Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МЕДИЦИНА ТЕРМИНДЕРІ ҚАЛАЙ АУДАРЫЛЫП ЖҮР?


10 ноября 2013, 07:16 | 2 901 просмотр



Медицина терминдерінің қазақ тілінде қалыптасуы өте күрделі үдеріс екені белгілі. Оның күрделілігі мынадай жайттармен байланысты деп ойлаймыз. Біріншіден, медицина ғылымының өзі тірі ағзаның қызметінің бұзылуын қалпына келтіру деп аталатын күрделі мәселені зерттейді. Осыған сай оның мазмұнын анықтайтын метатілі де оңай бола алмайды. Екіншіден, медицина ғылымының сөздік қорының негізгі бөлігі грек, латын тіліндегі лексикадан тұратын болса, оны қазақ тілінің заңдылықтарына ыңғайлау және оны дәл беретін атау сөз табу оңай емес, себебі медицина мамандарын дайындауда оқу, оқу-әдістемелік құжаттардың басым бөлігі орыс тілінде. Үшіншіден, медицина тілінде тірі ағзадағы түрлі жасушадағы химиялық, биологиялық өзгерістер сол салада арнайы білімі бар тұлғаларға ғана түсінікті болғандықтан, қазақша таңдалған термин сөзді көпшіліктің бірден қабылдауы қиын.

Қазақтың өз емшілері мен бақсы-балгерлері, тәуіптері болғаны, олардың өзіндік емдеу-сауықтыру тәсілдері қалыптасқаны белгілі. Демек, қазақтың халық емшілері лексикасынан қазіргі медициналық терминдерге балама сөздер мен сөз тіркестерін табуға болады. Медициналық терминдерді мемлекеттік тілде қалыптастыруға атсалысып жүрген зерттеушілер мен ғалымдар бар. Біз өз мақаламызда осы ақпарат айналы¬сында жүрген кейбір көзқарастар мен пікірлерге тоқталмақшымыз. Ондағы мақсатымыз – медицина терминдерінің қазақ тілінде қалып¬та¬суының қазіргі деңгейіне деген қоғамдық көзқарасты, ғылыми тұжырымдарды жинақтау, талдау.

Жарияланған ғылыми зерттеулерде медицина бағытындағы терминдердің тақырыптық топтары төмендегідей сипатта беріліп жүр: 1) ауру атаулары, 2) аурудың себептері не этиологиясы, 3) аурудың белгілері, 4) анатомиялық терминдер, 5) емдеу әдістері мен үдерісі, 6) заттек атаулары, 7) дәрілік атаулар.

Бұл топтардың ішінде 1,5,7-топтардың лексикалық бірліктері, терминдері, 2,3,7- топтағы терминдік атауларға қарағанда молынан кездеседі. Бұл медицина саласындағы ғылыми ізденістердің жаңашылдығына, емдеу мен ауруды анықтау әдістері мен жолдарының, жаңа құрал-жабдықтарының пайда болып қолданысқа енуіне тікелей байланысты. Қазақ тіліндегі еңбектерде осылардың қатарынан ауру атауларына қатысты терминдердің қалыптасуы көбірек сөз болып жүргендігі байқалады.

Медицина терминдерінің қазақ тілінде қалыптасуын сөз еткенде, назар аударатын тағы бір мәселе – әдеби тіл нормасынан ауытқудың болуы. Тілдің өзіне тән заңдылықтары мен жалпы ұстанымдарын сақтай отырып, медицина терминін жасауда тілдің кей деңгейлерінде нормадан ауытқу ұшырасады. Бұл кезде терминологияның өзі жалпы әдеби тілдің дамуына белгілі бір дәрежеде әсер ететіндігі көрсетіліп жүр.

Бұл, әсіресе, терминологиялық сөзжасамға тән. Бұл салада арнайы терминологиялық нор¬¬малар бар, сол арнайы норма бола тұра орфо¬графиялық, орфоэпиялық, акцентуация¬лық және грамматикалық нормалар жалпы әдеби тілге тән болып келеді. Терминжасамдағы дербес бағыттардың пайда болуы, яғни тек терминологияға тән бағыттардың болуы норманың кәсіби нұсқасы деген түсінікті туғызды. Норманың кәсіби нұсқасында мынаны ескеру керек: әрі ғылыми, яғни кәсіби тілге және әдеби тілге тән жалпы нормаларды назарда ұстау керек.

