29 августа 2013, 09:51 | 2 207 просмотров
Қазақстан Республикасының Конституциясы - еліміздің демократиялық даму жолын, құқықтық мемлекеттілігін белгілеген ең басты құжат. Елдігімізді айғақтайтын Ата заңның тамыры тереңде. Өйткені құқықтық қоғам ұстанымы ғасырлар қойнауынан бастау алады. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы», 20 ғасыр басындағы Алаш ардақтыларының бағдарламалары, құқықтық жобалары шын мәнінде асыл негіз болды. Бұл туралы батысқазақстандық ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр мәлім етті.
Оның айтуынша, Ата заң аспан асты, жер үстінде қазақ елін әлемге паш етіп, елдіктің туын желбіреткенімен қымбат. Бұл құжат қазақ қоғамын ұйыстырды, тұтастандырды, даңғыл әлеуметтік даму жолына алып шықты. Елімізде ең қымбат қазына адам болса, оның құқықтары мен бостандығына кепілдік берілді. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы тегін айтпаса керек-ті.
«Ата заң еліміздің азаматтарының міндеттерін де белгіледі. Қоғамдық өмірдің барлық заңнамалары осы негізгі заңнан бастау алады. Қазақстан жастарына ел үшін еңбек етіп, Ата заңның аясында өмір сүруді үйрету, сол жолда үлгі болу әрбір ұстаздың абыройлы міндеті деп білемін», - деді ғалым.