Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАҚЫТТЫ ӨМІР ЕҢБЕК ЕТКЕНДІКІ


10 ноября 2013, 07:23 | 1 480 просмотров



Дәрігер - адам жанының зерттеушісі. Білікті, еліне пайдалы дәрігер болу үшін осы саланы таңдаған жанның бойында бірнеше қасиеттердің болуы заңдылық. Ол аса жауапкершілікті, ұқыптылықты, шыдамдылықты талап ететін мамандық. Осыған қарай бұл мамандықтың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары да баршылық. Мемлекетіміздің басты байлығы – адам десек, осы құндылықтарды қорғау жолында ізденіп жатқан ақ халатты жандардың еңбегі, зор құрметке ие.

«Жас келсе –іске» -деген атадан қалған таным аясы кең, түсінігі ауқымды тәмсіл бар. Бүгінгі ақпараттық технология қарқынды дамып жатқан ғасырда жаһандану талабынан шыға білетін, жаңашылдық рухта, қызмет ететін саласын дөңгелетіп әкететін жас мамандар дамушы Қазақстан мемлекеті үшін ауадай қажет. Тәуелсіздік таңы сендер, білемін,

Болашаққа бар білімін берерін.

Барыс текті жастар ғана келешек,

Жалындатып биік шыңда жүретін.

Міне, осындай болашағынан зор үміт күттіретін, «Дәрігер болсам» деген бала қиялына қанат бітіріп, соған жету жолында қайсарлық танытқан жас маманның бірі - Айнұр Нұрланқызы.

Тулегенова Айнұр Нұрланқызы 10 наурыз күні 1987 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. Мектепті тамамдаған соң Астана қаласындағы Медициналық университетінде 2005-2011 жылдары «Медика-профилактика » факультетінде білім алады. Әкесі жедел жәрдемде фельдшер, анасы кардиолог маманы болып қызмет еткен. Дәрігерлер отбасында дүниеге келіп, бала күнінен ата-ана жолын жалғастыруды мақсат тұтқан қызға медицина саласында оқу еш қиындық тудырмады. Жары Даулетбаев Жасұлан Қайратұлымен сол студенттік жылдардың алғашқы күні танысады. Бүгінде жас дәрігерлер отбасы Талдықорған қаласындағы Облыстық ауруханада бірі- уролог маманы, енді бірі эпидемиолог –дәрігері болып қызмет атқарып келеді. Нариман атты бүлдіршінді дүниеге әкеліп, жұрт қатарлы ғұмыр кешуде.

- Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуда 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының бір бағыты санитарлық –эпидемологиялық саланы жетілдіруге арналған. Осы төңіректе бүгін қаншалықты істер атқарылды. Қандай жаңашылдық енгізілді?

- Қазақстанның медицинасы қазір өрлеу жолында. Сол мақсатта еуропалық стандарттан алынған бірнеше жаңаша технологиялар да қолданысқа еніп үлгерді. Заман талабына сай, құрал –жабдықтармен, санитарлық-гигиеналық, радиологиялық, микробиологиялық, паразитологиялық зерттеулер мен сараптаулар жүргізу бүгінгі медицинаның талабы. Сол орайда атқарылып жатқан істер аз емес. Біздің облыстық аурухана да қажетінше заманауи аппараттармен, қондырғылармен жабдықталу үстінде. Медицина мамандары да осы заманауи техникамен жұмыс істеу үшін, бүгінгі күн талабына сәйкес біліктіліктерін арттыру жолында, деңгейлі оқыту курстарына барып келуде.

Біз өмір сүріп жатқан 21 ғасырда әр түрлі қауіпті вирустардың туындап, жұқпалы аурулардың тарап кету қаупі басым тұрған кезең. Вирустар гентикалық тұрғыда үнемі өзгеріске ұшырауға бейім келеді. Өзгеріске ұшырауына қарай жаңаша қасиеттер пайда болып, өзінше әрекет етеді. Сондықтан эпидемиология саласының басты міндеттерінің бірі- осы вирустардың алдын алу , ары қарай өршіп кетпеуі жолында сынамалар жасап, эпидемологиялық зерттеулер, сараптамалар жүргізу.

-Бүгінгі таңда халық арасында қандай жұқпалы, паразиттік аурулар кеңінен таралған?

-Жұқпалы аурулардың адамдарда кеңінен таралғаны жасырын емес. Бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасына жүгінсек, жер бетінде тұрғындардың жартсынан көп бөлігі паразитарлық дертке шалдыққан. Еліміз бойынша жыл сайын 10 мыңнан астам паразиттік аурулардың 93 пайызға жуығы гельминт жұқпасын жұқтырғандар болуда. Солардың ішінде энтеробиоз, гименолепидоз, аскаридоз, эхинококкоз, тенидоз, тениаринхоз, лямблиоз сынды аурулар тіркеледі. Бүгінде біздің аймақта ең қатты өршіп жұрған инфекциялық ауруға пневмания,тұмау, ЖРВИ-ді жатқызуға болады. Терапия бөлімшесіне пневманияның асқынған түрімен науқастар келіп түсіп жатады. Лорға челуха, артитпен көбіне балалар келуде. Бізде негізінен маусымға қарамайды облыстық болған соң аудан, ауылдардан науқастар үзіліссіз келуде.

- Елімізде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қажетінше жүзеге асуда.Осы бағдарлама аясында құрылған жоспарлы түрде емдеуге жатқызу бюросы қызметін бастап та кетті.Бұл жаңашыл технология қарапайым халыққа қаншалықты ыңғайлы?

- Менің ойымша, бұл Порталмен емдеуге жатқызу бағдарламасы халық арасында әлі дұрыс қолданысқа ене алған жоқ. Себебі, жұртшылық мұндай жаңалыққа әлі дайын емес, жаппай барлық адамдардың деңгейі бұған жете бермейді. Мысалы, қабылдау бөлімшесіне барып отырсаңыз, бір науқасты порталға тіркеу үшін кем дегенде жарты сағат уақыт кетеді. Науқастың ауруының тарихын егжей-тегежейлі толтырып, интернет жүйесінде енгізу біраз уақытты талап етеді. Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек етіп келе жатқан аға буын дәрігерлер интернетпен жұмыс істеуге толығымен дағдылана қойған жоқ. Ал, негізіне келер болсақ, жаңаша бағдарлама Қазақстан медицинасына қажет. Айтарым, жаңаша бағдарламаны халық арасында қолданысқа енгізерде, медицина қызметкерлерін де арнайы деңгейлеп оқытудан өткізіп алып, біліктіліктерін көтеріп алып , енгізсе дұрыс болар еді.

-Жас маман көзімен саралап қарағанда өзіңіз еңбек етіп жатқан облыстық ауруханада қолға алатын, қажетсінетін қандай әттеген-айлар бар? Болашақ еншісіне арттар жоспарларыңыз қандай?

- Бұл аруханада (ЦСО) Зарарсыздандыру бөлімше орталығы жоқ. Еуропалық стандартпен жабдықталған «стерильді бөлімше орталығы» осы ауруханада болса деп, соның болашақта ашылуы жолында ізденіп жатырмын. Бүгінде бүкіл Еуропалық аурухана, емханалар осымен жұмыс жасайды. Медициналық барлық құрал-жабдықтарды зарарсызданыратын бөлімше бізге ауадай қажет. Мысалы, бізде жарақатты таңу бөлмесін алар болсақ, науқастың жарақатын таңып болған соң, қолданған құрал-жабдықтарды әрбір таңу бөлмесінің мед бикелері өз бөлмесінде дизенфекциялайды, жуады. Содан кейін ғана емхананың астынғы қабатында орналасқан жалпы автоклабқа өткізеді. Ал, егер Зарарсыздандыру бөлімі құрылса, оның ішінде тек сонымен ғана айналысатын мамандар жұмыс істер еді. Барлық бөлімшелер медициналық құралдарын зарарсыздандыру орталығына өткізер еді. Облыстық аурухана Алматы қаласынан басқа, барлық облыс аймақтарын түгелдей қамтиды. Тіпті, кейде Алматы қаласынан да жанына ем іздеген науқастар келіп, медициналық көмек алып жатады. Бұл ауруханада көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан білікті мамандар көп. Сол дәрігерлерді арнайы іздеп келіп, ем қабылдайтын жандарда аз емес. Осы орайда, облыстық аурухананың өзіндік зарарсыздандыру орталығы болғаны өте қажет деп ойлаймын.

Міне, менің дәл қазіргі басшылыққа жасап отырған ұсынысым осындай. Бұл келесі жылдан қалмай жоспарға енсе нұр үстіне нұр болар еді.

Айнұр Нұрланқызы жайлы әріптестерінің пікірі де көңіл қуантады. Қызмет атқарып жүргеніне аз ғана уақыт өтсе де, жас маманның аяқ алысы ұжымының көңілінен шығып үлгерген.

- «Айнұр Нұрланқызы ең алғашқы еңбек жолын осы ауруханадан бастап отыр. Қызмет еткеніне көп уақыт өтпесе де, осы қысқа мерзімнің ішінде ол өзінің нағыз білікті, қажетті маман екенін көрсетіп келе жатыр. Жас болса да, түйгені көп, жұмысына өте тыңғылықты. Жоғары оқу орнын тамамдаған әрбір жас маман осы Айнұр Нұрланқызы сияқты біліммен, ізденіспен келсе, дәрігерлердің бәрі биік деңгейде тәжірбие көрсететіп, Қазақстанның медицинасының болашағы зор болады деп ойлаймын.

Айнұр Тулегенованың түсінігі, адамгершілік қасиеттері өте жоғары. Біздің салада Айнұр сынды тәрбиелі, мейірімді жандар сирек кездеседі. Елгезектігі мен жанының шуақтығы кімді болса да баурап алатыны рас» деп аға медбике Нұрғалиева Рая Сейтжапарқызы оң пікірімен кейіпкеріміздің адемгершілік қырларын аша түсті.

Бақытты өмір –еңбек еткендікі. Қызметі мен өмірлік жарын, отбасылық бақытын медицина саласынан тапқан Айнұр Нұрланқызы өзін «нағыз бақытты жанмын»- деп айта аламын дейді. Иә, бүгінгі кейіпкеріміздің өмірден өз орнын адаспай тауып, өзін де өзгені де мейірім мен шаттық нұрына бөлей алатыны бал-бұл жанған, үнемі риясыз күлімдеп тұратын шуақты көздерінен көрініп тұрды.

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз