Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АНАНЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ - ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСУГЕ ЖОЛ


3 ноября 2013, 07:44 | 1 191 просмотр



БҰҰ сарапшыларының бағалауы бойынша демография мәселелері әлемдегі жаһандық мәселелер арасында, бейбітшілікті сақтау және қоршаған ортаны қорғаудан кейінгі үшінші орында тұр.

Тұтастай алғанда халық санының азаюы, ұлттың қартаюы сол елдің экономикалық жағдайына қауіп тудырады.

Халық санының азаюы сол елдегі экономикалық инфрақұрылым әлеуетінің одан әрі өсуіне кері әсерін тигізеді. Халықтың тұтыну әлеуетінің төмендеуіне байланысты тауар өндірудің артуы да қиындайтын болады. Осыған байланысты көптеген мемлекеттерде халық санының қысқаруын болдырмаудың алдын алу үшін туу деңгейін бір қалыпта ұстау, халықтың өсімін қамтамасыз ету міндеті туындайды.

Қазіргі заманғы жағдайда туудың төмендеуі әлемнің көптеген елдерінде, әсіресе Батыс Еуропаның дамыған елдерінде басты мәселеге айналып отыр.

Салықты және басқа да міндетті төлемдерді төлейтін жұмыскерлер саны аз болуы себебінен мемлекетке өзінің теңдестірілген және әлеуметтік бағдарланған бюджетін жасау қиынға түседі, яғни демографиялық дағдарыс туындайтындықтан, одан әрі экономикалық дағдарыс басталатыны белгілі, сондықтан елдегі туудың төмендеуі елеулі қауіп тудырады. Өңірлік және жаһандық деңгейде сауда- шаруашылық байланыстардың қарқынды дамуына байланысты әлемдік қаржы- экономикалық дағдарыстың созылуы мен оның салдарлары Қазақстанға да сезілуде, сондықтан елімізден тыс жерлердегі сын- қатерлер мен тәуекелдерді ескеруге тура келеді.

ХХІ ғасырдағы он қауіп қатердің бірі Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы - жаһандық демографиялық теңгерімсіздік. Көптеген мемлекеттердегі демографиялық саясаттың негізгі мақсаты адам санының өсуі мен халықтың құрылымын сақтау немесе өзгерту (қалыптасқан жағдайға байланысты) болып табылады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда кері миграциялық сальдоның және халықтың табиғи өсімінің бірден құлдырауы салдарынан халық санының азаю үрдісі байқалды(туудан өлудің артық болуы). Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес 1991 жылдан 2002 жылдар аралығында еліміздегі халық саны 1,7 миллион адамға азайған. Мұндай көрсеткішке, 90-жылдардың басындағы Қазақстандағы «экономикалық естен танудан» кейінгі халықтың басым бөлігінің өмір сүру деңгейінің төмендеп, соңынан қоғамның әлеуметтік жағдайының мүлдем нашарлауы, экономикалық тұрақсыздық пен ертеңгі күнге деген сенімсіздік себепші болды.

2003 жылдан бастап халық саны ең алдымен табиғи өсім есебінен тұрақты түрде арта бастады. 2003-2012 жж. халық саны 2 млн. жуық адамға артты. Қазақстанда халық саны 2013 жылдың 1 қаңтарына 16,9 млн. адамды құрады, оның ішінде қалалықтар - 9,3 млн. адам (55 %), ауылдықтар - 7,6 млн.адам (45 %).

Қазақстанда соңғы 10 жылда елдегі мың тұрғынға шаққанда туу коэффициентінің артуы мен өлім коэффициентінің төмендеу қарқыны байқалады. 1990-2012жж. елімізде 6,8 миллион адам туып, 3,5 млн.адам қайтыс болған. Осылайша халықтың табиғи өсімі 3,3 миллион адамды құрады.

Туу көрсеткіштері аса жоғары өңірлерге Оңтүстік-Қазақстан облысы (3,7), Қызылорда облысы (3,6), Жамбыл облысы (3,4) және Маңғыстау облысын (3,4) жатқызуға болады.

Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде, Ресейді қоса алғанда, екі балалы отбасына қатысты әлеуметтік норма «бір баладан кем емес, бірақ екі баладан артық емес» деп қалыптасуда, бұл ешқашан бала тумаған әйелдерге өте төмен үлестен, және сонымен қатар 3 және одан да көп балалы әйелдерге шектеу қояды.

Қазақстанда туудың жалпы коэффициенті, халықтың қалыпты көбеюіне қажетті: 2,15-2,3болғанда,өсім бір әйелге 2,6 келеді. Туудың қарқынын сипаттайтын қазіргі заманғы тенденциялардың бірі тұтастай алғанда ерлер мен әйелдердің қоғамдағы жағдайы, оның ішінде отбасындағы әлеуметтік-экономикалық және психологиялық қайта бағалау және отбасы мүшелерінің рөлі. Жұмыс істеу қазіргі заманғы әйелдерге тән құбылыс болып отыр. Әсіресе жұмыс істеу әйел адамдардың өмірлік стратегиясының маңызын және оның отбасы туралы түсінігін өзгертті. Сонымен қатар ер адамдар отбасының жалғыз асыраушысы құқынан айырылды.

Көптеген жағдайларда, қазіргі заманғы қоғамның адамзат алдына қоятын талабы оның ертерек отбасын құрып, ұрпақ жалғастыру емес, керісінше ондай мүдделерді кейінге қалдыру болып отыр. Дамыған елдерде білім алу мен жұмыс іздеу, аналық қызметін атқаруға байланысты міндеттерді ауырлатады. Ер жетіп кемелденген,экономикалық жағынан дербес адам ата-аналарына бағынышты жастарға қарағанда жеке өмірін орналастыруда еркін болады.

Жұмыс берушілер мен жалдамалы қызметкерлер арасындағы дамыған еңбек нарығы мен әлеуметтік еңбек қатынастарының жоғары деңгейі туу деңгейіне әсер ете отырып, халықтың әл-ауқатының артуын қамтамасыз етеді. Еңбек қызметін жүзеге асыру үшін ерлер мен әйелдерге тең жағдай жасалуына қарамастан, әйелдер арасындағы жұмыссыздық ерлерге қарағанда артық. 2012 жылы ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,1 % құраса, әйелдер арасында - 6,5 % құрады.

Сонымен қатар, әйелдердің орташа еңбек ақылары ерлерге қарағанда төмен. 2011 жылы әйелдердің орташа айлық еңбек ақылары ерлердің еңбек ақыларының 68 % құрады.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша бірқатар маңызды шаралар қабылданды, оның ішінде ана мен баланың денсаулығына ерекше назар аударылды. 2010 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасында денсаулық сақтаудың 2011-2015 жылдарға «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарлама алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен аналар, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтауды дамытуды көздейді.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес жүкті әйелдерге медициналық тексеру кепілдендірілген ақысыз медициналық көмек шеңберінде жүргізу көзделген. Сонымен қатар, бала емізетін әйел бала бір жасқа толғанша стационарлық емделуде бала күтімі бойынша медицина мекемесінде болған кезінде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

Кез келген қоғамдағы әлеуметтік құрылымның құрамдас бөлігі бола отырып, және көптеген әлеуметтік қызметтерді атқара отырып, отбасы қоғамдық және демографиялық дамуда маңызды рөл атқарады. Отбасы арқылы ұрпақ жалғасады. Неке мен отбасы әлеуметтік институт ретінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдары елдің экономикалық дамуына тікелей әсерін тигізді. Әлбетте, туудың жалпы деңгейіне және оның қарқынды дамуына әйелдердің некеде тұруы да әсер етеді. Тіркелген некенің болуы туудың маңызды көрсеткіші болып табылады. Босанған әйелдердің 80 % жуығы тіркелген некеде тұрса, 20 % некеде тұрмаған. Бұл ретте, екінші баланы тууға отбасы қатынасында тұрақты (ресми тіркелген неке) жұбайлар ғана баратынын ескерген жөн.

Тұтастай алғанда тіркелмеген неке саны өсуде, сәйкесінше некесіз туған балалар саны да көбейіп келеді. Олардың кейбірі тіркелген нақты неке болмауын көрсетсе, кейбірі оны тіркеуден бас тартуды көрсетеді. Мұндай жағдайды Қазақстанның немесе қандай да бір жекелеген елдің ерекшелігі деп айтуға келмейді, бұл жан-жақты сипат ауда. Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша 2009 жылы отбасының орташа мөлшері 3,5 адамды құрады. Әсіресе екі адамнан тұратын отбасы - 30 %, үш адамнан тұратын отбасы - 27 %, төрт адамнан тұратын отбасы - 22 %, бес және одан да көп адамнан тұратын отбасы 21 % болды.

Осылайша,отбасылардың 80%-ы 2-ден 4-ке дейін адамнан, яғни бір немесе екі балалы. Бұдан халықтың қарапайым өсімін сақтау үшін үш және одан да көп балалы отбасылар жалпы отбасы санының жартысынан көп болуы керек деп тұжырымдауға болады. Егер, болашақта Қазақстанда халық санының өсуін арттыру қажет болса, онда үш және одан да көп балалы отбасылар саны көп болуы қажет. Сондықтан біздің отбасы-демографиялық саясатымыз үшінелімізде 3 және одан да көп балалы отбасылар саны артуын мақсат етіп қоюымыз қажет.

Сонымен қатар, отбасының жан басына шаққандағы табысы әйелдің бала тууы үшін де өте маңызды фактор болып табылады. Отбасының табысы жоғары болған сайын, бала туу қажеттілігі де артады. Елде дағдарыс кезеңі басталып халықтың табысы қысқарған кезеңде туу да төмендейді, және керісінше материалдық жағдайы жақсарған кезеңде жұбайлар кейінге қалдырған бала тууды жүзеге асырады. Соған қарамастан, көптеген елдерде қоғамның ауқатты бөлігінің аз қамтылғандарға қарағанда балалары аз екені байқалады.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда аналарды және балалы отбасыларын қолдауда тиісінше заңнамалық актілер қабылданды. Қазақстан Республикасы 2012 жылдың 14 ақпанында Халықаралық еңбек ұйымының «Аналықты қорғау туралы» Конвенциясын ратификациялады.

Тууды ынталандырудың маңызды қадамдырының бірі көп балалы аналарды қолдау. Осыған байланысты 2010 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңының көп балалы аналарды «Алтын алқа» ж»не «Күміс алқамен» марапаттау бөліктеріне өзгерістер енгізілді.

«Қазақстан Республикасындағы Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР жаңа Заңына сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі бар, 5 және одан да көп бала туған және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер үшін 53 жаста зейнеткерлікке шығу құқы сақталған. Бұл шара аналардың жағдайын жақсартып, көп балалы отбасылар санының артуын ынталандырады. Сондай-ақ жұмыс істемейтін ананың 3 жасқа толғанға дейін баланы күтуі, жалпы алғанда 12 жыл шегінде 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне есептеледі.

Республикалық бюджет қаржысы есебінен бала тууына бір реттік мемлекеттік жәрдемақы бірінші, екінші, үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш және төртінші және одан көп балаға - 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндебаланың анасына не, әкесіне олардың еңбек қызметіне байланыссыз тағайындалады.

2007 жылғы мемлекет басшысының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында жұмыс істейтін әйелдердің мүддесін қорғау мақсатында ана мен баланы міндетті сақтандыру енгізілді. Осыған байланысты 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап олар үшін жұмыс берушілерден ай сайынғы әлеуметтік аударымдар төлеген жұмыс істейтін әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) мынадай төлемдер алуға құқылы:

- жүктілігі және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдер (бұдан әрі - ӘТжб);

- бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдер (бұдан әрі - ӘТбк).

2008-2012 жж. аралығында МӘСҚ ана мен баланы қолдауға төленгенәлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 264 млрд. теңгені құрады, оның ішінде ӘТжб сомасы - 137,4 млрд.теңге және ӘТбк сомасы - 126,6 млрд. теңге болды.

ӘТбк алушылардың 42 % - бірінші балаға күтім жасаған, 32 % - екінші балаға күтім жасаған, 17 % - үшінші балаға және 10 % төртінші және одан да көп балаға күтім жасаған.

Жұмыс істейтін әйелдің орташа айлық табысының 40 % мөлшеріндегі айсайынғы ӘТбк отбасы бюджетіне қомақты табыс. Осындай жәрдемақыны жұмыс істемейтін әйелдер мен студенттер бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін республикалық бюджет қаржысы есебінен төленетін бірінші балаға - 5,5 АЕК, екінші балаға - 6,5 АЕК, үшінші балаға - 7,5 АЕК, төртінші және одан да көп балаға - 8,5 АЕК болатын мемлекеттік жәрдемақы алады.

АЕК мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жыл сайын белгіленіп отырады. Осылайша, отбасылық бағдарланған саясаттың мақсаты жан- жақты қабылданған шаралар кешені, бір жағынан өзін-өзі қамсыздандыруды дамытуға септігін тигізеді, екінші жағынан мемлекеттік әлеуметтік қолдау бағдарламасына қол жетімділікті арттыру болып табылады. Осыған байланысты бала тәрбиесі мен оның барлық мүшелерінің амандығына ата-ана жауапкершілігі үшін отбасының дамуына қажетті жағдайларды жасауда бірқатар шаралар өткізу қажет. Балалы отбасылардың өміріне қатысты тұрақты және жан-жақты ойластырылған әлеуметтік саясат бала тууын ынталандыруға көмектеседі.

Отбасы қоғамның басты институты болып табылады. Тұтастай алғанда қоғамның және тұтастай мемлекеттің әл- ауқаты мен дамуы, әр бір жекелеген отбасының жағдайына байланысты болады.

Автор:
Айхан ШӘРІП Айқын