Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕР ОЙДАҒЫДАЙ ОРЫНДАЛСЫН


20 октября 2013, 09:54 | 1 639 просмотров



Өткен аптада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы болды. Онда Үкіметтің биылғы жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындылары тыңдалды.

Премьер-Министр Серік Ахметов еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері туралы баяндады.

Біріншіден, экономиканы әртараптандыру арқылы орнықты әрі ұзақ мерзімді экономикалық өсімді сақтау. Бұл бағытта ағымдағы жылы мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жалғасты. Индустрияландыру картасы аясында бірінші жартыжылдықта 34 жоба іске қосылды. Ондағы инвестиция 72 млрд. теңгені құрап, 2300 шамасында тұрақты жұмыс орындары құрылды.

Басымдық берілген екінші бағыт – әлеуметтік жаңғырту және еңбек өнімділігі. Бұл ретте «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады.

Үшінші басым бағыт – тиімді өңірлік даму. Бұған орай Үкімет шағын қалаларды дамыту бағдарламасын әзірледі.

Оған жалпы саны 1 млн. тұрғынды қамтитын 41 қала енді. Сондай-ақ, ауылдарды қайта дамыту картасы мақұлданды. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 303 сумен қамту және су тарату жобасы іске асырылатын болады.

Төртінші басым бағыт – мемлекеттік басқару. Бұл бағытта мемлекеттік сыңайлы сектор субъектілерін үйлестірудің алғашқы кезеңі аяқталды және мемлекеттікпен қатысты, жеке секторға беруге жататын ұйымдар тізімі анықталды.

Бесінші басым бағыт – өңірлік ықпалдастық, ішкі экономикалық ынтымақтастықты жетілдіру. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөнінде келіссөздер жүргізуі аяқталуға жақын екенін де айта кеткен жөн.

БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ БАҒДАРЫ ҚАНДАЙ?

Ең алдымен біз қабылданған бағдарламалардың орындалу барысына тоқталуымыз керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. - Біз халыққа қабылданған бағдарламалардың бәрі пайдалы екенін, оның орындалуына қажетті ресурстардың бөлінетіндігін айтып отырамыз. Барлық бағдарламалар да еліміз үшін маңызды.

– Қуаты да, көлемі де бірдей екі нысанның бағасы екі түрлі болатынына неге шүбә келтірмейсіңдер? – деді Президент. – Мәселен, Ақмола облысында 1200 орындық мектеп дәл сондай 900 орындық мектептен 219 млн. теңгеге арзанға түскен. Ақтөбе облысында бір жылда салынған екеуі де дәл бірдей екі мектептің құндарындағы айырмашылық 130 млн. теңге болған. Атырау облысындағы бірдей емхана құрылысына жұмсалған шығын құнының айырмашылығы 400 миллион теңгеден асқан.

Бюджеттің сапасыз орындалуы көбінесе рұқсат беру және келісу ресімдерінің көптігіне байланысты, бұл да экономиканың дамуын тежейді. Үкіметке осы мәселелерді қатаң бақылауда ұстауға тапсырма берілді.

МЕМЛЕКЕТ НЕНІ, ҚАЛАЙ САТЫП АЛУДА?

Президент өз сөзінде мемлекеттік сатып алу мәселесіне де арнайы тоқталды. Бюджеттік бағдарламалардың орындалмауының және олардың тиімсіздігінің негізгі себебі мемлекеттік сатып алу жүйесі болып саналады.

Нысандар мен жер учаскелерін сатып алуда тиісті дәрежеде бақылау жасалмайды. Мәселен, Ақтөбе облысының Шалқар ауданында құны 75 млн. теңгелік 140 орындық балабақша екі есе бағасына сатылып алынған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осындай мысалдарға қарап әкімдер ештеңені де бақыламай ма деп қаласың. Жаңа технологиялар енгізу арқылы күрделі шығындарды азайту мәселесін де ешкім қолға алмаған. Әсіресе, үй құрылысында, жол құрылысында осындай әдістерді қолданып, бағаны азайтуға болушы еді ғой. Мен Ресейде жаңа технологиялар қолдану арқылы салынып жатқан Мәскеу – Қазан тасжолының бұрынғы бағадан екі есе арзандағанын естідім. Бізде неге осындайларды қолға алмасқа? – деді Президент.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТУ ЖАЛҒАСТЫРЫЛСЫН

Үкіметтің жіті назар аударуын талап ететін келесі бағыт – әлеуметтік жаңғырту үдерісін күшейту.

Соңғы үш жыл ішінде мемлекет білім беруді қаржыландыру мөлшерін 1,7 еседен астам мөлшерге ұлғайтты. 2013 жылы ол бір жарым триллион теңгеге жуық көлемді құрады. Бірақ балабақшалардағы орын жетіспеушілігі өткір күйінде қалуда, жарты миллионға жуық бала кезекте тұр. Жекелеген облыстар білім беру нысандарының құрылысын тұралатуға жол беруде. Солтүстік Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын нысандар бойынша қаржы игеру 62 пайыздан аспай отырғаны атап айтылды. Жергілікті бюджет бойынша да осындай ахуал байқалып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев кәсіптік-техникалық оқыту саласында экономика талап етіп отырған барлық мамандардың тек үштен бірі ғана дайындалатынына тоқталды. Сонымен қатар, материалдық-техникалық база қанағаттанарлықсыз күйде қалуда, жатақханалар жетіспейді, өндірістік тәжірибесі бар білікті мамандар қатарына жататын оқытушыларға тапшылық бар. Жоғары білім беру жүйесінде де проблемалар бар секілді.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына да аса ауқымды қаржы бөлініп отырғанын атап өтті. 2012 жылы жалпы қаржыландыру көлемі 8 миллиард долларды құрады, яғни дамыған елдер деңгейіндегі ішкі жалпы өнімнің 4 пайызы. 45 емхананың, Алғашқы дәрігерлік санитарлық көмек көрсету орталықтарының, 300-ден астам дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылыстары жоспарланды. Осыған қарамастан қызмет көрсету сапасы әлі күткен нәтижеге жете қойған жоқ. Қазақстан Президенті өңірлерде салынған медициналық нысандардың білікті мамандармен қамтылуы қажеттігіне тоқталды.

Қазақстанның жүрек-қан тамырлары ауруларынан болған өлім жөнінен бірінші, жол- көлік оқиғаларынан болған өлім жөнінен екінші орын алатыны атап айтылды. Өткен жылы жол бойында 2145 адам, биылдың өзінде 2273 адам қаза болды. Мемлекет басшысы осыған орай көлікті алкогольді ішімдік ішіп алып жүргізгендер үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Елбасы еңбек және жұмыспен қамту саласындағы әлеуметтік көмекті өзара міндеттемелер негізінде еңбекке қабілетті адамдарға беру қажеттігіне назар аударды. Жұмыссыз адам әлеуметтік көмекті кейін қайтару шартымен алуға тиіс.

Қабылданған шараларға қарамастан, жалақы бойынша берешек сақталып отырғаны, оның биылғы 1 қарашада 1 миллиард теңгеден асқаны атап айтылды.

Баспанамен қамтамасыз ету маңызды әлеуметтік мәселе күйінде қалып отыр. Мемлекет басшысы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру көп реніш тудырып отырғанына тоқталды. Төлем қабілетінің төмендігіне байланысты оған көптеген отбасылар қатыса алмауда. Қолжетімді баспана бойынша «Тұрғынүйқұрылыс жинақ» банкіндегі келеңсіз фактілерді атап өтіп, жеңілдікпен, заңсыз жеңілдікпен үй алғандардың баспаналарын қайтаруды талап етті.

Автор:
Жақсыбай САМРАТ, Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». (Қысқартылып алынды).