Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ХАЛҚЫ КӨП АЙМАҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛАДЫ


3 ноября 2013, 07:47 | 963 просмотра



Бюджеттік қаржы енді денсаулық сақтау мекемелеріне, білім беру ұйымдарына әрбір қазақстандықпен бірге «еріп» барады. Бір жағынан алғанда, бұл – әділетті.

Бүкіл Қазақстан бойынша «жан басына шаққандағы қаржыландыру» атты жаңалық күшіне мінуде. Нәтижесінде, мәселен, ауруханаларда әрбір сырқат үшін, ал мектептерде әрбір бала үшін «айқас» басталады. Өйткені бюджеттік қаржы енді денсаулық сақтау мекемелеріне, білім беру ұйымдарына әрбір қазақстандықпен бірге «еріп» барады. Бір жағынан алғанда, бұл – әділетті. Мысалға, неғұрлым көп сырқатты емдейтін емханаларға көбірек қаржы құйылады. Бірақ кеше ел қазынасының мол қаржысы халқы тығыз тұратын елді мекендерге кетіп қалып, өңірлер арасында теңгерімсіздік туады деген алаңдаушылық айтылды.

Сенатта «үлкен тұсаукесер күні» болды. Үкімет өкілдері Жоғарғы палатада «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет» жобасын, «2014-2016 жылдарға арналған Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы» заңның жобасын, республикалық және облыстық бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің үшжылдық көлемі туралы заңның жобасын, бюджеттік заңнаманы жетілдіру мәселелеріне арналған жаңа заң жобасын, сондай-ақ салық салу туралы заңнаманы өзгертетін атышулы жаңа заң жобаны таныстырды.

Үкімет өкілдерінің негізгі баяндамасы тыңдалған соң, сенаторлар сөз алған. Сенат депутаты Светлана Жалмағамбетова Үкімет ендіріп жатқан жан басына шаққандағы қаржыландырудың Қазақстанның солтүстік облыстарын қиын жағдайда қалдыратынын мәлімдеді.

– Бұл біздің Ақмола облысын тізерлетіп кетеді, – деді сенатор. – Өйткені біздің елді мекендерде халық аз. Оқушылары аз мектептер жабылуда, соның кесірінен барлық фельдшерлік-акушерлік пункттер жабылуда. Енді міне, өңірдегі 73 ауылда барлық пошта бөлімшелерін жауып тастады: «Қазпошта» 2 мыңнан аз адам тұратын жерлердегі пошталарды жабуға шешім қабылдапты.

Светлана Жақияқызы бұлай бара берсе, бұл облыстарда ауыл қалмай қалатынын білдірді: «Онда солтүстікте барлық ауылдарды жауып тастау керек, болмаса, келіңіздер, оңтүстіктен адамдарды солтүстікке қайта қоныстандырайық! Әйтпесе, солтүстік үшін қандай да бір бөлек коэффициенттер жасаңыздар. Олай болмаса, қаңырап қалады, елді мекендер арасындағы қашықтық алапат қой! Егер ауылда мектеп болмаса, пошта болмаса, онда ешкім тұрмайды. Орталықта халық көп болуы үшін Президент астананы осында көшірді, бірақ бәрі Астана маңына шоғырлануда, ары қарай ешкім де тұрғысы келмейді».

Жағдай жасалмаған, оның үстіне үскірік аяз бен ақтүтек боран жайлаған жерлерге жылуды жаны сүйетін оңтүстіктіктер қоныстанбасы анық. Үкімет те солтүстік үшін жеке коэффициент түзуге бейім емес. Демек, бұл өңір тұрғындарына демографияны жақсартуға, сөйтіп, бюджеттен қосымша қаржы тартуына тура келетінге ұқсайды.

Жалпы, келер жылы мемлекет тағы триллиондар шығындап, жұмсайтын қаржы көлемін одан әрі арттырғалы отыр. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев алдағы 2014 жылы Қазақстан қазынасының шығысы 6 триллион 703 миллиардтан астам теңгені құрайтындығын жария етті. Одан арғы жылы бұл көрсеткіш тағы да артып, республикалық бюджет шығысы 7 триллион 207 миллиард 200 миллион теңге болатын көрінеді. Ал 2016 жылы ол 7 триллион 836 миллиард 900 млн теңгені құрайды.

Бюджет жобасына сенсек, 2014 жылы бюджетке 5 триллион 760 миллиард 700 миллион теңге түсім түседі деп болжануда, егер ол жоспар орындалса, түсім көлемі биылғы 2013 жылғыдан 532 миллиард 312 миллион теңгеге көбеймек. Рас, соның өзінде ол шығысты толық қаржыландыруға жетпейді. Нәтижесінде, келесі жылы ІЖӨ-нің 2,4 пайызы көлемінде, 942,4 миллиард теңге сомасында бюджет тапшылығы қалыптасады.

Министр Е.Досаев 2015 жылы республикалық бюджет түсімдері 6 трлн 224 млрд 600 млн теңге, ал, 2016 жылы 6 трлн 873 млрд 400 млн теңге болатындығын айтты. Тиісінше 2015 жылы – 977,7 млрд (ІЖӨ-нің 2,2 пайызы), 2016 жылы – 963,5 млрд теңге (ІЖӨ-нің 1,9 пайызы көлемінде) бюджет тапшылығы туындайды. Экономика министрі Қазақстан экономикасының нақты өсімі осы кезеңде 6-7,1 пайыз аралығында болады деп болжанып отырғандығын айтты. Алдағы үш жылда Үкімет жылдық инфляцияны 6-8 пайыз дәлізінде ұстап тұруға уәде етеді.

2014, 2015 және 2016 жылдарға арналған бюджет жобасы «Қазақстанның әлеуметтік- экономикалық даму болжамына және 2014-2018 жылдарға арналған бюджеттік параметрлердің базалық сценарийіне» негізделген екен. «Мұнайдың құны, соңғы бес жылдағы орташа бағаны ескере отырып, 90 АҚШ доллары деңгейінде болады деп бағалануда. Мыс бағаларынан басқа, металл бағалары елеусіз ғана өседі деп болжанады» деп, Ерболат Досаев Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларына әлемдік «базарда» қандай баға қалыптасуы мүмкіндігін айта кетті.

Қазақстанның экономика министрлігінің болжамынша, алтынның әлемдік бағасы «2012 жылы қалыптасқан елеусіз төмендеу трендін жалғастырады». Айтқандай, Қазақстан жалпы ішкі өнімі бойынша 2018 жылы- ақ әлемдегі ең жоғарғы «отыздыққа» енуі мүмкін. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қазақстанның ІЖӨ-сі 2014 жылғы 38,6 триллион теңгеден, 2018 жылы 65,9 триллион теңгеге дейін артады деп болжанып отырғанын мәлімдеді (1 доллар = 154 теңге).

Ал Дүниежүзілік банктің 2012 жыл қорытындысы бойынша жариялаған рейтингіне сәйкес, бүкіл әлемде қазір тек 27 елдің ғана ІЖӨ-сі 400 миллиард доллар межеден асады.

Автор:
Айхан ШӘРІП. «Айқын».