Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ САЛАСЫНЫҢ ТҮЙТКІЛІ НЕДЕ?


10 ноября 2013, 13:18 | 1 088 просмотров



Қазақстан соңғы жылдары ағза ауыстыру саласын дамытуға үлкен мән беріп келеді. Осы мақсатта миллиондаған қаржы бөлініп, дәрігерлер шетелден тәжірибе жинақтап, орталықтар қымбат құрал-жабдықтармен жабдықталып жатыр.

Алайда қанша тырысқанмен, транспантология саласы бір кедергіден өте алмай келеді. Ол – донор жетіспеушілігі. Осы уақытқа дейін жасалып келген ағза ауыстыру оталарының бәрі науқастың туысқандары ерікті түрде ұсынған ағзалардың арқасында жүзеге асқан. Ал қайтыс болған жанның жүрек, бүйрек, бауыр сынды ағзасын кәдеге жаратуға берілген келісім бірлі-жарым ғана. Мәселен, қайтыс болған туысқанының азғасын алуға осы уақытқа дейін Алматыда – бір, Астанадан екі отбасы ғана ризашылығын білдіріпті. Ал дәрігерлер өмірден өткен бір адамның 5-6 жанның өмірін сақтап қалуға мүмкіндігі барлығын айтады.

Шыны керек, елімізде бүйрек ауыстырудың тарихы өткен ғасырдан басталса да, жүрек, бауыр сынды ағзаларды ауыстыру оталары енді жасала бастады. 2011 жылы алғаш рет жүрек алмастыру отасы жасалғаны есімізде. Содан бері бауыр, жүрек, ауыстыру бойынша жасалған оталардың саны оннан аспайды. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері бұл өте төмен көрсеткіш екендігін айтады. Өйткені миллион тұрғынға шаққанда 10-12 адам ағза ауыстыруға мұқтаж. Транспантологияның дамуы – отандық медицинаның даму деңгейінің индикаторы болып табылады. Өйткені бұл салада емдеудің заманауи түрлерінің бәрі қолданылады. Бұған дейін біздің дәрігерлерге Еуропа, Азия елдерінен, әсіресе, Жапония, Корея сынды мемлекеттерден мамандар келіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп кеткен. Енді түріктің белгілі «Аджибадем» клиникасының өкілдері өз білгендерімен бөлісіп жатыр. Түркиялық клиника өз елінде ағза ауыстырудан алдыңғы қатарда келеді екен. Оларды шақыртудың бір себебі осы болса, екінші жағынан, қайтыс болғаннан кейін ағза ауыстыру бойынша ауыз толтырарлықтай жетістікке жеткен.

Статистикалық деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда ел бойынша 3 мыңға жуық науқас бүйрек ауыстыруға, 1 мың адам бауырға, 800 адам «жаңа» жүрекке мұқтаж. Бүйрек пен бауырды туыстан алуға, ал, жүректі тек миы жұмысын тоқтатқан адамдардан алуға болады. «Сондықтан да қайтыс болған жандардың ағзаларын донорлыққа пайдаланудың қажеттілігін әр азамат түйсінуі керек» деп пайымдайды Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігері Данияр Тоқсанбаев.

Бірақ біз жақынымыздан айырылып, қайғы жұтып отырған шақта, кеткен жанның мәйітін тілгілеткенді қаламаймыз. Дәрігерлер донорлыққа ағза сұрай келгенде бетін қайтаратынымыз да сондықтан. Қайтыс болған адамның ағзасын донорлыққа пайдалану кенжелеп тұрғандықтан, жасалатын отаның да саны аз. Алайда дәрігерлер қаншама жан өзі өмірден өтсе де, өзгенің өмірін сақтай алатыны туралы ойлауға шақырады. Көпшілік көлденең тартатын діни сенімде тұрған түк жоқ. А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Ербол Шайхиев еліміздің бас мүфтиінің өзі қайтыс болған жандардың ағзасын алып, өзгенің өмірін сақтап қалуды қолдап отырғандығын айтады. Тіпті ағза ауыстыру мәселесіне байланысты арнайы пәтуа да шығарған.

– Кез келген дін адамзат ұрпағының жалғанғанын қалайды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен кездескенімізде, ол осы бағытты дамытуға қолдауын білдірді. Кейде ешқандай негізсіз қарсылыққа кезігіп жатамыз. Көп жағдайда елдің бәрі дінді көлденең тартады, бірақ бұған еш негіз жоқ» деп пайымдайды Ербол Оқасұлы. Сондықтан алдағы уақытта еліміздің барлық мешіттерінде осы мәселені жан-жақты, байыпты түсіндіретін уағыздар жүргізілетін болады.

Ал бауырлас түрік елі бұл мәселеде бізден әлдеқайда озық кеткен. Оларда жылына 500-ге жуық бүйрек алмастыру отасы жасалады екен. Жасалатын отаның 40 пайызына қайтыс болған жандардың ағзалары қолданылады. «Аджибадем» денсаулық сақтау тобы Транспантология орталығының үйлестірушісі Салих Гюльтен Түркияда бұл сала мемлекеттің үлкен қолдауының арқасында қарқынды дамығанын айтады. Қазіргі кезде азаматтарға жасалатын ота құнының жартысын түрік үкіметі өз мойнына алған. Бұл сала арнайы транспантология туралы заңмен реттеледі.

Қазақстанда 2009 жылы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 27-тарауы толықтай трансплантацияға арналған. Аталмыш кодекстің 169-бабында «Егер алу кезiнде денсаулық сақтау ұйымына осы адамның тiрi кезiнде не оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкiлдерiнiң ол өлгеннен кейiн оның тiндерiн немесе ағзаларын (ағзаларының бөлiктерiн) репициентке транспланттау үшiн алуға келiспейтiнiн мәлiмдегенi туралы хабарланған болса, мәйiттен тiндердi және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлiктерiн) алуға жол берiлмейдi» деп жазылған. Яғни адам тірі кезінде немесе қайтыс болғаннан кейін туған-туыстары оның ағзаларының қолданылуына қарсылық білдірмесе, ағзасын донорлыққа қолдануға болады деген сөз. Бұл үндемесең, келісіміңді бердің дегенді білдіреді. Бірақ дәрігерлер мұндай төте жолды қолданғымыз жоқ дейді. Біздің елде кез келген донорлық туған-туыстың рұқсатымен ғана жүзеге асады.

Сонымен қатар ел арасында «қайтыс болған адамның ағзасын саудалайды екен» деген сөз де бар. Бірақ орталық дәрігері Данияр Тоқсанбаев бұлай болуы тіптен мүмкін еместігін айтды. Өйткені қайтыс болған жанның жүрегін өзгенің кеудесінде соқтыру үшін 3-4 сағат ішінде ота жасап үлгеру керек. Бауыр донорлыққа 8 сағаттай жарамды болса, бүйректі 12 сағаттың ішінде ауыстырып үлгеру керек. Уақыт өтіп кеткеннен кейін олар жарамсыз болып қалады.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР