Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

ӘЛIПБИ АУЫСТЫРҒАН ЕЛДЕРДIҢ МҰҢЛЫ ТӘЖIРИБЕСI


7 июня 2013, 11:46 | 1 938 просмотров



Кеңес өкiметi ыдыраған соң 1991 жылы тарих сахнасына түркi тiлдес, iрi, дербес 5 жаңа мемлекет шықты. Оларға Түркия мемлекетi өз тарапынан қолдау көрсетуге тырысып бақты. 1991 жылдың күзiнде Тұрғыт Өзалдың басшылығымен Анкарада түрiк, қазақ, өзбек, әзiрбайжан, қырғыз мемлекеттерi басшылықтары жиналған саммит өттi. Осы саммиттен кейiнгi орын алған түрлi конференциялар мен iс-жиындардың талқысында түркiтiлдес елдердiң ортақ латын жазуына көшуi бiрнеше рет талқыланды. Содан көп өтпей-ақ 1993 жылдың 2 қыркүйегiнде Өзбекстан “Латын жазуына негiзделген өзбек әлiпбиiн” енгiзу жөнiнде заң қабылдады.

Небәрi екi жылдың iшiнде латынданған өзбек жазуы және жазу емлесi жасалды. 29 әрiптен тұратын жаңа әлiпби жасалды. Қала, көше, жол белгiлерi, түрлi мәдени- сауда орталықтардың аттары жаңа жазумен жазылып iлiндi. 1996 жылдың 1 қыркүйегiнде бiлiм есiгiн ашқан бүлдiршiндер жаңа латын графикасында оқуды бастап та кеттi. Өзбекстан республикасына қарайтын, адам саны 400 мың адамды құрайтын Қарақалпақ автономиялы аймағының да жазуы өзгертiлдi.

Әлiпби ауыстыру 2005 жылдың қыркүйегiнде толық аяқталады деп жоспарланды. Ал, 2002 жылы қайраңдап қалған латынға көшудi толық игеру 2005 жылдан 2010 жылға дейiн ұзартылды. 2005 жылы латын жазуында хат таныған оқушылардың алғашқы легi мектепте физика, химия, математика, биология сияқты гуманитарлық бағыттан өзге пәндерден бiлiмдi кирилл жазуында алды. Әлi күнге дейiн Өзбекстанда екi жазу параллельдi түрде қолданыста келе жатыр. Паралелльдi дегеннiң өзiнде басымдық бәрiбiр кирилл жазуында қалып қойған.

Латын жазуы бейнебiр тек көше аттары мен жарнама тақталарындағы жазулар үшiн және аса бiр құндылығы жоқ коммуналдық төлемдер мен кейбiр анықтама қағаздары үшiн қабылданғандай әсер бередi. Iс-қағаздары, мемлекеттiк, қоғамдық, тергеу-сот, ғылыми зерттеулер, есептiк-финанстық есептеулер әлi күнге дейiн кирилл жазуында жүредi. Ал нақты бiр компания, жеке кәсiпкерлер т.б. өз iсiн жарнамалайтын орындарда (теледидар, радио, көшедегi баннерлерде) екi жазуды қатар жазып келе жатыр.

Әлi күнге кiтап, газет-журнал 80-85 пайыздық көрсеткiшпен кирилл жазуында шығып жатыр. Көркем, анықтамалық, балалар әдебиетi, яғни сатылатын, өтiмдi кiтап, тауарлардың денi бұрынғы графикада қалып қойған. Мұны айтасыз, мұсылман дiнiн насихаттайтын кiтаптардың өзi кирилл жазуында басылуын жалғастыруда. Латын жазуын негiз етiп шығып жатқан кiтаптар өте аз, оның үстiне олар тек арнайы мемлекеттiк тапсырыспен ғана басылуда. Мұндай кiтаптардың қатарына ең алдымен, оқулықтар мен балаларға арналған әдебиеттер және классикалық өзбек әдебиетiнiң өкiлдерiнiң еңбектерi жатады.

Өзбекстан республикасындағы мерзiмдi басылымдардың да тиражы еселеп құлдырады. Мәселен, 1918 жылдан бастап шыққан “Ozbekiston ovozi” (кирилл жазуында – “Өзбекистон овози”. “Өзбекстан дауысы” алғаш “Иштрокиюн” “Коммунист” деген атпен шыққан) – өзбек тiлiндегi мемлекеттiк газет. Күн сайын 683 мың тиражбен шығып тұрған газет 2000 жылдардан берi аптасына үш рет 17 мың тиражбен таралады.

“Правда Востока” – орыс тiлiнде шығатын мемлекеттiк газет. 1917 жылдан бастап шыққан газет алдымен “Наша газета” деген атаумен, 1924 жылдан “Правда Востока” болып күн сайын 275 мың, тiптi 300 мың тиражбен шығып тұрған. Өзбекстан Министрлер кабинетiне қарасты бұл газет 2011 жылдың соңына дейiн 13 мың тиражбен таралды.

1991 жылдан бастап жарық көре бастаған билiк газетi “Халк сузи” және оның орысша нұсқасы “Народное слово” – дәл қазiр Өзбекстандағы таралымы көп жалғыз газет. Тәуелсiздiк алғаннан бергi уақыттағы оның өзбекше нұсқасының тиражы – 30 мың, орысшасы – 15 мың.

Ал 1926 жылдан бастап шығатын “Қоғамдық-экономикалық саяси-әлеуметтiк мәселелердi көтеретiн «Өзбекстан жастары» газетiнiң орташа тиражы 40 мыңнан 4 мыңға дейiн төмендеген.

Латын жазуы телеарналарда да толық басымдық алған жоқ. Тiптi, өзбек халқының валютасы – сум да екi түрлi жазуды қатар қолданады. Қағаз банкноттарда кирилл жазуымен жазылса, тиындар әрi кирилл, әрi латын жазуымен таңбаланған.

1993 жылдан берi латынға көшу басталғанымен, өзбек елiнде толық латын жазуына көшу әлi аяқталған жоқ. Бiлiм беретiн кiтап қоры жаңа жазу негiзiнде жеткiлiксiз болғандықтан, әлем әдебиетi, мәдениетi, тарихы тұрмақ, жас ұрпақ өзбек халқының өркениетiмен де толық таныса алмай отыр.

Егер латынмен кете берсе, ғылым-бiлiм беретiн негiзгi қор, сондай-ақ, қаншама жылдар бойғы жинақталған монография, диссертация, ғылыми жаңалықтар, көркем әдебиет, түрлi әлем әдебиетiнен, мәдениетiнен енген аудармалар т.б. жабық күйде қалады. Қайтадан кирилл жазуына көшсе, 20 жылдан аса уақыт ә дегеннен сауаттарын латын тiлiнде ашқан буынды қайтпек керек? Осылайша Өзбекстан “былай тартса арба сынады, былай тартса өгiз өледiнiң” кебiн киiп отыр. Шахмат тiлiмен айтсақ, “цугцванг” деген жағдайда қалып отыр.

Ендi латын жазуына көшуден туындаған жағдайлар турасындағы өзбек саясаттанушылары мен ғалымдарының сөздерiнен үзiндiлер келтiрiп қаралық:

“Соңғы кезде түркi халықтары ортақ жазуда болса, барлық жақтан қарым-қатынас дамиды деген мифтiң де үнi өштi. Уақыт түркi тектес халықтардың бiр-бiрiнiң кiтаптарына, газет-журналдарына қызықпайтынын, қажет болған жағдайда аударма арқылы танысатынын көрсеттi. Бүтiн түркi дүниесi бiр-бiрiнiң әдеби-мәдени құндылықтарын аударма түрiнде оқиды” (Омар Шарифов, “Латинизация алфавита. Узбекский опыт”, “Ферғана” ақпараттық порталы).

“Менiң ойымша, Өзбекстан 90-шы жылдардың басында антиресейлiк ниеттiң жетегiмен латын жазуына өттi де кеттi. Жазу өзгерту тек саяси тұрғыға байланысты орын алды. Өндiрiстiк салаға жұмсалудың орнына миллиардтаған сумдар жазу жаңалауға жұмсалды. 10 жылдан кейiн бәрi тек латын тiлiнде оқиды деген сенiмде заң 10 жылға жоспарланды. Бұл тiрлiк жүзеге аспады – адамдар ашық түрде латын тiлiн меңгергiлерi келмейтiнiн көрсеттi. Тiптi басшылық мекемелердiң өзi латын жазуындағы бiрде- бiр хатты қабылдамады. Бiреу хатын латын тiлiнде құжатханаға (канцелярия) тапсырғанмен, көмекшiлерi бастықтарға оны кирилл жазуында қайтадан жазып кiргiзедi. Жетекшi орындардың өздерi шығарған заңның ыңғайына өздерiнiң көнгiлерi жоқ. Латын жазуына көшу – бар болғаны тереңнен ойланбаған, ешқандай өзiн-өзi ақтамаған, тек саяси ойын ғана болып қалып отыр” (Ташпулат Юлдашев, саясаттанушы, “Латынизация узбекского алфавита”, “Ферғана” ақпараттық порталы).

“Тағы бiр күрделi мәселе пайда болды. Бүкiл әдебиет, барлық кiтаптар, анықтамалықтардың кирилл жазуында басылғаны, оларды қайтара басу неше миллиард долларға бағаланатыны мүлде есепке алынбады. Интернеттi пайдалану үшiн латын жазуының ыңғайлығы да бар шығар, бiрақ мәдени байлығымыздың барлығы кирилл жазуында қалып қойды. Ендi бұл тұйықтан қалай шығуды ешкiм бiлмей отыр” (Комрон Алиев, саясаттанушы, “Kak eto budet na latinitse?”, “Эксперт Казахстана” газетi, №4).

“Бұл бiздiң конституциямызға қарсы әрекет ретiнде жүзеге асты. Конституция бойынша, халыққа қатысы бар қандай да бiр аса маңызды өзгерiстер тек референдум арқылы ғана жүзеге асуы қажет. Олий Мәжiлiс (бiр палаталы заң шығаратын парламент) қабылдады, бiттi. Мен бұл реформаны заңсыз деп танимын. Өйткенi халықтың пiкiрiмен ешкiм санасқан жоқ...

Жақында маған Гога Хидоятов қоңырау шалды. Ғылымға үлкен еңбек сiңiрген тарихшы ағаны өз басым аса құрметтеймiн. Оның дүниежүзi тарихы туралы оқулығы шығыпты. Кiтабын маған жiберген ол: “Файзулла, рецензия жазып бершi”, – деп өтiндi. Мен: “Өзiңiз сол оқулықты оқып шықтыңыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ. Латын ғой…”, – дейдi. Мен оған: “Олай болса, мен неге ол жазу үшiн көзiмнiң майын тауысуым керек?! Оқымаймын. Маған өзбек кириллицасындағы, болмаса, орыс тiлiндегi нұсқасын берiңiз – мен оқып шығып, пiкiрiмдi жазып берейiн”, – деп жауап бердiм... Өкiнiштiсi, кiтабының латын әлiпбиiне қандай деңгейде аударылып басылғанын автордың өзi де бiлмейдi. Себебi оқып шыға алмайды...” (Файзулла Исхаков, профессор, тарих ғылымдарының докторы, “Латынизация узбекского алфавита”, “Ферғана” ақпараттық порталы).

“Менiң ойымша, жазу ауыстыру бiзге ештеңе берген жоқ. Ол кезде латын жазуына көшкен түркiтiлдес халықтар арасында тек Түркия болды. Тек Түркия үшiн осы ақымақ қадамға бардық... Кеш болмай тұрғанда қайтадан кейiн шегiнуiмiз қажет. Кейiн шегiнуден ұтарымыз көп” (Мариям Ибрагимова, “О латинизации узбекского языка”, “Проза” порталы).

Өзбекстандағыдай жазуын латындандырған тағы бiр ел – Әзiрбайжан. 1992 жылы әзiрбайжан парламентi латын графикасына өту турасында заң қабылдаса, 2001 жылы латын әлiпбиiне өттi. 2002 жылы кирилл жазуын қолданатындарға әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартатын заң жобасын ендiрдi. Әзiрбайжан елiнiң зиялы қауым өкiлдерi әлi күнге дейiн бұрын кирилл жазуында бiр аптада оқып бiтiретiн кiтапты латын жазуында аяқтап шығу үшiн бiр ай көлемiнде уақыт кететiнiн айтып қынжылыс бiлдiредi. Қазiр Бакуде санаулы ғана кiтап дүкендерi қалған. Көпшiлiгiнiң орнына кафелер мен дүкендер, жиһаз салондары ашылған.

1992 жылдың соңына қарай сол кездегi ел президентi Абулфаиз Елчибейдiң басшылығымен республика парламентi мелекеттiк тiл ретiнде түрiк тiлiн қабылдады. Бiрақ мұны Әзiрбайжан зиялылары қолдамады. Түрiк тiлi өзiнiң мемлекеттiк тiл ретiндегi қызметiн 3 жыл атқарып, Гейдар Әлиев билiк басына келген соң, әзiрбайжан тiлi мемлекеттiк тiл болып қайта бекiтiлдi.

Әзiрбайжан Жазушылар Одағының мүшесi Эльчин Гасанов: “Бiрде маған әлiпби реформасын жақтаушылар: “1939 жылы СССР құрамында болған кезде Әзiрбайжан кирилл жазуына өттi, сол кезде үлкендерге де, жастарға да қиын болды. Бiрақ олардың кирилл жазуын меңгеруге күшi жеттi. Сондықтан шыдау керек!” деген ой айтты. Бiрақ кеңестiк кезеңде жүйе болды. Өзгерiстердi iске асыратын механизм, қатал тәртiп болды. Онымен қоса, рухани байлықтардың саны мен сапасы да дәл мұншалықты деңгейде жинақтала қоймаған едi. Бiреуге өкпелеп, барыңнан айырылып қалудың не қажетi бар? Жасыратыны жоқ, Әзiрбайжан Ресейден, тiптi жазуына дейiн iргесiн бөлектеуге тырысып, Түркия және АҚШ-пен одақтасқысы келдi... Маған кирилл жазуынан латын жазуына өту халықтың аз оқып, сауатты болмауы үшiн, өркениеттiң, әдебиеттiң дағдарысқа ұшырауы үшiн, ұлттың ортақ сипатын жою үшiн жасалған нәрсе сияқты көрiнедi. Сауатсыз тобырды билеп-төстеу оңай, өте оңай!” – дейдi ашынып (“Алфавитная ахинея. Зачем Азербайджан менял кириллицу на латиницу?”, “Баку” ақпараттық порталы).

Өзбекстан… Әзiрбайжан… Екi елдiң жазу ауыстыруда жүрiп өткен жолы осындай. Ендi елiмiзде жазу өзгертсек орын алады дейтiн пiкiрлердi жеке-жеке талдап өтейiк.

Бiрiншi, латын жазуына көшсек, бұрынғы отарлық әлiпбиден iргемiздi аулақ салған соң, әр қазақтың жүрегiнде ұлтқа, тiлге, жерге деген патриоттығы оянады-мыс. Бiрақ Қазақстан халқының ой-санасы деңгейiнiң өсуi, туған тiлiне, елiне деген патриоттығы, халықаралық аренадағы экономикасы мен беделiн көтеру әлiпби ауыстыру арқылы жүзеге аспайтыны анық. Тiптi, бiздiң қоғамдағыдай орыстiлдi және өзбектiлдi, не әзiрбайжантiлдi деп өз iшiнде бөлiну мәселесi жоқ екi халық елдiң алдымен латын жазуына өттi. Осы елдер 20 жыл уақыт iшiнде жазу ауыстыру арқылы дамыған алдыңғы қатарлы елдердiң қатарына қосылды десек, ақсақты тыңдай, өтiрiктi шындай соққан болып шықпаймыз ба? Кез келген елдiң әлем алдындағы беделi жаңа технологиялық, ғылым-бiлiм жетiстiктерiмен, ұлттық әдебиетiмен, экономикасымен, халықтың әлеуметтiк тұрмысымен алға шығады. Тiлiмiз, рухани байлығымыз, осы байлықты қалыптастырған жазуымыз өзгелердi айтпағанның өзiнде туысқан түркi тiлдес халықтардың ешбiрiне қажет емес, тек қазақ халқына ғана қажет. Қазақтар жазуларын латындандырыпты деп дамыған елдер қатарынан орын босата қояды деген де күлкiлi естiлмей ме?!

Республиканы қоныстанған өзге ұлт өкiлдерiн қоя тұрып қазақтардың өзiн ана тiлiне қайтару үшiн мүлде басқа талаптары бар заң күшiне ену керек. Бұл жерде латын жазуына көшу титтей де көмек бере алмайды.

Латынға көшсек, қазақ тiлi автоматты түрде беделге ие болып, қарым-қатынастың барлық түрiне ие болып шыға келсе, оны мақұл дер едiк. Бiрақ қазақ тiлiнiң жазуы латынданған кезде онсыз да үлкен дәрежедегi ресейлiк ақпарат тарататын тетiктер шексiз басымдыққа ие болайын деп тұр. Олар өздерiне туындаған мұндай қолайлы сәттi өте ұтымды пайдаланып қалатындығы күмәнсiз.

Екiншi, “Латын жазуы бiздi бiрiктiредi” – бiрiксе, өзбек, түрiк, әзiрбайжан елдерi 25 жылдан берi бiрiгер едi ғой. Мысалы, өзбек халқы латын жазуына өткенмен, Түркияда өзбек авторының кiтабын шығару барысында аударма латын жазуына негiзделген жаңа өзбек әлiпбиiнен жасалмайды. Аударма үшiн түрiк ағайындар мiндеттi түрде кириллица жазуындағы нұсқаны немесе мүлдем орыс тiлiндегi нұсқасын сұратады. Өйткенi жаңа жазудағы өзбек тiлiнен тiкелей аударма жасайтын мамандар жоқ.

Сондай-ақ, қазақ әлiпбиiндегi таңбалардың көпшiлiгi артық, сондықтан оны қысқарту керек деген пiкiр бар.

1940 жылы С.Аманжоловтың жетекшiлiгiмен қабылданған әлiпби 42 әрiптен тұрады. 33 әрiп орыс әлiпбиiндегiдей таңбаланса, қалғаны тек қазақ тiлiнiң дыбыстауында ғана бар 9 әрiп – ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, һ, i. Шет елдердiң сөздерiнiң негiзiнде енген в, ё, ф, х, һ, ц, ч, щ, ъ, ь, э қазақ сөздерiнде кездеспейдi. Иә, латын графикасының шап-шағын болып 26 әрiптен құралуы қызықтыратыны рас. Бiрақ немiс, француз, ағылшын тiлдерiнде екi, үш, кейде төрт әрiптi бiрiктiрiп барып бiр дыбысты таңбалайды. Дифтонг, трифтонг, яғни қосарланып барып бiр дыбысты таңбалау, сөз жоқ, әлiпбиде әрiп жетiмсiздiгiн аңғартады. Ең дұрысы, әрiп санының тiлдiк дыбыстардың санымен тура келiп, бiр әрiп, бiр дыбысты таңбалауында. Керiсiнше, қазақ әлiпбиiнiң спецификалық дыбыстарын беретiн таңбаларды жойып аламыз. 48 әрiптi 28 әрiпке айналдыру тiлдi өзгеше дыбысталуға әкелiп соғады.

Латын жазуына көшкенде бiздiң де қосарланған әрiптердiң көмегiне жүгiнерiмiз хақ. Кейбiреулер көлемдiлiктен арылып, әлiпбидi қысқарту үшiн түпкi қазақ сөздерiнде қолданылмайтын в, ё, ф, х, һ, ц, ч, щ, ъ, ь, э сияқты әрiптердi онымен бiрге дыбысталуды да мүлде алып тастауды ұсынып жатыр. Яғни, Францияны – Прансиа; федерацияны – педерасиа; вагонды – багон; вокзалды – бокзал және т.б. деп айтып, жазуды ұсынды. Бұл да өз кезегiнде тiлге жасалатын қиянат болып табылмай ма?

Қазiргi қазақ әлiпбиi компьютерде қолдануда қиындық тудыратыны айтылып жатыр. Әртүрлi тiлдердiң таңбалануын стандарттау үшiн компьютерлiк индустрияда арнайы – Unicode жобасы жасалынды. Бұл бағдарламаға қазiргi кезеңде қолданылатын барлық тiлдердiң әлiпбилiк таңбалары ендiрiлген. Олардың арасында, әрине, қазақ тiлi де бар. Қазақ тiлi Майкрософт компаниясы шығарып жатқан Windows 2000-нан басталып қазiргi Windows-2013, Windows XP- барлығына енген. Ғаламторлық желiлерде толыққанды қазақ графикасында ашылатын қаншама сайттар өз жұмысын өзге графикадағылардан қалмай-ақ атқарып жатыр. Пернетақтада қазақ әрiптерiнiң барлығына орын табылған. 20 шақты жыл бұрын қазақ тiлi әрiптерiнiң бағдарламаға енбеген тұсында бұл мәселе болғаны рас. Бiрақ ол мәселе қазiр шешiлмеген. Қазақ тiлiнiң төл дыбыстары техника, компьютер тiлiнде еркiн қолданылады.

Қай жазудың болмасын, түптөркiнi бiр жазуға барып тiрелгенмен, нешеме ғасырлар бойына даму мен өзгерiске ұшырап кеткен жазу түрлерi қазiргi заманда бiр-бiрiнен мүлде алшақтаған. Жазу ауыстыру мәселесi қай елде, қай кезде болмасын, үлкен мақсат-мүддеге байланысты жүзеге асырылған. Бiздiң елiмiз жазу ауыстырудан бұрын жоғарыда айтылған елдерде орын алған дағдарыстар мен қиындықтардан сабақ алуы тиiс. Өйткенi бәрi дәл қазiргi бiраз адамдардың ойлағанындай, оны жазып-сызып халыққа таныстырып жатқандарындай теп-тегiс, жып-жылтыр бола қойған жоқ. Ұлт жазуын реформалау тарихта әдетте белгiлi бiр уақытқа созылған әрi мемлекеттiң өзiнше дара жолды ұстанып, төңкерiстен кейiн, болмаса тәуелсiздiгiн ала салысымен халық санасын басқа рухта қалыптастыру үшiн жасалған. Яғни, қаншама жыл өзге халықтың езгiсiнде болған бұратана халықтардың тәуелсiздiкке қол жеткiзе салысымен, бұрынғы қалыптасқан жүйедегi жазудан басқа жазу, сол жазу арқылы жаңа ұлттық идеяларды ұлықтау басты мақсат етiп қойылған. Сондықтан да Түрiк елi өзiнiң даму үрдiсiн жеделдету мақсатында латын жазуына көштi. Әрi оны өзiнiң географиялық, экономикалық және т.б. қажеттiлiктерiне сай өте ұтымды пайдалана алды. Ел тарихы жаңа жазу үлгiсiн қалыптастырып, жаңаша сипатта дамыды. Сол сияқты бұрынғы Кеңес өкiметi де өз одақтасы болған республикалардың дамуының басында бiрден жазу реформасын жүргiздi. Бiр елдер жазу реформасын қажет етсе, қытай, жапон, корей елдерiнде жазу үлгiсiне реформа жүргiзу туралы ешқандай даулы мәселе көтерiлмеген. Рас, бұл елдерде шетелдiктер мен елшiлiктер үшiн төл таңба жазуларынан бөлек әлiпбилiк жазу бар. Бiрақ ұлтты құрайтын негiзгi халықтың төл жазуын түгелдей өзгерту турасында мәселе ешқашан көтерiлмеген. Қытайды қазiр барлық жағынан жан-жақты дамыған ел деймiз. Десек те, ол ел де ХХ ғасырдың басында, орта шенiнде түрлi аштық пен қиыншылықты басынан өткiздi. Бiрақ олар оны шешудiң жолы жазу өзгертуде деп бiлген жоқ.

Өз елiнiң өкiнiштi реформасы өзге елдерге сабақ болуы керектiгiн саясаттанушы Ташпулат Юлдашев: “Қазiр Қазақстан да латын жазуына көшпекшi көрiнедi. Егер Қазақстан бiздiкiндей қиын өткелдердi қайтсе де басып өткiсi келсе, жан-жақты зерттеу жүргiзiп, Өзбекстан үшiн жазу ауыстырудың қаншалықты қасiреттi болғанын бiлiп алуы қажет”, – дейдi.

Әлiпби – халықаралық жағдайда түрлi мемлекеттердiң, ұлттардың мәдени қарым- қатынасын жүзеге асыратын құрал ғана. Одан басқа жазудың ешқандай ұлттық сипаты да, мәнi де жоқ. Оның үстiне мақаламыздың бас жағында тоқталып өткенiмiздей, бар жазудың негiзi бiр жазуға барып тiрелгендiктен одан далбасалап, патриоттық, болмаса бодандықта қалуды iздеудiң тiптi қажетi шамалы. Ал латын жазуы қай ғасырда болмасын өзiнiң нейтральды қызметiн атқара беретiнi анық. Сондықтан да, әрбiр заманауи сауатты, бiлiмдiмiн деген адам латын жазуын тануы керек. Жалпы, латын графикасын ендiретiн мемлекеттiң өзге де заңдық жобалары жетiп жатыр. Мысалы, соның бiрiне даулы жақтары да бар “Үш тұғырлы тiл” саяси жобасын жатқызуға болады. Бiз латынға көшсек, алдымызда өзбектер мен әзiрбайжандардан да күрделi мәселелер шығары анық. Өйткенi қазақ халқы өзбек, не болмаса әзiрбайжан халқы сияқты 100 пайыз ана тiлiн бiлетiндерден тұрмайды. 50 пайыз қазақ ана тiлiн бiлмейдi. Ендi орыстiлдi қазақтарды былай қойғанда, ана тiлiн жетiк бiлетiндердiң көп бөлiгi туған тiлiн латын жазуында оқудан туатын қиындықтар мен кедергiлерге тап болған соң, орыс тiлiнде шығатын, өзiне таныс кирилл жазуында оқып, сауатын ашып, ақыры ана тiлiн бiлмейтiн топқа оп-оңай қосыла салады. Оның себебi: қазақ халқының көп, өте көп бөлiгiнiң әлеуметтiк жағдайының төмендiгiнде. Қаншама бiлiмдi, тәжiрибелi азаматтар күнкөрiс үшiн мардымсыз ақы төлейтiн қара жұмыстарды iстеуде. Iстейтiн жұмысы мен бiлiм парқы да деңгейлес, тiптi кейде артық болғанмен, шетелден шақырылған кадрлар жергiлiктi халықтан 3-4 есе көп жалақы алады. Осындай жайттардың салдарынан жұмысшылар арасында түрлi даулы мәселелер орын алғаны жасырын емес. Күйкi тiрлiктiң күйбеңiнде жүрген көпшiлiктiң қайта сауат ашуға мүмкiндiгi келе ме? Әй, қайдам... Сондай-ақ, қоғамдағы орта жастан асқан буынның барлығы дерлiк қайтадан сауатсыздыққа ұшырайды. Олардың әлiпби меңгерiп отыруға уақыты да, талабы да бола қоймас. Мерзiмдi баспасөздер тиражы бiрден құлдырап, төмен түсерi сөзсiз. Бұл өз тарапынан жаппай рухани дағдарысты тудырады. Бiздiң халқымыздың басындағыдай туған тiлiн бiлмейтiн жағдай өзбек, әзiрбайжан сияқты халықтарда жоқ болса да, олар жазу өзгертуден алға баса алған жоқ. Жазуды өзгерту арқылы онсыз да шықпа жаным шықпа болып тұрған тiлiмiз тiптi аянышты халге түсерi анық.

Мұндай жағдайлар орын алған кезде орыстану процесi бұрынғыдан да тез, шапшаң әрi орыс тiлiн насихаттаушылар тарапынан еш шығынсыз жүзеге асады. Қазақ тiлiн өз қолымызбен саналы түрде құрдымға жiберемiз. Егер кирилл жазуына дейiн ортақ түркiлiк жазуымыз болып, одан айырылып қалсақ, онда мәселе басқаша болар едi. Бiрақ ондай жағдай болған жоқ қой.

Тiлдiк жазуларын сыртқы саясатқа және мемлекеттiк билiк басындағылардың ыңғайына қарай өзгертетiн, өзгертуге жол беретiн ұлт пен ұлыстарды көп елдерде “әлiпби жезөкшелерi” деп атайды. Бұл, әрине, ауыр айтылған сөз. Бiрақ жазу өзгертуден түсетiн салмақ осы ауыр сөздi тудырған болу керек. Дәл қазiр халық игiлiгiне, әлеуметтiк ахуалдарды жақсартатын жайттарға жұмсалуы тиiс қаражаттың көп бөлiгi жазу ауыстыру үшiн жұмсалуы тағы да орынсыз. Жазу саласы қаншама жылдар бойы теспей соратын нысанға айналады. Зейнетақы жасын ұзартып, бюджет жетiмсiздiктерi орын ала бастағанда, жазу ауыстыру 20 шақты жылға, мүмкiн одан да көп уақытқа созылуы мүмкiн. Жазу өзгертудiң орнына қазақ тiлiнiң дамуы үшiн жағдай жасауымыз қажет. Қазақ тiлiнiң толыққанды мемлекеттiк тiл қызметiн атқара алмауы әлiпбидiң өзгеруiне қарап тұрмағаны ақиқат нәрсе.

Мысалы, Тәжiкстанда кирилл жазуын араб графикасына өзгерту туралы мәселе бiрнеше рет көтерiлiп, ақыры жазуды өзгерту босқа уақыт пен қаржы шығындау деген шешiммен бұл мәселе бiр тоқтамға келдi. Тәжiкстанның Бiлiм министрi Нұриддин Саидо: “Мен әрi министр, әрi ғалым, әрi филолог ретiнде мұнан аса бiр қажеттiлiк көрiп отырған жоқпын. Бұрын одақтас болған кейбiр елдердегi кирилл жазуынан латын графикасына көшу процесi ешқандай нәтиже берген жоқ. Әрбiр сауатты адам өзi үшiн араб графикасының негiзiндегi парсы жазуын бiлуi тиiс, бiрақ бұл жаппай ел жазуын өзгерту керек дегендi бiлдiрмейдi”, – деген болатын. Елiмiздегi жоғары билiктiң орынды әрi орнықты шешiм қабылдай алған елдердiң тәжiрибесiнен сабақ алғаны абзал.

Автор:
Жанна ИМАНҚҰЛОВА