Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҰЛТТЫҚ ТЕҢГЕГЕ ОРЫСША ЖАЗУ – ОРЫС ХАЛҚЫН САН БІЛМЕЙТІН САУАТСЫЗДАРДАЙ ҚОРЛАУ!?.


24 ноября 2013, 12:37 | 1 836 просмотров



АЛ 20 000 ТЕҢГЕНІҢ ҰСҚЫНЫ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТАН ЖҰРДАЙ…

15 қараша- Ұлттық теңгеміздің туған күні! Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – Ұлттық теңге! Абылай мен Абайымыз, Шоқан мен Құрманғазы, Сүйінбайлар бейнеленген төл теңгемізді алақандарына аялай ұстап: «А, құдай, жеткіздің бе, ақыры бұл күнге де!»-деп, ақсақалдарын көз жастарымен сулаған абыз қарияларды көргенде қатты толқыған едік сол кезде…

Қазір де қатты қуанамыз! Бірақ көкейімізде бір түйткіл жүрекке шаншудай қадалады… Біздің бейшаралығымыздың шыңы – шыққанына кеше 20 жыл болған Ұлттық теңгеге де әшейінде өзіміз табынатын орыс халқын цифр танымайтын, сан білмейтін сауатсыздардай қорлап, Ресейдің орыс тілінде – шет тілінде жазғанымыз! Бір қызығы, сандаған академигі бар, ғалым-жазушы, қайраткерлері бар «сауатты» орыс халқынан бір де біреуі: «Бізді неге сан танымайтын сауатсыз санап, қорлайсыңдар?» деп наразылық танытқан жоқ. Қазақстанның Халықтар Ассамблеясы да: «Теңгеге орыс тілінде жазсаңдар, онда неге кешегі кеңес одағындағыдай барлық ұлттардың тілінде жазбайсыңдар» демеді…

Ал алдағы уақытта енді шығатын 20 000 теңгенің ұсқыны ұлттық нақыштан жұрдай… Шым- шытырық шимайдың арасында қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын еуропалық келбеттегі сары шашты, көк көзді қыздың бір қырынан қараған суреті (теңгеге қолын қойған Марченконың қызы болуы керек…) тордан құс ұшырып отыр. Киімі де көше қыдырмашысының немесе аурухана мен түрменің киіміндей жол-жол алабажақ бірдеңе… Теңгенің екінші бетіндегі қол ұстасып қыдырып жүрген ер мен әйелдің пошымы да қазаққа ұқсамайды… Мұнда да құс пен оның торы қайталануы дұрыс шешім емес. Ұлттық нысан, Тәуелсіздік белгілеріміз аз емес қой, соларды неге бейнелемейді?.. Жалпы, 20 000 теңге суретіне конкурс жарияланған ба, жоқ, ұлттық һәм мемлекеттік маңызы зор мәселені өзді-өзі шеше салған ба? Енді теңгеден орысшасы аз болғандай, ағылшынша жазуларды да көзіміз шалып қалды… Бейне бір немістің немесе орыстың валютасы секілді… Мамандығымыз суретші болғандықтан, анық білетініміз – бұл үлттық теңгеміздің суретін салушы авторы - қазақ емес немесе ұлттық рухтан жұрдай орысша ойлайтын біреу… Қазіргі Ұлттық банк төрағасы, қазақтың белгілі жазушы-ғалымы Немат Келімбетовтың ұлы Қайрат Келімбетов мұны қалай журналистерге ұялмай көрсетіп жүргенін, ал оны көрген қазақ журналистерінің қалай шуламай, үн-түнсіз қайтып кеткенін түсіне алмай дал болып отырмыз… Ұлттық теңгемізді бұндай масқара күйінше шығаруға болмайды! Бұған ұлт зиялылары түгел қарсы шығуы тиіс!

Қазақ тілін қате жазатын Әнуар (теңгеде “банкіні” ” баңкі” деп жазғаннан бері атын осылай жазамыз) Сәйденовтардай банкирлері, миын ауыстырмаса, мемлекеттік һәм ана тілін үйренуге миы жетпейтін Ерлан Ыдырысовтардай министрлері бар Қазақстанды тіл зарын тартудан ГИННЕСС-тің рекордтар кітабына кіргізуге болады. БІЗДЕ мемлекеттік тілді білуге миы жетпейтін МИСЫЗ МИНИСТР, МИСЫЗ ӘКІМ, МИСЫЗ ДЕПУТАТ, МИСЫЗ ШЕНЕУНІКТЕР БОЛУЫ ЗАҢДЫЛЫҚ болса, онда БІЗ ҚАНДАЙ ЕЛМІЗ?

Автор:
Қазыбек ИСА www.qazaquni.kz