Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТҮМЕНОВАНЫҢ IЗIН АҢДУШЫЛАР ТIМIСКI ӘРЕКЕТТЕРIНЕ ҚАЙТА КIРIСТI


24 ноября 2013, 12:38 | 1 975 просмотров



“Аман-саулық” қоғамдық қоры ендi әлеуметтiк кәсiпкерлiкке бет бұрмақ. Келесi жылы құрылғанына 7 жыл толатын қордың президентi Бақыт Түменова тiлшiлерге жаңа бағыттың мәнiсiн түсiндiрiп, алдағы жоспарларымен бөлiстi. Баспасөз мәслихатында үркiтiп-қорқыту мен басқан iзiн аңдушылардың тiрлiгi әлi де тыйылмағанына қоса тоқталды.

7 жылдың iшiнде “Аман-саулық” қоры әлеуметтiк жағынан қорғалмаған азаматтарға құқықтық және медициналық көмек көрсетуге жәрдемдестi, ондаған әлеуметтiк жобаны iске асырды. Бүгiнде осы iстердi тындырған қор үкiметтiк емес ұйым болумен қатар сарапшылық қыз¬меттi де бiрге атқарып жүр. Түрлi үкiметтiк емес ұйымдармен, мем-лекеттiк құрылымдар мен донор-ұйымдар: Денсаулық сақтау ми¬нистр¬лiгi, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, “Сорос- Қазақстан” қоры, Бiрiншi президент қоры, Қазақстандағы Каунтерпарт Интернешнл өкiлдiгi, “Бота” қорымен әрiптестiк қарым- қатынас жолға қойылған. “Былтырғы жылы Каунтерпарт Интернешнл ұйымының грантын жеңiп алған “Аман-саулық” ендi халықаралық аккредитациядан өтуде. Егер осы аккредитациядан өте алсақ, бұл тiкелей қаржыландыруға жол ашып, шетелде жұмыс iстеуге мүмкiндiк бередi”, – дедi қор президентi.

Қордың атқарған шаруасын қорытындылаған Б.Түменова алдағы уақытта “Аман-саулық” қайта құрылымданатынын айтып өттi. Басқармаға өзгерiстер енгiзiледi.

Көп уақытын тренингтер өткiзу мен түрлi комиссия жұмыстарына қатысуға арнайтын Б.Түменова президент қызметi басқа адамға жүктелетiнiн жеткiздi. Қор қызметiндегi өзгерiстерге тоқталған соң Б.Түменова соңғы айда iзiн аңдушылар тағы да белсендi жұмысына кiрiскенiн айтты. “Талай нәрсенi бастан өткердiк қой. Iс-шараларда белгiсiз адамдардың келiп қатысатынына ет үйрендi. Бiздiң тренингтерге қатысқандарды сұраққа алады, жиындағы құжат көшiрмесiн сұрайды. 2005 жылы үстiмнен қылмыстық iс қозғады. Ол уақытта Жармахан Тұяқбайдың үгiт- насихат жұмыстарына жауапты болғандықтан, бұл қудалауды сонымен байланыстырдым. Былтырғы жылы едендi тесiп, төменгi қабаттағы КСК пәтерi арқылы менiң үйiмдi тыңдағанын жақсы бiлесiздер. Ал соңғы айда iзiмдi аңдып жүргендер көбейдi. Көлiкпен де, жаяу да артымнан iлесiп жүредi”, – деп қор президентi iзiне түскен көлiктердiң атаулары мен нөмiрлерiн тiзiп бердi. “Мәселен, кеше iзiме түскен көлiктердiң саны үшке жеттi. Кейiн артымнан жүрген “Мерседес Бенс” көлiгiн байқадым. Сөйтiп, әуелi бiр бағытта жүрiп көрдiм, қалмады. Басқа бағытқа бұрылдым. Қысқасы, адам ақылына сыймайтын ию- қию бағыттармен жүрiп көрдiм. Әрлi-берлi ақылынан адасқан адамша жүрсем де, қалмады. Бiр кезде тар көшеге келдiм де, кiлт тоқтадым. Артымнан зуылдап келе жатқан әлгi “Мерседес” тар жерде бұрыла алмай қалды. Көлiктен түсiп қарасам, алдыңғы орында қарны қампиған ер адам отыр. Ал кеше кешке шаштараздан шыққан соң әдеттегiдей жолмен жүрмей, оңға бұрылып, бас¬қа жолға түссем, үстiне қымбат куртка, бұтына қымбат джинсы киген жiгiттi байқадым. Ол менi көргенде сасып қалды. Алдыма түсе жөнелдi. Қайта-қайта артқа қарайлап қояды. Тез жүрсем, ол да адымын тез¬детедi. Бiр кезде сөмкемнен ұялы телефон алып шығып, әлгiнi суретке түсiргендей кейiп таныттым. Оның шошығанын көрiп, жаным ашып кеттi. Соңымнан түскендердiң кiм екенiн бiлмеймiн. Егер деструктивтi күш болса, онда арнайы қызметтiң олардан қорқатын жөнi жоқ. Себебi 65 жастағы, көзi алыстан нашар көретiн қарт әйелдiң өзi анадай жерде, байқаса, онда олар кәсiби емес деген сөз. Ал егер бұлар бiздi аңдушылар жiберген адамдар болса, неге сонша кәсiпсiз? Iзiмдi аңду кiмге және не үшiн қажет?” – дейдi ол. Бұл оқиғаларды былай қойғанда, алдыңғы күнi Түменованың Астанада тұратын қызына белгiсiз бiреу қоңырау шалып, немересiнiң даусымен “Мама, маған көмектес. Менi бiреу аяқтан шалды” дептi. Түменовамен бiрге тұратын не¬мересi бұл уақытта үйде болған. “Аман-саулық” қорының президентi мұны өзiне жiберген ескерту деп бағалады. “Әлсiз тұсың бар – ол немерелерiң” деген ескерту шығар бұл, – дейдi ол. – 16 жастағы немерем 10-сыныпта оқиды. Спортпен шұғылданады. Арақ-шарап, есiрткiге әуестiгi жоқ”. “Бұл аздай, шетелден қоңырау шалынады, сауатсыз смс-хат келедi. “Звонок ет” деп жазыпты. Мұ¬ны да әдейi жасап жатқан шығар... Сол нөмiрге қоңырау соққан соң, артынша Түменованың “Әл-Каидамен” байланысы бар деу үшiн”.

Түменова бұл жайт бойынша полицияға хабарлаудан пайда жоқ дейдi. Себебi әлгi көлiктер нөмiрiн ауыстыра салады. Ал қызы өзiне соғылған қоңыраудан кейiн полицияға шағымданбақ.

Жиынға келген кейбiр журналистер қордың қаржыландыру көздерi, Әблязовпен байланысы туралы сұрақтарды қойып жатты. Түменова қордың айлық қаржыландыруы 5 мың доллардан аспайтынын, ал Әблязовтi азамат ретiнде 2001 жылдан берi танитынын айтты. “Әблязовтi қорғағаным рас. Бiрақ қай тұрғыда? Ол экстрадицияланбасын дедiм. Себебi елдегi сот жүйесi әдiлетсiз екенiн бiлемiн. Мұндай жағдайда кiм де болса елге қайтарылмауы керек. Оның әйелi Алма мен қызын қорғауға қатыстым. Себебi Әблязов пен оның отбасы әлсiзге жатады. Ал мен дәрiгер ретiнде әр уақытта әлсiз адамдарға көмектесемiн. Партиясына, табына, көзқарасына қарамастан кез келген адамға қол ұшын созуға дайынмын. Тiптi менiң iзiмдi аңдушылар ертеңгi күнi қиын жағдайға тап болса, оларға да жәрдемдесемiн”, – дедi ол.

Автор:
З. ЖЫЛҚЫБЕК. Жас Алаш №91