Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

5 мың жүрекке жәрдем керек


28 января 2010, 23:09 | 2 147 просмотров



Қазақстанда туа бітті жүрек ақауы ауруы бала өлімінің негізгі себептерінің біріне айналып барады. Елімізде жылына 3000-нан аса сәби жүрек ақауымен дүниеге келсе, соның 10-15 пайызы ғана 1 жасқа дейін өмір сүреді.

Туа бітті жүрек ақауына дер кезінде операция жасалса, науқас құлан-таза айығып кете алады. Осы уақытқа дейін отандық дәрігерлер баланың салмағы 10 келіден асқанда ғана ота жасай алатын еді. Бірақ көптеген сәбилер осы салмаққа жететін 3 жасқа толмастан шетінеп кетіп жатады. Мамандардың дерегіне сүйенсек, қазіргі кезде Қазақстан бойынша 5 мыңнан аса сәбидің жүрегіне жедел операция жасау қажет. Соның ішінде 1 жасқа жетпеген туа бітті жүрек ақауы бар науқасқа операция жасалатын болса, оның нәтижесі уақыт өткізіп барып жасаған отадан сәттірек болады. Ал еліміздің Алматы мен Астана, Қарағанды қалаларындағы кардиохирургиялық орталықтары осыншама балаға көмек көрсетіп үлгере алмай жатыр. Өйткені бұл емдеу мекемелерінде қажетті құрал-жабдықтар мен білікті мамандар тапшы. Бұған дейін еліміздегі ешбір орталықта туа бітті жүрек ақауы бар, салмағы 12 келіге толмаған бірде-бір сәбиге операция жасалмаған.

Дәрігерлер ендігі жерде көптеген емделушінің өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік туып тұрғанын айтады. Өйткені «ДОМ» қоғамдық қоры, «Дара», «Аяла» қайырымдылық қорлары және бизнес өкілдері бірлесе отырып, А.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығының кардиохирургия бөлімшесіне заманауи құрал-жабдықтар сатып алыпты. Бұл құралдар ақ халаттыларға бала салмағының толысуын күтпей-ақ, 5 келі салмақ жинағаннан кейін-ақ ота жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ орталық дәрігерлері Италияның Бергамо қаласындағы кардиоорталық емханасында тәжірибеден өтіп, біліктілігін көтеріп қайтқан. Биыл Денсаулық сақтау министрлігінің осы мақсатта бөлген квотасы негізінде 450 операция жасалынбақ.

- Бұл бүгінгі күні Қазақстан үшін өте өзекті мәселеге айналып отыр. Туа бітті жүрек ақауын емдеудің жалғыз жолы - хирургиялық ота жасау. Бұл ауруды сәби дүниеге келген алғашқы күннен емдемесе болмайды. Былтыр кардиохирургияны дамытуға бағытталған бағдарламаның аяқталғаны белгілі. Соның арқасында балалардың мәселесіне енді көңіл бөліне бастады, - дейді А.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығы кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Арыстан Сейдалин.

Туа бітті жүрек ақауы - ата-аналар мен дәрігерлердің ғана проблемасы емес. Сондықтан оған қоғамның назарын аударып, мемлекеттік қолдау болуы керек. Саусақпен санарлық ауруханаларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, мамандардың жұмыс істеуіне жағдай жасалса, тумай жатып көз жұматын сәбилердің санын азайтар едік. Өйткені заманауи медицинаның технологиясы мен техникасының арқасында бұған қол жеткізуге болады. Әр облыстарда кардиохирургия клиникаларын ашып қойса да артықтық етпейді. Өйткені кардиохирургиялық бөлімшеге күніне 30-ға жуық пациент келсе, соның кем дегенде 60 пайызы ота жасауды талап етеді. Ал еліміздегі клиникалар бұл қажеттіліктің 20 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. Сондай-ақ тек хирургтардың ғана емес, терапевттердің, учаскелік дәрігерлердің, акушер-гинекологтардың да біліктілігін арттырып, балалар емханаларымен тығыз байланыс орнатқан тиімді.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР