Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бет гимнастикасы


28 января 2010, 22:47 | 3 452 просмотра


Гимнастика дегеніміз арнаулы жаттығулар жүйесі. Ол барлық организмге немесе оның кейбір бөліктеріне әсер етеді.

Гимнастиканың бетке әсерін молайту үшін оны басқа косметикалық процедуралардың бірімен жалғастырады. Назарларыңызға беттің бұлшық еттеріне арналған бірнеше гимнастиканың жиынтығын ұсынамыз.

Бірінші жаттығу. Көзді тарс жұмып, іштей үшке дейін санайды. Содан кейін көзді барынша ашады да, тағы да үшке дейін санайды. Мұны пауза (үзіліс) деп атайды. Жаттығуды бес рет қайталайды.

Екінші жаттығу. Көздің шеке жақтағы қиығына сұқ саусақ пен үшінші саусақты қойып, көзді жұмып, қайтадан үлкейгенше ашады да, саусақты анық көргенше жанарын бұрады.

Үшінші Жаттығу. Тура қарап тұрып, қабақты көтереді де, он екіге дейін санайды. Үзілістен кейін қабақты түсіреді.

Төртінші жаттығу. Басты тік ұстайды. Көздің жанарын мүмкіндігінше алдымен оңға, содан кейін айналдыра солға бұрады. Жатығуды төрт-бес рет қайталайды.

Бесінші жаттығу. Тура қарайды да көздің жанарын солға содан кейін оңға бұрады.

Төртінші, бесінші жаттығуды ауыстырып жасайды. Көздің жанарын оңға-солға, жоғары - төмен қозғай отырып жасаған жаттығулар көздің бұлшық еттерін бекітіп, қабақтың ісуін азайтады, әжім түсуге кедергі жасайды.

Егер бұғақ болса, бет терісі салбырап босаса, мынадай гимнастикалық жаттығулар жасау керек.

Бірінші жаттығу. Ауаны мұрынмен барынша көп тартқанша тырысу керек. Содан кейін сол ауаны ауыздан шығару керек.

Екінші жаттығу. Тістенеді. Езуді барынша созып, ауа сорады да, оны мұрыннан шығарады. Үшінші жаттығу. Тістенеді. Ауаны ауызбен сорып, қайтадан ауыздан шығарады. Бірақ ауаны тек еріннің не оң жағынан немесе сол жағынан сыздықтатып шығару керек.

Төртінші жаттығу. Тістенеді. Ауаны мұрынмен тартып, ауызды толтырып тұрып қайта шығарады.

Бесінші жаттығу. Тістенеді. Ауаны мұрынмен тартқанда бетті де ішке қарай тартады. Содан соң қалпына келтіреді.

Алтыншы жаттығу. Ауаны мұрынмен тартқанда басты мүмкіндігінше артқа шалқайтады, мұрыннан қайта шығарарда басты қайтадан бастапқы қалпына келтіреді.

Жетінші жаттығу. Мұрынмен демалғанда басты мүмкіндігінше оң иықтың үстіне бұрады (тек иықты көтермейді). Ауаны қайта шығарарда басты қалпына келтіреді. Басты сол жақ иыққа қарай бұрып, жаттығуды тағы қайталайды.

Сегізінші жаттығу. Басты дөңгелете отырып екі иықтың үстінен, алдымен солға, содан кейін оңға (иықты көтермейді) айналдыра шығады.

Бұл жаттығуларды күнде жасайды.

Алғашқы күндері әр жаттығуды екі-үш рет қайталайды. Ал, алтыншы, жетінші, сегізінші жаттығуларды бұғағы бар адамдар жиырмаға дейін жеткізуге тиіс.