Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СИРИЯДАҒЫ СОҒЫСТЫҢ САЛДАРЫ


6 сентября 2013, 05:41 | 4 903 просмотра



Қазір әлем назары Таяу Шығыс бағытында, Сирияда. Бұл елде жағдай шиеленіскен, бір жағынан ел ішіндегі азаматтық соғыстың өрши түсуі, екінші жағынан батыс алпауыттарының «бүгін- ертең» басып кіру күтілуде. Германия, Франция, АҚШ және Ұлыбритания Башар Асадтың өз халқына химиялық қару қолданғанына сенімді, және әрқайсы өзінің дәлелін, айғағын ұсынуда. Халықаралық сарапшылар егер Сирияға басып кіру орындалса, бұның арты таяу шығыстағы ең ірі соғысқа ұласады деп баға беруде.Әлемдік ақапарат агенттіктері де Сириядағы жағдай, соғыстың болу қауіпі жайлы жарысып хабар таратуда. Ал Сириядағы қарапайым халықтың жағдайы қалай, елдегі мектептер, ауруханалар жұмысы қалай жүруде? Бұл туралы хабар беретін ақапарат көздері жоқтың қасы. Сирия халқының жағдайын саралап көру мақсатында бірен саран шетелдік басылымдар мәліметіне сүйеніп, қарапайым халық жай-күйінің келбетін жасап көрдік.

МЕДИЦИНАСЫ ҚҰЛДЫРАҒАН ЕЛ

«Бірінші байлық денсаулық» дегендей, қарулы қақтығыстар орын алған Сириядағы медицинаның бүгінгі жағдайы қызықтырды. Шетелдік біраз ақпарат көздерін біразын талдап қарасақ та, толық қанды ақапарт табылмады. Тек peopleandcountries.com сайтында ғана Сирия денсаулық сақтау саласының бүгінгі келбетін біле алдық.

2011 жылғы наурыз айында орын алған жағдайға дейін Сирия медицинасының келбеті жарқын болған. Қарулы қақтығыстар салдарыннан болған елдегі ойран Сирияның денсаулық сақтау саласының мүмкіндігіне үлкен сенімсіздік тудырды. Осы уақытқа дейін мінсіз саналған Сирия денсаулық сақтау жүйесінде сызат пайда болды.

2011 жылға дейін Сирия медицинасы жоғары деңгейде еді, елдегі ауруханалардың барлығы дерлік заманауи зерттеулер мен ең қиын ота турлерін жасауға мүмкіндік беретін соңғы технологиямен жабдықталып, біліктілігі жоғары медициналық қызметкерлері де болды. Ауруханалардығы медицина қызметкерлердің көпшілігі шет тілдерін, оның ішінде ағылшын, француз, орыс тілдерін еркін меңгерген. Олар науқасты емдеу процесін бірнеше тілде жүргізе алатын.

Қарулы қақтығыстар басталғанға дейін елде 300 аурухана, ал бір дәрігерге шамамен 900 тұрғын келетін. Ал бүгінгі жағдай мүлдем басқаша, кейбір халықаралық қауымдастықтар Сирия денсаулық сақтау жүйесінің құлдырауын ресми түрде жария етті.

Бұның негізі бар, себебі, мінсіз жұмыс істеп келген денсаулық сақтау жүйесі енді үнемі кідіріспен қызмет көрсетеді. Бұған қақтығысқа түскен екі жақ та кінәлі. Көтерілісшілер медициналық қызметкерлерді үнемі кепілге алып тұтқындап, медициналық мекемелерді қиратып отыр, қарулы қақтығыстан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетуге де мүмкіндік жоқ. Себебі, Сирия үкіметі көтерілісшілерге медициналық көмек көрсетуге қатаң тыйым салып отыр. Бұл ережені бұзған ақ халаттылар да көтерілісшімен теңестіріліп, жау саналады.

Гуманитарлық ұйымдардың да Сирияда зардап шеккендерге шығу мүмкіндігі болмай отыр. Қазір Сирияның Солтүстік территориясындағы бүлікшілер қадағалайтын 3 госпиталь ғана қайта ашылды. Алайда, жағдайдың қиындығына қарамастан Сирия медецинасын мүлдем құлдыраған деп айтуға да болмайды. Қазір Сирия үкіметі қираған аурухналарды қайта қалпына келтіруді, жаңа құрал-жабдықпен қамтамасыз етуді және дәрігер мамандарды жұмыс орнына қайтаруды қолға алып отыр.

Бүгінгі таңдағы Сирия денсаулық саласындағы негізгі проблема –дәрі –дәрмектің тапшылығы болып отыр. Сирия фармацевтикалық компанияларының көпшілігі қарулы қақтығыс болған Алеппо қаласының маңында орналасқан еді. Алеппода орын алған қараулы қақтығыстар салдарынан сол маңдағы фармацевтикалық компаниялардың 90% -ы жұмысы тоқтаған. Әрине, бұл дәрі-дәрмек тапшылығына әкеп соқты. Сирия тұрғындары негізінен гепатит, туберкулез, қант диабеті, гипертония және рак ауруына қарсы дәрілерге мұқтаж. Бұндай дәрі-дәрмектің тапшылығы науқастарға лайықты көмек көрсете алмаған аурухана жұмысына әсер етеді. Әсіресе, гемодиализ және қан анализин жасауға арналған медициналық құрал және антибиотиктер жоқ.

Елдегі ауруханалардың үштен бірі мүлдем қиратылған немесе дәрі-дәрмек және мамандар тапшылығынан жабылған.Қоғамдық медициналық орталықтардың 10 %-ы жұмысын тоқтатқан, көптеген дәрігер мамандар елден шетел асып кетткен. Нәтижесінде кадр тапшылығы пайда болып, жұмысын тоқтатпаған медициналық орталықтар мен ауруханалар шамадан артық қызмет көрсетіп, зардап шекккендерге көмек көрсете алмай келеді.

НЕМЕСЕ ХАЛЫҚ ҚАМЫН КІМ ОЙЛАЙДЫ...

ЗАРДАП ШЕККЕН ХАЛЫҚ

Сирияда қарулы қақтығыстардан көз жұмған халық саны ресми деректер бойынша 100 мыңнан асады. Ал шын мәнінде қанша? Соғыста жеңген жақтар мен жеңілген жақтар болмайды. Себебі, кез-келген соғыс мыңдаған адам өмірін алып кетіп, қайғы-қасірет әкеледі. 2011 жылдың сәуір айынан 2013 жылдың сол мерзімі ішінде Сирияда кем дегенде 92901 адам көз жұмған. Бұл БҰҰ-ның ресми дерегі бойынша ғана. Бұл деректің авторлары баяндамада көрсетілген сандар нақты жағдайдың айғағы бола алмайтынын айтқан еді. Себебі, баяндамада өлімі құжат бойынша дәлелденгендер ғана тіркелген екен. Сирияда 2012 жылдың шілдесінен бері ай сайын қарулы қақтығыстарда шамамен 5000 адам көз жұмады. 21 тамызда Сирияда химиялық қару қолданылып, 1 мың 429 адам қайтыс болған еді. Сириялық көтерілісшілер, АҚШ пен бірқатар Батыс елдері "химиялық қаруды Башар Асад әскері қолданды" деп санайды. Асад үкіметі оны жоққа шығарады. Қазір БҰҰ инспекторлары Дамаскідегі әскери госпитальде химиялық қарудан зардап шеккендерді тексеру үстінде. Әскери госпитальде химиялық қарудан зардап шекті деген науқастарға көрсетілген медициналық көмек қалай жасалғанын инспекторлар қадағалап, әр науқаспен жеке тілдесіп, болған жайтты анықтауға кіріскен.

БІЛІМ АЛМАЙ, АМАН ҚАЛУ

Бұл бүгінгі сириялық оқушылардың айтары. Біздің елде алғашқы қоңырау соғылып, білім күні атап өтілді. Балаларымыз мектептен барып, жаңа оқу жылының қызығына кіріп кетті. Сирияда жағдай басқаша. Азаматық соғыс салдарынан Сирияда 2,5 млн бала білім ала алмай отыр. Қарулы қақтығыстар салдарынан елдегі мектердің бестен бір бөлі қиратылған. Save The Children агенттігінің баяндамасына сүйенсек, Сирияда 3900 мектеп жермен жексен болды. Сонымен мектеп жасындағы 3 миллионға жуық бала мектепке бара алмайды. Орын алған оқиғалардың дені 2012 жылы тіркелген. Қарулы топтар мектептерге оқ жаудырып, жарылыс жасаған. Бүлікшілер тіптен мектеп жасындағы ер балаларды қарулы күштер қатарына алып, қарулы қақтығыстарға қатыстырған. Оның үстіне Лондондық басылымдар, Сирияда мектептерді үкімет казарма, қорғаныс базасы ретінде пайдаланғанын, оқушыларды қатаң тергеуге алғаны туралы жарыса жазған еді. Қазір Сирияда мектепке баруға ешкім де асықпайтыны белгілі. Елдегі азаматтық соғыс талай бүлдіршіннің жанын алып кетті. Соғыстың сұрапылын көрген баланың бар арманы – бейбіт өмір. Бірақ, бүгін бала арманы орындалатын уақыт емес сияқты...

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА