28 января 2010, 22:49 | 2 532 просмотра
...чтобы нравиться читателю, надо постоянно вызывать в нем впечатления.
К.Гельвеций.
1982 – 1985 жылдар аралығы. Йемен Халықтық Демократиялық Республикасы. Аден шахары. Йемендегі КСРО елшілігі. Аталған дипломатиялық корпусқа қарасты емдеу мекемесі. Бұл орында сол жылдары біздің жерлесіміз Күлзия Бүркітбайқызы Исаева медбике қызметін атқарған – ды.
- Ұмытпасам 1983 жыл болуы керек. Йеменге дипломатиялық іссапармен КОКП - ның ( Кеңес Одағы Куммунистік париясы) ресми делегациясы келді , - деп еске алады Күлзия апай.
Осы дипломатиялық делегацияны КОКП Орталық Комитетінің хатшысы, Саяси Бюроның мүшесі, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Михаил Сергеевич Соломенцев басқарған болатын. Ол Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, басқа да марапаттардың иегері – тін.
-Михаил Сергеевич бұған дейін Кремль жанындағы емдеу мекемесінде «Алоэ» уколын алып жүріпті, - деп әңгімесін жалғастырды Күлзия Бүркітбайқызы. - Ол Йемендегі елшіктің бас консулынан «осы жерде маған емімді жал-
ғастыруға қол ұшын беретін медбике табылар ма екен» деп сұрапты. «Не беспокойтесь, у меня есть отличная медсестра. Ее зовут Кульзия» деп жауап берген екен елші мырза.
Жұмыс бөлмемде отырғанмын. Бір уақытта емханамыздың бас дәрігері кіріп келіп «Күлзия Бүркітбаевна, срочно идите в посольство. Вас вызывают.Вам поручено сделать укол секретарю ЦК» дегені. Елшілік мекемемізден біраз жерде-тін. Укол салуға қажетті құралдарды, дәріні алып, елшілікке жеттім.
Бұл жерде бір айта кетерлігі, Күлзия Бүркітбайқызы еш сасқан жоқ. М.С.Соломенцев медбике үшін тек науқас адам ғана. Оның лауазымын білсе де, өзінің кәсіби міндетін жетік білетін біздің кейіпкер қазақ қызына тән ибалық - инабаттылықпен елшіліктің есігін ашып, ішке енеді. Бұл кезде Орталық Комитеттің хатшысы Арабия ның дипломатымен сөйлесіп отырады.
-Михаил Сергеевич Соломенцев бойшаң, өте әдемі адам екен, - деп әңгімесін сабақтады Күлзия апай. – Орнынан тұрып, сәлемдесті. Амандық-саулықтан соң мен жан-жағыма қарай бастадым. Сөйтсем, ем жасауға қажеттінің бәрі дайын тұр екен. Кушеткаға жатқыздым да уколды салып, жазылып шығыңыз деп шығып кеттім. Бөлменің сыртында елшіліктің бір топ адамы тұр екен. Олар «Күлзия Бүркітбайқызы, укол саламын деп, Михаил Сергеевичті ашуландырып алған жоқсыз ба, көңіл-күйі қандай? – деп сұрап жатыр. «Жо-жоқ, еш ашуланған жоқ, көңілі көтеріңкі, уколды салып бердім» деймін мен.
Жұмыстан соң үйіме келсем, жолдасым Есенқұл Қаймолдаұлы «Ой, сен бүгін Соломенцевке укол салыпсың ғой. Бәрі дұрыс болды ма» деп сұрап жатыр. Мен болсам «салдым, оның несіне таңырқайсың» деппін. Есағаң болса «Қолыңды жума» дейді. «Неге жумаймын, жуамын, жуып та тастадым. Мен медбикемін ғой, күніне бірнеше адам қабылдаймыз, таза болуымыз керек» деймін.
Сонымен қойшы, КОКП хатшысына мен үш күн ем жасадым. Айта кетерлігі сол, ол сондай пунктуалды адам. Ем жасау уақыты күндізгі сағат 12 – тін. Қандай жиналыс, немесе кездесу болып жатса да бірер минутқа үзіліс жасап, уақытында ем алатын. Мен болсам «титімдей алоэны» саламын да жүре беремін, - деп бір кездесудің желісі осы дегендей, бұл әңгімесін аяқтады Күлзия апай.
Кейіпкеріміздің басынан өткерген тағы естен кетпес оқиға Валентина Владимировна Терешковамен кездесуі. Ол да сол Йеменде болған – ды. Валентина Терешкова, сөз басында айтып өткен ресми делегацияның құрамында болған.
Дерек: В.В. Терешкова - ұшқыш – космонавт, Кеңес Одағының Батыры. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі, аталған Кеңес YІІ – ХІ шақырылымдарының депутаты. Бүкілодақтық Әйелдер комитетінің төрайымы. 1962 жылы космонавтар отрядына қабылданып, 1963 жылғы маусымның 16-күні «Восток – 6» зымыранымен ғарышқа самғайды. Бұл сапары үш күнге созылады.
-Валентина Владимировна іссапарының барысында емхананың жұмысымен танысты,-деп тағы бір оқиғаның басын ашты Күлзия апай. - Орайы келіп тұрғанда ол мекемеміздің білікті мамандырының бірі акушер-гинеколог дәрігеріне де қаралды. Емдеуші дәрігер мені тағы да шақырып алып «Күлзия Бүркітбайқызы, бүгіннен бастап іссапары аяқталғанша В.Терешковаға тамырына хлорлы -кальций саласыз» деп тапсырма берді. Мен оны орындадым. Валентина Владимировнаны суретінен, теледидардан көріп жүрдік қой. Ал жақыннан көргенде ол мүлде өзгеше ме деп қалдым. Сондай әдемі, өте кішіпейіл жан екен. Әйелге ғана тән сұлулықты содан көрдім, анаға тән мейірімділікті аңғардым. Ұмытып барады екенмін, екінші күні укол салуға дайындалып жат-
қанымда «Извените, я забыла спросить ваше имя» деп сұрады. Мен «Күлзия» деп жауап бердім. «Очень приятно, Гульзия» деді ол. Валентина Владимировнамен мен осылай танысқанмын,- деп тағы бір естелікке нүкте қойды Күлзия Бүркітбайқызы.
Йеменде келісім шартпен жұмыс жасаған үш жылда апайымыз кезінде Одаққа танымал адамдардың біразымен танысыпты. «Қайсы бірін айта берейін. Ал. М.Соломенцев пен В.Терешковамен жүздесуімді естен шығарған емеспін» дейді Күлзия Бүркітбайқызы Исаева.