Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

КӨЗ ЖАНАРЫҢДЫ САҚТА...


26 октября 2013, 08:07 | 1 784 просмотра



Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты мен Халықаралық көз жанарын сақтау орталығы бірлесіп, көз жанарын сақтауға арналған офтальмологтардың ІІ Халықаралық 104-Тюбинген конференциясын ұйымдастырды.

Биыл оған еліміздің Денсаулық министрлігі де қолдау білдіруде. Шетелдік мамандардың қатысуымен өткен жиын барысында витреоретиналдық патологияны, офтальмологиядағы қант диабетінен асқынған ауруларды емдеу және ерте диагностикалау мәселелері талқыланды. Кезек тізгіні Алматыға жеткен 104-і жиынға әр тараптан офтальмолог-мамандар келіп, тәжірибелерімен алмасты. Отандық мамандардың айтуынша, қазір қант диабетіне шалдыққандар мен көз торының қабаттануымен ауыратындар саны азаймай тұр. Елімізде дәрігерлер мен қажетті техниканың жетіспеуінен науқастар шетел асуға мәжбүр. – Сондықтан оның алдын алу үшін офтальмологиясы жоғары дәрежеде дамыған елдердің мамандарымен тәжірибе алмасудамыз. Олар бізге көз торының қабаттану патологиясын анықтауды, оларды дұрыс емдеуді, көздің көрмеуіне әкелетін қабынудың асқынуын төмендетуді үйретуде. Мұндағы мақсат – көз торының қабаттану ауруларының диагностикасын ерте анықтап, емдеу. Бүгінде дүниежүзінде қант диабетімен ауыратындар ең біріншіден көздің көрмей қалуынан зардап шегеді. Содан қаншама адам көз жанарынан айырылуда. Шетелде бұл мәселе баяғыда қолға алынған, ал бізде әлі кенжелеп тұр. Біріншіден, техникалық жабдықтар жетіспейді, екіншіден оны меңгерген білікті мамандар аз. Сондықтан шетелдік офтальмолог мамандар науқас соқыр болып қалмас үшін тексеру жұмыстарын қалай жүргізу қажет екендігін түсіндіріп, тәжірибелерімен бөлісуде. Біз қазір Халықаралық көз жанарын сақтау орталығына барлық техникаларды сатып алдық. Шетелден келген мамандар клиникада науқастармен кеңестер өткізді. Келер жылы бізде операция жасауды жоспарлап отыр. Содан кейін клиникада жаңа техникалық құрылғыларды пайдалана отырып, еліміздегі мамандарға операцияны қалай жасау керектігін үйретеміз. Кейін біздің науқастар шетел аспай өз елімізде емделе алады деп үміттенемін, –дейді Халықаралық көз жанарын сақтау орталығының директоры Құралай Жазықбаева.

Мамандарды қынжылтатыны, қант диабетімен ауыратындардың көбі аурудың көз көруіне әсер ететінін біле бермейтіндігі. Әсіресе, көз жанары суалғаннан кейін ғана маманның көмегіне жүгінеді екен. Аталмыш конференцияда қант диабетінің көзге әсері, оның қандай асқынуға әкеп соғатыны және онымен қалай күресу керектігі жөнінде айтылды.

– Офтальмологияда ең ауыр патология – көз торының қабаттануы. Өйткені ол адамның соқыр болуына әкеледі. Елімізде көз торының қабаттануын көз институтында ғана емдейді, басқа емдейтін орталықтар жоқ. Жалпы, еліміздегі кең тараған ауру – көз ішіндегі қысымның жоғарылығынан пайда болатын «суқараңғылық» атанған глаукома диагнозы. Ол да соқырлыққа әкеледі. Екінші орында – қант диабеті. Оның кесірінен көз түбінде қанның құйылуын туындататын тамырлардың дұрыс дамымауы көру қабілетінің нашарлауына себеп. Ал диагнозды ерте қойсақ, емін табуға болады. Бұл курстың біз үшін маңыздылығы, мұнда көзторының қабаттануының ерте диагностикасын қоюды үйретеді,– дейді Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының офтальмология кафедрасының меңгерушісі, профессор Бағдат Сүлеева.

Халықаралық көз жанарын сақтау орталығының директоры Құралай Жазықбаеваның айтуынша, осыдан кейінгі конференция енді 2015 жылдың 3-қазанында өтпек. Онда көз торының қабаттануы мен көз ісігі жайында тәжірибелер ортаға салынады.

Автор:
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА