Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАЗАҚСТАН 2017 ЖЫЛЫ ХАЛҚЫ КӘРІ МЕМЛЕКЕТТЕР ТІЗІМІНЕ ҚОСЫЛМАҚ


24 ноября 2013, 12:39 | 2 219 просмотров



Бұл туралы Астанада метаболизм мәселелеріне арналған халықаралық конференцияда ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының бастығы Валерий Бенберин мәлім етті.

«Қазақстан халқы қартаюдың алдында тұр. БҰҰ мемлекет халқының қартаю үрдісін анықтауға мүмкіндік беретін халық жасының көрсеткіштерін бекітті. Ол бойынша 65 жастан асқан халық саны 4 пайыздан кем болса, оны жас мемлекет деп атайды. Егер олардың саны 4-7 пайыз аралығында тіркелсе, мемлекет қартаюдың алдында тұр деген сөз. Қарт кісілер елде 7 пайыздан жоғары болған жағдайда, ол кәрі мемлекет деп танылмақ. Бұл көрсеткіш бойынша, Германияда 65 жастан жоғары халықтың үлесі - 24, Ұлыбританияда - 20, Украинада - 18, АҚШ-та - 16, Ресейде - 15 және Қазақстанда - 6,6 пайызды құрайды. 2017 жылы біздің елде бұл көрсеткіш 7 пайыздан асады деп жоспарлануда. 2020 жылы 65 жастан жоғары халықтың үлесі Қазақстанда 7,4 пайызға дейін жетеді», - деді ол өз баяндамасында. Оның айтуынша, семіздік, қант диабеті, жүрек қан-тамыр аурулары, асқазан-ішек жолдары ауруларының саны халықтың арасында жылдан жылға көбейіп келеді. Соның кесірінен елде қартаю үрдісі жылдам жүруде.

«Адам денесіндегі зат алмасу үрдістерінің қарқыны төмендеген сайын атересклероз, гипертониялық, жүрек ауруларының, қант диабетінің, қатерлі ісіктің және басқа да аурулардың даму қаупі арта түседі. Дегенмен тамақтану арқылы қартаюды тежеуге немесе тіпті тоқтата тұруға болатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденіп отыр. Салауатты өмір салты, яғни белсенді қимыл- қозғалыс пен дұрыс тамақтану халықтың арасындағы өлім-жітім санын едәуір төмендетуге ықпал етеді», - деп атап өтті В.Бенберин.

Автор:
Жасұлан ЖОЛДЫБАЕВ