Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӨЛГЕНДЕРДІ ТІРІЛТУ ШЫНДЫҚҚА АЙНАЛА МА?


16 августа 2013, 06:02 | 1 603 просмотра



Ғылым таяуда бір тәулік бұрын көз жұмған адамды тірілтуге қол жеткізбек. Бұл соны методикалардың арқасында және адамның дене температурасы қалыпты жағдайдан төмендей бастағанда жүзеге аспақ. Бұл кезде адам клеткалары тоқтап қалса да жұмысқа қабылетті болып қала беретін көрінеді. Жалпы, өлім – процесс, тек - сәт емес екенін естен шығармасақ болғаны.

Бұл жаңалық танымал C-news басылымында орын алған. Онда ғылым адамды көз жұмғаннан кейін 12 тіпті, 24 сағаттан кейін тірілтіп алуға қол жеткізеді деп жазыпты. Яғни, процесті кері бағытқа айналдыруға әбден болады-мыс.

Бүгінгі таңда дәрігерлер клиникалық өлім деген ұғымды мидың толық тоқтауымен түсіндіреді. Шынтуайтына келгенде жүйке клеткалары, сонымен қатар адам ағзасында басты рөл атқаратын ми клеткалары адам көз жұмғаннан кейінгі бірнеше сағат бойы жұмысқа қабілетті болып қала береді екен. Бірақ, дәрігерлер арасында клиникалық өлімнен 5 минут өткеннен соң ешқандай реанимациялық әрекет жасау керек жоқ деген пікір де қалыптасқан. Бұдан кейінгі іс транспотологтарға жүктеледі. Олар тиісінше «мәйттен» ағзаларды ала бастауды заңдылықтарға жүгіне отырып, жұмыстарына кіріседі. Қорқынышты, сонысымен де жиіркенішті. Қолданыста бар тәжірибеге сүйенсек, адам өлімі туралы қорытынды адам миының барлығы жұмысқа қабілетсіз, толық тоқтады деген тұжырым жасалғанда ғана шығарылады.

Кейбір деректерге жүгінсек, адамды көп уақыт тыныссыз, жүрегінің соғуынсыз біраз уақыт жатқан жағдайында қайта тірілтіп алу фактілері кездескен. Бұл ретте жүрек-өкпе реанимациясы тәсілін қолдану методикасы оң нәтиже беруге мүмкіндік берген. Бүгінгі техникалық жетістіктерге жүгінсек, адам ағзасына тоқтаусыз қан жүгірту арқылы марқұмды тірілтіп алуға болады екен.

Осыларға сүйенген ғалымдар қалыптасқан теориядан арылуға болады деген тұжырымға келіп отырған сыңайлы. Реанимацияның жаңа әдістемесін тиімді пайдалану үшін адам ағзасының температурасы Цельсия бойынша 32-34 градус болуы шарт. Бұл температурада адам денесі шамамен 24 сағатқа дейін жұмыс қабілетін сақтайды. Адам денесін салқындату клеткаларда химиялық заттардың пайда болуына тосқауыл қоюымен қатар, мидың оттегіне деген сұранысын біршама азайтады. Бұл теорияның растығы экстрималды суық жағдайда қаза болған адамдардың қайта тірілгенімен дәлелденіп отыр.1999 жылы ойылып кеткен мұздың астына түсіп кеткен шведтік медик – студентті дәрігерлер араға 3 сағат 55 минуттан кейін қайта тірілтіп алғандығы әлі есімізде. Классикалық көзқарасқа сүйенер болсақ, әлгі қыздың миы соншы уақыт жұмыс жасап тұрды деп айтуға негіз де жоқ емес пе?

Клиникалық өлімде жатқан адамның денесін суытуды тұрмыс жағдайында да жүзеге асыра отырып, адамды қайта тірілтуге болады. Бірақ, дәрігер-реаниматологтар қатып қалған «5 минут» және «ми жұмыс жасауға толық қабілетсіз» деген қағиданы ұмыта тұрса болғаны. Әлбетте, мұның бәрінде тың технология, дәрігердің біліктілігі мен шеберлігі, ең бастысы қолға алған істі орындай аламын деген нық сенімділігі қажет.

«ОРыс халқы. Оның салттары, дәстүрлері, сенімі мен поэзиясы» атты кітабында танымал этнограф Михаил Забылин ертеректе адамдарды қайта тірілтуге болады деген біз естіп - білмеген жайттарды жазады. Ол осы кітабында өлген адамдарды тірілту жайттарын айтқан. Орыстар бірнеше сағат бұрын көз жұмған адамды ыстық моншаға жатқызған. Мұнда олардың басты идеясы адам миын жылыту болса керек. Бастапқы кезде адам денесін салқындатып, содан оны жылытып ( яғни басын) алған соң қан айналымын қалыпқа келтіргенде мәйт тіріліп кетеді - міс. Бұл ертеден келе жатқан аңыз да шығар. Бірақ, ғылым орнында тұрып қалмайтыны ақиқат. Кім біледі, ғалымдар тіршілікке қатысты тағы бір тың жаңалық ашар. Ол уақыт еншісінде.

Автор:
Ырыс КЕНЖЕ.