Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӘЛЕУМЕТ ЕРІКТІ ЕКПЕНІҢ ЕРТЕҢІ БАР МА?


20 октября 2013, 09:36 | 1 548 просмотров



Қазақстанда биылдан бастап адам папилломавирусына қарсы екпе егу басталды. Бұл екпе онкологиялық қызмет көрсету аясында жатыр мойны обырының алдын алу үшін 11-12 жас аралығындағы жеткіншек қыздарға салынады.

Бұл екпе туралы біраз уақыттан бері айтылып, қазан айынан еліміздің 4 аймағы: Атырау, Павлодар облыстары. Алматы мен Астана қалаларында алғаш рет қолға алына бастады. Өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігі «қауіпсіз» деп сатып алған Бельгия мен Нидерландыдан келген екпелер егу басталмай жатып, дауға айналды. Ай басында Павлодар облысы Екібастұз ауданы Майқайың ауылдық мектебінің екпе алған 8 оқушысының 2-еуі ауруханадан бір-ақ шыққаны белгілі. Бұл оқиға қоғамда екпеге қарсылық тудырып, наразылықты күшейтті. Осыдан кейін екпе егу науқаны басталмай жатып, тоқтайтындай көрінген. Алайда еліміздің Бас санитар-дәрігері Айжан Есмағамбетова арнайы брифингте жұмыстың тоқтамайтындығын, қазақстандық оқушыларды егу жалғасатынын айтты. Санэпидқадағалау комитеті аталмыш оқиғаға байланыстыиммунолог, аллерголог, педиатр, эпидемиолог сынды мамандар мен ДДСҰ, ЮНИСЕФ өкілдерінің басын қосып арнайы комиссия құрған. Олар вакцина неге кері әсер бергенін анықтайтын болады. Тексеру жұмыстарының нәтижесі 5 аптадан кейін дайын болмақ. Десе де, дәрігерлер екпенің қауіпсіз, тиімді екеніне сенімді. Айжан Есмағамбетова өз сөзінде «бұл жағдайларға байланысты егу жұмыстары тоқтамылмайды. Оны тек тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша айтуға болады. Алайда бұл екпенің қажеттігіне ешкімнің күмәні болмасын» деп түйіндеді.

Негізі, адам папилломавирусына қарсы екпе ерікті түрде, ата-ананың рұқсатымен ғана жүргізіледі. Бұл вирус несімен қауіпті? Бүгінде 100-ден аса түрі белгілі вирус – көп таралған вирустардың бірі. Ғаламтордағы ашық дереккөздер адамзаттың 60 пайызында бұл вирустар болуы мүмкін деген дерек келтіреді. Олардың кейбірі адам денсаулығы үшін қауіпсіз болса, кейбірі қатерлі ісік тудыруы мүмкін. Соның ішінде әйелдердің жатыр мойны обырына шалдығуының бірден-бір себебі – аталмыш вирус болып табылатыны дәлелденген. Ал жатыр мойны қатерлігі ісігі бойынша Қазақстан ТМД елдері бойынша алғашқы үштіктен түспей келеді. Жыл сайын жатыр мойны обырымен әлем бойынша 600 мың әйелзаты ауырса, соның үштен бірі қатерлі ісіктің кесірінен көз жұмады екен. Ал Қазақстанда он мыңнан аса әйел аталмыш ауруға шалдыққан. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2012 жылдың өзінде адам папилломавирусын жұқтырудың 1632 дерегі тіркелген. Дәрігерлер олардың қатары жылдан-жылға артып келетінін айтады. Бұл аурудың қауіптілігі сол, ұзақ жылдар ешқандай белгі бермей дами беруі мүмкін. Көп жағдайда әйелдер қатерлі ісіктің төртінші деңгейіне жеткен кезде ғана дәрігердің алдына барады. Ал бұл кезде оған көмектесу мүмкін емес. Обырдың уысына түскен әйелдердің 16 пайызы бір жыл өтпей-ақ о дүниелік болса, 40 пайызы 5 жылдың ішінде өмірмен қоштасады екен.Жатыр мойнының қатерлі ісігі бала сүю бақытынан да айыруы мүмкін. Сондықтан министрлік онкологиялық ауруларға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыру мақсатында ерте жастан екпе егуді қолға ала бастап еді. 2012-2016 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, оған 51 млрд 97 млн теңге бөлінген. Соның 2,7 миллиарды адам папилломавирусына қарсы ерікті егпе егуге бөлінген. Мұндай бағдарлама әлемнің елуге жуық елінде жүргізілетін көрінеді. Адам папилломавирусына қарсы екпе жасау жұмыстары өткен ғасырдың 80-жылдары қолға алына бастаған. Тек 2007 жылы вирустың алдын алатын екі екпе тіркелген. Барлық шығынын мемлекет көтеретін бұл бағдарлама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ұсынылып, тиімділігі отандық мамандардың зерттеулерімен расталған. Бас санитар- дәрігердің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанға әкелінген шетелдік «Гардосил» және «Церварикс» деп аталатын вакциналарының осы күнге дейін 175 миллион данасы қолданылыпты.

Жалпы, еліміздің онколог-дәрігерлерінің басым көпшілігі «жатыр мойны ісінің алдын алудың бірден-бір жолы– вацинация» деген пікірді қолдайды. Өйткені Қазақстандағы қатерлі ісік бойынша қалыптасқан қазіргі жағдай аурудың алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. Ерте жастан жасалатын екпенің арқасында жатыр мойны қатерлі ісігінің 80 пайызының алдын алуға болады екен. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған басқосуда осы саланың мамандары бірауыздан жатыр мойнының обырын алдын алу үшін екпе жасаған тиімді деді. Сол кезде ҚР санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының бөлім меңгеруші Айнагүл Қуатбаева «Екпеге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арнайы сертификат беріп, осы ұйым тарапынан мемлекеттік бағдарламаға енгізуге ұсынылған. ДДСҰ қандай да бір сертификат пен ұсыныс берудің алдында түбегейлі зерттеу жүргізетінін ұмытпау керек. ДДСҰ-ның екпе қауіпсіздігіне байланысты ғаламдық комитеті АПВ қауіпсіздігі мәселесін үш рет талқыға салған. Барлық деректі салыстыра келе, екпе қауіпсіз деген тұжырымға келген. Ал Қазақстанда олар Ұлттық дәрі-дәрмек сараптау орталығында тексеруден өткен» деген еді.

Бағдарлама басталмас бұрын Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты арнайы зерттеу жүргізген. 4000-нан әйел қатысқан зерттеу барысында Қазақстанда аталмыш вирустың қай штаммы кеңінен таралғанын анықтаған. Нәтижесінде олардың үштен бірінде АПВ-ның 16-шы және 18-ші штаммы анықталған. Бұлар жатыр мойны обырының қалыптасуына себеп болатын түрлері. Осы зерттеуге сүйеніп, ғылыми- зерттеу институты екпе егу қажет деген тұжырымдама жасаған.

11-12 жаста салынған екпенің нәтижесі тек 10-15 жылдан кейін белгілі болады. Бағдарлама басталмас бұрын оның тиімділігіне күмәнмен қарағандар да болды. Мәселен, бір жыл бұрын Мәжіліс депутаты Меруерт Қазыбекова депутаттық сауал жолдап, Денсаулық сақтау министрлігінен екпенің қауіпсіздігін растауды сұраған болатын. Алғаш рет пилоттық жоба ретінде қолға алынып отырған бастамаға күмәнмен қарайтындығын айта келіп, оны «амеркетингтік жоба», тіпті тәжірибе жасау деп қабылдайтынын білдірген. Өйткені жұққан вирус қатерлі ісікті дамытуы үшін орта есеппен 20 жылдай кетсе, екпе тек 5 жыл сынақтан өткен. Одан бөлек, депутат өзге елдерде екпенің кері әсері болып, тіпті ажал құштырған жағдайларды да көлденең тартты. «Неге болуы мүмкін тәуекелдер туралы айтылмайды. Неге қыздардың денсаулығына төнуі мүмкін қатер туралы бағдарламада бірауыз сөз жоқ? Неге бүкіл бағдарлама ведомствоның қаржылық мүддесіне ғана құрылып, болуы мүмкін қауіп-қатер туралы жұмған ауыздарын ашпайды?» деп күйінген еді депутат. Одан бөлек, екпе егу ерікті түрде делінгенімен, елдің шет аймақтарында жоспарды орындау үшін «ерікті-мәжбүрлі» түрде екпе жүргізібесіне кім кепіл деген болатын.

Бір қызығы, депутаттың сауалына жауап берген Денсаулық сақтау министрлігінің уәжі аса иланарлықтай шықпаған сыңайлы. Өйткені екпелер Қазақ онкология және радилогия ғылыми- зерттеу институты зерттеу жүргізбей жатып сатып алынып қойған. Сондай-ақ министрліктен келген жауабы екпеден болған кері әсерге жауапкершілікті ешкім мойнына алмайды дегенге саяды. Бұл туралы Меруерт Қазыбекова БАҚ құралдарына берген сұхбатында айтқан.

Бір жыл бұрын жолданған сауалды мысалға келтіріп отырған себебіміз, бүгінде екпе туралы қоғамдық пікір екіге жарылып отыр. Онсыз да ушығып тұрған жағдайды жатыр мойны обырына қарсы екпе жасау ушықтырып жіберді. Қазір жаңа, елдің санасына сіңе қоймаған екпе түгіл, Ұлттық екпе күнтізбесіне кірген егуден бас тартып жатқандар жетерлік. Жатыр мойнының қатерлі ісігінен сақтандырам деген, қыздарының болашағына алаңдайтын ата-аналар үшін үлкен мүмкіндік туып тұр. Алайда соңғы жағдай сенімге селкеу түсіргені шындық. Десе де, таңдау жасау әркімнің өз еркінде.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР