Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕНИНГИТ ҚАУІПТІ АУРУ!


17 ноября 2013, 07:27 | 2 883 просмотра


Естеріңіздеме, бала күнімізден ата – аналарымыз «бас киіміңді ки, салқын тиеді, менингитпен ауырасың» деп жиі айтатын. Әрине біз менингиттің қаншалықты қауіпті екенін елеместен, немқұрайлылықпен қарайтынбыз. Бізге жеткізгендей менингит соншалықты қауіпті ме – талқылап көрейік.

Сырқаттанушылықтың бірнеше түрлері бар: менингиттер – серозды және іріңді, қоздырғыштары бойынша- этиологиясы вирусты және бактериалды (сырқаттанушылықтың қоздырғышы вирус және бактерия болғанда) болып бөлінеді, менингококкты жұқпа - Neisseria meningitidis бактериясымен шақырылады. Жұқпа көзі адам. Науқастар мен бактериотасымалдаушылардан қоздырғыш мұрынжұтқыншағы арқылы беріледі. Жұқпа науқаспен ұзақ және тығыз қарым – қатынаста болғанда жұғады.

Менингит– бұл жұқпалы сырқаттанушылық, жұлын және бас миының қабынуы. Сырқаттану кезінде бас миының жасушалары зақымданбайды, қабыну процесі сырттан дамиды. Сырқаттанушылық сирек кездеседі, бірақ өте ауыр өтеді.

Инкубациялық кезең 2 - 10 күн аралығында созылады. Дене қызуы 39-40 °C дейін көтеріліп, қалтырау белгісімен ауру жіті басталады. Балалар басының қатты ауыруына шағымданады, жиі құсады. Арқа және омыртқа тұстарында ауырсыну белгілері болуы мүмкін. Бас кезінде науқастың ақыл-есі сақталады, бірақ кейіннен бұлыңғыр болуы мүмкін немесе мүлдем естен танады. Бұл сырқаттың маңыздысы ауырғаннан кейін 1-ші күннен пайда болатын құрысу белгісі болып табылады. Науқаста сандырақтаубайқалады.Баланың жатысына тән қалып болады: қырынан тізе және жамбас буындары бүгіліп жатады, басы шалқайған, аяғы ішіне жиналған. Әр-бір тітіркенгішке сезімталдығы жоғарылайды. Баланың беті бозарып, аянышты түр пайда болады, сирек жағдайда балалардың іші өтеді. Тілі құрғап, ақ дақтар пайда болады. Көздің қыли болуы, мұрын мен ерін қатпарының тартылуыбас миының зақымдалғанына дәлел болады.

Менингитпен әр-түрлі жастағы адамдар ауырады. Көбінесе сырқаттану жас ерекшелігіне емес, адам ағзасына байланысты. Мысалы, шала туылған балаларға (олар өте әлсіз болғандықтан) менингит өте қауіпті. Сонымен қатар жиі ауыратын, орталық жүйке жүйесі зақымданғандар, басының немесе арқасының травмасы бар адамдар. Жалпы сырқаттануға әсер ететін факторлардың қатары көп.

Жас ерекшеліктеріне қарамастан науқастарды ауруханада емдейді. Арнайы, кешенді - антибиотик, вирусқа қарсы дәрілік заттардан тұратын ем жүргізіледі. Ауыр жағдайда реанимациялық ем шаралар жүргізілуі мүмкін. Менингит толық жазылады. Емнің нәтижелілігі ауруханаға уақытылы жатумен және емнің тағайындалуына байланысты.

Менингококкты жұқпаға қарсы арнайы иммундау Сауд Арабия патшалығына Қажылық салтын жасауға баратындарға эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Бірақ өкінішке орай менингиттің барлық түрлеріне қарсы иммундау жоқ. Менингиттердің алдын алу бұл –дәрумендерді қолдану және жеке бас тазалығын сақтау. Ең бастысы аурудың белгілеріне уақытылы көңіл аударып, дәрігерді шақырту.

Автор:
Е. СЫДЫМАНОВ ҚР ДСМ-ң МСЭҚК Алматы облысы бойынша департамент басшысы М. КӨБЕЙСІНОВА Эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы