Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

СУ ЖҮРГЕН ЖЕР – БЕРЕКЕ, ЕЛ ЖҮРГЕН ЖЕР – МЕРЕКЕ...


16 августа 2013, 06:11 | 2 417 просмотров



Таулары биік, суы тұнық, қарағайы қалың өскен Көксу өзенінің бойында Туризм спорты бойынша облыстық ашық біріншілік өтті. Жуырда құрылған Алматы облысы туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл алғашқы туристік слет. Мұндай спорттық шаралар жас жеткіншектерді отансүйгіштікке тәрбиелейді. Сол себепті мекеме басшылары саяхатшылар жарысын жиі өткізуді жоспарлауда.

-«Жетісу өңірі табиғи, тарихи, археологиялық ескерткіштерге бай аймақ. Көксу өзені ағу кедергісіне байланысты 5-6 дәрежелі дүнинжүзілік бірінші ондықтың ішіне кіреді. Бұл өңірде бұрындары да Халықаралық туристік жарыстар өткізілген көрінеді. Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы мақсат – туризм саласын дамытумен қоса, жас жеткіншектердің бойына спорттық, отансүйгіштік қасеттерді сіңіру. Келешекте Алматы облысының бірнеше аудандарында туристік бөлімдер ашу жоспарда бар» - деді Облыстық Туризм басқармасының басшысы Лепесов Имран Болысбайұлы.

Туристік слетке Жетісу өңірінің бірнеше ауданы мен Алматы қаласынан 80 жуық балғын спортшы қатысып, бақ сынасты. Олар тау өзенінің бойына шатыр тігіп, тылсым табиғат аясына саяхаттап, спорттық жарыстарға қатысудан да шет қалмады . Әсіресе, туристік спорт сайысындағы ағаштарға жалғанған арқандармен өрмелеу, өзен ағысында қайықпен жарысу жастардың үлкен қызығушылығын туғызған. Бұл қатарда Көксу ауданының «ТРИТОН» туристік клубы да өз өрендерін үкілеп әкелген. Туризм саласының мамандары балаларға тек еліміздің әсем жерін көрсетіп , спорттық сайыс ұйымдастырып қана қоймай, саяхат барысында кездесетін кедергілерді жеңуді де үйретті. Бұл тек спорт түрі ғана емес, табиғатпен етене жақындасу, оның тылсым күшін түсіну.

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА Өз тілшіміз