Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Бақытты мен емес, ол - мені тапты


14 января 2010, 23:47 | 2 195 просмотров



Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Шілікті ауылының тумасы. Сол ауылдағы 7 жылдық мектепті үздік бітіріп, 1952 жылы Алматы медицина училищесінің фельдшер акушер-гинеколог бөліміне оқуға қабылданады.

Аталған білім ордасын 1956 жылы тәмәмдайды. Сол жылы Есенқұл Қаймолдаұлымен шаңырақ көтереді.

Еңбек жолын Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы жөндеу зауыты жанындағы ауруханадан бастайды. Мұнда бес жыл жұмыс жасаған Күлзия Бүркітбайқызы отағасы қызметінің ауысуына байланысты Алматыға көшеді. Бұл шахарда біздің кейіпкеріміз акушер-гинекологтар білімін жетілдіру институтына жұмысқа қабылданады.

Талдықорған облысы қайта құрылған 1968 жылдан ол осы қаладағы кеңес-партия активі емханасында аға медбике жұмысында болады.

1972 жылы Семей қаласына қоныс аударады. Қалалық орталық ауруханасының терапия бөліміне аға медбике болып орналасады. 1982 жылы Талдықорғанға оралады. Сол жылы жолдасы Есенқұл Қаймолдаұлының Йемен Халықтық Демократиялық Республикасына келісім-шартпен жұмысқа шақыртылуына орай Күлзия Бүркітбайқызы шет елге сапар шегеді.

1985 жылы елге оралған ол бұған дейін өзі жұмыс жасаған Талдықорған туберкулезге қарсы диспансеріне жұмысқа қайта орналасады. Осы ұжымнан зейнетке шығады.

Күлзия Бүркітбайқызы медицина саласын қалай таңдады? Бұл өз алдына бір әңгіме. 1952 жылы жеті жылдық мектепті бітірген оны ата-анасы, туыс-туғандары Алматы қаласына шығарып салады. Қолында фанерден жасалған шабаданы, оның ішінде киім-кешегі. Бірнеше күннен соң Күлзия үлкен шахарға жетеді. Сол кездері кез-келген қалада «Колхозшылар үйі» атты шағын қонақ үйі болатын. Соған орналасады. Тынығып, ес жиған соң Алматы педагогика училищесіне құжаттарын тапсырмақ болады. Бірақ, аталмыш білім ордасы Қызылорда қаласына көшіп жатады. «Қызылорда қайда, Зайсан қайда?» деп, бұл оқудан бас тартады. Жер шалғайлығынан болар. Бірде, бірнеше қадам жерде әңгімелесіп тұрған екі-үш қыздың сөздерін құлағы шалып қалады. Сөйтсе олар медицина училищесі жайында әңгімелеп тұрса керек. Біздің кейіпкер соларға ілесіп, аталған оқу орнына келеді.

Қолында бар құжатын училище директорына көрсетеді. Алла Федоровна есімді басшы «Озат оқыпсың, сені қабылдаймыз» дейді. Өкінішке орай жанындағы жаңа ғана танысқан құрбылары оқуға қабылданбай қалады. Орыс тілін ұққанымен «Здравствуйдан» басқаны білмейтін Күлзия басында қатты қысылады. Бірақ, алдына биік мақсат қойған ол бірінші сабақтан-ақ өзін зерек екендігін танытады.

-Бірінші курстың студентімін. Алғашқы сабақ анотомия пәні. Сол оқулықтың кіріспесін жаттап алдым,- деп еске алады күліп алған Күлзия Бүркітбайқызы. – Оқытушымыз бірінші болып мені тақтаға шақырды. «Ал, айт не ұқтың» деді. Мен болсам әлгі жаттап алғанымды мүдірмей айтып бердім. «Жарайсың, Күлзия. Бұдан былай сен Римамен жақын жүр. Ол саған орыс тілін үйретеді, сабағыңа көмектеседі» деді. Айтқанын орындадым. Алғашқы семестрді үздік тапсырдым. Романтикаға толы төрт жыл өте шықты. Оқуды үздік бітірдім, - деп әңгімесін сәл үзді Күлзия апай.

Тағдырдың жазғаны шығар. 1956 жылдың жадыраған жаз мезгілі. Есенқұл Қаймолдаұлы Исаевпен танысады. Ол Қазақ ауыл шаруашылығы институты гидро – мелиораторлық факультетін бітірген жас маман. Сөз айтады. Сөз байласады. Өмір жолын бірге жалғастыруға уағдаласады. Бұл қуанышты хабардан құлағдар болған Қаймолда ақсақал кезіндегі «Шұбар» ұжымшарының төрағасы, «ауыл академигі» атанған Нұрмолда Алдабергеновтен сүйінші сұрай келіп, той болатынын жеткізеді. Басшы іркілместен «Тойды ұжымшар көтеріп алады. Сендей озат жылқышы баласының қуанышымен бөліспесем, мұнда неғып отырмын. Дайындық қамына қамжеме. Ертеңнен бастап бәрі жасалады» деп Қаймолда ақсақалды шығарып салады. Шілде айында аппақ «ЗиМ» (бұл көлікті Нұрмолда ердің өзі бөледі) көлігімен Күлзия Жер жаннаты Жетісудың «Шұбар» ауылына келін болып түседі.

Есенқұл Қаймолдаұлы жолдамамен Қаратал ауданы су шаруашылығы мекемесіне инженер, ал Күлзия апай болса сол шахардағы ауруханаға медбике болып орналасады. Жас жұбайлар, жас мамандар өздеріне тапсырылған жұмысты бар ынта-жігерімен атқарады. Білікті маман, іскер ұйымдастырушы екендіктерін байқатады. Міне, жастардың осы қабілеттері шығар, арада бірер жыл өткен соң оңтүстік астанадан бірақ шығады. Бұл Есекеңнің Қаз.ССР су шаруашылығы Министрлігіне қарасты институттың бас инженері қызметіне шақырылған кезі болатын. Біздің кейіпкер осы шахардағы акушер-гинекологтардың білімін жетілдіру институтына жұмысқа қабылданады.

-Ұмытпасам, Балқаш ауданының орталығынан сан.авиациямен бір әйелді жеткізеді, - деп еске алады Күлзия Бүркітбайқызы. – Аяғы ауыр. Бір емес, егіз бала болуы мүмкін деген диагноз қойылған. Аудандық аурухана мұндай ауыр жүкті атқара алмайтындықтан Алматыға жеткізген көрінеді. Жасыратын несі бар. Ол жылдары бүгінгідей озық техника жоқ. Дәрігерлер қойған диагнозға бағынатын заман. Әлгі әйелді босанатын бөлмеге әкелдік. Білікті акушер-гинеколог Лола Власовнаға ассистент болдым. Жарық дүниеге шыр етіп екі бала келді. Қуанышымызда шек жоқ. Мен бөлмені ретке келтіріп, нәрестелерді орап, өз міндетімді атқарып жүргенмін. Ал Лола Власовна өз бөлмесіне жасалған жұмысымыз жөнінде есеп жазуға кеткен болатын. Бірде, төсекте жатқан әйелдің қатты қиналған даусы шықты. Жалт қарасам үшінші сәби келе жатыр. Жан дауысым шығып кетсе керек, дәрігер жүгіріп келді. «Не боп қалды, айтсаңшы» дейді. Мен босанатын төсекте жатқан әйелді көрсетемін. Ол ештеңе ұқпайды. «Қарамайсыз ба, әне үшінші нәресте» деппін сасқанымнан. Кіндігіне салбырап тұрған баланы алып, төсекке жатқыздық. Дыбыс жоқ. Бірде бөлмеге институттың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы, профессор Кәмилә Досқызы Өтегенова кірді. Біз болған жайды баяндап жатырмыз. «Нәрестенің дауысы шықпайды ғой, қараңызшы» дейміз. Ол болса «жұмсақ жерінен» екі-үш рет салып жіберді. Сәби дыбыссыз. Бірақ, біркелкі тыныстап жатыр. «Не болды» дегенімізге, «Ештеңе болған жоқ, бұл бала момын болады» деп саспай жауап берді бас дәрігер. Сөйтсек, біз дүниеге үшемді әкелген ананың бақытымен бөліскен екенбіз.

– Арада біраз жылдар өтті ғой... Кейде солардың тағдыры не болды екен деп те ойлаймын, - дейді ойға шомып Күлзия Бүркітбайқызы.

Есенқұл Қаймолдаұлы Исаевты жұмыс бабымен қайда ауыстырып жатса, адал жар Күлзия Бүркітбайқызы отағасының жанынан табылатын. Бірге болатын. 1982 жыл. Есаға бұл жолы шетелге жұмысқа баруы керек. Одақтың түкпір-түкпірінен іріктеліп алынған маман-жұмысшылардың алдында Йемен Халықтық Демократиялық Республикасы тұр. Жерлесіміздің қарамағында 200-ден астам жұмысшы – мамандар бар. Ол соларға жетекші. Шарт бойынша ерлі-зайыптылардың жұбы жазылмауы керек. Күлзия апаймыз «қайдасың бәймәлім шетел» деп Есағамен алыс та таныс емес елге аттанады. Аден шахары, Йемен.

Арада тоғыз ай өтеді. Кеңес Одағынан келгендер қалашығының радиоторабы бойынша «Жоғары және арнаулы орта медициналық білімі бар мамандар болса, ертең емханаға келулеріңіз сұралады» деген хабарандыру таратылады. Айтқан уақытында барлық құжаттарын алып Күлзия Бүркітбайқызы да емханаға барады.

-Арамызда үш медбике бар болып шықты. Қалғандары дәрігерлер екен,- деп еске алады Күлзия Бүркітбайқызы. - Аден және сол қалаға жақын орналасқан елді-мекендер балаларына профилактикалық ем – дом жасадық. Мен қабылдаған балалар тез арада сауығып кетті. Сол жолы мен Шамиль есімді баламен таныстым. Екі апта ем жасадық. Өзі бір елгезек. Самолилік маманның баласы екен.

-Қалашық емханасында штат кестесі бойынша 5 дәрігер, 3 орта буынды маман жұмыс жасайтын-ды. Қажеттіліктен шығар, қосымша мамандар қабылдау керектігі туындады. Мен сынақтан сүрінбей өтіп, медбикелік жұмысқа қабылдандым. Есағаға осынымды жеткізгенімде ол «Шарт бойынша жетекші – мамандардың жұбайы жұмыс жасамауы керек емес пе. Мұны қайтесің» деді. Мен онысына келіспедім. Мен де маманмын. Ақ желеңді медицина қызметкерімін ғой. Ол болса менің алған бетімнен қайтпайтындығымды ұқты ма, келісті. Жұмысқа кірістім.

-Тағдыр шығар. Кеңес Одағының Йемендегі елшілігінің бас консулы В.Жуковпен танысудың сәті түседі, - деп әңгімесін ары қарай сабақтады Күлзия апайымыз. - Оған ем жасаған едім. Сонда ол «Сестричка, вы казашка или кореянка» деп сұрады. «Нет, яказашка» деп жауап бердім.

-Вы с Алматы? - деп әңгімеге тарты В.Жуков жолдас.

-Нет, я с города Талдыкорган,- деп жауап бердім.

-Вы наверно слыхали про станцию Айнабулак,- дегені. Мен білетінімді айттым. Сөйтсем, В.Жуков соғыс кезінде анасымен бірге сол стансаға ленинградтық қоныс аударушылармен келген екен.

-Міне, тағдыр деген осы да, - деп сұрапыл соғыс жылдардағы бастан өткергенін еске ала бастады, - дипломат. - Йеменде «жерлесімді» кездестіремін деп ойлаған емес едім. Қуаныштымын. Жергілікті халықтың қонақжайлылығы, қайрымдылығы мен иманжүзділігі, қарапайымдылығы әлі көз алдымда. Алғабас ауылына артық киім кешегіміз, басқа да заттырымызды азық-түлікке айырбастайтынбыз. Қазақтар барымен бөлісіп, бізді жатсынған емес. Кейіннен Үштөбе қаласына көшіп бардық. Алматыдағы темір жолшы мамандарын дайярлайтын оқу орнында дәріс алып жүргенімде мені әскер қатарына шақырды. Соғыс Қызыл Армияның Жеңісімен аяқталды.Мен 1945 жылы анамды алдыртып, Ленинградта тұрақтап қалдық. Бүгін мен сіз арқылы жетісулықтарға алғысымды білдіремін. «Ештен, кеш» демессіз. Уақыт солай болды... деді, - В. Жуков.

Екі жылға кесікті шартпен барған жерлестеріміз, Йемен мемлекетінің сұранысы бойынша тағы бір жылға қалады. Жүктелген міндет, тапсырылған жауапты жұмысты абыроймен атқарған Есаға мен Күлзия апай араға үш жыл салып, елге оралады.

1985 жыл, Талдықорған қаласы. Йеменге кеткендігінен хабардар сол кездегі туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Нәбимұрат Молдахметұлы Шәріпов Күлзия Бүркітбайқызын қайта жұмысқа шақырады. Шетелге дейін осы емдеу мекемесінде аға медбике болған апайымыз ағасының шақыртуын жерге тастамайды. Барады. Амандық – саулықтан соң Нәбимұрат аға:

-Қызым, постыңды қабылдап ал, - дейді. - Осыдан үш жыл бұрынғы келісімін бұзылған жоқ. Жұмысыңа кіріс.

-Аға, үш жылда бір демалыс алған жоқ едім. Шарт бойынша бізге үш ай демалыс берілді. Рұқсат берсеңіз сол мүмкіндікті пайдалансам, - деп жауап бердім. – Бірақ, бүкіл аурухананың емес, жаңадан ашылған бір бөлімге аға медбике болсам да жетеді, - деген ойымды білдірдім. Келісті.

Күлзия Бүркітбайқызы Исаева сол келісім бойынша Талдықорған туберкулезге қарсы диспансерінің №2 – ші бөлімшесінде аға медбике болып 1990 жылға дейін еңбек етеді. Ұжымы Күлзия апайды құрметпен зейнеткерлікке шығарып салады. «Жұмысыңызды жалғастыра беріңіз. Біз сізді қимаймыз» деген көпшіліктің ұсынысы да болғаны рас. Бірақ, еңбек ардагері, бірнеше марапаттың иегері Күлзия апай зейнеткерлікке шығады...

Мен ұлы философ Т.Картейльдің «В каждом человеке заложено неискоренимое стремление развиваться в полную меру сил, данных ему природой... Весь смысл человеческой жизни состоит в том, чтобы развивать свое «Я», делая то, к чему человек чувствует себя пригодным» деген даналығын жадымда ұстаған жанмын,- дейді Күлзия Есаева. - Бақыт мені осы арқылы тапқан шығар!

Автордан: Жерлесіміз, медицина саласында 44 жыл еңбек еткен Күлзия Бүркітбайқызының бастан өткерген оқиғалары жайында газетіміздің алдағы сандарында «Өмірдің өзінен» атты жаңа айдарында жариялауды жөн деп санадым.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі