аудан бойынша барлық емдеу мекемелерінде 74 дәрігер бар. Біздің ауруханада білікті мамандар жұмыс істейді. Жастар да бар. 2013 жылы 5 маман жұмысқа тұрды. Ол жас мамандарды білім жетілдіру арнайы курстарына жіберіп оқытып алдық. Жаңадан келген жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді де қолға алдық. Келесі жылы ауданда 20 жаңа үй қолданысқа беріледі. Соның 5-ін біздің қызметкерлерге береміз деп әкімдік тарапы да уәде берді. Кадрлық мәселе уақыт өте шешіледі деп ойлаймын. Үйлер салынып, жағдай жасалса жас мамандарды жұмысқа ұялмай шақыруға болады. Бес медициналық университетпен келісімге отырдық, бесеуімен де сөйлесіп келдік. Медициналық университеттерде өткізілетін бос лауазым жәрмеңкесіне қатысып, жас маман дәрігерлермен үгіттеу, насихаттау жұмыстары жүргізілді. Бізге негізінен жұмысқа жас мамандардың көбі Алматыдан келеді, Семейден де, Ақтөбе, Қарағандыдан келетіндер бар. Биыл Алматыдан 3 дәрігер келді, Қарағандыдан 1, Семейден 1 дәрігер келді. Жаңадан келген жас мамандардың барлығын білімін жетілдіру курстарынан оқытып алдық, оқытуда аурухана ауыртпалық түсті. Себебі, бір дәрігерді оқытуға қыруар қажат кетеді. Биыл 4 дәрігерді оқытуға 12 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бұл аурухананың болашағы үшін.

- Аудан медицинасын дамыту үшін 2013 жылға қойылған міндеттердің қайсысы орындалды? Сарқан аудандық ауруханасында қандай жаңалықтар бар?

-15 желтоқсанда аудан аралық нейро- инсултті бөлім ашылайын деп отыр. Сол мақсатта бізге қолданысқа томограф берілді. Бұл біздің Алматы облысындағы ең мықты томограф болмақ. Нейро- инсультті бөлім Сарқан, Ақсу және Алакөл ауданына қарайтын болады. Сонымен қатар, келесі жылы үш ауданға 20 орынға арналған травматологиялық бөлім ашу жоспарда бар. Қиын деген операцияларды өзіміз жасауға мүмкіндік бар, томограф бар, құрал жабдықтар бар, мамандар оқып келді, сондықтан қорқатын ештеңе жоқ. Қажетті аппараттарды лизинг бойынша алып отырмыз. Рентген аппарат алынды, эндовидеостойка аппараты орнатылып жатыр. Жаңа УЗИ аппарат, наркоз аппараты алынады. УЗИ аппараты қаңтар айында келеді, ал қалған аппараттар 1 қаңтарға дейін келеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар екі реанимобиль алдық, жедел жәрдемге қоямыз. Бізде жедел жәрдемде бұрын тек УАЗ-дар еді. Ең біріншіден Жедел жәрдемді күшейттік. Кадрлармен де, машинамен де. Халыққа тікелей араластын солар ғой. Адамның бір жері ауырса дәрігерге жүгірмейді, жедел жәрдем шақырады. Сондықтан жедел жәрдем жұмысы мінсіз болу керек.

-Иманғали Бөлегенұлы, сіз аудан денсаулық сақтау жұмысында атқарылған үлкен жұмыстарды айттыңыз. Ал Сарқан ауданында Бірыңғай Ұлттық Денсаулық сақтау жүйесі қалай жүзеге асуда? Портал арқылы жұмыс қиындық тудырмайды ма? Осы жүйеге сіздің өзіндік көзқарасыңызды білсек.

-Бізде басқа аудандарға қарағанда оңай жүзеге асып отыр. Себебі, біздің аурухана компьютермен толық жабдықталған. Әр дәрігерге, медбикеге 1 компьютерден. Ауруханада жұмысы компьютермен тығыз байланысты 300 медбике, 61 дәрігер бар. Науқас келсе, ол туралы мәліметтерді бірден компьютерге енгізеді. Орысша айтқанда «волокита» жоқ. Ал Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі –бұл ойлап табылған ең жақсы дүние. Оны біз ойлап тапқан жоқпыз. Алдымен Оңтүстік Кореяда шығарды, одан кейін іс жүзінде Малазияда пайдаланды. Ең жақсы қолданып, дамытқан Сингапур. Біздің елде сол Сингапурдағы тәжірибе негізге алынды, бізде ғана емес Европа да негізге алды. БҰДЖ –деген Қазақстанның әр азаматы қай жерде болмасын, қай уақытта болмасын медициналық көмек алады деген сөз. Жалпы денсаулық сақтауда жоспарлы науқастар және шұғыл түсетін науқастар деп екіге бөлеміз. БҰДЖ негізінен жоспарлы науқастарға бағытталған. Жоспарлы науқастарды қажетінше өзі қалаған ауруханаға жатқызуға, емдеуге мүмкіндік туындады. Бұл жерде науқас үшін учаскелік дәрігердің ролі маңызды, былайша айтқанда науқастың жеке дәрігеріне. Шетелдегі принцип бойынша әр адамның өзінің дәрігері, өзінің заңгері, өзінің шаштаразы бар. Біз де осыған келе жатырмыз. Біздің ауданда учаскелік жүйе жұмыс жасайды. Науқас өзінің учаскелік дәрігеріне келеді, қаралады, анализдерін өткізеді. Учаскелік дәрігер әріқарай науқасты порталға тіркейді, кезекке қояды. Екі-үш күнде жауап келіп, емделу керек ауруханада немесе институтқа барып жатады емін алады. Осы жүйе бойынша европада, Америкада, Кореяда отаны кезекте тұрған науқас 1 ай, 1 жыл күтеді. Ал бізде қазір 1 аптада шешіледі. Биылғы жылы біздің ауданнан портал бойынша ірі институттарда емделіп шыққан адам саны 174 адам. Бұл санға жүрекке ота қажет ететіндер қосқан жоқпын. Жүрекке операцияға біз 200-дей адам жатқыздық. Барлығы тегін. Халық та осыған үйреніп алды. Қолайлы, ыңғайлы, жүйелі түрде медициналық көмек көрсетіледі.

-Ауыл медицинасын дамыту керек деп көп айтылады. Бұл туралы сіздің ойыңыз. Бүгін ауыл медицинасының күйі қандай?

-Ауыл медицинасы дегенде менің өзімінің жеке пікірім бар, 2000-нан аз халық тұратын ауылға дәрігердің керегі жоқ. Ондай ауылға жақсы, білікті 2-3 фельдшер, балаларға қарайтын –фельдшер, медбике; әйелдерге қарайтын 2 акушер, статистер, укол салатын 3 медбике керек. Сонда олар өте жақсы жұмыс істейді. Фельдшер, медбикенің жұмысы неде? Профилактикада, анализ алу, тексеру. Ауруы анықталғаннан кейін әріқарай дәрігерге жібереді. Дәрігер емін «назначениясын» беріп, дәрісін беріп, ауылдық амбулаторияға қайта жіберді. Емін барлығын ауылдан-ақ медбике, фельдшерлер жасай береді. Ауылдық жерлердің кадр мәселесін реттеу керек. Қазір біз өзімізге өзіміз жау болып отырмыз. Жау болып отырған себебіміз, дәрігерді 7-9 жыл оқытамыз, содан жас маманды ауылға жібереміз. Ауылға кеткен дәрігер 3 жылдан кейін-ақ фельдшер болып шығады. Ол мединститутта 9 жыл не үшін оқыда? Мемлекетке бұдан не пайда? Дәрігер үлкен ауруханада, құрал-жабдық бар жерде жұмыс істеу керек. Халық саны 2000- нан астын, 5000-6000 халқы бар ауылдарда әрине, дәрігерлер қажет.

-Иманғали Бөлегенұлы, сіз көп жағдайда шетелдік медицинаны мысалға келтіресіз. Өзіңіз Оңтүстік Кореяға тәжірибе жинап, оқып келгеніңізді білеміз. Қазақстандық медицинаны Оңтүстік Корея медицинасымен салыстыруға келе ме?

- Салыстыруға келмейді. Біз екі түрлі нәрсені қалай салыстырамыз. Мысалға, қант пен нанды салыстырмайсың ғой. Сол сияқты бұл жерде салыстырудың қажеті жоқ. Айырмашылық неде? Біріншіден, халық та, менталитетте мүлдем басқа; екіншіден, денсаулық сақтау жүйесі нақты ұйымдастырылған Америкалық бағыт бойынша. Кішкентай ауыл аймақтарда аурухана жоқ, жаңағы мен айтқан фельдшерлік амбулаториялық пунктер жұмысы жақсы қолға алынған. Одан кейін, халықтың 100 %-ында медициналық сақтандыру бар. Біріншіден мемлекеттік сақдыру және жұмыс беруші сақтандыруы бар. Мемлекет балаларды, зейнеткерлерді және мүгедектерді сақтандырады. Ал қалған жұмыс істейтін халықты оның жұмыс берушісі сақтандырады, ал үй-күйі мен жұмысы жоқтарды Шіркеу, Мешіт, діни ұйымдар сақтандырады. Медициналық сақтандыру негізінде жалпы мединасы жұмыс істейді. Бір науқас келсе, оның дәрігерлер артынан жүгіріп жүріп көмек көрсетеді. Өйткені, оның сақтандыруынан клиникаға ақша келеді. Ауруханаларының жабдықталуына келетін болсақ, біздің Астанадағы үш медициналық орталықтың жабдықталуы олардан әлдеқайда жақсы. Бірақ олардың аппараттары Астанадағы аппараттардан 100 есе көп науқасты қарайды. Астанада бір аппарат күніне 16 адамды қараса, кореяда дәл сол аппарат 160 адамды тексереді. Бізде 2-3 медициналық орталықта ең жаңа аппараттар болса, Кореяда ондай аппараттар барлық ауруханаларда бар. Содан кейін оларда 1-2 қабатты аурухана деген жоқ. Аурухана әкімшілігінің өзі 18 қабат, клиникасы 30 қабат. Клиникаларының аумағы кен. Сеул қаласының өзінде 18 ірі- ірі ауруханалар жұмыс істейді. Сапасы да, мамандардың біліктілігі де өте жоғары. Өзіміз үшін үйреніп, үлгі алатын жайттар жетерлік.

-Біз сол деңгейге жету үшін нені өзгерту керекпіз? Сақтандыру медицинаны бізде енгізуге болады ма?

Ең алдымен медицинаға деген мемлкеттік көзқарасты өзгерту қажет. Мемлекеттік сақтандыруды енгізу керек. Кезінде Қазақстанда енгізді сақтандыру жүйесін, бәрін ұрлап, аяғында жоқ қылды. Сол қайғылы тәжірибе қайталанады деп тағы қорқады биліктегілер. Ал жеке меншік сақтандыру бізде бар, бірақ өте аз. Бүкіл халықтың 0,5 %-ы ғана сақтандырылған. Бұл сұмдық қой. 16 миллион халықтың 1%-ы 160 мың болса, 80 мың халықтың сақтандыруы бар деген сөз. Олар кімдер? Олар : мұнай-газ саласында жұмыс істеп жүргендер, темір-алтын өндіретіндер. Көп дегенде 100 мыңында сақтандыру бар дерлік. Бұл күлкілі емес пе? 16 миллионның барлығында сақтандыру болу міндетті.

- Әлемдік медицинадағы медициналық туризм ұғымы жайында ойыңыз қандай? Астанаға алыс-жақын шетелдерден келіп емделетіндер бар екен. Елімізде медициналық туризмді дамыта аламыз ба?

Медициналық туризмді дамыту үшін біз көп жұмыс жасау керекпіз, жасалатын жұмыс, атқарылатын іс өте көп. Бүгін- ертең медициналық туризм бір сәтте өздіген пайда болып кетпейді ғой. Астанаға келіп емделетіндер бар шығар, бірақ өте аз. Ол мақтанатын жағдай емес. Медициналық туризм Оңтүстік Кореяда, Сингапурда, Малазияда қатты дамыған. Мысалға, Кореядағы ең кішкентай 1000 орындық бір ауруханада 600 адам сақтандырумен емделетін өз азаматтары болса, 400-і ақылы емделетін шетелдік науқастар. Ақысы да Европа, Америкамен салыстырғанда арзанға түседі, әрі емі де сапалы. Сол себептен де Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау саласы 2010 жылы әлемде ең үздік болып танылды. Кореяға білім жетілдіруге менімен бірге 20 адам барды. Ішінде Қазақстан, Англия, Дания және Израильден де мамандар барды.

-Қазақстан электранды медициналық карталарды енгізу қолға алынды. Бұл бізге керек пе?

Әрине, керек! Біз бұл жұмысты ауданда қолға алып, бастап кеттік. Медициналық электронды карта деген кішкентай ақша алатын карта сияқты болады. Науқас ауруханаға келеді, картасын да оның денсаулығы туралы толық мәлімет тұрады. Содан кейін ол мәлімет бүкіл Қазақстан бойынша базада сақталады. Қазақстанның кез-келген аймағындағы ауруханада науқас туралы ақпарат шығатын болады. Қазір біздің науқастар туралы база Сарқанда, Талдықорғанда және Астанада ғана бар. Бұл өте қажетті және болашағы жарқын.

-Тікелей электронды мәліметтер «қағазбастылықтың» азаюына септігін тигізеді деп ойлайсыз ба? Дәрігер жұмысын компьютермен жұмыспен одан әрі қиындатып жібермейді ме?

-Мен өзім айтып кеткендей, біздің ауруханада компьютермен жұмыс істеу жолға қойылған. Барлық мамандарға компьютер үйретіліп, сауаттылығын көтергенбіз. Кейбір білікті мамандар науқас тарихын компьютерге 2 минут ішінде енгізіп, 10 минут бойы науқастың өзімен сөйлесіп кеңес береді. Ал кейбір мамандар науқаспен 2 минут сөйлесіп, науқас тарихын 10 минут енгізеді. Медициналық қызметкерлердің көбі 40-50 жастан асқандар, одан да жасы үлкендер. Жасы үлкен қызметкерлерге компьютер тілін үйрену оңай болған жоқ, шындықты айту керек. Ойлап қарасақ, компьютер деген зат бізге 10 жыл бұрынға келді ғой. Дегенмен, біздің ауруханада науқас туралы мәліметті аурухана базасына енгізу жақсы жұмыс істейді. Мамандар тез- ақ үйреніп алды. Кадрлар жасарып келеді, үлкен мамандар үйреніп жатыр. Бұл процесті тоқтатпай, одан әрі дамыта беру керек. Сонда бір 10 жылдан кейін біздің денсаулық сақтау жақсы деңгейде болады. Әрине, жақсылап көңіл бөлінсе, қаражат аямаса.

-Ал қазір медицинаға билік тарапынан бөлінетін көңіл жеткіліксіз бе?

-Бұрыңғымен салыстырғанда қазір медицинаға көңіл де бөлінеді, қаражат та бөлінеді. Халық бізде медицинаға көп қаражат бөлінеді, оның бәрі қайда кетеді? Жеп қойды дейтіндер бар. Мен оларға айтар едім, бөлінетін қыруар ақша қайсы, сол ма көп ақша деген. Қарапайым түрде есептесек бір медбикеге күніне 10 қолғап керек, 1 қолғап 15 тенге тұрады. Он қолғап 150 теңге болмақ. 1 шприц орташа есептесек 20 теңге, бір науқасқа хирургияда 20 шприц кетеді, 400 теңге тек қана науқастың шприцысына жұмсалады. Дәріге келетін болсақ, ең арзан дәрі 250 теңге тұрады. Әр түрлі аурулар болады, кейбіреулері өте қымбат дәрілерді қажет етеді. Мысалға, жетілмей туылатын балаға салынатын дәрі бар, оның бір уколы 250 мың теңге тұрады. Бұл қымбат. Шетелде бізден де қымбат, олар аямайды денсаулығана ештеңе. Ал бізде денсаулықтан аяйды. Медициналық мекеме ашуға ақша бөлінеді, ол ақшанығ барлығы тек ғимарат салуға кетеді. Ғимарат салынды, одан басқа құрал-жабдықтар керек, мамандарды оқытып, оларға жалақы төлеу керек. Қаржыландыруға көп дүние байланысты. Содан кейін біреуіне артық, біреуіне кем бермей барлық аймаққа бірдей көңіл бөлінуі керек. Мысалға, неге Ақтауда жас дәрігер 120 мың теңге жалақы алып, Алматы облысында жас маман 32 мың теңге алу керек? Міне, осындай үйлеспейтін дүниелер толып жатыр. Көптеген түніспеушілік бізде шаш етектен. Бірақ, сонда да болашақта өзгеріс болады. Алға жылжу, даму болады деп сенемін. Себебі, дамудың алғышарттары бар. Қазір әр облыста жүрекке, буындарға да ота жасайды.Бұрын кеңес кезінда ондай ота түрлерін тек Москва мен Новосибирскіде ғана жасайтын. Биыл біздің облыста 170 ота жүрекке, 200 ота буынға оңай жасалды. Бұл біздің медицинаның өскені. Қаржы бөлінген жер өсті, дамыды.

-Медицинамыздың болашағы жақсы болатына сенемін дейсіз. Болашақ жастардың қолында, медициналық білімде емес пе?

-Дұрыс айтасыз, медициналық білімге үлкен көңіл бөлу керек. Университеттердің санын арттырудың қажеті жоқ, сол бар университет ғимаратын үлкейтіп, базасын мықтылап берсе қандай жақсы. Мысалға, Алматыдағы университетке ғимарат салып, техникалық базасын, ішіне аурухнасымен салып берсе ұтпаймыз ба? Қазір ол жерде 6 мың адам оқиды, жағдай жасалса 20 мың оқытып, 10 жылдан кейін дәрігер тапшылығы мүлдем болмайтын еді. Қазір Қазақстанда 6 мың дәрігер жетіспейді. Жылдан жылға бұл сан өсе береді. Дәрігер де адам, олар да қартайады, өледі. Оның орын басатын жас мамандар аз келеді. Медицина университетін бітіргендердің 30 %-ы ғана дәрігер болып жүр. Қалған 70%-ы дәрі жасайтын заводта , дәрі жарнамасында, жеке фирмаларда жүр, тағыда медицинаны тастап банкте жұмыс істеп жүргендер де бар. Медициналық білімді күшейту керек, жағдай жасау керек. Дәрігер болашағына сенімді болса медицинадан кетпейді.

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА Талдықорған - Сарқан -Талдықорған