Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

АНА МЕН БАЛАНЫ ҚОЛДАУ – ОТБАСЫНА ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ ЕҢ БАСТЫ ШАРАСЫ


13 сентября 2013, 05:00 | 2 334 просмотра



Отбасы қоғамның негізгі элементі ретінде адами құндылықтардың, мәдениеттің және ұрпақтардың тарихи сабақтастығының сақтаушысы, тұрақтылық пен даму факторы болған және болып қала береді.

Барлық уақыттарда да елдің дамуына қоғамдағы отбасының жағдайы мен оның мемлекетке қатынасы бойынша баға берген. Отбасынан адамның өмірі басталып, оның азамат ретінде қалыптасуы да осында өтеді.

Сонымен бірге, отбасы, маңызды әлеуметтік бірлік ретінде заңның қорғауында болады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында неке мен отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында, балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-аналардың табиғи құқығы мен міндеті болып табылады, кәмелет жастағы еңбекке қабілетті балалар жұмысқа жарамсыз ата- аналарына қамқорлық жасауға міндетті, деп атап көрсетілген.

Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында берік қоғам орнатудағы әйелдің рөліне айрықша орын берілген. Әйел отбасының, демек мемлекеттің де тірегі ретінде танылған. Ана мен баланы қорғау жаңа сатыдағы әлеуметтік саясаттың аса маңызды құрамдас бөлігі болып жарияланды.

Әйелдің ел өміріндегі рөлін арттыру мақсатында тиісті шаралар қабылдануда. Сондықтан ана мен балаға әлеуметтік қолдау жасау халықтың тұрмыс жағдайын жақсартудың негіздерінің бірі болып табылады.

Қазақстан 2012 жылдың 14 ақпанында Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Ананы қорғау туралы конвенциясын ратификациялады. Қазіргі уақытта Қазақстанда ананы қорғау, оның ішінде жүктілігі мен бала тууы бойынша демалыстың ұзақтығы және сақтандырылған табыс мөлшеріне байланысты анаға ақшалай төлемақы белгілеу жөніндегі ХЕҰ-ның барлық стандарттары орындалуда.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда республиканың экономикалық ахуалының жақсаруына байланысты отбасы мен балаға әлеуметтік қолдау жасау жұмыстары жетілдірілуде.

2003 жылдан бастап ана мен балаға қолдау көрсетуге тек екі түрлі ғана жәрдемақы тағайындалса, 2010 жылдан бастап әлеуметтік көмек түрлерінің саны арта түсті.

Қазіргі уақытта жұмыс берушілер олар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды төлеп отырған жұмыс істейтін әйелдер жүктілігі мен бала тууына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы парақша алған кезде жүктілігі мен бала тууына байланысты әлеуметтік төлемдер белгілеу үшін өтініш бере алады. Бұл төлемақы жұмыс істейтін әйелдерге жүктілігі мен бала тууына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі парақшада көрсетілген бүкіл мерзімге тағайындалады.

Бала туғаннан кейін әке немесе ана еңбек қызметін жүзеге асырған-асырмағанына қарамастан бала тууына байланысты республикалық бюджет қаржылары есебінен бір реттік мемлекеттік жәрдемақы тағайындау жөнінде өтініш бере алады. Олардың көлемдері төмендегідей:

- бірінші, екінші, үшінші бала туғанда – 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 51 930 теңге;

- төртінші бала туғанда – 50 АЕК немесе 86 550 теңге.

Екі немесе одан да көп бала туған жағдайда аталған жәрдемақы әр балаға жеке-жеке тағайындалады.

Жұмыс істейтін әйелдер бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін Қордан әлеуметтік төлем тағайындау жөнінде өтініш бере алады, оның мөлшері бала туғанға дейінгі соңғы 24 календарлық ай ішінде Қорға аударылған әлеуметтік төлемдердің орташа айлық табысының 40 пайызын құрайды. Екі немесе одан да көп бала туған жағдайда аталған жәрдемақы әр балаға жеке-жеке тағайындалады.

Ал жұмыс істемейтін әйелдер мен студенттер бір жасқа толған балаларының күтімі үшін республикалық бюджет қаржысы есебінен ай сайын мемлекеттік жәрдемақы тағайындау жөнінде өтініш білдіре алады. Олардың мөлшері төмендегідей болмақ:

- бірінші балаға – 5,5 АЕК немесе 9 521 теңге;

- екінші балаға – 6,5 АЕК немесе 11 252 теңге;

- үшінші балаға – 7,5 АЕК немесе 12 983 теңге;

- төртінші және одан да көп балаға – 8,5 АЕК немесе 14 714 теңге.

Екі немесе одан да көп балаға күтім жасаған жағдайда аталған жәрдемақы олардың әрқайсысына жеке-жеке тағайындалады.

Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында республикалық бюджеттен 192, 3 мың адам жалпы сомасы 10,1 млрд. теңге болатын бала туғаны үшін жәрдемақы алды, осы кезеңде орта есеппен 146,9 мың адам бала күтімі үшін берілетін жәрдемақымен қамтылды, бұл ретте жәрдемақылар төлеу шығындары 12,3 млрд. теңгені құрады.

2005-2012 жылдары Қордан төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 285,2 млрд. теңгені, оның ішінде ана мен баланы қолдауға төленген қаржы 264,0 млрд. теңгені құрады.

Мүгедек балаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2010 жылы мүгедек баланы тәрбиелейтін адамға бір ең төменгі жалақы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақының жаңа түрі енгізілді. Екі жыл ішінде республикалық бюджеттің осы аталған төлемдерге шығындары шамамен 20 млрд. теңгені құрады, ал үстіміздегі жылдың бірінші жартысында орта есеппен 58,1 мың адам жалпы сомасы 6,3 млрд. теңгенің жәрдемақыларын алды.

Сонымен бір мезгілде, табысы ескеріле отырып, аз қамтамасыз етілген отбасылар 18 жасқа дейінгі балаларының әрқайсысына 1 АЕК мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек пен ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» жаңа заңға сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болған, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа келгенше тәрбиелеген әйелдер үшін 53 жаста ерте зейнеткерлікке шығу құқығы сақталған. Бұл шара аналар жағдайын жақсартады және көпбалалы отбасыларды ұлғайтуға ынталандырады. Сол сияқты ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтіліне жұмыс істемейтін ананың сәбилерді күту уақыты енгізілетінін атап өту қажет, бірақ ол жалпы алғанда 12 жыл шеңберінде болып, әр баланың 3 жасқа толғанға дейінгі кезеңін қамтиды.

Қазақстанда негізі көпбалалы отбасылары болып табылатын отбасын нығайтуға, біздің қоғамымыздың бай дәстүрлерін сақтауға және көбейте түсуге ерекше назар аударылады. Осылайша, бала тәрбиелеудегі көпбалалы аналар рөлінің маңызын мойындау мақсатында 2010 жылдан бастап көпбалалы аналардың туған және тәрбиелеген балаларының саны азайтылды. Осылайша «Алтын алқа» белгісімен марапаттау үшін 10-нан 7 балаға дейін, «Күміс алқа» үшін 8-ден 6 балаға дейін төмендетіліп, ай сайын әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 3,9-дан 6 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Сол сияқты кәмелетке толмаған 4 және одан көп балалары бар отбасыларына 3,9 АЕК мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.

Мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерінің жыл сайын тиісті кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін айлық есептік көрсеткішке және ең төменгі еңбекақыға байланыстырылғаны белгілі. Осыған орай тағайындалған және тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері де жыл сайын өсуде.

Еңбек кодексінде әйелдердің және отбасылық міндеттері бар өзге де адамдардың еңбек ерекшеліктері реттелген, сол арқылы әйелдердің еңбек қызметін ана міндетімен қоса атқаруы үшін барлық жағдайлар жасалған.

Әрбір ұлтты қалыптастырудағы және рухани құндылықты арттырудағы отбасының рөлі мен ықпалы өте зор болғандықтан Отбасы күнін тағайындау негізіне зор

мағына берілген. Бүтіндей алғанда, отбасы, әйел және балалар – ажырамас ұғымдар, сондықтан ана мен баланы әлеуметтік қолдау біздің мемлекетіміздің отбасын нығайтудағы басым міндеті болып табылады.

Қазақстанда Отбасы күнін мерекелеу отбасы институтын, өнегелілікті, руханилықты нығайтуға, ерлі-зайыптылық жауапкершілігінің маңыздылығын мойындауға жағдай жасау мақсаттарын көздейді. Мүмкіндікті пайдалана отырып, бүкіл қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтамақпын. Барлық отандастарыма мықты денсаулық және Қазақстанның болашағы – өскелең ұрпақ тәрбиелеуде отбасылық сәттіліктер тілеймін.

Автор:
Алмас ҚҰРМАНОВ, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті.