Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«ДЕРТТІ ЕМЕС, СЫРҚАТТЫ ЕМДЕ...»


16 августа 2013, 06:06 | 1 735 просмотров



Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп десек қателескендік емес. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы да анық. «Ақ халатты абзал жан» деген құрметке ие болу үшін ол қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз.Сондай-ақ , олардың адам өміріне жауапты құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек пен мұқияттылық керектігі де бекер емес. Себебі, медицина қателікті кешірмейді. Қанша сын айтылса да, халық үшін күн-түн демей, жанталаса қызмет атқарып жүрген дәрігерлер қауымының еңбегі зор екендігі ақиқат.

Осындай қиын да қарбаласқа толы салаға бар ғұмырын, еңбек жолын арнаған, жүрегі мейірімге толы жандардың бірі – Сағым Қабықбайұлы. Адалдықты өмірлік серік еткен Сағым аға бүгінгі күні Талдықорған қалалық емханасы аурудың алдын-алу, психо-әлеуметтік көмек көрсету бөлімі, салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің меңгерушісі.

Жаны жақсылыққа құмар, үлкен абыройға ие ел ағасының өмір өткелдеріндегі қызықты да қиын сәттерімен танысып, сол күндердің есте қалған естелігімен бөлісу үшін, ол кісімен әңгімелескен едік. Әр сөзінің тәлімі мол, тәрбиесі зор мағынаға ие кейіпкерімізбен болған сұхбаттан жанымыз жадырап, көңіліміз шаттана түскендей. Дүниедегі барлық ізгілік пен салмақтылықты Сағым ағаның бойынан тапқандай болдық.

Өмір атты ұлы көштің қиыншылығын жеңе біліп, қуанышына кенеле білген, бүгінгі таңда зейнетке шықса да еңбек етуден ерінбеген Сағым Қабықбайұлы 1945 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Алакөл ауданы, Жаңалық ауылында дүниеге келген. Илич атындағы совхоздың Еңбекші 10 жылдық орта мектебін 1963 жылы жақсы тамамдайды. Білім алуға деген құштарлығы мен соның ішінде химия пәніне деген сүйіспеншілігінің арқасында Семей мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Денсаулық сақтау саласында 45 жылға жуық уақыт қызмет етеді.

Өткен күндер естелігін еске алып, жалындаған жас шағына саяхат жасаған Сағым аға сол бір тәтті кезеңдерді былай баяндады...

-... Әңгімемді енді қызметімнен бастайын. Ең алғаш еңбек жолымды мен 1969 жылы Талдықорған қалалық ауруханасынан бастадым. Ол жерде учаскелік дәрігер қызметінің тізгінін алғаш қолыма алдым. Содан екі жыл өткен соң, яғни 1971 жылдары «дәрігерлер әскерге барсын» деген бұйрық болатын. Сол жылы мен де Советтік «қызыл әскерге» шақырылдым. 1973 жылға дейін Одесса қаласында дәрігерлік әскери борышымды өтедім. Әскерден оралған соң, қайта қалалық ауруханадағы қызметімді жалғастырдым. Ол жерде үш жыл еңбек етіп, 1976 жылы Талдықорған 22 партсьез атындағы тігін фабрикасы жанындағы «Дубкий» профилактикалық санаториясының бас дәрігері қызметіне тағайындалдым. Бұл мекемеде 1984 жылға дейін жұмыс атқардым. Кейіннен облыстық кәсіподақ кеңесінің сенімді дәрігері қызметіне ауыстым. Ол жерде қызмет атқара келе, Талдықорған Индустриялды Педагогикалық Техникумы студенттері мен басқа да жоғарғы оқу орыны студенттеріне арналған профилактикалық санаторияның бас дәрігері лауазымымен қызмет жолымды жалғастырдым. Сонымен қатар, қалалық «мұғалімдердің білімін жетілдіру» институтының «Білім» профилактикалық- санаториясының бас дәрігері қызметін де атқардым. Кейін заманның өзгеруіне қарай барлық демалыс орындары мен санаториялар жабылды. Аумалы – төкпелі сол уақыттарда қызметімді қайта қалалық ауруханаға ауыстырдым. Бұл жолы аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерішісі қызметі бұйырған екен. Не керек, көп уақыт өтпей-ақ қалалық аурухана да өз жұмысын тоқтатты. Мұндай қарбаласқа толы кездерде уақыттың қалай сынаптай сырғи өткенін де аңғармай қалыппыз. Етек жеңімізді түріп, есімізді жиған соң қалалық емхананың «денсаулықты нығайту» орталығы басшысы қызметіне сайландым. Бұл 2000 жылдар болатын. Араға он жыл салып, яғни 2011 жылы осы орталық жанынан «аурудың алдын-алу» бөлімі ашылды. Аталмыш сол бөлімнің ішінен «салауатты өмір салтын қалыптастыру» кабинеті құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Содан бері сол кабинеттің меңгерушісі қызметін атқарып келемін – деп өткеніне шолу жасап, бүгінін бір саралап өтті ардагер дәрігер.

Аса үлкен жауапкершілікті талап ететін бұл қызметтермен қатар Сағым Қабықбайұлы «иммунолог» маманы қызметін де абыроймен атқарып келеді. Осынша мамандықты бойына сіңіре білген және соны қалтқысыз орындап жүрген Сағым аға еңбек етуден еш тынған емес. Сонымен қатар, дәрігерлік міндетпен қоса Сағым Қабықбайұлы өнер саласына да жақын екендігін жасырмады. Бір адамның бойынан он адамға тән қасиеттің табылуы Сағым ағаның жігерілігі мен қайраттылығының арқасы болса керек.

Ауруға араша түсіп, денсаулықтың түзелуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген дәрігер ағаның еңбегі елеусіз қалған емес. Тізе берсек, тізімі көп мақтау қағаздары мен алғыс хаттардың ішінен көзіміз 2010 жылғы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталықтары арасынан жоғарғы мадаққа ие, Республикалық және облыстық деңгейде I – орынға лайық деп танылған мадақтау қағазын шалды. Мұндай марапатқа ие болу – тынымсыз еңбек пен жан-жақты ізденімпаздықтың нәтижесі деуге толық негіз бар.

ДЕРТТІ ЕМЕС, СЫРҚАТТЫ ЕМДЕ!

Дертті емес, сырқат адамды емдеу – медицинаның негізгі принциптерінің бірі. Кез-келген дәрігер «психологиялық кері байланыс» принципі бойынша өз әрекеттері мен ұстанымын бақылауы тиіс және сырқат адамның сәл ғана қас-қабағы қимылынан ахуалды жедел бағамдап, емдеу тактикасын дұрыс қалыптастыруға міндетті. Ғылыми – техникалық өрлеу дәуірінде сыртқы орта мен адамның өзара әрекетінің кең ауқымдылығы адам және оның денсаулығының арасындағы ажырамас байланысын көрсетті. Қазір кешенді бағалауды тек медицина ғана жүргізеді. Сырқаттардың алдын алуды қамти отырып, тұтас аймақтарды, халықты сауықтыру жоспарларын жасайды, яғни басты орынға адамды шығарады. Бүгінгі аурудың алдын алудың басты нысаны – сырқаттар ғана емес, дені сау адам. Бұл дегеніміз, дені сау адамды алдын-ала тексеруден өткізу. Халық санасына «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде » деген қағиданы толық сіңіру-дейді өз сөзінде білікті маман иесі.

- Сағым Қабықбайұлы, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен нәтижелер барысын баяндай отырсаңыз...

- Бұл бағдарлама барлық денсаулық сақтау ұйымдарында белсенді түрде жүзеге асуда. Сондай-ақ аталмыш бағдарлама біздің облыста да жоспарлы түрде жүзеге асуда. Осы бағдарлама аясында қазір барлық науқас адам өз еркімен емделетін дәрігері мен ем қабылдағысы келетін аурухана, емханаларын таңдай алады. Осы орайда скринингтік тексеру де өте қарқынды жүзеге асуда. Бұл тұрғыда біз қазіргі уақытта жастармен көбірек жұмыс атқарудамыз.

- Қалалық емханада ауру түрін анықтау мен аурудың алдын- алу жұмысы қалай атқарылады?

- Біздің мекемеде барлық құрылғылар бар. Сырқаттанып келеген адамды жан-жақты тексеріп, ауру түріне қарай дәрігер мамандарға жібереміз. Ауруы аса қауіп төндіруі мүмкін болған жағдайда арнайы мектебіміз бар. Ол жерде науқасқа сырқат түріне орай лекция оқылады, бейне баяндар арқылы толық жан-жақты түсіндіріледі. Ал ары қарай дұрыс ем қабылдау адамның өзінің қабылдау түйсігіне байланысты.

- Қазіргі таңда өзекті мәселеге айналған сырқат түріне тоқталып өтсеңіз...

- Бүгінгі таңда өзекті– қандағы қант пен май мөлшерінің асқыну мәселесі болып отыр. Сонымен қатар, жастар арасында темекіге деген құштарлық артып барады. Осы мәселенің алды-алу үшін біз көптеген іс – шаралар өткізіп, білім ошақтары мен жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып отырмыз. Себебі осындай насихат шаралары арқылы ғана біз бір нәтижеге қол жеткізе аламыз. Осы тұрғыда бір-екі ауыз темекінің кері әсеріне тоқталып өтсем. Жастардың сәніне айналған темекі бұйымдарының құрамында 4 мыңнан астам зиянды қоспа болса, соның 40-н астамы шылым шегушінің ағзасына енеді. Темекі тартудың соңы өкпе, жүрек, бүйрек, асқазан ауруына шалдықтыруы мүмкін. 97 пайыз өкпе ауруы осы шылым шегудің салдарынан болып отырады. Әсіресе қыз балалардың арасында темекіге деген құштарлық басым болып тұрғаны мені қинайды. Қыздарымыз сән қуалаудан гөрі болашағын ойласа екен деген ойдамы. Себебі, қыз баланың бойынан түтіннің емес, нәзіктіктің иісі шығуы керек.

- Сөз соңында айтарыңыз?

- Ауруды емдегеннен гөрі, алдын- ала шара қолданып ауруды болдырмауға тырысу керек. Адам денсаулығының – 50 пайызы өзіне, 20 пайызы – қоршаған ортаға, 20 пайызы – тұқым қуалаушылыққа байланысты болса, тек 10 пайызы ғана дәрігерге байланысты болып келеді. Сол себептен халыққа айтарым, өз денсаулықтарыңызға немқұрайлы қарамаңыздар, жауапкершілікті болғандарыңыз жөн.

-Сұхбатыңызға рахмет!

«Демі бардың, емі бар» демекші, жаңа туған нәрестеден бастап, еңкейген қарттың денсаулығына алаңдайтын жылы жүрек пен аялы алақан иелері – дәрігер қоғамы қандай құрметке болсын лайықты. Осындай қызметінде құрметке бөленіп жүрген Сағым Қабықбайұлы отбасында аяулы жар, ардақты әке, асқар таудай ата бола білген азамат. Өмірлік қосағы Роза Мұсақызы екеуі балаларының бойына барлық адами қасиетті сіңіре білді. Альбина, Қайрат есімді ұл-қызынан бүгінде 4 немере сүйіп отырған отбасының ұйытқысы.

ӘРІПТЕС ПІКІРІ

Қалалық емхананың эпидимологы Киясов Ертуған Қажетұлы:

- Сағым Қабықбайұлы ұлылық – қарапайымдылықта демекші, өте қарапайым адам. Ұйымдастырушылық қасиеті басым, барлық қоғамдық жұмысқа белсене қатысады. Еңбексүйгіш, жауапкершілігі басым азамат. Ол кісі қандай болмасын құрмет-қошеметке лайық адам.

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА, өз тілшіміз