Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СӘБИДІҢ ДЕ, АНАСЫНЫҢ ӨМІРІН САҚТАУҒА МІНДЕТТІМІЗ


3 ноября 2013, 07:49 | 3 321 просмотр



Бүгінде Қазақстандық медицина күн сайын қарыштап дамып келеді. «Саламатты Қазақстан 2011- 2015 жылдар » бағдарламасының аясында бірнеше жаңашыл стандарттар еніп, халық денсаулығы жолында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда науқастар дәрігер алдына қайта-қайта бармай, үйде отырып -ақ, интернет -режимінде дәрігерге жазыла алады. Жоспарлы түрде емдеу қабылдауына болады. Осы жаңаша стандарттың бүгінде қалай іске асып жатқандығы жөнінде, Облыстық перенаталдық орталық директорының емдеу жөніндегі орынбасары Нұрманбетова Жанета Нариманқызымен жүздескен едік.Осы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- «Саламатты Қазақстан 2011-2015 ж» арналған бағдарлама аясында сіздердің орталықта қандай шаруалар атқарылып жатыр? Жоспарлы емдеуге жатқызудың пайдалы тұстары қандай?

-Салауатты өмір салты жолында қазіргі таңда м е д и ц и н а

саласына түрлі жаңалықтар енуде. Соның бірі - жоспарлы түрде емдеуге жатқызу. Емдеуге жатқызу бюросы (ЕЖБ) арнайы мақсатта құрылған. Пациенттер емдеуге жатқызудың жеделдігіне қол жеткізу мақсатында құрылып, сонымен қатар екі бірдей маңызды қағиданы іске асырады. Науқастардың қажетті стационарды еркін таңдай алуына және көрсетілетін медициналық қызметтердік айқындылығы басты назарға алынған.Емдеуге жатқызу бюросы сондай-ақ, стационар мен емхана арсында келістіруші болып табылады. Емдеуге жатқызудың Порталы дегеніміз - әрбір Қазақстандық азаматтар үшін қол жетімді болып келеді. Ғаламтор жүйесінде құрылған www.bg.eisz.kz.веб сайтына кіріп, сол арқылы республика көлеміндегі емханалар бойынша күту парақтарын қарап, өз кезегінің қай уақытта келетінін бақылай алады. Жоспарлы емдеуге жатқызу дегеніміз сондай-ақ, шұғыл емдеуді қажет етпейтін науқастардың жай- күйін барысында, амбулатория дәрігерінің жолдамасы бойынша стационарды емдеуге жатқызуды айтамыз.

Біздің орталық пациенттері үшін жоспарлы емдеуге жатқызудың ыңғайлы жақтары көп десек артық айтпаймыз. Жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде жүкті әйелдер өздері емделетін стационарды еркін таңдай алады. Сонымен қатар емделуге жоспарлы түрде дер уақытында жата алады. Бұрындары біздей былай болатын. Перенаталдық орталық облыстық болған соң аудандардан, ауылдардан келіп жатады. Болашақ аналар бізге келгенде стационарды жатқызуға орын жоқ, басқа күні келіңіз деп қайтарып жіберетінбіз. Жүкті әйелдерге де оңай емес, ауыл мен екі ортада қайт-қайта қатынаған. Ал, қазір мына жаңаша стандарттың арқасында жүкті әйелдерге ыңғайлы, айтылған уақытта келіп, жатып, ем қабылдайды. Биылғы қазан айындағы көрсеткішке көз жүгіртсек 144 науқас жоспарлы емдеуге тіркеліп, 127-сі стационарда жатып ем қабылдады. Соның ішінде гинекологиялық бөлімге 38 жүкті әйел, патологиялық бөлімге - 46, босану бөлімшесіне 43 жүкті әйелдер жатып, қажетінше ем-дом қабылдады.

-Ұлттық скринингілік бағдарлама дегеніміз не? Ол қалай жүзеге асырылуда?

