Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДӘРIГЕРДIҢ ЖАМАНЫ АУЫРУ ҚОСАДЫ


26 октября 2013, 08:17 | 1 566 просмотров



Қазақстанда қаптаған реформалар мен “жаңалықтардан” көз ашпайтын саланың бiрi – медицина саласы. Өзге министрлiктер сияқты бұл саланың да басшылары жиi ауысатыны сондай, әрқайсысы өзiнше жаңалық ашуға жанталасатыны тағы бар. 2010 жылдан берi Денсаулық сақтау министрлiгiн басқарып отырған Салидат Қайырбекова да түрлi-түстi реформалардың бiраз легiн ақтарып тастағаны жұртқа мәлiм.

“САУАТТЫ, БIЛIКТI” ДӘРIГЕРЛЕРДЕН

ЗИЯН КӨРУШIЛЕР КӨБЕЙДI

Азаматтардың емделу мекемесiн өз қалауына қарай таңдау сынды реформасы С.Қайырбекованың министр екенiн көпшiлiкке танытты деуге болады.

Оған дейiн жұрт көзiнен таса жүретiн денсаулық министрi соңғы уақытта жұмысына белсене кiрiскенi сондай, қарқыны қатты. Елiмiздiң қай өңiрiн алып қарасаңыз да, дәрiгердiң қателiгiнен бақилыққа аттанушылардың саны күн санап артуда. Десек те, бұған қатысты министр қысқаша “науқастардың өздерi кiнәлi, дер кезiнде дәрiгерге қаралмайды. Әйтпесе, бiздiң дәрiгерлердiң сауаттылығы мен бiлiктiгi жоғары деңгейде” деген сыңайда жауап бергенi есте. Министрдiң уәжiмен келiсуге болар едi. Алайда қазақстандық дәрiгерлердi дайындайтын жоғары оқу орындарының қазiргi жағдайына қарап, ерiксiз бас шайқайсыз. Адам өмiрiнiң арашасысы саналатын болашақ дәрiгерлердi дайындайтын мекемелердi жайлаған жемқорлық жайында айтылып та, жазылып та келедi. Әйтсе де, бiлiм саласындағы бұл олқылықтың орны әлi күнге ретке келтiрiлмедi.

Сонымен, С.Қайырбекова сенiм артқан бiлiктi дәрiгерлер туралы аз- маз дерекпен сөз қозғап көрелiк. Алматы облысының Өрiктi ауылында Дүйсенғалиевтердiң отбасы 5 жастағы қыздары Аяулымды өкпесiне тамақ қоқымы түсiп, ауруханаға жеткiзедi. Өкiнiшке қарай, Аяулымның ата- анасы ауруханадан қыздарының мәйiтiн алып қайтты. Қыздың анасы Салтанат Аманжолованың айтуынша, мұның бәрi дәрiгерлердiң өз iсiне салғырт қарауынан болған. Дәл осылай сауатсыз дәрiгерлердiң бiлместiгiнен екiбастұздық отбасы 3 жасар баласынан айырылып, қара жамылды. Павлодар облысының туберкулезге қарсы “Зеленая роща” санаторийiнде сауығу курсынан өткен 3 жасар баланы диареядан көз жұмды деп қорытынды жасайды. Артынша ҚР Денсаулық сақтау басқармасының арнайы комиссиясы медбикенiң клизма арқылы сәбиге жасаған медициналық ем-домының бала өлiмiне соқтырғанын анықтады. Тексеру амалдары көрсеткендей бала денесiне 1 литрден астам сұйықтық затын енгiзген (қалыптан 5 есе артық), бұл организмдегi су мөлшерiнiң артуына және мидың iсуiне әкеп соққан. Жидеге қақалған оңтүстiкқазақстандық Елжас Бағланұлына медициналық көмектiң дер кезiнде берiлмеуi де оның ажал құшуына себепшi болған-ды. Шығыс Қазақстанның Көкпектi ауданына қарасты Самарское ауылының №1 ауруханасында босанғаннан кейiн қан кетуiнен 30 жастағы Сәуле Нүсей көз жұмды. Ол баланы iштен жарып алу әдiсiмен дүниеге денi сау қыз бала әкеледi. Аурухананың бас дәрiгерi Ерлан Бүркiтовтiң айтуынша әйелдiң өлiмi босану бөлiмiнiң меңгерушiсiнiң қателiгiнен болған. Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Алмалы ауылының кiшкентай тұрғыны Нұрдәулет Елеубаев өзiн жайсыз сезiнiп, iшi өтiп, құса бастайды. Әкесi жедел Калмыков ауылындағы ауруханаға апарады. Iшек инфекциясын жұқтырған деген диагнозбен бiр аптадай ем қабылдаған баланың соқырiшегi жарылып кеткенiн дәрiгерлер бiлмеген. Әбден әлсiреген Нұрдәулет ақырында жүйке жүйесiн емдеу бөлiмiнен бiр-ақ шығады.

Мұндай жағдайлардың көптiгi сондай, соңына жету мүмкiн емес. Таңғаларлығы, медицина саласындағы сорақылықтар соңғы он жылда өршiп кеткен. Сап-сау адамды мүгедек ету, диагнозын дәл таппау, соған қарамастан өз бетiнше ем жүргiзу сияқты қиянаттар С.Қайырбекова сенетiн “сауатты, бiлiктi” мамандардың қолымен жасалуда. Адам емдеу былай тұрсын, медициналық құрылғылардың тiлiн бiлмейтiн дәрiгерлердi Қазақстаннан табу қиын емес. Мәселен, МРТ, томографиялық тексеру аппараттарын айтпағанда, қарапайым ультра дыбыстық зерттеудiң (УДЗ) нәтижесiн нақты, дәлме-дәл көрiп, қорытынды жасайтын мамандар да саусақпен санарлық. УДЗ нәтижесiн дұрыс оқымай, басқаша диагноз қойып, қажетсiз ем жүргiзген дәрiгерлердiң iсiне куә болғандар жетерлiк. Мұнан кейiн шетелден мыңғырған миллиардқа сатып алынатын аппараттар туралы айтудың өзi артық. Ал осындай жағдайда қазақстандық дәрiгерлердi өз iсiнiң шеберi деп сенiмдi түрде айта аласыз ба? Осы ретте денсаулық сақтау мекемелерiне бюджет қаражатына сатып алынған компьютерлердiң бағасына қарап, iшiңiз удай ашиды-ақ. Денсаулық сақтау саласын бiрыңғай ақпараттандыру мақсатында сатып алынған әр компьютердiң құны 170 мың теңге болыпты.Медициналық қарапайым құрылғыларды тиiмдi пайдалана алмайтын дәрiгерлер қат-қабат бағдарламаға толы компьютердiң тiлiн түсiнедi деп сенесiз бе? Мәжiлiсшiлердiң компьютерге жұмсалған ақшаның тым қымбат екенiн айтып, мұны тексерудi талап етуi орынды, әрине. Өкiнiшке қарай, Денсаулық сақтау министрлiгi 170 мың теңгелiк техникалардың ең сапалы, танымал брендтi дүниелер екенiн айтып, түсiнiк бердi. Әлiптi таяқ деп бiлмейтiндерге сапа мен бренд не керек?!

БIЛIКТI ДӘРIГЕРI ЖЕТКIЛIКТI ЕЛДЕ ӨЛIМ КӨРСЕТКIШI НЕГЕ АЗАЙМАЙДЫ?

Таяуда Денсаулық министрi жүктi әйелдердiң денсаулығын нығайту мақсатында арзан дәрумендердi қолдануға болатынын сөз еткен-дi. Министрдiң сөзiне сенсек, халықаралық тәжiрибеде қолжетiмдi, арзан азық-түлiктермен-ақ адам ағзасына қажеттi микроэлементтердiң орнын толтыруға болатын көрiнедi. Әрине, бұл жаңалық емес. Адам ағзасын дәруменге байытудың қолайлы, қарапайым түрлерi жеткiлiктi. Алайда бiздегi сол арзан дәрумендердiң бағасын кез келгеннiң қалтасы көтере бермейтiнiн министр бiлiп айтты ма, әлде жоқ па, белгiсiз. Мысалы, кальций жетiспеушiлiгiнен құтылудың қарапайым жолы – айран, сүт өнiмдерi екенiн бәрi бiледi. Бiрақ зауыттың қоспасы көп айраны емес, үйде жасалған сүт өнiмдерiн сатып алуға көбiне мүмкiндiк бола бермейдi. Оған себеп iздесеңiз, шетi көрiнбейтiн жауапқа тап боласыз. Көшеде сатылатын сүт өнiмдерiнiң санитарлық тазалығынан бастап, талапқа сай өзге жақтарын айтпағанда, ағыл- тегiл айран-сүт әкелетiндей ауыл-аймақта мал шаруашылығы жайнап тұрмағаны тағы белгiлi. Шөп-шаламмен ағзадағы дәруменнiң орнын толтыру үшiн табиғи, экологиялық уланбаған өсiмдiк iздеуiңiзге тура келедi. Қазақстанның экологиялық таза аймағы қалмағанын ескерсек, министрдiң ұсынбақ болған арзан дәруменiнен ерiксiз бас тартасыз. Мұнымен айтпағымыз, бiздегi бiлдей бiр саланың басшыларының қарапайым қағидаға қиғаш келетiн дүниелердi ескермей жатып, “жаңалық ашқыштығынан” талай жұрт зиян көруде.

