Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Тариф бойынша емделу табысты бола ма?


28 января 2010, 23:09 | 2 349 просмотров



Денсаулық сақтау саласына 2010 жылмен бірге келген реформадан осы саланың тізгінін ұстаған шенеуніктердің де, қарапайым халықтың да үміті көп. Дегенмен көкейде түрлі күдіктің қылтиятыны тағы бар. Кей мамандар «біз бұл жүйеге еш дайындықсыз келдік» десе де, республика бойынша бірегей жүйе өз жұмысын бастап кетті.

Денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында енгізіліп жатқан бірегей жүйенің негізгі жаңалығы - азаматтардың емхана мен дәрігер таңдау құқығына ие болу, кепілдендірілген ақысыз медициналық қызметті мемлекеттік мекемелермен бірге жеке клиникаларда алу мүмкіндігімен қатар, «тариф» бойынша ем алу болып табылады. Кепілдендірілген ақысыз қызметті жеке клиникадан алу үшін мекеменің арнайы лицензиясы болып, мемлекеттік аккредитациядан өтуі қажет. Бүгінде біздің қоғамда жеке клиникалардың қызметі ақылы болғанымен, қызмет көрсету сапасы жоғары деген пікір қалыптасқаны белгілі. Расында да, жеке клиникалар бәсекеге төтеп беру үшін қызмет көрсету сапасын арттыруға күш салатыны анық.

Ендігі жерде бірегей жүйенің арқасында кепілді ақысыз медициналық қызметті жеке клиникалардан алу мүмкіндігі туындады. Жеке клиникалар аккредитациядан өткен кезде, емдеу мекемесінде қажетті кадрлардың болуы, мамандардың кәсіби біліктілігі, клиниканың техникалық базасының мемлекеттік стандарт-

тарға сай болуына мән беріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, өткен жылы коммуналдық-қазынашылық емдеу мекемелерінің 95 пайызы аккредитациядан өткен. Солардың қатарында жекеменшік клиникалардан Алматы қаласында орналас-

қан «ХАҚ» медициналық орталығы, «Жан» клиникасы, «Сау жәрдем» ЖШС, «Қазақстан» санаторийлері ғана бар. Ал қалғандары әзіргесырттай бақылай тұрғанды жөн көрсе керек. Олардың бірегей жүйеге қатысуға самарқаулық танытуы денсаулық сақтау саласында бәсекелестікті қалыптастыруға кедергі болып отырғаны анық.

Ал Республика бойынша мемлекеттік аккредитациядан өткен емдеу мекемелерінің тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жарияланған. Бірегей жүйенің тағы бір ерекшелігі - тегін кепілдендірілген медициналық қызметтерге «тариф» белгілеу. Бұл шара тегін медициналық көмектің жан басына шаққандағы көрсеткішін бір жүйеге келтіру үшін қолға алынған. Өйткені құзырлы мекеменің қызметкерлері бір ауруды емдеуге елдің әр аймағында әртүрлі қаржы жұмсалатынын анықтаған. Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің қатарына кіретін 2051 медико-экономикалық тариф қабылданыпты. Яғни белгілі бір ауру түрі бойынша бөлінетін қаржы бүкіл республика аумағындағы барлық емдеу мекемелеріне бірдей болмақ. Медициналық қызмет төлемдері жөніндегі арнайы комитет белгілеген тарифтерді сырқаттың ауырлық деңгейіне байланысты саралапты. Ал емханалар мен ауруханалар тегін емнің мемлекет бөлген қаржы көлеміндегі ғана қызметін көрсете алады. Егер көрсетілген қызмет нәтижелі болып, адамдар ауруынан айығып жатса, қазына қоржынынан қарастырылатын қаржы көбейе түспек.

Егер ем еш нәтижесіз немесе сапасыз көрсетілетін болса, белгіленген тариф бойынша қаржы басқа мекеменің есепшотына түседі. Сондықтан емдеу мекемелері қаражаттан қағылмас үшін санға емес, сапаға назар аударады. Бірақ «тиын санап» қалатын дәрігерлер әр дәке мен дәріге есеп бермек. Егер ем белгіленген «тарифтен» асып кетсе, қалай болмақ?

Автор:
Үмітжан ЖАПАР