Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ: САНАДАҒЫ СІЛКІНІС


21 июня 2013, 06:09 | 1 642 просмотра



Қостанай облысында денсаулық сақтау саласы барлық көрсеткіштер бойынша республикада он екінші орыннан төртінші орынға көтерілді. Облыс денсаулық саласының бүгінгі тыныс-тіршілігі турасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Орал Бекмағамбетовтілші сауалынабылай әңгімелейді:

–Орал Айтбайұлы, облыстық денсаулық сақтау саласы жұмысындағы бүгінгі ерекшелік не?

– Медицина саласы бұрыннан қалыптасқан қалыппен жылжып отыратын. Еліміздің денсаулық сақтау ісіне жайбарақаттық енді келіспейді. Материалдық базаны нығайтып, озық технологияларды игермесек, әлемдік даму көшіне ілесе алмаймыз. Көшке ілесу үшін дәрігерлер де сананы сілкуі тиіс. Ерекшелік осы.

– Денсаулық сақтау саласында үлкен нәтижелерге жету үшін дәрігерлер сананы сілку керек деген ойыңыз көңілге қонып отыр. Бұл медицина қызметін пайдаланатын бүкіл қазақстандықтарға да қатысты болар?

– «Саламатты Қазақстан» бағдарламасындағы атқарылар істің алға ұстанар темірқазығы да осы емес пе? Облыстың денсаулық сақтау саласы да бағдарлама жүктеген жеті бағыт бойынша дамып келеді. Ол ана мен бала, мектеп оқушыларының денсаулығы, дұрыс тамақтану, саламатты өмір салтын қалыптастыру сияқты болып жалғаса береді. Осылардың барлығының түйіні – профилактикалық жұмыстарды күшейтуге келіп саяды. Аталарымыз мұны «Ауруды емдегенше, ауырмайтын жол ізде» деп түйген ғой.

Негізі профилактикалық жұмыстар медицинада бүгін ашылған жаңалық емес. Оның негізі бұрыннан қаланған. Дегенмен, бүгін оның шеңбері кеңейтіліп отыр. Аз қаржы жұмсап, ірі нәтижелерге жету – басты мақсатымыз. Мысалы, бұрынғы кезде туберкулезге қарсы жұмыстар тұрғындарды жаппай флюорографиядан өткізуден басталатын. Үлкен қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар жүргізілетін. Бірақ, құрт ауруына шалдыққандарды анықтауда іс мардымы бола бермейтін. Мысалы, әр мың адамға шаққанда анықталған ауру көрсеткіші 0,1 болар еді. Ал қазір осы көрсеткіш 40-50 есе артты. Бұл тек бір ғана DOS бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыс нәтижесі. Қазір дәл осындай ұстаныммен скрининг бағдарламасы жүзеге асуда. Ол бойынша онкологиялық аурулардың түрлері ерте мерзімінде бұрынғыдан үш-төрт есе көп анықталып отыр. Мұның өзі обыр ауруына шалдыққандарды ажал тырнағынан аман алып қалуға мүмкіндік молаяды деген сөз.

– Денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай ұлттық жүйенің енгізілгеніне біршама уақыт болды. Оның облыстағы нәтижесі қалай?

– Денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай ұлттық жүйені жетілдіру – уақыттың үлкен талабы десек болады. Бұл бағдарламаны аяқтауға жақын қалдық. Қостанай облысында төсек қорының көрсеткіші өте үлкен болатын. Мысалы, 2011 жылы облыста 10 мың тұрғынға шаққанда 73 төсектен келетін. Яғни науқастарды күндіз-түні ауруханада емдеу бүгінгі күн талабынан қарағанда өте қымбатқа түсетін. Ауыр-жеңіліне қарамай, қандай ауруларды да стационарда емдейтін едік. Мұның өзі қыруар қаржы, экономикалық жағынан өте тиімсіз. Міне, денсаулық сақтау саласындағы осы мәселені жаңа көзқарас тұрғысынан шешу үшін бірыңғай ұлттық жүйе өте жақсы нәтиже берді. Соңғы екі жылда облыста 1600 төсек қысқартылды. Стационарды алмастыратын технологияларға, күндізгі стационарды көбейтуге маңыз бердік. Бірыңғай ұлттық жүйені енгізген алғашқы уақытта тұрғындар және медицина қызметкерлері тарапынан іштей қарсылық сезілгендей болды. Ауруханаларда төсек саны қысқарғанда қызметкерлер жұмыссыз қаламыз деп ойласа керек. Ал адамдар «ауруханаға жатпасақ қалай емделеміз» деп уайымдағаны рас. Дегенмен, уақыт ағымы адамдарды түсіністікпен қарауға итермелегендей. Мысалы, басы ауырып, балтыры сыздағандар емделуді ойлайды, бірақ ауруханада жата беруді қаламайды. Ауруханада жатып алса, жұмыстан шығып қалу қаупі де болады. Ауырғандығы туралы қағаз алғанша, жұмыстан қалмауға тырысады. Бұл көрініс адамдардың ойлау жүйесін өзгертті. Қазір ешкім де лажын тапса ауруханаға жатқысы келмейді. Оның үстіне, стационарда балама емдеу түрлері бар. Мұның өзі экономикалық тиімділік, бюджет қаржысын үнемдеу үшін жасалып отырғанын айналдырған екі жарым жыл ішінде тұрғындардың өздері де түсінгендей. Қазір әңгіме стационарда жатып алу емес, адамдардың сапалы ем қабылдауы алдыңғы кезекке шыққан. Сондықтан пациенттің білікті дәрігерді, жұмысы жақсы ұйымдастырылған клиникаларды, белгілі технологияларды таңдауына құқық берілген.

– Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде не айтар едіңіз?

– Бұл да «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүзеге асып отырған бағыттың бірі. Ол облыстық және республикалық бюджеттен қамтамасыз етіледі. Республикалық бюджеттен қант диабеті, гемофилия, басқа ауыр науқастарға дәрі алу үшін қаржы жеткілікті бөлінеді. Мысалы, облыста 83 ересек жан гематология ауруынан зардап шегеді, олар үшін жылына 172 миллион теңге бөлінеді. С гепатиті ауруынан зардап шегетін 77 адам мемлекеттен жылына 180 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін алады. Аурудың екі түріне, онда да тек дәріге ғана осынша қыруар қаржы бөлінеді. Мұнан басқа да ауру түрлері қаншама деңіз. Адам денсаулығынан асқан қандай байлық бар? Әңгіме, оған қаржыны тиімді бөлуде болса керек. Бізде медицина әлі де даму үстінде. Әлі күнге дейін балалар жүрек ақауларымен, ферменттік бұзылыстармен, басқа да кемшіліктермен туады. Әйелдердің аяғы ауыр кезде оның денсаулығын бақылауға, емдеуге қаржы жеткілікті бөлінсе, сәбилер де кейін ауыр науқастардан зардап шекпес еді. Ауыр науқастың шеңгеліне іліккен әр адам үшін миллиондап қаржы төгілмес еді.

Ауру сәбилердің өсе келе әлеуметтік мәселеге айналары тағы бар. Ата-аналардың ауру сәбиден бас тартатыны да жиі кездеседі. Ол балалар үйіне өткізіледі, одан әрі интернат күтеді… Міне, бюджетке түсетін салмақ ауырлай түседі. Қоғамда барлығы бір-біріне байланысты, дәрі-дәрмектен шыққан проблема қоғамда осылай әлеуметтік желі жасайды.

– Ал ана мен баланың денсаулығын сақтау қалай болып отыр?

– Былтыр көп жылдардан бері облыста бірінші рет ана өлімі тіркелген жоқ. Бірақ бұл біздің қызметкерлердің тоқмейілсуіне себеп болмайды. Жыл бойы біздің дәрігерлер ауыр босанған қырықтан астам әйелді ажал тырнағынан арашалап қалды. Бұл дәрігерлер мен акушерлердің жоғары біліктілігінің, санитарлық авиацияның өз міндетіне аса жауапкершілік көрсетуінің арқасында мүмкін болды. Осы аналардың кез келгені бала туу үстінде кетіп қалуы мүмкін еді ғой?

Жыл басынан бергі бес айда өткен жылдың сол мерзімімен салыстырғанда бала өлімі 30 пайызға азайды. Медицина қызметкерлерінің алдыңғы буынының біліктілігін көтердік. Біз ана мен бала денсаулығы жөнінен мықты орталықтары бар Белоруссия мен Литва республикаларындағы медициналық орталықтармен тығыз байланыстамыз. Соңғы кезде мамандардың біліктілігін арттыратын оқуларға дәрігерлерді бұрнағы жылдарға қарағанда 3-4 есе көп жіберетін болдық.

– Соңғы жылдары жүрек-қан тамырлары, инсульт, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көп екені жиі айтылады. Осы орайда облыста қандай да бір жұмыс жүргізіліп отыр ма?

– Облыстағы денсаулық сақтау саласы 24 көрсеткіш бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Бұл жан-жақты жұмыстың нәтижесі дер едім. Біздің мамандар оқудан қол үзбейді, ғылыми орталықтардан профессорларды, білікті мамандарды шақырып отырамыз. Қостанай мен Рудный қалаларында екі кардиоорталық жұмыс істейді. Оған мамандарды жыл бойы дайындадық. Өткен жылы ғана жүректің зақымданған тамырларына 500-ден аса операция жасалды. Мұнан басқа инсульт және пульмонологиялық орталықтар жұмыс істей бастады. Енді бір-екі айда жабдық алынған соң, гепатоорталық ашамыз. Бауыры ауыратындар үшін ол да тиімді қызмет көрсететін болады. Ал онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім облыста 13 пайызға азайды.

– Медициналық қызметтің сапасы материалдық техникалық базаның нығаюы мен кадрларға байланысты екені бесенеден белгілі. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Он жыл мерзімде облыста отыздан аса емдеу мекемелері жөнделді. Тек өткен жылы ғана сегіз аурухана мен емхана жөндеуден өтті. Биыл да бірнеше ірі емдеу мекемелері жаңғыртылмақ. Оның ішінде Қостанай қалалық ауруханасы 425 миллионнан аса теңгеге күрделі жөнделмек. Мұнан кейін алдағы уақытта облыс орталығындағы ірі емханалар кезегімен жөндеуден өтеді. Ауруханаларды медициналық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету де емдеу сапасын арттырары сөзсіз. Қазір емдеу мекемелері 5 миллионнан 50 миллион теңге аралығында лизингімен медицина жабдығын алуға құқылы. Біз өткен жылдан бастап 41 емдеу мекемесіне шаруашылық жүргізу құқығын бердік. Дербес жұмыс жүргізу үшін оларға жаңа көзқараста жұмыс істейтін ұйымдастырушы-менеджерлер керек. Екі жыл бойы біз оларды британ технологиясымен оқытып даярладық. Олар денсаулық сақтау саласының менеджерлері болып шығады. Бұл істің барлығы да «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жүргізілді.

Ал кадр мәселесі қиын екенін жасырудың қажеті жоқ. Бүгінде облыста дәрігерлер 50 пайыз жетіспейді.Кадр дайындаудың әлеуметтік астары барлығын айтар едім. Соңғы жылдары көп балалы, әлеуметтік аз қорғалған отбасыларынан шыққан 600 жасқа медициналық жоғары оқу орындарында білім алуға көмек берілді. Соның 97-і қазір медицина академияларында оқып жатыр. 35 жас дәрігер қызметке араласты. Оларға жас маман ретінде барлық жағдай жасалды. Облыстағы медицина қызметкерлеріне өткен жылы ғана 67 пәтер берілді. Соңғы жылдары мектеп бітірген жас түлектер арасынан медицина институтына баруға тілек білдіргендер көп. Бұл да үміт сәулесіндей көрінеді. Дәрігерлік мамандықтың беделі көтеріліп келеді.

– Әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

– Дәрігерлер қауымының күрделі жұмысына табыс тілеймін. Денсаулық ісі жақсарғанда қоғам саламатты, еліміздің болашағы жарқын болады.

Автор:
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ облысы