Жүктi әйелдерге қамқорлық жасауды сөз еткен С.Қайырбекова үкiметтiң жиынында биылғы жарты жылдықта Павлодар, Жамбыл, Атырау, Ақмола, Қостанай, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында, Астана қаласында әйел-аналардың өлiм көрсеткiшi өте жоғары екенiн мәлiмдедi. Өз сөзiн өзi терiске шығарғанын министр байқамаған болуы керек. Әйтпесе, осыдан аз уақыт бұрын ғана қазақстандық дәрiгерлердi дәрiптеп, бәрiн сауатты деп жеңiстiк бермеген едi. Егер сауатты дәрiгерлер жеткiлiктi болса, ана мен бала өлiмiнiң көрсеткiшi жыл санап кемуге тиiс. Ал бiзде керiсiнше, жылдан жылға ауруханадан аман шықпайтындар саны артып барады. Соған қарамастан жыл сайын елiмiздегi денсаулық саласына бюджеттен бөлiнетiн қаржының көлемi де қомақты. Әйтсе де, миллиондар мен миллиардтардың тиiмдi жұмсалып жатқанына күмән келтiрушiлер көп. Мәселен, 2013-2014 жылғы эпидемиялық маусымда бюджет қаражатына 633. млн теңгеден астам сомаға 930 мыңнан аса тұмауға қарсы вакцина сатып алынған. Тұмауға қарсы екпе жұмыстарының шала-шарпы жүргiзiлетiнi мен ақылы түрде жасалатыны жөнiнде азаматтардан көптеп арыз-шағым түсетiнi рас. Сондай-ақ, 633 миллион теңгелiк екпе жұмысының азаматтарды тұмаудан сақтап қалмайтынын қазiр бәрi бiледi. Осыған орай алматылық оқырманымыздың “тұмауға қарсы екпеге бөлiнген ақша неғұрлым көп болған сайын қыстыгүнi қызуы көтерiлiп, мұрны бiткендердiң саны артатыны қалай?” деген сұрағы бәлкiм, С.Қайырбекованы да ойлантар деген үмiттемiз.

Емхана таңдау құқығын берген Денсаулық сақтау министрлiгi артынша-ақ емдеу мекемелерiн ақылы қызмет көрсету үлгiсiне көшiрудi ұсынды. Былайша қазақстандық емхана, аурухананың тегiн қызмет көрсететiнi жай сөз ғана. Бастапқыда тегiн басталатын емдеу iс-шаралары ақырында қалтаңыздағы соқыр тиынға дейiн қағып алады. Десек те, министрлiктiң бар iлiктi ақылы-ақысыз емдеу мекемесiндегi қызметтен iздеуi – ақылға қонымсыз. Себебi, дәрiгерге сый-сияпатын қаржылай жасаса да науқастың құлан-таза сауығып кететiн жағдайлары сирек. Бюджет қаржыландыратын емхана, аурухана мен жеке емдеу мекемелерiнiң арасында алып бара жатқан айырмашылық жоқ. Себебi, қай-қайсысында болмасын, өз деңгейiнде жоғары бiлiм алмаған мамандар көптеп қызмет көрсетедi. Олай болса, ақылы емдеуге жүгiнсеңiз де, басқасына барсаңыз да министрлiктiң “жаңалығына” емес, өзiңiздiң аман- есен қайтатыныңызға сенiп барған жөн шығар...

Түйiн: Адам болған соң ауырмай-сырқамай тұрмайсыз. Өзiм де қатты науқастанып, Алматыдағы 12 (!) невропотолог дәрiгерiне қаралғаным бар. Осы он екi невропотологтың бiрде-бiрi дертiмдi дөп басып диагноз қоя алмады. Ең сорақысы, сол дәрiгерлердiң ешқайсысы “нақты таппадым-ау, мүмкiн басқа болар” деп күмәнданбай, өз беттерiнше емдеу жүргiзгенiн қайтерсiз. Тоғыз ай бойы сандалтқан “абзал жандардың арқасында” мүгедек болып қалудың аз-ақ алдынан қайттым. Ақырында ота жасауды ұсынған “бiлiктi” хирург “ешқандай кепiлдiк бермеймiз. Отадан кейiн сауығып та кетуiңiз мүмкiн, сал болып қалуыңыз да мүмкiн” деп өз еңбегiн 133 мың теңгеге бағаланда, айтарға уәж таппадым. Сонда 133 мың теңгенi күмәндi ота үшiн төлеймiн бе? Қысқасы, ондаған дәрiгер мен медицина құрылғылары “таппаған” сырқатымды қарапайым сынықшы дәл тауып, аяқтан тұрғызып едi. Бұл жерде әлдекiмдi жарнамалау ниетiмiз жоқ. Мұнымен айтпағымыз – қарапайым сүйектiң шығып не сынып кеткенiн ажырата алмайтын дәрiгерлер қаншама адамның өмiрiн қиып жатыр жоқ па? Халықтың денсаулығын емдеуге бiлiмi жетпейтiн, жауапкершiлiгi төмен дәрiгерлердiң санын көбейтпей, сапасын арттыратын кез әлдеқашан жеткен. Сапалы қызмет көрсетуге шамасы жетпесе, денсаулық саласын салықшылардың есебiнен қаржыландырудың қажетi бар ма?

Автор:
Меруерт ХУСАИНОВА