6 октября 2013, 13:20 | 1 694 просмотра
Сөзді созбақтамай нақты деректен бастайық. Маңғыстау облысының Атамекен кентінің бір тұрғыны өлі нәресте тауып алды. Шарананы пакетке салып, қоқысқа тастап кетіпті. Пакетте тілхат бар. Онда туа салып дүниемен қоштасқан қызылшақаның тасбауыр анасы сәбиін жерлейтін ақшасының жоқ екенін айтыпты. Аң емес, құс емес, бауыр еті – бөбегіне қол жұмсап отырып, ақталған түрін қараңыз.
Мәйітті тексеру барысында, сәбидің перзентханада дүниеге келмегені анықталды. Өйткені, нәрестенің кіндігі дұрыс кесілмеген. Сондықтан Мұнайлы аудандық ішкі істер бөлімі тасбауыр анаға қарсы ҚР ҚК «Жаңа туған сәбиді туған анасының қасақана өлтіруі» деген бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Мәйіт сараптамаға жіберілді. Ал гинекологтардың есебіне қасақана тұрмаған ана әлі табылған жоқ...
Мұндай жаға ұстатар «жаңалықты» күн сайын болмаса да, ай аралатып еститіндеріңіз маған кәміл. Ол жаңалықтардың іздеу жарияланған «қаһармандары» өз нәрестелерінің өмірін өздері қиып, бөтен үйдің табалдырығына, қоғамдық әжетханаға немесе қоқыс жәшігіне тастап кететіні де өтірік емес. «Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. «АҚШ-та СПИД деген емі жоқ ауруы шығыпты» дегенді алғаш естігенде, көп мемлекеттер былқ еткен жоқ. «Өздеріне сол керек» деп, мырс-мырс күлгендері де болды. Көп ұзамай сол емі жоқ бәлекет, тап іргемізден бұрқ ете қалды. Іргеміз – Ресей елі болатын. Дегенмен, «СПИД ауруы Қалмақ елінің Элиста деген қаласындағы бейкүнә балаларға да жетіпті» деген жаңалықты Орта Азияның ормандай жұрты жүре тыңдады. Ал Ресей мен Орта Азияның арасы мүлде тиіп тұр. Қазақылап айтсақ, «төскейде малы, төсекте басы қосылып» жатыр. Сондықтан болар, алдымен Теміртау, одан кейін Шымкент атты шаһарлардың тұрғындары әлгі аты жаман аурудан қатты зардап шекті. Мынау, қоғамды дендеп бара жатқан инфантицид «ауруының» қасіреті мен қайғысын да ашып айтып, алдын алмасақ ертең кеш болуы мүмкін.
Инфантицид деген не? Сот медицинасы тілінде босана салып өз нәрестесін өзі өлтіретін аналардың әрекетін «инфантицид» деп атайды. Ал мұндай тасбауыр аналар, өкінішке қарай, соңғы кезде еліміздің әр өңірінен жиі бой көрсете бастады. Құқық қорғаушылардың айтуларына қарағанда, тасбауыр аналар, әдетте, өзі өмірге әкелген нәрестелерін өз қолымен немесе жіппен буындырып өлтіреді. Тыныс алу мүшелерін жастықпен бастырып, тұншықтырып өлтіретіндері де кездеседі. Пышақпен, қайшымен және басқа да қатты заттардың көмегімен өлтіретіндер де бар. Ал туа сала демі үзілген сәбилердің барар жері, негізінен, қоқыс жәшіктері.
Қызылжар жұртшылығының жүрегін мына бір оқиға дір еткізді. Жаңа ғана өмірге келген қыз баланың басына полиэтилен кигізіп, тұншықтырып өлтірген. Мәйіті біреудің пәтерінен табылған. Көп ұзамай нәрестесін қолы қалтырамай о дүниеге аттандырған ана да табылды. Ол 25 жастағы әйел болып шықты. Анықталғанындай, қаскөй ана қылмысын жасыру үшін бір сөткеге пәтер жалдаған. Содан кейін өз күшімен босанады да, іңгәлаған бейкүнә шақалақтың басына полиэтилен пакет кигізіп, шкафқа тастап кетіп қалады. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, бөбектің ажалы механикалық асфиксиядан, яғни кісі қолынан болғаны анықталды. Қылмысы әшкере болған тасбауыр ана 2011 жылы да осылай босанып, бірақ оны өлтірместен сәбилер үйіне өткізгенін айтқан. Өкінішке қарай, екінші нәрестесі ондай бақытқа ие бола алмады.
Дәл осыған ұқсас оқиға Көкшетау қаласында да болды. Мұнда да бейғам жұрт қоқыс жәшігінен бір қолы жұлынған нәрестенің мәйітін тауып алып, төбе шаштары тік тұрған. Тексере келгенде, бала геморрогиялық үрейден қайтыс болыпты. Кейін белгілі болғанындай, өлі нәрестені Көкшетаудағы цехтардың бірінде тігінші болып істейтін 27 жастағы әйел тастап кеткен. Әйел бұдан бұрын да «жолдан» бала тапқан екен. Бірақ оны ата-анасына беріпті. Ал мынаусын тоғыз ай, тоғыз күн көтерсе де, жеме-жемге келгенде босанып, аман-есен өсіруге ар, ұят, ождан деген «сот» алдында шыдамы жетпей, құтылуға асыққан.
Ал Астана қаласының маңындағы ауылда тағы бір безбүйрек өзінің жаңа туған нәрестесін тұншықтырып өлтірген. Бұл оқиға бойынша 24 жастағы әйел ұсталды. Ол да өз баласын өзі өлтіріп, шұңқырға тастап кетіпті. Тергеу барысында әлгі әйел бауырларының үйінде тұрғандықтан өзінің жүктілігін жасырып келген де, дәл босанар сәтте өз баласының кіндігін өзі кесіп, шұңқырға өз қолымен лақтырған. Оны бауырының әйелі тауып алған. Бірақ кеш еді...
Міне, «инфантицид» дегеннің іш жиғызар сиқы осындай. Бұл «дерттен» қоғам қалай құтылады? Үкімет қандай әрекет етпек? Ол бәленің алдын алатын жол бар ма? Көрші елдер қайтіп жатыр? Бүгінгі әңгіме де осы төңірегінде.
Дәрігерлердің ой-пікірлеріне сүйенсек, әйелдер ана болуға психологиялық тұрғыдан ерте бастан дайын болуы керек. «Жүктілік ең алдымен ой-санада, сосын ғана барып физикалық тұрғыдан жүзеге асуы тиіс», дейді мамандар. Жаны бар сөз. «Өйткені, ғылымы, медицинасы дамыған ХХІ ғасырдың әйелдеріне жүкті болмаудың жолдарын түсіндірудің өзі ақымақтық» дейді мамандар. Ал бойжеткен немесе басы бос әйел біреуден өз еркімен бала көтерді екен, ендеше оны аман-есен босанып, ержеткенше (бойжеткенше) бағып-қағуы міндет. Адамдық қасиет пен аналық парыз да осыған үйретеді. Дүние жүзінде демей-ақ қоялық, елімізде қаншама ата-ана, қаншама отбасы бір балаға зар боп жүр. Бәрімізге белгілі «Алпамыс батыр» жырындағы: «Жиделібайсын жерінде, Қоңыраттың елінде, Байбөрі деген бай бопты, Бір перзентке зар бопты…» деп басталатын өлең жолдары қазақ ата-аналарының сонау ықылым замандарда-ақ бір перзент үшін мойнына бұршақ салып, әулие кезіп кеткенін сөз етпей ме?!. Ал Ақтанберді жырауыңыз, тіпті, бір перзентті де місе тұтпай: «Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары, алтын менен бу болар, атадан жалғыз туғанның, жүрегінің бастары, сары да жалқын су болар, жалғыздық, сені қайтейін!» деп жылап отырып жырлаған ғой. Демек, дүние есігін ашқан ұл болсын, қыз болсын, мемлекет үшін құнсыз қазына. Ал қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған бүгінгі заманның қыздары бір шидің түбінен бала көтеріп, онысын келесі шидің түбіне тастап жүре беретін жеңілтектікті сәнге айналдыра бастады. Ондай жеңіл жүрістің соңы бейкүнә нәрестелердің дүние мен тумай жатып қоштасуына, ал көкек-аналардың «темір тордың» ішінен бір-ақ шығуына әкеліп соқтыруда.
«Жоқтаушысы жоқ ер жетім, қорғаушысы жоқ ел жетім». Бұл тақырып кез келген мемлекет үшін отбасы, ошақ қасы тәрбиесінің аса маңызды екенін алға тартады. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, отбасында ата-ананың тағылымды тәрбиесін алып, тек қана оқу-біліммен, үйдің тірлігімен өткізген қыздар оқыста от басудан аулақ болады. Ал «қыдырымпаздар» қашанда бір бәлеге ұшырайды. Сосын онысын жасырмақ болады. Салдары біз ащына айтып отырған әңгімеге келіп тіреледі. Қоғамның да мұндай құбылысқа еті өліп бара жатқан сияқты. «Ішіме сыйған бала, сыртыма да сыяды» деп, қыдырымпаз қыздарын ақтайтын аналар да жетерлік. «Қызға қырық үйден тыю», БАҚ беттері мен теледидарларда ата-аналарды, бойжеткендері осы тақырыпта қоғамдық пікірталасқа шақыру жағы да кемшін.
Жалпы, көкек-аналарды өз баласын өзі өлтіруге не әсер етеді? Ұят па? Әлде тақыр кедейлік пе? Бұл сауал әлеуметтік зерттеуді қажет етеді. Елімізде, облыстарда қаншама жастар бар? Олардың қаншасы бойжеткен? Олар немен айналысады? Ортасы, отбасы қандай? «Қыз кезінде бәрі жақсы» дегендей, өсе келе қандай жолға түсті? Қалалар мен аудан орталықтарындағы сауналарда «ермекке» айналып жүрген «көбелектердің» инфантицид «дертіне» қатысы бар ма? Өз баласын өлтіретіндер, бәлкім, сондайлардың арсынан шығатын шығар?
Айта берсе мәселе, қоя берсе сұрақ көп. Өз баласын өзі өлтірген анадан қоғамның қандай жақсылық күтуі мүмкін? Тіпті, ол «темір тордың» ар жағынан аман-есен оралғанның өзінде құрбылары қатарлы бақытты отбасын құрып, сүйкімді бала сүйе ала ма? Оған оның рухы жете ме? Әлде, өзі өлтірген нәрестесі өмір бойы түсіне еніп, жаралы қасқырдай жапа шегіп, аласұрумен өте ме?
Әрине, инфантицид Қазақстанда ғана белең алып бара жатқан жоқ. Сонымен бірге, ол алыс-жақын шетелдердегі үкіметтердің (министрліктердің) де бас ауруына айналған. Мысалы, РФ ІІМ ресми мәліметі бойынша 2010-2011 жылдары көкек-аналар жаңа босанған 268 сәбиіне қол жұмсапты. Бірақ үрейлі дерек пен дәйек мұнымен бітпейді. Тағы осыншама балалар өз ата-аналарының қолынан есі кіріп, яғни «уілдеп» немесе тәй-тәй баса бастаған кезінде қаза табады екен. Жүрегіңіз шым етті ме? Шым етті. Өйткені, сіздің бойыңызда аяныш сезімі бар. Ал аяныш сезімі жоқ жерде өз сәбиіне өзі қол жұмсау да бола береді. Жұрттар «өркениеті өте қатты дамыған, тіпті, шаң-топырақ та көрмейсіз» деп, ауыздарының суы құрып мақтайтын Германия да оңып тұрған жоқ екен. Мұнда жыл сайын инфантицидтің салдарынан, яғни өз ата-аналарының қолынан алты жасқа дейінгі 100-ге жуық бала көз жұматын көрінеді.
Дегенмен, «көпті көрген кәрі құрлық» деген аты бар емес пе, Еуропа көкек-аналарының қылмысын азайту үшін, мынандай әрекетке барыпты. Олары дұрыс па, бұрыс па деп таразылау, әрине, уақыт еншісінде. Айтайық дегеніміз, еуропалықтар перзентхана ғимараттары мен монастырлардың қабырғасынан бэйби-бокстар ашыпты. Мысалы, өз баласынан өзі бас тартқан көкек-ана өз сәбиін өзі өлтіріп ауыр күнәға батпауы үшін кәдімгі пошта жәшігі сияқты, бірақ одан үлкен әрі ыңғайлы әлгі бэйби-боксқа жаңа туған нәрсетесін жасырын түрде қалдырып кете береді екен. Жасырынбай келіп тастап кетсе де ана туралы мәлімет жария етілмейді. Өйткені, көкек-ананың қолына «баланы кім тастап кеткені ешкімге және ешқашан айтылмайды» деген кепілдік құжат беріледі. Былай қарасаңыз, бұл шара көкек-анаға да, мемлекетке де тиімді. Көкек-анаға тиімдісі – ол қолын қанға былғап, қылмыскер атанбайды, мемлекетке тиімділігі – елдегі демографиялық өсім бір балаға болса да тоқтаусыз жалғаса береді. Салыстырмалы түрде айтсақ, Ресейдегідей өз анасының қолынан бір жылда 268 сәби қаза таппайды.
Мұны естіген (көрген) Ресей үкіметі (министрліктері) қазір осы әрекетті тәжірибе ретінде бір-екі губернияларында қолға алыпты. Өйткені, көкек-аналар саны Ресейде өте көп. Демографиялық өсім де төмендеп барады. Сондықтан, бір бала болса да аман-есен өссін деген мемлекетшіл орыс үкіметі «мұндай бэйби-бокстар жаңа туған нәрестені тіктеп келген өлімнен арашалап қалады», деп уәж айтушыларға бас шұлғыған. Бірақ медальдің екінші жағы бар екені сияқты, бұл әрекеттің қарсыластары да бар болып шықты. Олардың ойынша, бэйби-бокс көбейген сайын балаларын тастап жүре беретін көкек-аналар саны да күрт көбейе түспек. Олардың уәжі: «одан да көкек-анаға жолдан тапқан баласын ешкімнен ұялмай-ақ аман-есен өсіруіне көмектесіп, санасына сенім ұялатайық» деген тұрғыда ішкі саясатқа мән берейік дегенге саяды. Бұл да құлаққа кіретін сөз.
«ҚР ҚК бабы бойынша жаңа туған нәрестесін өлтірген әйелдер («Убийство матерью новорожденного ребенка») небары 4 жыл бас бостандығынан айырылады. Бұл жаза жеңіл. Қыршынынан қиылған сәбидің болашақ ел азаматы екенін ойласақ және оның шақалақ болса да кеудесінде жаны бар адам баласы болғанын пайымдасақ, бұл қылмыскер үшін өте жеңіл жаза» дейтіндер де бар. Рас, төрт жыл тез-ақ өте шығады, бірақ өз ұлына (қызына) өзі қол жұмсап, өлтіргенін ол сірә да ұмыта алар ма? Ешқашан! Біле білсе, күндіз де, түнде де санасынан кетпейтін ар соты мен жан жарасының өзі-ақ оның жанын қашан жаһаннамға жеткенше мазалаумен болмай ма?!. Демек, өз сәбиін өзі өлтірген аналар мен жатырындағы шарананы жыбырлай бастаған сәтінде аборт жасату арқылы алдырып тастаған аналардың қайғысы да, жазасы да ауыр. Сондықтан үкіметіміз тиісті министрліктер арқылы елдегі инфантицид мәселесінің қоғамдағы себебі мен салдарларын зерттеп, зерделей келіп, осы «дерттің» алдын алу мен оны мүлде жою жолында нәтижелі шара қолданады деп күтеміз.