Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕДИЦИНАДА ТӨЗІМДІЛІК ҚАЖЕТ...


17 ноября 2013, 07:42 | 3 160 просмотров



Уақыт өтеді, заман өзгереді, бір заңдылық сақталады –білікті , білімді адамдар әр заманда қажет. Медицинада тәжірибелі маманның орны бір бөлек. Ем өздігінен берілмейді, «укол» да өзінен салынбайды. Бүгінгі жаңа технологиялар, компьтерлер қаншалықты дамыған заман болса да, адамның жұмысын компьютер жасап бермейді. Білімді, әрі білікті дәрігерлер және медбикелер әрдайым қажет. Сондықтан бүгін де, ертең де медицинаны медбикелерсіз елестету мүмкін емес. Біздің кейіпкеріміз Майра Сәрсенғалиқызы Ибраева 33 жыл бір бөлімде, бір ұжымда жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі медбике. Майра Сәрсенғалиқызы өз ісіне берілген маман. Адам бойында мейірімділік, жауапкершілік, адалдық және тұрақтылық сияқты қасиеттер болу керек деп түсінеді. Ол медицинаға 23 жасында адамдарға көмектесем, мейірбике болам деп келді. Содан 33 жыл бойы қызметін медбикелік мамандықты адалдықпен, үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.

Майра Сәрсенғалиқызы 1958 жылы Алматы облысы, Қаратал ауданы, сол кездегі Қоржынкөл совхозында дүниеге келген. Мектеп бітіре сала өмірін медицинамен байланыстырмақ болып, медициналық университетке оқуға тапсырады. «Ол уақытта оқуға түсу өте қиын еді, мединститутқа түсе алмай қалдым. Бірақ бәрі бір «медик» боламын деп медколеджге оқуға түстім. Медициналық колледжді үздік тәмамдап, бірден жұмысқа кірдім. 1980 жылдың тамыз айынан бастап неврология бөлімінде еңбек жолын бастадым. Содан міне, 33 жыл жұмыс істеп келемін. 2008 жылдан бастап аға аяжан қызметін атқарып, екі жылдан кейін зейнетке де шығамын» -деп қысқаша жауап қайтарды кейіпкеріміз «Медицинаға қалай келдіңіз?» деген сауалымызға.

Майра Сәрсенғалиқызынан жас мейірбикелер үлгі алып, үйренетіні мол. Сондықтан кейіпкерімізбен әңгіме медбике жұмысының қыр-сыры мен қиындығы төңірегінде өрбіді. Алайда тәжірибелі маман бізге денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелер жайында да пікірін айтып, бүгінгі қоғамдағы көкейтесті жайттарға да тоқталды.

-Бүгінгі біздің қоғамдағы медицина қызметкерінің орны. Медбикелерге үкімет тарапынан қаншалықты көңіл бөлінеді? 21-ғасыр медицинасындағы медбикенің ролі қандай деп ойлайсыз?

-Біздің жұмыста дәрігер науқасқа ем тағайындайды, ал сол емнің дұрыс берілуіне медбикелер жауапты. Мейірбикенің науқасқа қалай қарағанынан оның әріқарай сауығып кетуі байланысты. Дәрігерлердің өздері де медицинада атқарылатын жұмыстың 70-пайызын медбикелер жасайды деп айтады. Тәжірибелі медбике науқастың қалай ұйықтағанын, қай жері ауырғанын түріне қарап-ақ, сөзсіз түсінеді. Біздің бөлімшеде емделетін науқастың көбі сал болып түседі де, уақытылы емі берліп, уколы салынғаннан кейін оның тілі шығып, тәуір болғанын ертеңгісін-ақ байқауға болады. Медбикелерге лайықты дәрежеде көңіл бөлінеді деп ойлаймын. Медбикенің алатын еңбек ақысы оның санатына байланысты. Жоғарғы санатты мамандардың тиісінше жалақысы да жақсы болады.

-Медбикелер санаты туралы айттыңыз. Медицина қызметкерлері санатын көтеру үшін, біліктілігін дәлелдеу үшін аттестациялаудан өтеді. Бүгін медбикелер аттестациядан қалай өтеді?

-Қазір ақпарат көп. Медбикелер оқығысы келсе, білгісі келсе «Жәрдемнен» оқиды, интернеттен ақпарат алады. Бұрыңғыдай емес қазір медбикелер үшін білім көтеруге мүмкіндіктер жетеді. Сондықтан аттестациядан өту , газетке шығатын материалдарды жазу үшін медбикелер қиналамайтын шығар деп ойлаймын. Жалпы ізденген адамның алдынан бәрі де табылады. Оның үстіне жұмысын білетін адам да аттестациядан сүрінбей өтуі тиіс.

-Сіз бөлімнің аға медбикесі болғандықтан, денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтарға, өзгерістерге жақынсыз. Соңғы жылдары біздің денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге қандай баға бересіз? Бірыңғай Денсаулық сақтау жүйесі бар, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бар, осыған сіздің көзқарасыңызды білсек.

-Кез-келген өзгеріс, жаңалық алға басу үшін, даму үшін қажет. Әрине, денсаулық сақтау саласындағы өзгеріс те, жаңа жүйе де оның жақсы жаққа қарай өзгеруіне қажет. Оның барлығы дұрыс. Мысалға, қазір портал жұмыс істейді. Портал арқылы науқасты тіркеп сол бойынша емдейді. Бұл да дұрыс тәсіл. Алайда біздің 55 төсектік бөлімшеде жедел жәрдеммен түсетін науқастармен толып кетеді. Порталмен жиі келмейді, сонда да тіркеліп келетіндер әрине, бар. Қазір дәрілер де жеткілікті. Бұрын жылдың аяғында дәрілер жетпей қалатын кездер болатын. Қазір ондай жоқ. Жағдай бірте-бірте өзгеруде.

-Қазір әлемдік медицинада медициналық туризм түсінігі пайда болды. Қалай ойлайсыз үлкен қалалар ғана емес облыстарда медициналық туризмді дамытуға болады ма?

-Әрине, болады. Тек қолға алып, жасау керек. Міндетті түрде медициналық орталық салу емес. Дайын тұрған табиғат байлықтарын қолдану керек. Бізде қандай керемет қасиетті мекендер бар. Жетісу өңірінде қаншама шипалы жер бар, Балқаш, Алакөл т.б. Табиғат берген байлықтарды, емдік өзен-көлдерді пайдаланып керемет сауықтыру кешендерін ашуға болады. Оның барлығын қолға алу керек.

-Денсаулық сақтау саласында 90-жылдары барлық медицина қызметкерлері үшін үлкен сынақ болды. Көбісі медицинаны тастап, табыс көзі жақсы жерлерге кетіп жатты. Ал сіздің осы салада қиындықтарға мойымай қалуыңыздың себебі неде?

-Иә, ондай кездер де бастан өтті. Үш айлап жалақы алмай жұмыс істеген күндер болды, науқастарда дәрі-дәрмек жоқ, жеткіліксіз. Бір жоқшылық кезең еді. Ол қиындықтардан да өттік. Сол уақыттар да кетіп қалып, қазір мықты бизнесмен болып кеткен қыздар бар. Менде кетем деген ой да болған жоқ. Мамандығым, жұмысым, істеу керек. 23 жасымда осы неврология бөліміне келдім, жұмыс бастадым. Өзімді басқа жерде істеймін деп ойлап көрмеппін. Адамға тұрақтылық қажет деп ойлаймын. Мен анда- мында ауысып, қашап жүргенді ұнатпаймын.

-Майра Сәрсенғалиқызы, кеңес кезінде білім алып, жұмыс істедіңіз. Тәуелсіз Қазақстан уақытында да қызмет жасап жүрсіз. Салыстырсақ, қай кездің медицинасы жақсы? Сіздің ойыңызша адамға, маманға деген көзқарас қай уақытта дұрыс ?

-Кеңес үкіметі кезінде жақсы болды. Бұл менің ойым. Барлығы адал болды. Адам денсаулығы сол уақытта жақсы болған сияқты. Қазір дәрілер қымбат, жалпы қымбатшылық. Бұл жалпы қоғамға тән. Мысалы, қазіргі нерв жүйесінің ауруларының барлығы жоқшылық, жұмыссыздықтан. Бұрындары нерврологиялыық аурулардың да саны аз болатын.

-Бүгінгі жас мамандарға қандай баға бересіз?

- Қазір медколледждерде сабақты кереметтей береді деп айталмас едім. Бірақ бұл жас медбикенің біліміне ғана емес, оның өзіне байланысты. Жаңадан келсе де, бәрін тез түсініп, үйреніп, тез қағып алып кететіндер болады. Ал кейбіреулеріне ұзақ үйретесің. Бұл адамның өзінің талпынысы, іске деген қызығушылығына байланысты. Жас дәрігерлер өте жақсы. Бізге алдында екі маман, одан кейін тағы бір жас дәрігер келді. Барлығы білімді, ісіне адал және жұмысына шынайы берілген жастар. Оның үстіне қазіргі жас дәрігерлердің ерекшелігі –олар жан- жақты. Білікті дәрігерлермен жұмыс істеу кез-келген медбике үшін ыңғайлы, әрі жеңіл болады.

-Қазір неврологиялық аурулар көп, инсультке шалдыққандар көбейіп барады. Себебі неде? Сіздер неврология бөлімінде 1 жылда қанша науқасты емдейсіздер?

-Неврология бөлімінде бір жылда 2000-нан астам науқас емделеді. Қазір неврологиялық науқастар өте көп. 80-жылдары неврология бөліміне негізінен сал болып инсултьпен тек 70-80 жастан асқан үлкен кісілер түсетін. Қазір инсульт жасарып кетті. Бүгін біздің бөлімшеге 40-30 жасар науқастар болады инсултьке шалдыққан, тіпті кейде 20 жасар науқастар да түседі. Бұның барлығы қазіргі уақыттағы әлеуметтік жағдайлардың әсерінен деп ойлаймын. Жастардың неврологиялық ауруларға жиі шалдығуы бүгінгі өмірдің ритмі, стресс, жоқшылық, қалай күн көрсем деп жүрген уайымның салдары десек болады. Сонымен қатар неврология бөліміне авария салдарынан пайда болған нерв жуйесінің ауруларымен жатады. Біздің бөлімінің жұмысы өте қиын. Өзіңіз ойлап қараңыз, кеше ғана дені сап-сау жүрген адам бір күннің ішінде аяқ қолы істемей сал болып қалады. Инсульт тіптен жасарып барады.

-Медбике жұмысы, әсіресе, неврология бөлімі медбикесі жұмысы тіптен қиын. Шыдайтын да, шыдамайтын да бар. Неврологиялық науқастың медбикесі қандай болу керек?

-Әртүрлі медбикелер болады. Кейбіреулері істегісі келмейді, жиеркенеді. Медбике болғаннан кейін жиеркенбеу керек. Жақсы медбике болу үшін көп нәрсе керек, бірақ ең бастысы –мейірімділік. Ал сен науқасқа діңк-зірк етіп дауыс көтерсең, қабағыңды түйіп алсаң, бұл салада ұзаққа бармайсың. Неврологиялық науқастардың әр қайсының жағдайына, көңіл-күйіне, қас- қабағына қарайсың. Неврологиялық аурулар мен психикалық аурулар жақын болғандықтан, кейбір науқастар қозып кейде тіпті ұрып та жібереді. Кеше сап-сау жүгіріп жүрген адам бүгін сал болып ауруханаға түседі. Ауырған адамның психикасы былай-ақ бұзылған, миында «ертең не болам, жазылам ба» деген сан түрлі ойлар болады. Сол науқастың көңіл көтеріп, жылы сөз айтсаң көңілі ауланып, ондай адамдарға ем де жақсы қонады. Инсультқа шалдығып, сал болып түскен науқастар сөйлей алмайды, сен оның қалауын көзінен-ақ біліп тұруың керек. Науқас су сұрап тұр ма, тұрғыз, жатқыз деп тұр ма? Оның ойын оқып, түсініп тұру міндетіміз. Бұл уақыт өте, тәжірибемен жинақталады. Жаңадан келген жас медбикелер бұны түсінбейді, олар жалпы медбике болуды оқиды. Ал хирургияда медбике басқа, неврологияда басқа, урологияда басқа. Біздің бөлімшеде науқастардың психологиялық күйіне көбірек үңілу керек.

-Жаңадан келген медбикелерге соның барлығын қалай үйретесіздер?

-Тәжірибе күнделікті жұмыспен келеді. Медбике қанша жерден бәрін дұрыс жасаса да, науқас бәрі бір айғайлап, көңілі толмайтын жағдайлар болады. Сол кезде жас медбикелерге айтатынымыз, науқасты түсіну. Жаны қиналып тұрған адамға сен одан әрі зіркілдеп ұрысып тұрмайсың. Үндемей, оны түсініп, одан әрі мейірімді болып, одан әрі көмек көрсетіп, науқас ертең жазылып, өзі саған рахметін айтады. Сабырлы бол, мейірімді бол деп түсіндіреміз.

-Емделіп, өз аяғына тұрып кетіп, сіздерге рахмет айтатындар бар. Ал сонымен қатар сіздерге шағымданатын адамдар болады ма?

-Ондайлар да бар, бірақ өте аз.Негізінен рахметін айтатындар көп. Біздің бөлімшеде емделетін науқастардың бәрі сол бұрынғы адамдар. Инсульт болғаннан кейін бұл ауру оңай жазылмайды. Науқастардың барлығы қайтып келеді, қайта емдеу курсын алады. Кейбіреуі туысыңдай болып кетеді. «Майра, сен әлі жүрсің ба?» дейтіндер де бар. Мен жұмысқа 1980 жылы келгенде 39 жасында инсультпен түскен науқасты бір айдай қарап күткенмін, сол кісі бірінші пациентім бүгін де бар. Қазір 70- тен асқан ақсақал болды.

-Сіздердің жұмысыңыз ауыр, күнделікті стресс. Сол стресспен сіз өзіңіз қалай күресесіз? Басқа да өзіңіздің жас әріптестеріңзге қызмет қиындығымен күресуге қандай кеңес бересіз?

-Бірінші кезекте –үй мен жұмысты араластырмау керек. Үй ішіңде де қиындықтар болады, жұмысқа келгенде үйдегіні ұмытып, тек жұмыспен айналасуға тиіспіз. Жұмыс біткеннен кейін, ауруханада болған жайт ауруханада қалады. Үйде үйді ойлап, жұмыста жұмыс. Екеуін ешқашан қосуға болмайды. Қыздарға айтатын ең бірінші сөзім осы. Сенің үйде балаң ауырып жатыр ма, басқа да жағдай бар ма? Көңіл-күйің жоқ па, ол науқасқа мүлдем қажет емес. Ақыры медицинаға келгеннен кейін шыдау керек.

-Неврология бөлімінде 55 төсектік орын бар, сол 55 орынға Алматы облысы бойынша науқастар келеді. Осыншама көп науқасты емдеу өте қиын. Нейроинсультті бөлім ашады деп уәде берілгелі көп уақыт болды. Бірақ жағдай сол қалпы.

-Нейроинсультті бөлім ашылады деп күтіп жүрміз. Біздің неврология бөлімінің меңгерушісінің еңбегі зор. Сол нейроинсультті бөлім ашылса екен деп қанша жүгіріп, қанша тер төкті. Дәрігерлердің барлығы да оқуын оқып келіп дайын тұр. Медбикелерді нейроинсультті бөлім жұмысына арналған методика беріліп, дайындалды. Мамандар тарапынан барлығы дайын. Тек сол бөлімді ашса болғаны. Науқастарға да жақсы болады. Біздің бөлімде науқастар симай кететін жағдайлар болады.

-Еңбек жолын 33 жыл бұрын жаңа бастаған жас қызда қандай мақсат- арман болды? Сол арман, сол мақсаттар орындалды ма?

-Мен медицинаға адамға көмектесемін деп келдім. Енді күнделікті жұмыста сол мақсатты орындап, арманыма жеттім деп ойлаймын.

-Кез-келген адамда өткен өмірін саралай бір өкінетін кездері болады. Сізде қандай өкініш бар?

-Кейде неге мен оқуды әрі қарай жалғастырып, дәрігер болмадым деген өкініш бар. Бірден жұмыс істеп кеттім, одан кейін отбасы құрып, балалы болдық. Уақыт тапшы болды. Бірақ, сонда да оқуды жалғастыру керек еді деген өкініш болады. Бірақ, бүгінгі өміріме, жұмысыма еш өкінбеймін.

Тәжірибеңізде кездескен есіңізден кетпейтін жағдайлар туралы баяндап беруін сұрағанда біздің кейіпкер ондай оқиғалар көп болды деп жауап қайтарды.

-Мен алғаш жұмыс бастаған кезде бөлімшеге инсультпен екі науқас түсті. Екеуі де бір диагнозбен, жасы да бірдей болды. Өкінішке орай бір науқас өліп кетті. Сол науқас өлгенде оның әйелімен бірге мен де еңіреп жылап тұрдым. Сол кездегі аға медбике Анна Сергеевна Перевалова шақырып алып ұрысты. Бұлай жылай берсең, сен көпке жетпейсің, бұл –өмір, өмірде осылай болады деді. Есімді жиып, әріқарай жұмысқа кірістім. Анна Сергеевнаның маған үйреткені, айтқаны көп көмек тигізді. Ол өте қатал және қатты талап қоятын. Содан жас медбике мені тәжірибелі жасы үлкен медбикелермен «сменаға» қоятын. Сол кісілердің үйреткені мол, айтқан ақылы көп көмектесті. Неврология бөлімінде халі нашар науқастар көп болады. Сөйлей алмайтын, жүре алмайтын науқастар түседі. Оларға күтім жасайсың, қарайсың, үнемі жанында боласың. Сол науқас тәуір болып, жазылып көзі мөлдіреп саған рахметін айтып тұрғанды ұмытпайсың, қуанасың

Автор:
Әңгімелескен Мәдина ОМАРҚҰЛОВА