Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АС ҮЙ СӨРЕСІНДЕГІ КОСМЕТИКА


28 января 2010, 22:41 | 4 243 просмотра



Көптеген қыз-келіншектерге күнделікті пайдаланып жүрген азық-түлігіміздің, әсіресе, сүт тағамдары, көкөніс, түрлі жемістер мен сұйық майлардың косметикалық мақсатта қолданылатыны белгілі. Әйтсе де олардың өзіне тән ерекшеліктері мен құрамын, пайдалану жолын білген жөн.

Жұмыртқа. Бет терісінің кеңіген саңылауларын тарылтып, нәрлендіреді, жұмсартады. Шикі жұмыртқаны жарып, әбден езген соң бет пен мойынға жағыңыз да 20минут жата тұрыңыз. Содан соң жылы сумен жуып тастаңыз. Мұны шаш күтіміне де пайдаланады.

Шай. Шаршап, қабағыңыз ісіп жүрсе, салқын суға малынған мақта түйінін көзіңіздің үстіне қойып, 15 минут демалыңыз. Пайдаланылған саманы төгіп тастамай, қайнап тұрған суға салып бірнеше минут қайнатып алыңыз. Жуылған басты самасы сүзілген осы шай суымен шайыңыз. Шашыңыздың жылтырап тұратын қасиетін қалпына келтіреді.

Тұз. Азғана тұз салынған жылы сумен көзіңізді жусаңыз, жанарыңыз жалтырап шыға келеді. Ал осындай тұздалған жылы суға салынған мақтаны көзіңіздің үстіне қоя тұрсаңыз, қабақтағы ісікті басады. Тұзды ванна аяқ шаршағанда да жақсы көмектеседі.

Майсана майы. Майсана майымен шашты емдейді. Түнге қарай шашқа әбден сіңіре жағып, ертеңіне жақсылап жуу керек. Майсана майын сондай-ақ кірпікке де жағуға болады. Сонда кірпік қоңырлау түс алады.

Бал. Бетке жаққанда тері жұмсарып, жібектей болады. Майлы бетке пайдаланғанда жұмытқаның ағын (езілген) араластырып, ал құрғақ бетке - сүт немесе кілегей қосады. Сондай-ақ ваннаға түскенде бал қоссаңыз – шаршағаныңызды тезбасып, ұйқыны ретке келтіреді.

Қияр шырыны (қиярдың бір тілімін пайдалануға болады) теріні тазартумен бірге қатайтады да. Бұл, әсіресе, майлы бетке пайдалы. Үккішпен үгілген қиярға сүт қосып маска жасауға болады. Мұндай маска бетті жасартады, әсіресе, күн астында (қыздырынғанда) көп жүретіндер үшін өте тиімді.

Картоп терінің кемшіліктерін жоюға көмектеседі. Әсіресе, экземаға пайдалы қасиеті бар. Картоп теріні тазартады, қатайтады, көз айналасындағы ісікті басады. Ол үшін картопты үккішпен үгіп суын бет пен қолға жағады. Қабаққа шикі картоптың бір тілімін немесе үккіштен өткізіп басса жақсы әсер етеді.

Қырыққабат. Құрамы түрлі бағалы минералды заттарға бай қырыққабат тері үшін нағыз нәрлендіргіш болып есептеледі.Капустаны азғана суға қайнатып, салқындаған соң оның суын жуынуға пайдаланыңыз.

Апельсин қабығын кептіріп, ұсақтап турап алыңыз да бетке арналған кез келген маскаға пайдаланыңыз.

Сәбіз құрғақ әрі сезімтал теріге жақсы әсер етеді. Ол үшін сәбізді пісіріп, салқындатқан соң үккішпен үгіп, бетке жағыңыз.

Айран теріні қалпында ұстауға қажетті ферменттерге бай. Теріні тазартуға өте тиімді, әсіресе майлы бет үшін таптырмайтын әдіс. Ваннадан соң айраннан маска жасап, 20 минуттан кейін жылы сумен жуып тастаңыз.

Айранның шаштың түбін бекітуге де пайдасы зор. Ол үшін бас жуар алдында шашқа сіңіре жағады.