Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ҚАРА ТҮНЕК НЕМЕСЕ СУИЦИД ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ


13 сентября 2013, 05:17 | 4 274 просмотра



Қазіргі кезде халық арасында суицид деген қара түнектің етек алғаны сонша, бүгінде бұл терминді күнделікті қолданыста, өмірде естіп жатамыз. Атауының өзінде үрей-мен қорқыныш толы осы сөзге тіпті құлағымыз да үйреніп қалғандай. Олай дейтініміз, алып шаһар тұрмақ, ат төбеліндей ауылдардың ішінен аты жаман өлімді жиі құлағымыз шалуда. Халқымызды дерт меңдеп алғаны сонша, бүгінде жас- өспірімдерден бастап, естияр азаматтарға дейін өздерін оп-оңай осы жолға қия салуды әдетке айналдырды. Бұл мәселе бүгінде тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған глобальді мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан мәліметіне зер салсақ, жылына жер бетінде миллионнан астам адам өзінің жанын қияды екен. Бұл қайғылы құбылыс 2020 жылдарға қарай бір жарым есеге артады дейді мамандар. Қазақстан «ит өлімді таңдаудан» ТМД елдерінің арасында 3 орынды еншілеуде. Елімізде өмірінің құнын көк тиынға бағаламағандардың саны бүгінде 8 мыңға жуық. Оның көбі-әйелдер қауымына тиесілі. Баса айтатыны, бұл көрсеткіш қасақана адам өлтірген қылмыстан әлде қайда басым түсіп тұр. Бұл сонда не? барлық адамзаттың депрессия мен түрлі уақытша шешімі қиын мәселелердің алдында дәрменсіздігінің көрсеткіші ме? Неге адамдар осыншалықты өз жанын ардақтай алмайтындай дәрежеге жетті?

Суицид деген не? Халқымыз бұл індетке қашан шалдықты? Адамдар осы қадамға неге барады?-деген сансыз сұрақ кеудесінде жаны бар, санасы түзу әрбір пендені мазалайтыны рас. Себебі, өмірінің он екі де бір гүлі ашылмай сөніп жатқан жастарымызға қарап ет жүрегіміз езіледі. Бұл дерт өмірдің дәмін енді ғана татып келе жатқан жас өспірімдерді баудай қырып келе жатқаны аща да болса шындық. Қара өлім жайлы сөз бола қалған ортада жан жүрегің түршікпей тыңдау мүмкін емес.Ендеше, бұл ғасыр індетінің қаймана қазақ еліне, бұл қыспақтан шығу жолдарына шамамыз жеткенше шолу жасап көрелік.

Өз –өзіне қол жұмсаудың бүгінгі таңда 80 жуық тәсілі анықталуда. Соның ішінде әлемде кеңінен тараған түрлері: асылу, суға кету, улану, биік жерлерден секіру, қару қолдану. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өмірден баз кешуге жеке өмірдегі кикілжіңдер, үмітсіздік, махаббаттағы сәтсіздік, жалғыздық, қорлық, зомбылық көру, мүгедектік басты себеп деп тұжырымдайды. «Суицид» латын тілінен алғанда «қасақана өзін-өзі өлтіру. Өз өмірін қию» деген мағынаны білдіреді. Бұл әрекетке бару көп жағдайда есі толық дұрыс адамның ісі- әреті болып саналады. Жас өспірімдер осы әрекетті жасауда үлкендер тарапынан өздеріне керек көмекті, назарды қажет қылып барады . Психолог ғалым А.Е. Личко оны былай деп сипаттайды: «Жасөспірімдердің 10 пайызы шынайы өлімге барады. Ал, қалған 90 пайызы көмекке шақырған жан-айқайы болып есептелінеді» дейді. Жасөспірімдердің осындай қиын жағдайында оған алдымен отбасы содан кейін психологтың көмегі қажет. Ал, бүгінде көп ата-ана балаларына материалды тұрғыдан көмек жасап, жұмыс бастылықпен баласының жанына үңіле бермейді. Ашық баланы әңгіме тартып, оны мазалап жүрген сұрақтарына жауап іздеспейді.Өкіншке орай көп адамдар психологтың қызметіне жүгініп оның қажеттілігін де сене бермейді. Кейбір адамдар психологты психиатрмен шатастырып алдына баруды ұят санап жатады. Ал, біле білсек, жаны жаралы жанға депрессиялық жағдайда отбасы мүшелерінің қамқорлығы, көмегі ауадай қажет. Қандай жағдайда да депрессия - түрлі эмоциялар, елестетулер, еске алулар мен ойлардың жиынтығы. Одан сауығып кетуге әбден болады. Ия, депрессия адамда ауыр, ұзақ уақытқа жүруі де мүмкін. Әйтсе де «уақыт өзі емші» -деген сөз бар емес пе?!

Жастардың бұл жолды таңдауына қазіргі замандағы түрлі сайттардың да кесірі бар дейді ғалымдар. Жастарды өлімге шақырып, ашық насихаттау интернет жүйесінде меңдеп барады. Сондай-ақ оған жастардың кіруі де басым. Ол сайттарда адамның санасын жаулап, улап алатын неше түрлі суицидтік оқиғалар айтылып адамды өз құрдымына тарта түседі. Мысалы alt. suicide.holiday, қысқаша a.s.h (ағылшын тілінде күл деген мағынаны білдіреді) сайтты ғалымдар осы жолға тартатын бірінші сайт деп атайды. Бұл топ жетістіктерін өздерінің сайттары арқылы өлімге бел шешкендер санымен өлшеп, мақтанады-мыс.

Сондай-ақ, www.lossofsoul.com cайтына кірген кезде бірінші қағазға жазылған хат ашылады. Өлуге бел буған адамның қоштасу хаты. Хат иесі алайда тірі қалған. Осы сайтты құрушы да әлі ажалдан қалған адам. Өзінің бір кездері өлім туралы ойға жұмсаған бар күшін енді осы сайтты ашуға жұмсапты. «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» демекші, өзі өлмей қалғанымен қоймай, әлгі адам енді өлім жайлы идеяны дәріптегенде тура суицидтің тарихы мен статистикасынан бастап, неше түрлі афоризмдер бар ма, қалай өлуге болатыны туралы роликтер бар ма, бәрін-бәрін алдыға жайып, көз алдыңа әкеледі. Тіпті ең қорқыныштысы қыл арқанның қайсысы үзілмей, жаныңды бірден кеудеңнен ұшыра¬тынына дейін айтқан уақытта, есі дұрыс адамның жанын түршіктіреді. Осындай түрлі сайттардың арбауына жастардың бүгінде көзссіз көбелектей түсіп, шармалып жатқаны баршаға аян. Сол үшін психологтар бұл сайттардың бәріне дерлік блок қойып, шектеу жасау керек дейді. Кейде ата-анасымен ренжісіп қалған балалар бұл сайттарға кіріп шайтанның арбауын түсіп, артындағы ата-ана туыстарын қара жамылдырып жататынан ескерсек, бұл сайттардығ әлі күнге жұмыстарын атқарып жатқанына жаның күйеді.

Ал, енді мұсылман елдері қара өлімге не дейді? Иә, бұл өлімнің екі дүниеде де кешірілмесі, абыройсыз ажал екені ақиқат.(о дүние бары рас болса) Мұсылман халқы бұл өлімді «ит өлім» дейді. Өзіне өзі қол жұмсаған пенденің жаназасын шығаруға дініміз үзілді-кесілді қарсы. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Өз өздеріңді өлтірмеңдер, және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар. «Қиыншылықтар үшін өлімді қаламаңдар! Шыдай алмаған адам «Иа раббым, менің өмір сүруім хайырлы болса, өлімді нәсіп ет!» десін (Бұхари). Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әл-Бұхариден жеткен хадисінде: «Кімде-кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол тозақта әрқашан сол темірді көтеріп жүреді. Ал кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол адам тозақта мәңгі у ішіп жүретін болады. Егер біреу өзін өлтірмек болып таудан құласа, ондай адам тозақта мәңгі құздан құлап бара жатады» депті.Ендеше, Алла сыйға тартқан онсыз да қамшының сабындай қысқа күрмеуге келмес ғұмырды тезірек қысқартуға асықпайық, ағайын. «Өміріңнің бір кілті алланың қолында болса, екінші кілті өз қолыңда» деген сөзді жадымызда тұтайық. Өз өмірімізді, жақын адамдарымыздың ғұмырын өксікке қалдырмай жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстап, күннің күлімдеп, құстардың қуана сайрағанын сезініп ғұмыр кешейік. Қарияларымыздың «балаларыма сана бере гөр» деген тілектерін естіп өсіп едік. Ендеше, үлкенге сабыр, кішіге қанағат тілейік.

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз