Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕДИЦИНАНЫҢ «КӨЗІ, ҚҰЛАҒЫ ҺӘМ ТІЛІ» БОЛА АЛАМЫЗ БА?


10 ноября 2013, 13:21 | 1 303 просмотра



«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды...» - деп Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газетінің алғашқы санында жазып, қазақ қоғамына газеттің қаншалықты керек екендігін білдірген еді. Бұл 1913 жылы болған. Содан 100 жыл өтті. Қазіргі уақытта қоғам өміріне ақпарат құралдарының маңызын барлығы біледі. Бүгін Қазақстанда 3 мыңнан астам газет-журналдар тіркелген. Әр газет-журналдың өзінің оқырманы, және оқырман алдындағы міндеті, мақсаты бар. «Жәрдем» газеті – Республикалық қоғамдық-медициналық басылым, оның мақсаты қоғамдағы маңызды мәселелер мен денсаулық сақтау саласындағы негізгі ақпаратпен оқырманды хабардар ету. Сондай-ақ, еліміздегі денсаулық сақтау саласының жұмысын қадағалап, дәрігер қызметінің мәртебесін көтеру. «Жәрдем» газетінің жұмыс істеп келе жатқанына 8 жыл болды.

Сол 8 жыл ішінде қандай өзгерістер орын алды, газет жұмысы қаншалықты сапалы, болашақта қандай өзгерістер қажет? Осы және басқа да сұрақтарға жауап алу үшін оқырмандар арасынан сауалнама жүргізіп көрдік. Газетті оқитын да, сынайтын да оқырмандар болғандықтан – бірінші кезекте солардың пікірін, ойын білген жөн. Содан кейін барып оқырман сұранысына қарай ұсыныс берген абзал.

Сауалнама жүргізу барысында ең алдымен Талдықорған қаласы Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханасына жол тарттық. Бұл мекеменің бас дәрігері Мұрат Көмекұлы медицина саласында қандай тақырыптарға қалам тартуға болатыны жайлы ой бөлісіп, салалық басылымдардың бүгінгі ақпараттық заманда өте қажет екеніне ерекше тоқталды.

Мұрат Көмекұлы Рахметов, Талдықорған қаласы Алматы облыстық көп салалы ауруханасының бас дәрігері: -« Газет –халықтың көзі және тілі дейді. «Жәрдем» - біздің медицина саласының көзі, әрі тілі болып отыр. «Жәрдем» -сөзінің өзі «көмек» деген сөздің баламасы. Медицина саласы –ең бір қиын салалардың бірі, медицинада дәрігерлерден халық әрдайым көмекті, жәрдемді қажет етеді. Ал дәрігерлердің өзі үшін –«Жәрдемнің» көп көмегі бар. Денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар, медицинадағы өзгерістер мен әлем медицинасы жайлы ақпараттар дәрігерлер қауымы үшін өте қажет деп ойлаймын. Тек медицина жайлы емес, тарих тұңғиығынан сыр шертіп, қоғамдағы маңызды жағдайларды хабар ететін басылым. Дәл бүгінгі күні, медицина саласын жан-жақты саралап, айтып, жазатын, дәрігерлердің еңбегін насихаттайтын ақпарат құралдары қажет».

«Жәрдем» газетінен негізінен қандай ақпарат оқисыз?

Рая Сейтжапарқызы Нұрғалиева, Алматы облыстық ауруханасының аға медбикесі: «Біздің аурухана қызметкерлерінің 80% «Жәрдем» газетінің оқырманы. Газеттен медициналық қызметкерлер үшін алатын, оқитын дүние көп. Әсіресе, медицинадағы жаңалықтар, жаңа технологиялар жайлы мәліметтер. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы жаңадан шыққан қаулы, бұйрықтарды, яғни ресми ақпаратты газеттен біліп отырамыз. Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысынан үнемі хабардар болып отырамыз».

«Алдағы уақытта газеттен қандай мақалалар оқығыңыз келеді?» деген сұраққа біз сауал жүргізген дәрігерлер түрлі жауап қатты. Ал Рая Сейтжапарқызы газет бетінде қазақ тіліндегі материалдар көбірек болса екен деген тілегін білдірді.

«Түрлі аурулар жайлы материалдар қазақ тілінде көбірек болса екен. Себебі, қазір барлығы қазақшаланып келеді ғой. Жас мамандар да қазір қазақша оқыған. Медицина тілі –қиын тіл. Сол медицина тілі қазақ тілінде сапалы сөйлесе жақсы болар еді».

Туберкулез өте қауіпті ауру екені баршамызға белгілі. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын әлемде 8,8 миллион адам туберкулезбен аурады. Туберкулезге шалдыққандардың 75% 20 - 40 жастағы адамдарды кұрайды. Жыл сайын бұл аурудан 2 миллион адам қайтыс болады. Дүниежүзінде әр секундта 1 адам туберкулез жұктырып, жұқтырғандардың тек 5 -10%-ында ғaнa ауру дамуы мүмкін екен. Елімізде туберкулезге қарсы шаралар күнделікті жүргізіледі. Туберкулезге қарсы диспансерлер жұмысы жыл он екі айда тоқтамайды. Алматы облыстық туберкулезге қарсы диспансерде қызмет ететін оқырмандарымыз осыған дәлел. Жұмысының көп болғандығынан диспансер қызметкерлері біздің сауалдарымызға толық жауап бере алмаса да, «Жәрдемнің» негізгі ерекшелігіне тоқталып өтті.

Шолпан Өмірзаққызы Байжуманова, Облыстық туберкулезге қарсы диспансері бөлім меңгерушісі: «Жәрдем» газетін алып, үнемі оқып тұрамыз. Біз жазылатын газеттерден «подшивка» жасап тігіп қоямыз. Медицина қызметкерлері үшін аттестациядан өтетін кезеңдер болады. Өзінің біліктілігін, санатын көтеру немесе дәлелдеу үшін әр 5 жыл сайын аттестациядан өтеді. Ол үшін біздің материалдармыз газет беттерінде жарыққа шығу керек. Басқа газеттерде аттестациялық материалды басып шығару қиынға соғады. Ал «Жәрдем» газеті аттестациялық материалдарды басуға өте қолайлы болып отыр. Сондықтан бірінші кезекте бұл мыңдаған дәрігерлер үшін берілген көмек деп айтар едім. Енді газеттің бүгіні мен кешегісін айтатын болсақ, жылдан-жылға газет қызықтырақ болып келеді. Оқитын материалдар да көбейіп, сапасы жақсарыпты. Дәрігерлердің көп жағдайда газет оқуға уақыты болмайды, бірақ салалық басылымды үнемі оқуға тырысамыз. Себебі, ол біздің жұмысқа керек».

Медициналық көмек беруде алғашқы көмек ерекше рөл атқарады. Сондықтан келесі кезекте Талдықорған қаласының Жедел жәрдем станциясына бардық. Бұл медициналық мекемедегі оқырмандарымыздың жұмысы көп болғаны соншалықты бізбен ұзақ уақыт тілдесуге де уақыттары жоқ еді. Сонда да сұрағымызды жауапсыз қалдырмады.

Гулнар Бакирқызы Абаева, ауысым аға дәрігері: «Бүгінгі заманда өзіңді қызықтыратын нәрсе туралы ақпаратты интернеттен алуға болады. Сондықтан газетте еш жерден алып оқи алмайтын мәліметтер берілсе өте қызық болар еді. Мысалға дәрігердің күнделікті тәжірибесінде кітапта да жазылмайтын, кинода да көрсетілмейтін түрлі жағдайлар кездеседі. Орысша айтқанда «случай из практики». Сол жағдайлар туралы газет бетінде жариялап тұрсаңыздар көпшілік дәрігер қауымға өте қызық. Стационарда болсын, емханада болсын ерекше жағдайлар орын алады. Дәрігерлер өте ауыр науқастарды емдеп шығады, кейде сол насихатталмай қалады. Тәжірибеде кездескен жағдайлар жайлы насихаттау - дәрігерлер үшін пікір алмасу, тәжірибе бөлісу құралы болады».

Дәрігер маман үшін тәжірибе алмасу құралы, пікір бөлісу алаңының болғаны өте маңызды. Себебі, сан алуан мәселелер талқыға түсіп, сан түрлі ойлар айтылғанда ғана сол келелі мәселелердің шешімін табу оңайға түседі. Нәтижесінде медициналық қызмет сапасы жақсарады, жұмыс алға басады. Бұл бүгінгі дәрігерлер қауамдастығын толғандыратын проблемаларды шешудің негізгі жолдары бола алады.

Облыстық онкология диспансері бас дәрігері Болат Ахметұлы Сейтқазиннің сөзіне сүйенсек, денсаулық сақтау қызметінде тек жұмыс қана емес, сол жұмысты атқаратын адамдар да маңызды. Яғни, дәрігерлердің де еңбегі ескерілуі керек.

Болат Ахметұлы Сейтқазин , Облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері: «Кез-келген салада өзіне тән ерекшеліктер мен өзгешеліктер болады. Денсаулық сақтау саласы үлкен жауапкершілікті қажет ететін сала. Себебі, адам өмірі мен денсаулығы медицина қызметкерінің қолында болады. Медицина қызметкерінің жұмысы –үлкен жауапкершілікті талап етін еңбек. Сондықтан да қарапайым дәрігерлерге көңіл бөлу, олардың қызметіне назар аудару керек. Осы бағытта «Жәрдем» газетінде «Адам және оның еңбегі», орысша «Человек и его труд» деген айдар бар. Менің ойымша, газет бетінде көп жыл еңбек еткен дәрігер мамандар, қарапайым медицина қызметкерлері жайлы жазу, олардың өмірі мен еңбегіне көңіл бөлу, халыққа оларды таныту өте дұрыс. Басқа газет-журналдар дәрігерлер туралы жазбайды емес, жазады. Бірақ көп жағдайда бас дәрігер туралы, медициналық мекеме туралы көп жазылады да, сол мекемелерде жұмыс істейтін қарапайым дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері назардан тыс қалып қояды. Еңбегінің бағаланатынын білу кез-келген адам үшін жақсы».

-Газетте еңбек жолын жаңадан бастаса да, ісіне адал әрі білімді жас мамандар жайлы «Жас маман» атты айдар бар. Осы айдарға қалай қарайсыз?

"-Бұл айдарға да оң қараймын. Көп жылдық еңбегі сіңген дәрігерлердің жұмысын насихаттау қалай маңызды болса, жас маманға көңіл бөлу де солай маңызды. Бір кездері көңіл бөлінбегендіктен жас мамандардың көбі медицинадан басқа салаларға жұмысқа кеткен еді. Сондықтан білікті жастарды даярлау, әрі олардың қызметіне баға беру ертеңге деген сенімді нығайтады. "

«Мамандықтың бәрі керек, мамандықтың бәрі жақсы». Алайда сонау ықлым заманнан бері ерекше сый құрметке ие болған мамандық иелері –ұстаз бен дәрігер екені белгілі. Бірі халыққа білім үйретіп, ұлттың болашағын даярласа; бірі адамның ең бірінші байлығы –денсаулығын сақтап, адам өмірінің арашасы болады. Сондықтанда әр заманда осы екі салаға ерекше көңіл бөлінгені құпия емес. Бүгінде білім беру мен денсаулық сақтау саласы маңызды бағыттар. Мемлекеттің даму стандарттарын анықтау кезінде бірінші кезекте халық денсаулығы ескеріледі. Денсаулығы мықты, медицинасы дамыған мемлекетті -дамыған елдер қатарына жатқызады. Медицинаның дамуы –бірнеше факторларға байланысты. Білікті мамандар, заманауи технологиялар, уақыт талабына сай құрал-жабдықтар, сонымен қатар әрине, ғылыми зерттеулер, ғылыми жаңалықтар.

Медицина саласында күнде ғылыми жаңалық, жаңа әдіс, жаңа бағыт және жаңа бастамалар. Бұл үйреншікті жағдай. Сол себептен де, біз сұраған оқырмандардың дені медицина жаңалықтары, ғылыми жаңалықтар, емдеудегі жаңа әдіс-тәсілдер туралы көбірек ақпарат беруді қалайтын болып шықты. Дүниежүзілік медицина, әлемдік денсаулық сақтау үздіктері, сонымен қатар медициналық сақтандыру, медициналық туризм бағыттары да оқырман үшін қызықты тақырыптар екені заңды дүние. «Заңды» демекші. Біздің тұрақты оқырмандарымыздың бірі Гарифа Садриевна Оспанова денсаулық сақтау саласындағы құқықтық реттеу мәселесіне назар аударуды ұсынды.

Гарифа Садриевна Оспанова, Талдықорған қалалық емханасы «Әйелдер кеңесі» бас эксперт: «Біздің жұмыста науқастардың дәрігерлерге сотқа шағымданатын жағдайлар кездеседі. Оның ішінде орынды шағымнан гөрі орынсыз шағымдар өте көп. Дәрігерлердің көбі өз ісінің білікті маманы болғанымен, құқықтық білімі жеткіліксіз . Сол себептен, медициналық қызметкерлердің де, науқастардың құқықтық сауатын ашатын мақалалар болса. Біздің қоғам дәрігердің бір кемшілігін тапса, түймедейді түйедей етеді. Көп басылымдар да мән-жайды анықтамай «дәрігер жаман, дәрігер жауыз» деп жазуға дайын-ақ тұрады. Ал дәрігердің мүддесін, әрі құқығын қорғауға ешкім асықпайды. Қазір дәрігерлер тарапынан заң , құқықтар туралы білгісі келетін сұрақтар жетерлік. Мүмкін газетте құқықтық нормаларды түсіндіретін арнайы айдар болса медицина қызметкерлеріне де, науқастардың өзіне де пайдасы тиер еді».

Қазақстанда дәрігерлердің құқығы тым көп бұзылады екен. Соңғы жылдары елімізде медицина қызметкерінің үстінен сотқа көп шағым түсіріліп, процесстер кезінде медицина қызметкерлерінің дені ақтала алмапты. Осындай оқиғалардан соң бір топ ақ халаттылар «Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау» деген ұйым құрып, әріптестерін арашалауға кіріскендігі туралы «Жәрдем» газетінің 2012 жылдың желтоқсан айында мақала жарияланған. Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау шын мәнінде де өте жауапты іс. Ақ халаттылар адам өмірін қорғайды, ал «оларды кім қорғайды?» деген орынды сұрақ туындайды. Қазіргі уақытта редакция алқасы білікті заңгерлердің көмегіне жүгініп, оқырмандардың құқықтың сауатын ашатын арнайы айдар дайындамақ. Құрметті, медицина қызметкерлері, егер сіздерде құқықтық тұрғыдан толғандыратын салаударыңыз болса, біздің редакцияға хабарласыңыз. Сіздің сұрақтарыңызға білікті заңгер мамандар жауап береді. «Жәрдем» медициналық газеті –медицинаның жоғын жоқтап, барын мақтап, дәрігерлердің мүддесі үшін қызмет жасауды, медицина қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатып, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуды көздейді. «Жәрдем» - қазақ медицинасының «көзі, құлағы һәм тілі» болмақ.

P.S. Құрметті, оқырман, ақ халатты абзал жандар! Редакция алқасы, «Жәрдем» газеті сапасы жайлы сауалнаманы жалғастырады. Сіздерді толғандыратын сұрақтар болса, газет бетінен оқығыңыз келетін тақыптар жайлы, сонымен қатар газет жұмысына сын-пікірлеріңіз болса міндетті түрде редакцияға хабарласыңыз. Газетіміздің сайтында арнайы сауалнамаға қатысып, өзіңіз оқығыңыз келетін сапалы әрі қызықты газеттін келбетін бірге жасайық! Сондай-ақ, сын-пікірлеріңізді біздің электронды поштамызға және менжайымызға хат жолдасаңыз болады. Сіздердің тілектеріңіздің барлығы ескеріледі.

Автор:
Дайындаған: Мәдина ОМАРҚҰЛОВА