- Скринингілік бағдарлама халықтың жас шамасына қарай топтарға бөлініп өтеді. Перенаталдық орталықта генетикалық скринингтің өтуіне қатысты дер кезінде тұқымқуалаушылық ауруларды алдын –ала тауып, қажетті ота жасалуда. Бізде генетик дәрігер қызмет етеді. Сол дәрігердің біліктілігінің арқасында биылғы жылдың 9 айында 23 әйел жүктілігін ерте бастан тоқтатты. Бұл деген біз скринингтік бағдарлама арқылы мүгедектіктің алдын – алдық деген сөз.Облыс бойынша осы 9 айдың ішінде 2 нәресте ғана мүгедектікпен туылды. Бұл аналар тексеруден өтпеген, тіркеуде болмаған еді. Біздің орталықта 9 айдың ішінде дүние есігін ашқан 4029 сәбиердің бәрінің дерлік денсаулықтары жақсы. Өйткені болашақ аналардың бәрі қалалық, аудандық емханаларда тіркеуде тұрып, уақтылы зертханалық талдау, ультра дыбысты зерттеуден, тұқымқуалаушылық аурулардың алдын алу бағдарламасы аясында тексеруден өткізіледі.Сондықтан, аналардың барлығы жүктілік кезінде жіті дәрігердің бақылауында болады. Біз кесер тілігін де жоспарлы түрде жасаймыз. Мысалы көзі ауыратын, өздігімен босану қауіпті аналар немесе алдыңғы босану кезінде баланы кесер отасы арқылы дүниеге әкелген аналарға жоспарлы түрде кесер тілігі жасалады. Соның өзінде біз аналардың өздігімен, өз күшімен босануына жағдай жасауға тырысамыз. Егер анаға бұрындары кесер тілігі жасалған бірақ, нәрестенің салмағы кішкене болып, ананың босануына еш қауіп болмаса, сәбиді табиғи жолмен дүниеге әкелуіне барымызды саламыз. Біз нәрестенің де, оның анасының да өмірін сақтауға міндеттіміз. Сол үшін әрбір баланың дүниеге аман-сау болып келуі біздер үшін бәрінен маңызды.

-Болашақ аналар дәрілік заттармен тегін қамтылған ба?

-Аналар ауыратын науқас түріне байланысты қажетті дәрі-дәрмек, дәрумендерді тіркеуге тұрып, тегін алып тұрады. Жүктілік кезінде шамадан тыс қабылдаған дәрілік препараттардың іштегі шаранаға тигізер зиянды жақтары бар. Осыны ескере отырып біз аналарды тек табиғи дәрі –дәрмектермен, дәрумендермен емдеуге тырысамыз. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткендей 2012 жылдан бастап тіркелу бойынша диспансерлік есепте тұратын пациентер бекітілген тізбенің шеңберінде өздеріне қажетті барлық дәрілерді тегін ала алады. Бұрынғыдай жеңілдікті дәрі –дәрмекке, немесе тағайындалған дәрі үшін науқастардың 50 пайызын өз қалталарынан төлеуі алынып тасталды. Бәрі тегін беріледі. Халық денсаулығы жолында қызмет тетін, бүгінде дәрі-дәрмек ақпараттық- талдау орталығы (ДАТО) құрылған. Осы арқылы еліміздің әрбір азаматы өзін қызықтырған сауалдарға жауап, қажетті ақпарат ала-алады.

- Жанета Нариманқызы, еліміздің әрбір азаматы үшін пайдалы сұхбатыңызға көп рахмет. Дүние есігін ашып жатқан кішкене нәрестелер мен аналардың денсаулығы мықты болып, халық денсаулығы жолындағы қиыншылғы мен жауапкершілігі зор еңбектеріңіз жемісін жегізсін!

Автор:
Сұхбаттасқан Динара АУЖАНОВА