Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫ ҮЛГІ ТҰТАРЛЫҚ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ҒАЛЫМ-ХИМИК, ҒАЛЫМ-ПЕДАГОГ


22 сентября 2013, 07:47 | 6 111 просмотров



Еліміздің білім беру ордасының қара

шаңырағы болып табылатын әл- Фараби

атындағы қазақ ұлттық университетінің

профессоры, ұлағатты ұстаз, әлем таныған

ғалым-химик, ғалым-педагог, әдіскер-

педагог, ұлт жанашыры Немеребай

Нұрахметов ағай бүгінде адамзатқа көрік

беретін, көпшіліктің қадіріне бөлентетін

әдемі жасқа толып отыр. Өзінің ақкөңіл,

адал ниет, байсалды да, байыпты

әдемі мінезімен, үнемі жымиып жүретін

келбетімен, көпшілдігімен Немеребай

Нұрахметұлы бір көрген адамды баурап

алады. Осы бойындағы бар асыл

қасиеттерді ата-анасының тәрбиесімен,

үлгі-өнегесімен қатар туған жер, өскен

өлкеден сусындап, бойына сіңіре білген

жан.

Немеребай Нұрахметұлы табиғаты

жанға жайлы, жері құнарлы, таулы да, сулы,

қоңыр желі көңіліңді әрқашан сергітіп, тың

бастамаларменен әдемілікке, көркемдікке,

шығармашылыққа, жаңашылдыққа шақырып

тұратын жер жаннаты Жетісу өңірінде туып

өсті.

Мен Немеребай ағайды 1970 - жылы

ҚазМудың химия факультетіне студент

болып түскен жылдан білемін. Ол кісі бізге

бейорганикалық химиядан зертханалық жұмысты жүргізді және біздің топтың куратор-жетекшісі

болды. Химия білімінің терең де сиқырлы сырларына бізді еліктіре де, жетелей де білді. Ал,

төртінші курста бізге «Қышқылдық-негіздік әрекеттесудің теориясы» деген арнайы курстан дәріс

оқыды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абай атамыздың дана сөз

осы ағайға арналған десем жаңылмас едім. Зертханалық жұмысты бастамас бұрын алдымен

теорияға байланысты есептер шығартады, содан кейі сол тақырып бойынша теорияны сұрайды,

жұмыстың жасалу реті сөз жоқ дәптерде жазылып тұру керек және оны студент түсінуі керек, міне

осындай дайындықтан кейін ғана студентті тәжірибе жұмысын жасауға жібереді. Осындай оқыту

тәсілдерін ешбір жалықпастан, әрбір студентке түсіндіріп, әрбірімен тиянақты жұмыс жасаудан

зерікпейтін. Ағайдан біліммен тәрбиені қатар алып, міне бүгінде сол кісімен бір кафедрада

қызметтес болып жұмыс атқарып келемін. Химиядан алғашқы мол ғылыми түсінікті қамтыған

дәріс сабақтарын Немеребай ағайдан алғанымды мен үлкен мақтаныш тұтамын және кезі

келген жерде өзім оқытып жүрген студенттерге айтып отырамын. Мен өзімді ол кісінің алдында

әлі сол баяғы бірінші курстағы студент сияқты сезінемін. Әр уақытта барып ақыл-кеңес сұрап,

айтылған мағыналы сөздерін жадымда сақтап, іс жүзінде

қолдануға тырысамын.Ғылым, техника және білім саласы

бойынша Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан

жоғары мектебі академиясының академигі,

Қазақстан педагогикалық ғылымдар

академиясының академигі, Нью-Йорк

ғылымдар академиясының мүшесі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері

Немеребай Нұрахметұлы Нұрахметовтың

қызмет өрісі көпқырлы.

Немеребай Нұрахметұлының ғылыми

шығармашылығы өз алдына бір бөлек, үлкен

де, кең ауқымдағы зерттеу болып табылады.

Немеребай Нұрахметұлының ғылыми

шығармашылығы өз алдына бір бөлек,

үлкен де, кең ауқымдағы зерттеу болып

табылады. Кандидаттық диссертациясы

минералдық қышқылдардың карбамидпен

әрекеттесуін зерттеуге арналған. Жаңа 13

күрделі тұздарды синтездеп, оларды физика-

химиялық талдау негізінде зерделеп сипаттам

беріп ауылшаруашылығына маңызды

тыңайтқыштар алудың тың салаларын ашты.

Ал докторлық жұмысын аса маңызды 13

анорганикалық қышқылдың органикалық

негіздерге жататын карбамид, тиокарбамид,

ацетамид, бензалид, семикарбазид

туындыларының 15 өкілімен әрекеттесуінің

физика-химиялық негізін зерттеуге арнады.

Қышқылдық-негіздік әрекеттесуге жататын

реакциялардың нәтижесінде 134 жаңа зат

алудың зертханалық жаңа – тың тәсілдерін

ұсынды. Олардың бірқатары бүгінде

ауылшаруашылығына аса қажетті тыңайтқыш

ретінде кең қолданылуда. Осындай, ауқымды

да терең мағыналы ғылыми-теориялық

зерттеу жұмыстарының әлеуеті Немеребай

Нұрахметұлын бүкіл әлемге, нақтырақ айтсақ,

АҚШ, Англия, Япония, Италия, Германия,

Венгрия, Финляндия сияқты алдыңғы қатарлы

елдерге танытты. Осы бағыттағы ғылыми

еңбектері, әлемнің түпкір-түпкіріне

таралатын мерзімді басылымдарда жарық

көрді. Ғалымның «Амидқышқылдар» атты

монографиясы, ғылыми шолуы, авторлық

куәліктері, мыңға тарта жарық көрген ғылыми

мақалалары – сандық көлемі жағынан ғана

емес, сапалық деңгейі де жоғары құнды

еңбектер екені даусыз.

Қысқаша ғана айтатын болсам, ғалымның

зерттеу жұмысының зертханасында

«Фосфор өндірісі қалдықтарының негізінде

түзілетін пигменттерді синтездеу және

физика-химиялық зерттеу», «Қазақстан су

қоймаларындағы тұз түзілу процессін және

полигалит түзілу, конденцацияланбаған

фосфориттен тұз, күрделі тыңайтқыштар

алудың физика-химиялық негіздерін зерттеу»,

«Амидқышқылдарды алудың негіздерін

зерттеу» атты тақырыптарды жалғастырып

келе жатқан шәкірттері осы саладағы

Н.Н. Нұрахметовтың ғылыми мектебі

қалыптасқанының дәлелі. Бүкіл Қазақстанның

түпкір-түпкірінде ағайдың шәкірттері осы

бағытта орасан зор еңбек етуде. Немеребай

ағайдың химия саласы бойынша Қазақстан

ғылымының өсіп өркендеу жолындағы

ұйымдастыру жұмыстарына қосқан үлесінің

зор екеніне тоқталуға болады. Кеңестер

Одағы кезінде М.С. Киров атындағы қазақ

мемлекеттік университетінің жанындағы

химия ғылымдарының докторлық дәрежесін

қорғау кеңесінің жұмысына тікелей араласып

кеңестің Ғалым-хатшы қызметінде 10 жылдай

еңбек сіңірді. Сонымен қатар, Немеребай

ағайды Қазақстан Республикасындағы

алдыңғы қатарлы ірі педагог деп айту өте

орынды.

Нұрахметовтың Қазақстан Республикасы

педагогика ғылымына сіңірген еңбегіне

ерекше тоқталып өтуге болады. Егеменді ел

болып, өз тағдырымызды өзіміз шеше алатын

дәрежеге көтерілгенде, еліміздегі жалғыз

педагогикалық ғылыми зерттеу институтына

басшылыққа химия ғылымдарының докторы,

профессор, бейорганикалық химия саласы

бойынша елімізге ғана емес, сонымен қатар

әлемдік кеңістікке белгілі химик-ғалым

ретінде танылған Немеребай Нұрахметұлы

Нұрахметов келді. Сол уақытқа дейін ақсап

келген бұл салада Немеребай Нұрахметұлы

өте көлемді де күрделі еңбек етті, сол уақытта

елімізде педагогика ғылымдарының докторы

бір-екі деп саналса, кандидаттары жүзден

аспаған еді. Білімді де ұшқыр ойлы, дарынды

ұйымдастырушы Нұрахметов Қазақстанның

педагогика ғылымдарының ұшы-қиыры жоқ

еңбек теңізіне белсене кірісіп кетті. Институтта

білімді жандандырудың қыры мен сырын

терең зерделеп, осы салада еңбектеніп

жүрген ғалым-ұстаздардың басын біріктіріп

бір жағадан бас, бір жеңнен қол

шығаруға жұмылдырды.

Немеребай Нұрахметұлының

Ы. Алтынсарин атындағы

Қазақтың Білім проблемалары

институтындағы (1991-1997)

орасан еңбегін аса бір құрметпен

атап өтуге болады. Пәндік

ғылыми зертханалар нақтыланып,

олардың зерттеу жұмыстары сала-

саламен іргелі және қолданбалы

бағыттарға бөлініп сара жолға

қойылды. Осы жұмыстардың

ғылыми негіздемелері мен есептері

тыңдалатын сараптау комиссиясы

құрылып, бұл жұмыстар қатаң

бақыланып отырды. Бұл ғылыми

институттың ізденістерімен қатар,

бүкіл Қазақстандағы педагогикалық

жоғары оқу орындарында білім беру

мәселесімен айналысып жүрген ғалымдардың

да ғылыми жұмыстары есепке алынып,

олардың да жобаларының үкімет тарабынан

қаржыландырылуын қамтамасыз етті.

Осы жылдардан Қазақстанда педагогика

және психология саласындағы ғылыми

зерттеу жұмыстары жанданып, педагогика-

психология ғылымдарының кандидаттары

мен докторлары дәрежелерін қорғау

диссертациялық кеңестері құрылып, ғылыми

зерттеу ізденістері терең тамырлана бастады.

Қазақстандық педагог-әдіскерлер мектептері

жетілдіріле бастады. Қазіргі таңда әр сала

бойынша педагог-әдіскер мамандар жеткілікті

деп айтуға болады. Бұл жерде Немеребай

ағайдың сіңірген еңбегі ұшан теңіз.

«ҚР жалпы білім беретін мектептерге

арналған оқулықтарды өңдеу, құрастыру

және басып шығарудың мақсатты

бағдарламасының» қабылдануына көп

еңбек сіңірді. Сондай-ақ бастауыш мектеп

оқулықтары мен оқу құралдарының жаңа

буынын жазуға тиісті авторлар ұжымының

жұмысын үйлестіріп, ұйымдастырумен

айналысты. Республикамыздың барлық

мектептерінде қолданылып жатқан 1-ші

сынып оқушыларына арналған «Дүниетану»

оқулығының авторларының бірі.

Қазақстан орта мектебін 11 жылдық

оқытуға көшірудің жаңа ғылыми бағытын

қалыптастырудағы еңбегін аса мақтанышпен

айтуға болады. Осы бағытты ендіруге

қажетті оқулықтарды жазып шағрудың нақ

ортасында жүрді. Тікелей жетекшілігімен

алғаш рет «Жалпы білім беру мектептерін

дамытудың тұжырымдамасы», «Білім

беру мазмұнының тұжырымдамасы»

құрастырылды және «Жалпы орта білім

берудің мемлекеттік жалпыға міндетті

стандарты» дайындалды, сондай-ақ орта

мектептің жаңа «Базистік оқу жоспарлары»

жасалды. Ол «ҚР 11 жылдық мектептері

үшін оқулықтардың жазылып баспадан

шығарылуының мақсатты бағдарламаларын»

жүзеге асыру барысындағы жұмыстың

бастаушысы болып оны өзі басқарды.

Жаңа оқулықтар мен оқу құралдарын

құрастыруға қамтылған авторлар ұжымының

іс-әрекеттері тікелей үйлестіріп басшылыққа

алып отырды. Республикамыздағы орта

мектептердің 8-11 сыныптарға арналған

химия оқулықтарының, осы оқулықтарға

қосымша практикалық жұмыстардың, сонымен

қатар химиядан жұмыс дәптерлерінің,

мұғалімдерге арналған әдістемелердің

авторы Сондай-ақ, Қазақстанның келешектегі

12 жылдық мектептерінің оқу-тәрбие үдерісін

ұйымдастырудың жаңа дидактикалық моделін

ұсынуын ерекше атап өту керек.

Қазақстан егеменді ел болып, өз

еркімен өркендеп өсіп келе жатқан кезде

мемлекетіміздің Жоғары аттестаттау

комитеті құрылып ғылымның әр саласы

бойынша кандидаттық, докторлық дәрежелер

мен доценттік, профессорлық атақтарды

бекіту жөніндегі сараптау

комиссиялары жұмыс жасай

бастады. Н.Н.Нұрахметов

химия ғылымдары бойынша

сараптау комиссиясының

төрағалық қызметін үш-төрт

дүркін сайланды. Сараптау

комиссиясының жұмысы өте

жауапты да, қиын және ауқымды.

Республикамызда қаншама

диссертациялық кеңестер бар,

оларда айына 2 кандидаттық,

бір докторлық жұмыс қорғалып

жатса жұмыстың көлемі

соншалықты болады, оларды

әділ бағалай білу терең білім

мен мүлтіксіз жауапкершілікті

талап етеді. Қаншама Қазақстан

ғалымдарының ғылыми зерттеу

жұмыстары ол кісінің алдынан

өтіп, қолдау тапты.

Профессор Н.Н.Нұрахметов химия

және химиялық технология саласындағы

терминдерді қазақ тіліне аударумен және

олардың түсіндірме сөздігін жасаумен үзбей

айналысып келеді. «Химия терминдерінің

орысша-қазақша сөздігі» Алматы (1992),

«Химиялық сөздік» Алматы 1993), «Қазақша-

орысша, орысша-қазақша терминологиялық

сөздік» Алматы (2000), «Химия терминдерінің

орысша-қазақша-ағылшынша сөздігі»

Павлодар (2003) «Химия және химиялық

технология терминологиясының түсіндірме

сөздігін» Алматы (2007) жазған авторлар

тобының жетекшісі.Сонымен қатар,

Немеребай ағай қазақтың тарихын, ұлттық

мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін терең білетін

және шебер әңгімелей білетін адам. Ол кісі

әңгіме бастаса ұйып тыңдағаның соншалық

уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай

қаласың. Әңгімені тартымды да, шұрайлы

жеңіл тілмей баяндайды.

Профессор Н.Н.Нұрахметовтың химия

ғылымы мен педагогика саласына сіңірген

еңбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланып,

Қазақстан Республикасының «Құрмет»

орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен

және де басқа көптеген грамоталармен

марапатталды. «ҚСРО ағарту ісінің үздігі»,

А. Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор»

медалінің иегері.

Ғалым-педагог, Қазақстан жоғары мектебі

Ғылымдар Академиясының академигі, химия

ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің профессоры

Нұрахметов Немеребай Нұрахметұлының

Қазақстан Республикасының ғылым мен білім

беру саласына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі үлгі

аларлықтай.

Осындай қасиеттерге ие болу үшін

тұлғаның тегі, білімі, өзі еңбек етіп жүрген

ортасының үлкен маңызы болуы қақ.

Осылармен қатар, өмірде өз орнын таба

білуге дұрыс бағыт-бағдар нұсқап отыратын

ұстаз-жетекшісінің орны орасан зор екені

күмәнсіз. Осындай бақытты сәт Немеребай

Нұрахметұлы үшін аса құрметті, ел сыйлаған

кемеңгер ұстаз Б.А. Бірімжановпен кездесуі.

Ал өз жағынан, Немеребай ағай Батырбек

Ахметұлының сенімінен шыға білді. Ұлағатты

ұстазы сілтеген жолды меңгере отырып одан

әрі аса бір іскерлікпен жалғастырып алып

кетті.

Өмірден тоқығаны мол, терең білім,

берік ұстаным, үлкен азаматтық парасат

иесі, іскерлік қабілеті зор, кемел ойлы тұлға

екеніңіз шындық. Осы аталғандардың бәрі

бүгінде Сізді зор құрметке бөлеуде.

Сіздің жаныңыз жомарт, қамқор да

талапшыл, аяулы ұстаз ретіндегі абзал

қасиеттеріңіз айналаңызағы қауымды тәнті

етпей қоймайды.

Бүтін бір ғұмыр, тұтас арналы өмір

өткелінде көрген-түйгені мол – Сіздей

жандардың ұлтымыздың болашағы – жастарға

берер білім азығы, өмірде көрер қызығы

таусылмасын!

Өмірлік еңбек пен тұрмыс тәрбиесі, жеке

басыңыздың кіршіксіздігі отбасыңыз үшін ғана

емес, қатар жүрген әріптестеріңіз, тілектес

дос-жарандарыңыз үшін де зор мақтаныш,

абырой, шәкірттеріңіз бізге, сондай-ақ,

студенттерге және жас ұрпақтар үшін нағыз

өмір мектебі екендігі даусыз.

Бүгінгі мерейтойыңызда Сізге және

туыстарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр,

еңбекте тың табыстар мен өмірдің асқақ

абыройын тілей отырып, өмірдің барлық

қуанышын қызықтап, Алланың берген жасын

жасап, несібе-дәулеттеріңіздің арта беруіне

шын жүректен тілектеспін!

Автор:
Сізге деген терең құрметпен шәкіртіңіз, ҚазҰУ-дің түлегі, Орынтай СҮЛЕЙМЕНОВА Әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінің профессоры, химия ғылымдарының докторы Алматы қаласы