Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛУДА


23 августа 2013, 13:30 | 1 627 просмотров



Елімізде адам өміріне қауіп төндіретін жол көлік оқиғалары жиі орын алатыны және артып отырғаны жанға батады. Әсіресе республикалық маңызы бар жолдарда жол апаттары тыйылар емес. Мұндай қайғылы жағдайларда зардап шеккендерге көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің маңыздылығы аса зор.

Елімізде өткен жылдан бастап республикамыздың күре жолдарының айтарлықтай қауіпті учаскелерінде күре жолдық медициналық құтқару пункттері жұмыс істей бастады. Күре жолдық пункттер зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған. Бүгінде олардың маңыздылығы күннен-күнге арта түсуде.

Бұл жобаны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесі Елбасы Н.Назарбаевтың 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмасына және Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, сондай-ақ жолдардағы жарақаттар мен өлім-жітімді азайту, жол көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендерге дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында қолға алуда. Ол өте жауапты да қарқынды жұмыс. Медициналық пункттердің мақсаты да белгілі. Бұл адам өмірін ажал аузынан алып қалуға бағытталған әлеуметтік маңызды жоба, яғни медициналық көмекті алғашқы сағатта көрсету, «алтын уақыт» үрдісін сақтай отырып, зардап шеккенді құтқара алатын жақсы мүмкіндікке қол жеткізу.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік және коммуникация, Ішкі істер министрліктерімен «Күре жолдық медициналық құтқару пунктінің жауапты аймағында жол көлік оқиғалары кезінде өзара іс-қимыл тәртібі туралы» 4 жақты бұйрығы әзірленіп бекітілді, онда күре жолдық пункттердің жол көлік оқиғалары кезінде жол полициясы бөлімшелері, жол- пайдалану пункттерінің кезекші қызметтері мен медициналық ұйымдармен өзара іс-қимылы және хабарласу кестесі белгіленді.

Мүдделі министрліктермен күре жолдық медициналық құтқару пункттерін құруға лайық республикалық маңызы бар жолдардың айтарлықтай қауіпті учаскелері белгіленді.

Бүгінгі күні елімізде он екі күре жолдық медициналық құтқару пункті қолданысқа енгізіліп, толыққанды іске кірісті. Олар Алматы, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Ақмола облыстарында орналасқан.

Алматы облысында «Жаңа Арна», «Тарғап», «Үшарал», «Күрті», Қарағанды облысында «Ақшатау», «Балқаш», «Сарышаған», «Ақсу-Аюлы», Оңтүстік Қазақстан облысында «Төрткөл», Жамбыл облысында «Шығанақ» және Ақмола облысында «Макинск», «Анар» күре жолдық медициналық құтқару пункттері жұмыс істеп жатыр.

Пункттің жалпы ауданы жүз қырық төрт шаршы метр. Әр күре жолдық медициналық құтқару пункттері қажетті медициналық жабдық, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар бар амбулаториялық медициналық модульден, реанимобильдерді орналастыруға және байланыс торабы, диспетчерлік бекет пен тұрмыстық аймақ кіретін медициналық құтқару қызметтік модулін жайғастыруға арналған гараждан тұрады. Сонымен қатар, тікұшаққа арналған алаң қарастырылып жатыр. Әр күре жолдық пунктінің тікелей телефоны жұмыс істейді.

Пункттерде 5 адам: дәрігер, фельдшер, диспетчер және екі құтқарушы қызмет етеді. Реанимобильдер де сатып алынды. Олар құтқару және медициналық жабдықтардан тұрады. Көлік 5-6 зардап шегушіні эвакуациялауға мүмкіндік береді.

Күре жолдық медициналық құтқару пунктінің шұғыл әрекет ету бригадасына қызмет ету аясынан 50 шақырым радиустағы учаске бекітілгеніне қарамастан кей кездері ұзақ қашықтықтарға да шұғыл көмек көрсетулерге шығады. Олардың қызметі тек жол көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге ғана емес, сондай-ақ шұғыл көмекті қажет еткен адамдарға да көмек көрсету болып табылады.

Мысалы, ағымдағы жылы Қарағанды облысында Алматы-Екатеринбург күре жолында орналасқан «Ақшатау» күре жолдық медициналық құтқару пунктінің шұғыл әрекет ету бригадасы Ресейден Қырғызстанға бағыт алған толғағы жеткен жүкті әйелді босандырып алса, Алматы облысындағы «Тарғап» күре жолдық медициналық құтқару пунктінің шұғыл әрекет ету бригадасы Алматы облысы Горный кентінде цемент бункеріне түсіп кеткен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуге ат салысқан.

Статистикаға жүгінетін болсақ, күре жолдық медициналық құтқару пункттері бүгінгі күнге дейін орын алған 806 төтенше жағдайға, оның ішінде 697 жол көлік оқиғасына шығып, 2037 зардап шеккенге, оның ішінде 98 балаға медициналық көмек көрсеткен. 755 адамды, оның ішінде 57 баланы ауруханаға жеткізген.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, білікті және жедел қызмет ететін бригада қызметкерлерінің ұйымдасқан жұмысының арқасында көптеген адамдардың өмірін сақтап қалу мүмкін болды.

Республикалық маңызы бар күре жолдарда «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметінің және күре жолдық медициналық құтқару пункттерінің телефон нөмірлері көрсетілген жол бойындағы ақпараттық қалқандар орнатылды.

Сондай-ақ жол қозғалысы қатысушыларын ақпараттандыру мақсатында күре жолдық пункттердің орналасу орындары мен байланыс телефондары жазылған ақпараттық парақшалар әзірленіп таратылды. Олар жол көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге алғашқы көмектің дер кезінде көрсетілуіне үлкен септігін тигізбек.

Құрылысы жоспарланып жатқан кезекті 14 күре жолдық медициналық құтқару пунктінің орналасу орындары Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда және Павлодар облыстарында белгіленді. Ал болашақта, яғни 2015 жылға дейін барлығы 40 пункт құрылатын болады.

Қорыта айтар болсақ, күре жолдық медициналық құтқару пункттері ел игілігі үшін қызмет атқаруда және болашақта да солай болмақ. Осылайша, Елбасы Н.Назарбаевтың әлеуметтік маңызды жобасы ойдағыдай іске асырылып, маңыздылығы арта түспек.

Автор:
Ержан ЫСҚАҚОВ, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрлігі «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры