Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ТҰРҒЫНДАРҒА ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК


21 июня 2013, 06:08 | 1 557 просмотров



Еліміздің Ата заңында «Мемлекеттің әр азаматы кепілденген мөлшерде тегін медициналық көмек алуға құқы бар деп атап көрсетілген.

Осы орайда 2011 жылдан бастап мемлекет тарапынан 50 пайыз жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектер де науқастарға тегін ұсынылып келеді.Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ел тәуелсіздігін енді алған кезеңде мемлекет денсаулық сақтау саласына 40 млрд теңге қаржы құйған болса, бүгінде жыл сайын осы салаға бөлінетін қаражат 600 млрд теңгені құрап отыр. Бұл орасан зор жетістік екенін айта кеткен жөн. 20 жылда әлемдегі бірегей Ұлттық медициналық холдинг жұмысын бастап, құны 1 млрд-қа жететін тиісті медициналық аппараттар сатып алынды. Тұңғыш рет ашық жүрекке, нейрохирургия саласындағы ми және жұлын ақаулары, ісіктер, бас сүйектегі рак, менингиома сынды күрделі, шетелдерде құны тіптен 100 мың АҚШ долларынан асатын оталар отандастарымызға бүгінгі таңда тегін жасалынып келеді.

Атап айтар болсақ, 26 жасар Динара Исақұлованың ми қан-тамырына күрделі ота небары 3 күн бұрын жасалғанын ескерсек, қазір науқас дертінен құлантаза айықты. Отандық медицина дәрігерлерінің бұл кәсібилілігіне біз қуануымыз керек.

– Қазір оның жағдайы өте жақсы, операция ойдағыдай өтті. Ешқандай қорқыныш болған жоқ, дәрігерлермен алдын ала сөйлесіп, операция жайлы сұрақтарыма толыққанды жауап алдым. Орталықтағы дәрігерлердің жұмысы сапалы болғандықтан, осында келіп емделуге мүмкіндік бар. Бұл емхана болмағанда қайда барар едім, – дейді Динара.

Ал Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының бас дәрігері Талғат ПАЗЫЛБЕКОВ: «Біз енді нейрохирургия саласындағы барлық операцияларды өзіміз жасаймыз. Мысалы эндоскопиялық операция тамырдың ішінен кіріп жасалады, оны бұрын тек қана шетелдерде жасайтын еді, қазір біздің орталықта жасалады. Жылына бір жарым мың тегін операция жасалады. Айта кететін бір нәрсе, Қазақстан азаматтарына тегін жасаймыз», – дегенді айтады.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов болса: «Қазақстандағы 2 жылдан бері қарқынды түрде қолға алынған жылжымалы медициналық қондырғылар, жылжымалы емханалар, «Денсаулық» пойыздары ұлттың денсаулығын жақсартуға жақсы мүмкіндік және үкімет тарапынан бөлінген жақсы қамқорлық. Бұрын мысалы, ауылдағы жерлестеріміз аудан орталықтарында ғана тексеруден өтсе, қазір солардың ауылдарына жеткізіп, түгел қажетті адамдарды, мұқтаж адамдарды үйдің жанында емдеуге мүмкіндік пайда болды.

Ол «КАМАЗ» жүк көлігінің негізінде медициналық кешен негізінде, жасалынған. Оның ішінде біздің зерттеу, тексеру аппараттары, ультрадыбыстық аппараттар, тіс жөндеу қондырғылары бар. Ол үшін науқас диспансерлік есепте тұруы керек» дейді. Вице-министр қатерлі ісіктің алдын алу шаралары әрдайым министрліктің басты назарында екенін айтты.

Елбасы тапсырмасына орай, денсаулық сақтау саласына қомақты қаржы бөлініп, адамдардың денсаулығына жіті назар аударылып келеді. Елімізде бүгінгі таңда аурудың 42 түрі ақысыз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Мұның бәрі Мемлекет басшысының және үкіметтің халыққа көрсетіп отырған үлкен көмегі екені ақиқат.

Автор:
Еркін ҚАЛДАН