Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ГРЕКИЯДА СОЧИ ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ АЛАУЫ ТҰТАНДЫ


6 октября 2013, 13:22 | 1 370 просмотров



29 қыркүйек күні ежелгі грек жерінде алдағы жылдың ақпан айының 7-сінде Ресейдің Сочи қаласында басталатын XXII қысқы Олимпиялық ойындардың алауы тұтанды. Енді осы отты шығыршықты алып жүретін эстафета үш айдан астам уақыт жер-дүниенің біраз жерін шарлап келіп, Қара теңіздің жағасындағы қалаға Ойындардың салтанатты ашылатын күні келіп жетеді.

Ертеден келе жатқан аңыздарға сәйкес, отты тұтату рәсімі біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырда алғашқы дәнегі өніп шыққан Олимпиялық ойындар мекені – Олимпия тауындағы Гераның Храмының қирандысы етегінде керуен керді. Бұрыннан қалыптасқан үрдіс бойынша, театрландырылған қойылым ойналып біткеннен кейін, абыз қыз Протиериа болып ойнаған афиналық бойжеткен параболикалық айнаның көмегімен күн сәулесінен алынған қызу арқылы олимпиялық алауды тұтатты.

Осыдан кейін отты тұғырды бірінші болып гректің 18 жасар шаңғышысы Яннис Антониу алды. Ол біршама уақыт жүгіріп өткеннен кейін оны хоккейден Ресей құрамасының мүшесі Александр Овечкиннің қолына ұстатты.

Бұл эстафета енді бес күн бойы Грекия қалалары аумағынан жүріп өтеді. Алау содан соң, 5 қазан күні «Сочи-2014» ұйымдастыру комитетінің делегациясына тапсырылып, ұшақпен Мәскеуге жеткізіледі. Ал 7 қазаннан бастап алаудың ұзын-ырғасы 123 күнге созылатын ресейлік марафоны басталады. Оның соңы 7 ақпан күні Сочиге келіп табан тіреумен аяқталады.

Бұдан бұрын Олимпиаданы ұйымдастырушылар оттың қай жерлерде болатынын да айтып өткен еді. Тарихтағы ең ұзақ эстафета – 2,9 мың шақырымдық жол Калининград пен Владивостоктың арасын жалғайды. Олимпиаданың басты рәмізін алып жүруге барлығы 14 мың алаушы қатысады.

Олимпия алауы жолай Тула облысындағы «Ясная Поляна», Новгород жеріндегі «Рюриктер қалашығы» археологиялық ескерткіштер аумағы мен Тюмень өлкесіндегі Тобыл Кремлі секілді тарихи танымал мекендерге арнайы аялдап өтеді. Отты шығыршық сондай-ақ Карелиядағы атақты «Кижи» мұражай-қорығы мен Ресейдің Плецеск ғарыш айлағында да болады. Алау көліктің алуан түрлі құралдарымен де алып өтіледі. Ол аэростатпен ауаға көтеріліп, онымен бірге аспалы жолдың бойымен құлдырайды. Оны орыстың үш ат жеккен тарантасы да алып жүреді.

Автор:
Руслан Игілік.