Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

БАЛА ЕҢБЕГІН ҚАНАУ АЗАЙҒАНМЕН, ЖОЙЫЛАР ЕМЕС


6 октября 2013, 13:24 | 2 409 просмотров



Үкімет үйінде өткен Әйел­дер істері және отбасылық-демо­гра­фиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы бала еңбе­гін қанау, бедеулікті тегін емдеу­дің қолжетімділігі және Астана қаласындағы мүгедек әйелдердің жағдайын жақсарту мәселелеріне арналды. Алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова үстіміздегі жылдың алғашқы жар­тысында еңбекке қатысты 9 мыңнан астам заң бұзушылықтың болғанын, оның 19 фактісі тікелей бала еңбегін қанауға тиесілі екенін жеткізді.Ол кәмелеттік жасқа жетпеген балалардың еңбегін пайдалану оқиғалары көбіне автотұрақтарда, сауда орындарында, егістік далаларында кездесетінін айтты. «Жыл сайын елімізде «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн күрес» атты Ұлттық ақпараттық іс-шаралар өткізіледі. Оның шеңберінде түрлі семинарлар мен тренингтер, «дөңгелек үстелдер» мен баспасөз жиындары ұйымдастырылып жатады. Биылғы өткізілген шараларға 1 млн. 200 мың бала мен 200 мыңдай ересек адам қатысты. Соның нәтижесінде нақты 76 баланың еңбегі қаналғаны анықталды», деді вице-министр.

Халықаралық еңбек ұйымының Қазақстандағы өкілдігі атынан сөз алған Динара Қарынбаева бүгінгі таңда дүниежүзінде еңбегін үлкендер пайдаланып жүрген 170 млн.-ға жуық бала бар екенін айта келе, бұл мәселенің елімізді де айналып өтпегенін алға тартты. Ол, әсіресе, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бала еңбегін пайдалану әрекеттерінің көбірек көрініс беретінін, оның ішінде көкөніс пен темекі және мақта өнімдерін жинау барысында баланың еңбегі пайдаланылатынын атап көрсетті. «Халықаралық еңбек ұйымының еліміздегі ұлттық жобасын ұйымдастырушылар биыл 15 сәуірде бала еңбегіне мониторинг жүргізудің пилоттық жобасын әзірледі. Бұл 15-ші желтоқсанға дейін жалғасады. Жобаның басты мақсаты еңбекке тартылған жас балаларды анықтап, олардың мектепке қайта оралуы үшін тиісті көмек көрсету. Қазіргі таңда түрлі себептермен еңбек етуге мәжбүр болған 150 баланы анықтадық. Соларға канцеляриялық тауарлар мен азық-түлік себеті бойынша көмектесіп жатырмыз. Жоба аяқталған соң да осындай балаларға көмектесу, олардың болашағын ойластыру мемлекеттік деңгейде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тарапынан шешілсе деген ұсынысымыз бар», деді ол.

Ал, Денсаулық сақтау ми­нистрлігі, Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева бедеулікті тегін емдеуге қол­жетім­ділік мәселесі бойынша баяндама жасап, бүгінгі таңда өткен жылдармен салыстырғанда еліміздегі бедеуліктің көрсеткіші 40 пайызға ұлғайғанын айтты. Ол оның себебін профилактикалық іс-шаралардың көбейіп, соның нәтижесінде мемлекеттік деңгейде көмек алуға ұмтылатын отбасылардың ресми есепке тұруының артуымен түсіндірді. «Соңғы статистикалық мәлімет бойынша, еліміздегі ерлі-зайыптылардың 15 пайызы бала сүю мүмкіндігінің шектеулілігімен зардап шегеді. Оның ішінде бедеулік әйелдер арасында 60 пайыз, ал ерлер арасында 40 пайыз көрсеткішке ие», деген департамент басшысы 2010 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің репродуктивті денсаулық мәселесіне ерекше көңіл бөле бастағанын, оның ішінде денеден тыс ұрықтандыруға (ЭКО) тікелей қаржы бөлінетінін әңгіме өзе­гіне айналдырды. Сонымен, бү­гінгі күні әр әйелге денеден тыс ұрық­­­тандыруға бөлінетін қаржы 737 мың теңге көлемінде. Бұл алдымен жыл сайын 100 әйелге бөлінген болса, биылғы жылы 600 әйелге мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып отыр.

Мәселеге орай «Экомед» клиникасының жетекшісі Салта­нат Байқошқарованың ұсы­нысы тыңдалды. 18 жылдан бері осы мәселемен айналысып жүр­ген ғалым ретінде Салтанат Бай­қош­қарова ДТҰ-ның өте қымбат тұратын емделу екенін, әрбір әйелді оған дайындау үшін бір жылға жуық уақыт, түрлі тексерістерден өткізу үшін мемлекет бөлген қаржыға кірмейтін қыруар ақша кететінін айта келе, ең алдымен кеңестік жүйеден қалған денсаулыққа сараптама жасау мәселелерін қысқартуды ұсынды. «Қанша елдердің тәжірибесін зерттедік. Әсіресе, дамыған елдерде денеден тыс ұрықтандыруға әйелдерді дайындау үшін жасалатын түрлі деңгейдегі тексерулер бізден екі есе кем екеніне көз жеткіздік. Сонша уақыт пен ақшаны шығындау кімге тиім­ді», деген ғалым біздегі ДТҰ-ның қымбаттығы жайлы да ой қозғады. Ойды ой қозғап, ДТҰ-мен айналысатын мамандардың, лабораториялардың тапшылығы, препараттардың уақытында жеткізілмеуі, ал бұл кезде әлемде жаңа препараттар шығып, біздің еліміз тапсырыс берген дәрі-дәр­мектер қолданыстан шығып жататыны және т.б. мәселелер әңгімеге арқау болды.

Автор:
Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».