Норманың кәсіби нұсқасы әдеби тілде жоқ, бірақ арнайы мәнге атау беруді қажет ететін жаңа ұғым пайда болғанда туындайды. Бұл кезде жаңа ұғым әдеби тілдің нормасынан туындамайды, кәсіби мақсаттан, мамандар бағалауымен туады. Мысалы, әдеби тілде көп түбірге ие шұбалаңқы сөздер жоқ, ал терминологияда ол нормаға сай болып табылады: вектор-электрокардиоскоп, ультрасонотахокардиоскоп. Бұларға сондай-ақ әр түрлі символдармен тіркескен, қысқартулармен біріктірілген қолданыстар жатады. Атап айтқанда, П-мезондық-образдық, ӨЖЖ ИВЛ аппараты (жасанды тыныс алдыру аппараты) М-типті прибор (магнетронноготипті прибор). Осылайша терминологияда тілдің жалпы әдеби тілдегі сөзжасам жүйесінде көріне алмайтын мүмкіндігі ашылады.

Медицина лексикасын оқыту мәселесін қозғаған К.Аяпбергенова қазақ медицина¬сының қалыптасуы мен оның тілінің қазақша қалыптасуына ықпал еткен, негіз болған зерттеулер мен олардың авторларын жинақтап көрсеткен. К.Аяпбергенованың жазуына қарағанда, өзінің қалыптасуы мен даму ерекшелігіне қарай қазақ медицина терминдік лексикасының тарихы өте ертеден басталған. Бұған дәлел – бұдан бес ғасыр бұрын өмір сүрген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өз тәжірибесінен 1467 жылы медицина туралы жазған «Шипагерлік баян» атты еңбегі.

Қазақстанда тарих пен ғылыми медицина¬ның революцияға дейінгі кезеңі туралы материалдарды «Түркістан уәлаятының газеті» (1870-1883), «Дала уәлаятының газеті» (1888-1902), «Қазақ» газеті (1913-1918), «Айқап» (1911-1915) журналы сияқты мерзімді баспасөз беттерінен де кездестіруге болады. Сол кездегі оқу-ағарту мәселесімен бірге, халықтың денсаулығы туралы да көптеген жұмыстарды қолға алуда Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаев еңбектерінің орны ерекше болғаны сөзсіз. Ж.Аймауытов «Психология» атты еңбегінде ұлттық ғылыми психологиялық терминдерді бір ізге түсіріп, жалпы терминдер қорына енгізген. Респуб¬ликада денсаулық сақтау ісі мен медицина ғылымының қарқынды дамуы соғыстан кейінгі жылдарда ерекшеленеді. Сол жылдары медицина ғылымының дамуына атақты ғалымдар А.Сызғанов, Х.Барлыбаев, И.Қарақұлов, С.Қарынбаев елеулі еңбек сіңірді. 1950 жылдары дәрігер-ғалымдар Г.Тарабаева, С.Омаров «Медицина ғылымының терминдері» атты сөздікте 978 медициналық терминді қамтыған.

1960-1970 жылдары анатомия терминологиясын лингвистика жағынан арнайы зерттеген диссертациялық еңбектер пайда бола бастады.

Медицина терминдерінің қазақ тілінде қалыптасуына пікір білдірген ғалымдардың ішінде біздің назарымызды аударған – Т.Зайсанбаевтың пайымдаулары. Ол өзінің мақаласында медицина ғылымында қолданылып жүрген терминдер мен терминдік тіркестердегі кемшіліктерді, оның себептерін былайша топтастырып береді:

1) халықаралық терминдердің қазақ тілінің заңдылығына сай дыбысталмауы, мақала авторының өз сөзімен келтірсек: «… Көптеген медициналық терминдердің арғы төркіні латын, грек тілдері екені белгілі. Бірақ бұлар қазақ тіліне орыс тілінің жазылу, айтылу үлгісімен енгендіктен, қазақ тілінде білім алған адамға бұлардың жазылуы да, айтылуы да айтарлықтай қиындық келтіреді, себебі Кеңес өкіметі кезінде жасалған әліпбиімізде қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі мүлде ескерілмеген. Кеңес өкіметінің мұндай ұстанымды ұсынуындағы басты мақсаты – орыстандыру саясаты болғанын аңғармай¬тынымыз өкінішті. Ол үшін тілдің дыбыс¬тық құрылымын бұзу керек болды. Тілдің дыбыстық құрылымы оны сыртқы әсерлер¬ден қорғайтын «иммунитеті» екенін, «иммунитетінен» айырылған тілдің үстем тілдің илеуіне оңай көнетінін сұңғыла саясаткерлер жақсы білген және өздерінің қитұрқы әрекеттерін байқатпау үшін басқа тілдерден орыс тіліне енген терминдерді «халықаралық терминдер» деп атап, «халықаралық терминдерді аударуға болмайды» деген ереже де шығарып қойған. Осы ережеге басы айналып қалған ғалымдарымыз «халықаралық терминдер» деп жүрген сөздеріміздің орыс тілінің заңдылығымен дыбысталып тұрғанына, тура осы сөздердің дүниежүзінің барлық тілдерінде сол тілдердің заңдылықтарымен дыбысталатынына мән бермейді. Барлық тілдерде фонетикалық заңдылық бар да, тек қазақ тілінде ғана заңдылық жоқ сияқты..»;

2) қазақша медициналық мәтіндерде кездесетін тағы бір кемшілік – кейбір сөз тіркестерінің орыс тілінің үлгісінде құрылуы;

3) дене мүшелеріне қатысты кейбір атаулардың әр тілде әрқалай айтылатынын жақсы білмеуден туындайтын қателіктер.

Әрине, бұл пікір жалпы дұрыс. Дегенмен, құрамында латын, грек элементтері бар медицина терминдерінің барлығы бірдей қазақша дыбыстауға көне бермейтінін де ескеру керек деп есептейміз. Мысалы, гипоксия, гипертензия терминдерін қалай қазақша дыбыстау керек, осы сөздің құрамындағы «и» әрпінің дыбысталуы қазақ тілінің заңдылығына сай екі түрлі дыбыстала алады:

а) «и» [ый], қазақ тілі фонетика оқулық¬тарында бұл мына сөздердің құрамында келеді, тиын [тыйын], қиын [қыйын];

ә) «и» [ій], мысалы тиін [тійін], киін [кійін].

Оның үстіне қазақ тілінде к, г тек жіңішке дауысты дыбыстармен (көз, гүл), қ,ғ жуан дауысты дыбыстармен (қас, қағаз) келеді. Осы ережелерге сүйенсек, жоғарыдағы терминдер құрамында келетін осы дыбыстардың қайсысының таңбасы дұрыс? [гійпөгсійә] ма, [ғыйпоқсыйа] ма? Бұл қиындықтарды болдырмаудың бірден-бір жолы, біздіңше, оларға дәл аударма табу не сол күйінде пайдалану. Халықаралық терминдер қатарына саналу үшін, біріншіден, ол сөздің құрамында грек, латын элементтері болуы керек, екіншіден, ол сөздер не сөз тіркестері өзгеріссіз кем дегенде үш тілде жұмсалуы керек, сол кезде ғана оны осы санатқа қосамыз. Мұндай терминдер тілді тұтынушылардың түрлі тілде сөйлейтіндігіне тәуелсіз, сол ортақ терминдер себебімен бір-бірінің не туралы айтып отырғанын ұғуға мүмкіндік алады. Бұл тілдің кәсіби салада кеңінен қолданылуына аз болса да септігін тигізеді. Ал барлық терминдерді аударуға ұмтылу бір кездері қазақ тілі тарихында болған пуризм бағытына апарып соғуы мүмкін.

Жалпы медицина терминдерінің қазақ¬шалануына қатысты қоғамдық пікір оң деуге болады.

Қазір дәрігерге қаралу барысында құжаттардың қазақ тілінде толтырыла ¬бастବуы, дәрі-дәрмектерді пайдалануға берілетін нұсқаулықтардың қазақ тілінде жазылуы мен оқылуы медицина саласында қазақ тілінің қолданылу аясының кеңігенін көрсетеді.

Медицина терминдерінің қалыптасуында терминжасамның барлық тәсілдері қолда¬нылады. Дегенмен, жалпыхалықтық тілдің сөздің құрамында көпмағыналылық, синонимдес атаулар көп, олар термин таңдауда өз ықпалын тигізіп отырады. Мысалы, туберкулез атауының қазақ тіліндегі баламасы, жалпыхалықтық тілде көкірек ауру, құрт ауру, көксау, өкпе ауруы, көкірек бұзылуы, көкірек кұрты болса, радикулит – бел ауруы, кұяң, шойырылма, зуд – ашу, қышыма, қышып дуылдау, т.б.

Осы мысалдың өзі қазақ тілінің сөздік қоры медицина тілін қазақшалауға толық мүмкіндік бере алатындығын көрсетеді. Тек оны өз мағынасында, ғылыми мәнге ие болатындай мүмкіндік беретін тілдік ортаға бейімдеу керек. Термин ретінде бекітіп, қолданысқа енгізу керек.

Қорыта айтқанда, медицинадағы қазақ тілінің бай сөздік қорынан керек сөздерді тауып, оларды ғылыми айналымға енгізу – бүгінгі уақыттың қажеттілігі болып отыр.

Автор:
Шұға ОТАРҒАЛИЕВА, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы, Ақтөбе қаласы